Ақтаңдақтар ақиқаты

446

0

Сурет ашық дереккөзден

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2021 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Комиссия алдында бірнеше нақты міндеттер тұрды. Ең алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіріп, ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар жабық архивтердегі қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Өңірлік экспедиция жұмыстарын жүргізуге ғалымдар, тарихшылар, филологтар, архив және музей қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері  үш жыл бойы тер төкті. Осы уақыт аралығында жасалған зерделеу жұмыстары мен тарих қатпарынан алынған тың ақпараттар жайында «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары, философия докторы (PhD), саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшесі Дәулет Омаровтан сұраған едік.

Оның айтуынша, облыстық архивтің  6 қорынан 90-ға жуық  құжат  іріктелген. «Қызылорда округтік Жұмысшы, диқаншылар және қызыләскер депутаттарының атқару комитетi», «Қызылорда қаласы еңбекшiлерi депутаттар кеңесiнiң Қызылорда қалалық атқару комитетi»,  «Қызылорда аудандық атқару комитеттерi» және тағы басқа архив қорындағы құжаттар сараланып, зерделенген. Сонымен бірге облыстық  ішкі істер департаментінде «ақталуға  жатпайды»  деген  құпия  қормен  жұмыс жүргізілген. Онда 1929-1931 жылдардағы ұжымдастыру, көтерілістер кезіндегі, 1937-1939 жылдардағы саяси репрессия тұсында және Ұлы Отан соғысы жылдарында қудаланған азаматтар, күштеп көшірілгендер туралы бірнеше іс анықталған.

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында облыстық және аудандарда арнайы жұмысшы топтар құрылып, республикалық үлгіге сәйкес 11 бағыт бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы өңірлік жұмысшы топ облыс көлемінде қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерлер мен халық наразылығы болған көтерілістер аймағын анықтау мақсатында 7 ауданға көшпелі семинар мен экспедиция ұйымдастырды. Сапар кезінде бұрын беймәлім болып келген жерлер анықталды. Комиссияның алдына қойған міндеттердің бірі жазықсыз қудаланған қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарынан сұхбат, сауалнама алу болатын. Оқиға куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері «Халық жады» жинағына енгізіліп республикалық комиссияға ұсынылды. Жұмыс барысында, тарихи жерлерді анықтау кезінде архив қорларындағы материалдар және ашаршылықты көзімен көргендердің ұрпақтарының естеліктері пайдаланылды, – деді Д.Омаров.

Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында жұмыс жүргізді. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді. Соның ішінде 52 және 64-томы Сыр өңіріне арналған.

«Кеңестік саясат құрбандары: Сыр өңірінің материалдары негізінде» (1920-1950 жж)  құжаттар мен материалдар жинағы 52-томға топтастырылды. Бұл еңбек облыстық, аудандық архив қорындағы құжаттар негізінде жинақталды.

– Өткен жылдың қазан-қараша айларында облыстың барлық аудан орталықтары мен кейбір елді мекендерінде болдық. Бұл экспедициялардың мақсаты – жергілікті халықпен кездесіп, аудандық жұмысшы топ өкілдерінің атқарған ісімен танысу,  аудан көлемінде ашаршылық құрбандары және жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жерленген орындарын анықтау, ұрпақтарымен кездесіп, пікір алысу болатын, – дейді Дәулет Кәрібайұлы.

Солақай саясаттың кесірінен қаншама отбасы асыл азаматтарынан айырылып, жазықсыз құрбан болды. Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы саяси оқиғалар миллиондаған адамның өмірін қиды. 1930 жылдары басталған ашаршылық ұжымдастыру саясатының салдары екені белгілі. Ашаршылық жасанды жолмен – байлардың малын тәркілеп, қазақты дәстүрлі мал шаруашылығынан айыру жолымен жасалды. Нәтижесінде халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тынысы бұзылып, өзін-өзі реттеп келген экологиялық-экономикалық жүйеден зорлықпен ажыратылды. Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде 1928 жылы округте жүргізілген ірі байларды тәркілеу шаралары туралы мәліметтер сақталған. Қызылорда округіне қарасты Арал, Қазалы, Аламесек, Қарсақпай округтері көшпелі аудандарға және Қызылорда, Шиелі, Қармақшы, Тереңөзек округтері жартылай көшпелі аудандарға жатқызылды.

Деректер бойынша жаппай ашаршылыққа 3 миллионға жуық қазақ халқы тап болса, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған. Бұл қасірет Сыр елін де айналып өткен жоқ. Дәулет Кәрібайұлы әр ауданға барған сапарында оған көз жеткізгенін айтады.

– Жергілікті тұрғындардың айтуынша Жаңақорған ауданының «Бесарық» ауылы маңайындағы «Байғабыл бауы», «Қосым сарай» атты  жерлерде аштықтан қайтыс болған адамдар көмілген. «Бесарық» ауылының тұрғыны Медеу Зәлетаевтың жетекшілігімен сол жерді көріп қайттық. Ақсақалдың айтуы бойынша, атасы Байғабыл егін, бақша еккен, мал ұстаған, диірмен тартқан ауқатты кісі болған екен. Арқадан ауып келгендердің аман қалуына септігін тигізген. Аштықтан әбден қалжыраған халық бір үзім нан іздеп  Жаңақорған, Шиелі станцияларына  ілігуді арман еткен көрінеді. Ондағы ойы – шойын жолға жету, пойызға отырып Түркістанға, одан әрі наны мол Ташкент жеріне жетіп жығылу. Сонда арып-ашып, бірін-бірі сүйреп келе жатқан халық Жаңақорғанның төбесін көріп, одан әрі қадам басуға шамасы келмей сол төбеде құлап жан тапсырыпты. Қаншама адамның сүйегі жатқан бұл төбе кеңестік кезеңде «Секретарь төбе» деп аталып кетіпті. Ғасырға жуық уақыт өткеніне қарамастан бұл елді мекенде ашаршылықтың ізі сайрап жатыр. Жаңақорғанның солтүстік-шығысында  «Ей, жолаушы! Екпініңді бәсеңдет. Бұл жерде ашаршылық құрбандары жатыр» деген тақтайша қойылған. Жазуды көрген жол үстіндегі кез келген жолаушы аруақтарға Құран бағыштап өтері анық. Сол жерлерді барып көріп, ауданның тарихшы, өлкетанушы азаматтарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдадық.

Қармақшы ауданы Төребай би ауылынан 4-5 шақырым жерде дарияның жағалауында «Ұзақ ата» мешітінің жанында ауа көшушілік, босқыншылық кезінде қаза тапқан адамдар жерленген. Ағытайұлы Ұзақ Қармақшы өңірінде өз қаржысына мешіт салдырып, Бұқара, Самарқаннан молда-мұғалім алдыртып, сол төңіректің балаларын өзі қаржыландырып оқытқан ауқатты адам болған. Қазір мешіттің  орны ғана бар.  Сондай-ақ экспедиция барысында сол  ауылдағы қуғын-сүргін құрбаны болған Базарұлы Жүсіп қажының мешітінде ұрпақтарымен кездесіп пікірлестік. Жүсіп қажы кезінде Бұқарада «Көкілташ» медресесінде діни ілім алған, татар, араб, парсы, шағатай тілдерін білген, қажылыққа үш рет барған, елді бірлікке, еңбек етуге шақырған заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болған. 1932 жылы тұтқындалып  Уәлі баласы Байзақ және Жұбан баймен бірге сотталып, Ақтөбе өңіріне жер аударылған. Ұрпақтарының айтуы бойынша, қажы молданың тұқымы деп өткен ғасырдың  50-60 жылдарына дейін қуғын көрген, – дейді ғалым.

1928-1929 жылдардағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде қазақ халқының біраз бөлігі көрші елдерге көшуге мәжбүр болып атамекенін тастап кеткен. Сол тұста Сыр өңірінің  байлары мен дін ұстанған молда, ишандары өздеріне қарасты ағайын-туысымен Өзбекстан, Қарақалпақ еліне, Тәжікстан арқылы Ауғанстан жеріне жан сақтау үшін ауа көшкен. Зерттеушілердің айтуынша, «Қараөзек» ауылында орналасқан жүйке аурулары колониясы туралы мәліметтер де жұтаң. Алдағы уақыттарда осы бағыттағы зерттеу жұмыстарына көңіл бөлінуі керек.

Экспедиция барысында тың деректер мен жаңа  мәліметтерді жинақтау тек далалық аймақтарда, ауылдық жерлерде ғана іске асқан жоқ. Сонымен қатар ортақ пікірлесу, ұсыныстарды талқылау және идея алмасу арқылы аудан орталықтарында көшпелі семинар тәртібінде де  жалғасты. Қилы тағдырдан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында адамдардың басынан өткен оқиғалар жөнінде сыр шертілді.

Кеңестік билік тұсында қуғын-сүргін зардабын дәстүрлі дін өкілдері де көрді.  Сыр бойындағы молдалар, хазіреттер, ишандар да солақай саясаттың құрбаны болып, жазықсыз қудаланды. Ел аузындағы әңгімелер мен естеліктер жинақталып, архив құжаттарынан құнды деректер анықталуда. Бұрын белгісіз болып, жазықсыз жапа шеккендердің есімдері анықталып, ақтаңдақ беттер ашылуда.

Мемлекет басшысы «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын еске сақтау арқылы кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі тәуелсіздіктен бастау алады» деген болатын. Жазықсыз құрбан болғандардың есімдерін ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән бере ұғыну – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<