Асқар таулар аласармайды

620

0

…Мықтының да баса алмайтын мысы мың,

Жүрегіне ұя салған үш ұғым:

Биіктігін,

Тереңдігін,

Кеңдігін,

Бағалайтын ең бірінші кісінің.

Иә, парасат-пайымы жоғары лауазымды адамдар арамызда аз емес. Олар бүгін де бар, кеше де болған. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, биыл туғанына жүз жыл толған Тәкей Есетов сияқты бекзат болмысты біртуар тұлға.

Осыдан жүз жыл бұрын қараша айында Қазалы қаласындағы ұсақ қолөнерші Есет ақсақалдың отбасында дүниеге келген зерек жас бала әке қолөнеріне қанығып өсті. Әкесі болса өмір бойы қолынан құрал-жабдығы түспей, Қазалы базарына жыл он екі ай ойдан-қырдан ағылған келушілердің сұранысына сәйкес тон, кеудеше, тымақ, кебіс, етік тігіп, ер-тұрман жөндеп, ерінбей-жалықпай еңбек етсе, анасы отбасының ажары мен базары болатын. Ерлі-зайыпты екеуі отбасындағы жалғыз қызы Үйтолған мен жалғыз ұлы Тәкейді қатарынан кем қылмай өсірген.

Әкесі ұлын жеті жасқа толғанда Қазалыдағы сол тұстағы іргелі екі мектептің бірі –№17 білім ұясына үлкен арман, үкілі үмітпен жетелеп әкеліп, мектеп директорына табыс етіпті. Мектеп басшысы кейін Қазақ ССР-нің Оқу министрі лауазымында болған Кенжеәлі Айманов еді.

Осы білім ұясын 1940 жылы үздік тәмамдаған болашақ мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетов сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға қабылданды. Бірақ өкінішке қарай оның студенттік өмірі ұзаққа созылмайды. Енді ғана білім биігіне қол созған бозбаланың одан әрі оқуына одақтық үкімет тарапынан жоғарғы оқу орындарына ақылы оқу тәртібі енгізілгені кедергі болды. Бұған шамасы келмеген студенттердің басым көпшілігі амалсыздан ауылдарына оралды. Солардың қатарында Т.Есетов те бар еді. Себебі әкесінің тапқан-таянғаны отбасының ас-суынан ауыспайтын. Сондықтан ол туған жеріне оралып, бірде сауатсыздықты жою курсында үлкендерге дәріс берсе, енді бірде қол жұмысты да айналып өтпеді. Қысқасы, бұралаңы мен бұлтарысы көп соқтықпалы соқпақ оны ширата түсті.

Әкесі Есет отызыншы жылдардағы ел басына туған екіталай кезеңде жалғыз ұлының заман ағымына сай болып өсуін қадағалаған. Сол кездегі жаппай тәркілеу, колхозға күштеп біріктіру, ашаршылық, қуғын-сүргін… Осының бәрін басынан өткізіп, ес жинап етегін буды. Ерте есейді.

Ұлы Отан соғысы басталғанда өрімдей он тоғыз жастағы Тәкей де қолына қару алып, оқ пен оттың құрсауындағы Батысқа аттануға әзірленді. Соғыстың екінші жылы Алматы жаяу әскерлер училищесінде әскери машыққа төселіп, бір топ курсантпен майданның алғы шебіне аттанды. Сөйтіп олар Ленинград бағытындағы атақты Волхов майданындағы қанды ұрысқа араласып кетеді. Ол сұм соғыстың қасіретін өз басынан өткізді, өз көзімен көрді. Кезекті ұрыста аспаннан жауған  бомбадан ауыр контузияға ұшырап, далалық госпитальға түсті, жарақатына байланысты амалсыз ауылға оралды.

Осы кезде Қазалы аупарткомында насихатшы-нұсқаушы, ауаткомда жауапты хатшы, қаржы бөлімінің меңгерушісі сияқты сан салалы қызметтер құлағын ұстады. Алайда ол қалайда жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қояды. Күндердің бір күні оның да сәті түсті. Қазалы аупарткомының төрағасы Төлеген Дәуітбаевтың қамқорлығымен Тәкей Есетов Ленинградтағы Бүкілодақтық қаржы институтына оқуға қабылданды.

Сөйтіп 1955 жылы институтты тәмамдаған Тәкей Есетов кіндік қаны тамған, туып-өскен Қазалыға көрші, төсекте басы, төскейде малы қосылған Аралға келді. Қолына осы ауданның қаржы бөлімінің бастығы деген бұйрық алған соң үй ішін дереу көшіріп әкелді.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекентай Мүсәпіров жаңа келген жас жігітті жылы қабылдап, бірғауым жөн-жосық сұрасады. Ол кездері Арал қаласында қазақтар аз, орыстардың  үлес салмағы әжептәуір болатын. Оның үстіне орталықтағы Судоверка жағында орыс ұлты жиі қоныстанып, сол жылдан бастап «Чайка», «Урал», «Сокол» әскери қалашықтарының іргетасы қалана бастаған кез еді. Қала теңіз іргесіне қоныс тепкендіктен, көшелерде матростардан көз қамасатын.

Аудан басшысы Б.Мүсәпіров Тәкей Есетовті партия комитетінің үшінші хатшылығына ұсынып, ол осы қызметте ел жағдайымен жете танысып-біліседі. Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлі де мәз емес еді. Осы тұста аудан халқының ахуалын жақсартуда мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үйлердің көптеп бой көтеріп, аралдықтардың игілігіне берілуіне Тәкей Есетовтің қосқан үлесі қомақты болатын.

Ол «Тағдыр мен тағылым» атты кітабында үшінші хатшылықтан бір жылдан соң екінші хатшылыққа тағайындалғанын еске алады. Иә, бұл аудандарды жөн-жосықсыз біріктірген Н.Хрущевтің кеңестік кезеңдегі атышулы реформасына тұспа-тұс келген қиын-қыстау уақыт еді. Арал ауданындағы колхоз-совхоздар осы кезде көрші Қазалы ауданының қанаты астына қарап кеткен. Сол тұста облыс басшыларының келісімімен Т.Есетов облыстық партия комитеті әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1965 жылы Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

Сонау 1955 жылдары алғаш еңбек жолын бастаған Аралға қайта оралып, аудан басшылығының тізгінін нық сеніммен ұстайды. Бұл ауданда колхоз, совхоздардың саны ұлғайып, мал басының анағұрлым көбейіп, Аралдың атақ-даңқы шартарапқа асқақтаған тұсы еді. Осыған сәйкес халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жылдан-жылға жақсара түсті. Бір кездері қабырғасы шом қамыстан қалаған, аласа қақыра тамдарда тұратын балықшылар мен малшылар қауымы ақ шатырлы үйлерге қоныс тепті. Ауыл сайын, тіпті қыстау сайын монша салынып, еңбек адамдарының игілігіне пайдалануға берілді. Бұрын кешкі сағат 18-ден түнгі сағат 12-ге дейін ғана сығырайған электр жарығын пайдаланып келген ауыл-аймаққа енді жаңа заманғы электр нұры күндіз-түні қуатты подстансалар арқылы таратылды. Шалғайдағы ауылдарда жаңа ауруханалар, сол заманға лайықты білім ұялары, жүздеген еңселі тұрғын үйлер, нан зауыты, балық ыстау зауыты, жаңа «Универмаг», қонақ үй, мейрамхана, байланыс үйі, монша, стадион, мәдениет ошақтары, кітапханалар салынды.

Міне, осы ауқымды жұмыстарды атқаруда Тәкей Есетов білікті басшылық, нағыз көрегендік танытқан тамаша ұйымдастырушы бола білді. Бірінші хатшы жоғарыдағы жұмыстарға қажетті қаржы көзін іздестіруде, оның уақытылы орындалуы мақсатында талмай тер төкті. Үкімет басшыларынан бастап, салалық сан алуан министрліктің табалдырығынан аттап, табанын тоздырды.

Арал ауданын өзі аттас теңізсіз, теңізді Арал ауданынсыз көз алдыңа елестету, көңілге қонымды ету тіпті қиын. Бұл екеуі бұлжымас, бұзылмас сөз тіркесі. Бір адамның қос көзі, қос қолы, бір қайықтың қос ескегі тәрізді еді.

Өзінің «Тағдыр мен тағылым» атты жоғарыда аталған естелік кітабына енген бір әңгімесінде ол теңіз тағдыры туралы төмендегіше сыр шерткен еді: «Бүгінде тоқырау заманының басшылары Арал теңізінің тартылуына қарсы ешнәрсе жасаған жоқ, теңізді қолдан құртты» деп жүр. Әрине, бұл пікірді шындықтан алшақ деуге болмайды».

Арал ауданының, оның ішінде ұлы теңіздің тағдыры толғандырған бірінші хатшы сол тұстары бір сәт тыным тапқан жоқ еді. Аралдықтардың көз алдында іргедегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған аспан кемелері жан-жағын отқа орап, теңіз суын орасан зор көлемде кептіріп жатты. Оның үстіне Сыр мен Әму өзендерін тел емген байырғы теңіздің халі қос дарияның арнасы төмен түскен сайын мүшкілденіп бара жатқан.

Осы тұста ғой Тәкей Есетовтің бармақ тістеп, ішінен тынатыны. Себебі билік тізгіні қызыл жұлдызды Кремльдің төрінде болатын. Турасын айтқанда, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс екенін сол кездегі көкірек-көзі ашық азаматтар жақсы білетін еді. Болмаса аудан, облыс, республика басшылары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап СОКП серкелеріне, саяси бюро мүшелеріне Арал теңізінің тағдыры туралы қаншама рет  Д.Қонаевтың 1976 жылы өткен СОКП ХХV съезінде сөз сөйлеп, нақты ұсыныстар қойғаны ел есінде.

Т.Есетов басшылық жасаған 1965-1978 жылдары Арал ауданының еңбекшілері республикалық, бүкілодақтық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы одан сайын жақсара түскен болатын. Ауданда бірінші хатшының сол кездегі жұмысының өрлеуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуіне өз үлесін қосқан сенімді серіктері көптеп саналды. Олардың қатарында Арал балық комбинатының директоры (кейінірек Балық шаруашылығы министрі) Құдайберген Саржанов, «Райым», «Жамбыл» балық колхоздарының төрағалары Берекет Омаров, Әбдіқани Жүсіпов, «Бөген», «Қаратерең» балық аулау базаларының, «Ұялы» балық зауытының директорлары Әубәкір Әнесов, Жанасыл Әлжанов, сәл кейінірек осы қызметтің тізгінін ұстаған Толыбай Ұйқасов, Дәуқара Аймағамбетов, мал шаруашылығындағы «Қарақұм», «Приарал», «Арал», «Құланды» совхоздары мен зауытының директорлары Байжан Бижанов, Мүсілім Қазанбасов, Тәлекен Сырымов, Жақсылық Жетесов, автобаза директоры Оразғали Ерекешов, кеме жөндеу зауытының директоры Қожақ Жақсыбаев, мал сою пунктінің директоры Бекұзақ Рахов, тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры Әріп Өксікбаев және басқа азаматтар болған еді.

Ауданды басқарған уақыт ішінде бірінші хатшы үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл таба білді. Мекеме, құрылыс, білім, денсаулық, колхоз-совхоз басшыларын ортақ табысқа орайын тауып жұмылдырған бірегей басшы атанды. Табиғатында сыпайы, мәдениетті, ішкі жансарайы жақұттай жарқыраған ол ең алдымен ел-жұрттың ұсыныс-тілегін ұмытпады, қарапайым халықтың қыруар мұқтажын орындау жолында күш-жігерін, бар білімін сарп етті.

Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халықтың тілегімен жете санасты. Арал халқының әлеуметтік ахуалын алпысыншы-жетпісінші жылдары асқақтатқан Есетовтің де атағын сол ел аспандатты. Бірнеше мәрте Компартия съездеріне делегат болып қатысып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Айы оңынан туып, жұлдызы жарқырады. Бірақ ата-бабаларынан бойында тектілік дәні көктеген Ол атаққа, табысқа мастанбады. «Бұл – менің емес, ел-жұрттың, еңбекші қауымның табысы» дейді екен ол кісі.

Тәкей Есетов бұл ауданды ауатком төрағасы Әуелбек Медетбаевпен бірлесіп басқарды. Айтулы азамат, үлкенге ізетті, кішіге құрметті Әуекең екеуі ортақ тіл табысты.

Әйел – азаматтың абыройы, намысы. Құралайдай адал да аяулы жары Тәкеңнің сенімді серігі болды. Жүсіпбек, Қайырбек, Әділбек, Еркінбек, Айгүл есімді ұл-қыздарды өмірге әкелді. Балаларынан 15 немере, 13 шөбере өсіп-өнді.

1978 жылы Тәкей Есетов облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалып, қызмет тізгінін ұстағаннан бастап Сыр бойын көркейтуге, өркендетуге атсалысты. Адал еңбегіне орай бірнеше орден омырауында жарқырады. Мансап пен марапаттан гөрі, қарапайым еңбекші халықтың қамын көбірек күйттейтін. Бірінші кезекте айдынды Арал мен қарт Қаратаудың арасын жайлап жатқан қалың елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса көңіл бөлді. Облыс басшысы болып қызмет атқарған алты жылдың ішінде Қызылорда қаласында өндіріс ошақтары, өнеркәсіп орындары бірінен соң бірі кең қанат жайды. Сондай-ақ Қазақстан Компартиясының кезекті ХV съезінде Сыр бойында қордаланып қалған мәселелер жөнінде айтты.

Кешікпей облыс басшысының сөзі нақты іске айналды. Облыс орталығында жаңа әуежай, қазақ драма театры, музей ғимараттары бой көтеріп, пайдалануға берілді. Қаланы қысқы жылумен қамтамасыз ететін жылу орталығының жұмысы жолға қойылды. «Қызылордарисмаш» зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы, өкпе аурулары ауруханасы, емханалар, мектептер, балабақшалар және басқа құрылыс нысандары салынды. Аймақта сол жылдары «қара алтын» өндіруге әзірлік жедел түрде қолға алынған болатын. Соған сәйкес Қаратау етегінен «Шалқия» кеніші іске қосылып, «Құмкөл» мұнайы қорын зерттеп табу, алғашқы мұнай өндіру қарекеті оның тікелей қолдауымен, ұйымдастыруымен басталған еді.

Сыр бойының қай кезде де экономикалық табысы негізінен ауыл шаруашылығына тікелей байланысты екені өзіміз түгіл, өзгеге де аян. Сол жылдары аймақ ауыл шаруашылығында айтарлықтай ілгері басушылық  болып, табыс табысқа ұласты. Облыс диқандары 1978 жылы мемлекетке 17 миллион пұт Сыр салысын тапсырды. Осыдан алты жыл өткенде көрсеткіш 24 миллионға жеткенін бірінші басшының ұйымдастырушылық ұтырлы қабілеті мен біліктілігінің жемісі деп білген жөн болар. Сол тұстары облыстың жеті ауданында мал басын аман сақтау, алынған төлді шығынсыз өсіру шаралары қос қолдың саласындай қатар жүргізілетін. Облыс бойынша төлдеген қойдың әр жүзінен орта есеппен 110-115-тен қозы алынды. Сондай-ақ басқа да түлік түрлерінен алынатын өнімдер жыл санап молая түскенін сол жылдардағы көрсеткіштерден айқын аңғарылады.

Әрине, «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, сол тұстары облыс басшысы Тәкей Есетов халықпен тығыз байланыста болатын, өз ісін жақсы білетін іскер қайраткерлерді жанына топтастырды. Кейін өмір өткелдерінен бірге өткен, қызметтес болған олардың есімдерін зейнет жасына жетіп, өмірден озғанша құрметпен еске алып отырады екен. Бұл орайда ол алдыңғы толқын ел ағалары С.Сейітов, З.Жарқынбаев, сол кездегі аудан басшылары А.Жанпейісов, Б.Мүсәпіров, И.Иманқұлов, Ж.Бәкішев, Ә.Байшуақов, Қ.Қазантаев, Е.Жүнісбаев, Ғ.Мұхамеджанов, Е.Көшербаев, Б.Уәлиев, обком хатшылары М.Сужиков, И.Әбдікәрімов, С.Тоқтамысов, Х.Бектұрғанов, М.Ықсанов, С.Оспанов, атақты диқан Ы.Жақаев, күрішші С.Жұмабекова, Арал теңізінің атақты балықшысы Н.Демеуов, қарымды қаламгерлер А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, З.Шүкіров, Н.Сералиев, айтыскер ақын М.Көкенов, айтулы әнші Р.Бағланова, өндіріс жетекшілері Цай Ден Хак, Ж.Қизатов, Ұ.Еспанов, сол кездегі үкімет жүктеген міндеттерді бірге көтерген заңғар ойлы замандастары С.Құбашев, Д.Айдаров, Ы.Қалиев, Ж.Берденов, Қ.Қартақов, Ж.Байқожаев, бір кездері өзімен қызметтес болған, ағалық қамқорлығын көрген ізбасар інілері А.Дәулетов, Н.Тоқмырзаев, А.Айдосов, Н.Подольских, Н.Уәлиев, А.Баймағамбетов, С.Абатов, Ә.Медетбаев, А.Құмаров туралы ерекше жылылықпен ой толғаған.

Т.Есетов сол кездегі республика басшысы Д.Қонаевтың сенімін ақтаған, көңіл тезінен шыққан обкомның бірден-бір бірінші хатшысы болатын. Қашан көрсең де сабырлы, салмақты, елдік сөзін мың ойланып, жүз толғанып барып айтатын адам еді.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің жұбайы Тазагүл Сейітжанқызы өмірден беймезгіл озған алғашқы  жары Құралай Кәрібайқызының отанасы жолын лайықты жалғастырды. Жеті баланы жатсынбай, бауырына басып, азамат қатарына қосты. Өзі де бұл фәниден озып, мәңгілік мекеніне жеткеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты.

Осы жылы туғанына жүз, дүниеден озғанына жиырма жыл болған Тәкей Есетов сияқты біртуар тұлғаның артында қалған ұрпақтары бұл күндері жаңа Қазақстанның шаңырағын көтеріп, керегесін кең жаюға өз үлесін қосып жүр.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, қазір мемлекет қайраткерінің атында Қызылорда қаласында ауласына қола мүсіні орнатылған мектеп-лицей және облыс орталығында, аудандарда көшелер бар. Осының өзі айтулы тұлғаның есімі ел-жұртпен бірге ұзақ жыл жасай беретінін танытса керек.     

Арал ауданын үшінші жыл басқарған тұста, 1968 жылы 6 қарашада сүйікті жұбайы Құралай Кәрібайқызы 43 жасында дүние салды. Сол кезде Тәкеңнің есіне:

– Не керек айтып-айтпай дүние шолақ,

Пенденің осы жүрген бәрі қонақ, – деген өлең жолдары түскен екен.

Асыл азамат аяулы жарынан қапыда айырылып, оның беймезгіл қазасына қатты қайғырды. Марқұм Құралай Кәрібайқызы екеуі соғыстың қайнап тұрған кезінде 1943 жылы отау тіккен болатын. Бұл кісі де сыпайы, мәдениетті жан еді.

Екінші ұлы Қайырбек Есетов аяулы анасы туралы төмендегіше сыр шертеді:

– Анамыздың әкесі Кәрібай патша заманында Қазалы аймағында болыс болған беделді кісі екен. Күміс әжеміз екеуінен Айдарбек, Маржан, Құралай есімді перзенттері тарайды. Ата-анамыз бас қосқанда анамыз Қазалы аудандық білім бөлімінде есепші, әкеміз Ленинград қаржы институтының күндізгі бөлімінің студенті екен. Әкем оқуды бітірген соң Арал аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып осында келеді. Анамыз болса қаладағы №13 орта мектепке есепші қызметіне орналасады. Сәл кейінірек әкем аупарткомның үшінші, екінші хатшылығына тағайындалады. 1961 жылы обкомның бөлім меңгерушілігіне ауысуына байланысты біздің отбасы Қызылорда қаласына көшті. Обкомның бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысовты әкеміз 7 қарашадағы мереке алдында дастарқаннан дәм татуға шақырды. Бұл 6 қараша еді. Қазақта «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген мағыналы мәтел бар. Сол айтылғандай, анам үйге қонақ келер қарсаңында босанып, Жүсіпбек, мен, Әділбек, Еркінбек сияқты төрт ұл қарындасты болдық.

Қазақта дүниеге перзент келгеннен асқан қуаныш жоқ. Облыс басшысының әкем мен анамды шын жүректен құттықтап: «Бұл – ғарышқа адамзат ұшып жатқан дәуір. Ендеше нәрестенің есімін Айгүл деп қойсақ» дегені әлі есте. 1966 жылы қыс айында Алматыға сапар шеккенім де күні бүгінгідей есімде. Сол жолы әкем, анам, мен және Айгүлді Д.Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов күтіп алды. Бұл әкемнің Қазақстан Компартиясының кезекті съезіне сапары болса керек. Сол сапарда Димекеңнің отбасында болдық. Анам марқұм мейлінше қарапайым жан еді. 1969 жылы Сыр бойына келген сапарында Д.Қонаев Аралға арнайы ат басын бұрып, тартылып бара жатқан теңіз тағдырымен танысып, біздің отбасымызда болып, марқұм анамызға көңіл қосын білдіргенін ұмытпаймын.

Аяулы анасы Құралай Кәрібайқызы жөнінде үшінші ұлы Әділбек Есетов былайша сыр шертеді:

– Біздің анамыз 1925 жылы Қазалы ауданының «Өркендеу» совхозында дүниеге келіпті. Нағашы атамыз 18-ден 54 жасына дейін атақты болыс болып, ат арқасына мінген. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен түрмеге жабылып, көп ұзамай қайтыс болған. Заманында Күншығыс жастарының жалынды жетекшісі атанған Ғани Мұратбаевтың әкесінің тұстасы, үзеңгілес жолдасы болған адам. Міне, осындай әкеден туған біздің анамыз қайтіп осал болсын?! Үлкен әжеміз Кәрібай атамызға 14 жасында тұрмысқа шығып, 15 бала тәрбиелеп өсіріпті. 1957 жылы қайтыс болып, өзі туып-өскен «Өркендеу» ауылындағы бейітке жерленді. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын бүкіл әулетімізбен барып, нағашы әжемізге ас беріп, дұға бағыштап, аруақ алдындағы бір парызымызды өтеп қайттық, – деді ол.

Марқұм Тазагүл Сейітжанқызының мамандығы ұстаз еді, үлкен жүректі абзал ана болатын. Бұл анамыздан Айнұр, Асқар есімді ұл-қыз бар, яғни қарашаңырақ иесі – Асқар. Қазір Қызылорда қаласында тұрады.

Көл балықсыз, хан халықсыз болмасы белгілі. Алыстан қарасаң, басы ақ қар жамылған асқар таулар аспанмен таласып асқақтай түсетінін көресің. Ел басқарған, халық көңілінен ұзақ жыл бойы өзінің өнегелі, өміршең, іргелі істерімен берік орын алған тау тектес тұлғалар есімдері сол ел-жұртпен бірге жасай береді. Өйткені асқар таулар ешқашан аласармайды. Уақыт өткен сайын асқақтай бермек.

– Нұрлантқан солар көңілді,

Айтады ел-жұрт ол жайлы.

…Қырандар сүрген өмірді,

Қарғалар сүре алмайды.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<