Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған

405

0

Ізгі ниет ілгері жетелейді. Қазалы жерінде өсіп-өнген, ел-жұртының шынайы құрметіне бөленген абзал жандар аз емес. Солардың қатарындағы Киікбай Шамшаұлы Әймішевтің ортамыздан алыстап кеткеніне біраз уақыттың жүзі болса да, көзкөргендердің көкірек сарайында сақталған естелік пен жылы лебізді құлағымыз жиі шалады.

Киікбай Шамшаұлы 1935 жылдың 1 қаңтарында Аранды ауылдық округінде дүниеге келіп, сол тұстағы құрбы-құрдастары сияқты жұқалтаң тұрмыстың таршылығы мен тауқыметін бастан кешіреді. Кеңес Армиясы қатарындағы әскери борышын өтеу кезінде Ұлы Отан соғысына алынған әкенің майданда шейіт кетуі отбасындағы балалардың үлкені Киікбайды ерте есейтті. Оң-солын енді тани бастаған бозбала арқасүйер анасы Алмажанға қолғабыс көрсетіп, ізіне ерген інілері Бөкенбай мен Төлегенге қамқор қолын созудан аянып қалмады.

Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепті 1952 жылы аяқтаған білімге ынтық жас Жаңаберген, Алданияз атты ауылдас достарымен бірге Алматы қаласына аттанды. Талмай талаптануының арқасында сондағы физкультура техникумына қабылданды. Диплом алғасын қазіргі Бекарыстан би ауылындағы №24 орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Мен ағайдың тәлім-тәрбиесін көргенімді шәкірттік мақтаныш сезіммен айтамын. Оқушылары ауылға асарлатып спорт зал салдырған ұстаз ретінде ұмытпайды.

Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогика институтынан биолог мамандығын алған Киекеңе 1969 жылдың жазында К.Маркс атындағы совхоздың (осы күнгі Бекарыстан би ауылы) бас агрономдығын атқаруға ұсыныс түседі. Жүрек қалауымен барған шаруаға жастық жалынмен бел буа кіріседі.

Аз уақытта шаруашылық бойынша Сыр маржанын жинау көрсеткіші жоғары деңгейге көтеріле бастайды. Шүкірәли Отарбаев, Аймахан Алмағанбетов, Кәкіш Нағыманов, Бали Ұйқасов тәрізді күрішшілер озаттар сапына ілігеді. Өндіріс өрісі кеңейіп, саф алтынға баланған салыдан бөлек, бау-бақша, мал азығы дақылдарының егістік көлемін ұлғайтуға бетбұрыс жасалады. Соның нәтижесінде малшылар қауымының ертеңге деген қам-қарекеті алға қарыштағаны байқалады.

Майдакөл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде болған Киекең 1974 жылдың алғашқы айында жаңадан құрылған Майдакөл совхозына директорлыққа тағайындалады. «Мың қосшыдан бір басшы» дегендей бүкіл ауылдың  қат-қабат тіршілігін алға сүйреу жүгі мойнына түскеннен кейін жауапкершілікті күшейтуге тура келді. Дереу басшылық аппаратындағы жауапты мамандар шақыртылып, барлығының қызметтік бөлінісі нақтыланады. Бас экономист Жұмағұл Алмағанбетов, бас есепші Сақи Әлшоразов,  бас агроном Амангелді Аманбаев, бас инженер Жақсылық Орынбасаров, бас зоотехник Алмас Мұратбаев, прораб Ерсайын Тапалов, ферма меңгерушісі Кәрен Жолшиев, егіс бригадирлері Сәрсенбай Жүргенов, Келмағанбет Ерсейітов, Құлбарақ Пайызовпен қойын-қолтық араласуының арқасында жүйелі жоспарлар тетігі өз шешімін тауып жатты.

Жоғарыдығы аты аталған жігерлі жігіттердің ауызбіршілік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруының арқасында ауылдың экономикалық өсімі жақсарды. Техникалық қуаты артып, егіндік алқап ұлғайтылып, мал басы көбейтілді. Әлеуметтік жағдайға жіті көңіл бөлініп, жаңадан кеңсе үйі, мектеп, клуб бой көтерді. Ақшаңқан үйлер көптеп тұрғызылып, қатарласқан көшелер пайда болды. Аяқсу арықтары қазылып, етегіне саялы ағаштар отырғызылды. Бүгінде Ү.Түктібаев ауылына алып баратын күре жолдың бойындағы талдар Киекеңнің басшылығымен егілгенін ауылдастары әлі күнге айтып отырады.

Жеті жыл бойы шаруашылықтағы табиғаттың төрт мезгілінде бір-бірімен қабаттаса атқарылатын қайнаған жұмыста ширап, шыңдалған ол 1981 жылы Қазалы орман шаруашылығы мекемесінің басшысы тізгінін қолға алды. Қармақшы мен «Сексеуіл» стансасы аралығындағы елді мекендерді көркейту, көгалдандырумен орман-тоғай байлығын қорғау осы мекемеге жүктелген.

Табиғат қорғаушыларының белгіленген шаруаға деген тастүйін қамы көктем мен күз айларында қызады. Күзде Қарақұм беткейіндегі ыңғайлы жер жыртылып, сексеуіл егуге дайындалады. Қазан айының ортасынан ауа бере өсімдік өскіндерінен тұқым әзірленіп, арнайы белгіленген алапқа орналастыру  басталады.

Мұнан басқа елді мекендерді көгалдандыруға арналған ағаш көшеттерін өсіретін питомник жасалады. Оған түрлі саялы және жеміс ағаштар тігіліп, бағым-күтімге алынады.

Ақкөңіл аға қандай жауапты қызметтің басында жүрсе де, отбасы мен балалар жағдайын көңілінен таса қалдырмаған. Зайыбы Рахимамен бірге алтын асықтай ұл-қыздарына саналы да тәлімді тәрбие берді. Балалары үлкеннің алдынан кесе өтпей, кішіні ренжітпей, иман мен ақылды тең ұстап ержетті.

Ердің атын ел шығарады. Кезінде халқы үшін қажымай-талмай еңбек етуінің арқасында «Қазалының Киікбайы» атанған тұлғаны кейінгі толқын жастар мен бұрынғы аралас-құраластары ардақтап, есімін  есте  қалдыру шараларын ұйымдастырып жатса, нұр үстіне нұр дер едік.

Сахи ҚАПАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<