Асылдың алуан қыры

542

0

Биыл Сыр өңірінің ардақты азаматы, танымал қоғам қайраткері,  шаруашылық ұйымдастырушысы Әзімхан Бәкірұлы Исмаилдың туғанына 100 жыл. Оны дана, қадірлі деген мағына беретін «әз» теңеуімен де құрметтеп Әз-аға дей отырып, сан тарау өмір жолын байыптағанда кеңес заманында өмір сүріп, еңбек еткен, Тәуелсіздік заманын көрген замандастарына ортақ тарихты, тұрмыс-тіршілікті байқар едік. Дейтұрғанмен әркімнің өз өмірбаяны бар. Әз-Ағаны абыройға бөлеген, ел қамын жеген азаматтық, қоғамға еңбегін қалтқысыз арнаған қайраткерлік, жоғары адами парасаттылық қасиеттерінің қайнары, өскен, өркен жайған әулеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жасампаздық дәстүрлерінің бастауы қайдан деген сұрақ ойландырар еді.

Әріден бастасақ, ХІХ ғасырда Сыр бойында Жөлекте Бәйімбет, Нарымбет, Палымбет есімді шаруа баққан ағалы-інілі туыс жандар өмір сүреді. Жұрт қатарлы азын-аулақ мал өргізген, егіншілікті кәсіп еткен адамдар екен олар. Осы мақаланың арқауы Палымбеттің қолөнерші ұсташылық қабілеті де болыпты. Палымбеттен Әбу, Бәкір және Әли деген үш ұл өседі. Бас сауғалаған алақұйын заман келгенде осы үш ұлдың құжаттарында тектері үш түрлі өзгертіліп, Әбу Балмұқамбетұлы, Бәкір Палымбетов, Әли Палмұхамедов болып шыға келеді, олардың басынан небір қилы кезеңдер өтеді.

2000 жылы Шиелінің іргелі азаматы, қаламгер-қайраткер Қален Әбдешұлының жауапты редакторлығымен Алматыда шыққан «Шежірелі Шиелі» энциклопедиялық тарихнама кітапта өңірдің беткеұстар азаматтарының қатарында Әбу Балмұқамбетұлы, Бәкір Палымбетов, Әли Палмұхамедов, Әзімхан Исмаилұлы, Асанбек Бәкірұлы, Құрманбек Бәкірұлы, Өркен Әзімханұлы Исмаил туралы жеке-жеке өмірбаяндық деректер беріліп, суреттері қоса басылған. Бұл тұлғалы азаматтардың барлығы тектері әртүрлі жазылғанымен бір атаның ұрпақтары еді. Осы әулеттің өмір тарихына зер салсақ, еліміздің бір ғасырдан астам шежіресінің ықшам жиынтығын көргендей, сыр тартқандаймыз.

Осы мақаланың басында Палымбеттің Бәйімбет, Нарымбет деген ағалары болғанын айтқан едік. Медицина қызметі халыққа дендеп ене қоймаған өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін елде балалардың өлім-жітімі өте көп болған. «Алла берді» деп ата-аналардың тууды шектемеуі ғана халқымыздың өсімін тоқтатпай, ұлтымызды мүлдем азайып кетуден аман алып қалған еді. Бәйімбеттің ұлы Исмаилдың Әділхан деген баласы, басқа да перзенттері шетінеп, тұяқсыз қалған кезде Палымбеттің ұлы Бәкір баласы Әзімханды ата дәстүрімен Исмаил ағасының бауырына салған екен. Атаның аты өшпесін, жалғаса берсін деген қайран ата салтымыз-ай!

Біздің әңгімеміз міне осы Бәкір – Исмаилдың тел ұлы Әзімхан – Әзекең – Әз-аға туралы болмақ. Адам дүниеге келеді, дүниеден өтеді. Одан не із, қандай іс, нендей өнеге қалады кейінгі ұрпаққа? Бұл – мәңгілік сұрақ.

Ағайын адамдар өз ұл-қыз ұрпақтарының есімдерін туыстықтың белгісі ретінде ұйқастырып қоя беретін де әдемі ата салтымыз бар ғой. Бәкір әке 1923 жылы 5 желтоқсанда Шиелі өңірінде Ащықұдық (қазіргі Бала би) ауылының Қаркемер деген жерінде дүниеге келген ұлының атын Исмаил ағасының Әділхан деген ұлының атына ұқсастырып Әзімхан қояды. Он жылдай ата-ана бауырында өскен Әзімханның бұдан арғы балалық, оқушылық шағы 1932-1938 жылдар арасында Палымбеттің кіші ұлы Әли ағасының қолында Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларында өтеді.

Әли 1901 жылы дүниеге келген. Ол да Жөлек орыс-бұратана бастауыш мектебінде оқиды, заң мектебін бітіреді, Шиелінің алғашқы кәсіби заңгерінің бірі еді. Шиелі аудандық милиция бөлімінің тұңғыш бастығы, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында судья, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болады. 1935 жылы Алматыда республика Жоғарғы Сотының алқа мүшелігіне сайланады. Міне осы жылдары Әли ағасы қызмет бабымен қайда жіберілсе, бала Әзімхан сонда жүрді. «Халық жауларын» іздеген тіміскілеу науқаны қызметі дәуірлеп тұрған Әлиді де айналып өтпеді.

Үлкен ағасы Әбудің әйелінің – жеңгесінің байдың қызы болуы бұларға бәле болып жабысты. 1897 жылы туған, Жөлек орыс-бұратана бастауыш мектебін және Перовск (қазіргі Қызылорда) қалалық орыс мектебін бітірген алғашқы қазақ балаларының бірі осы Әбу еді. Сыр елінде кеңес өкіметі орнаған кезде көзі ашық сауатты Әбу 1919 жылы Жөлекте алғашқы ауыл шаруашылық коммунасын (ұжымдық шаруашылықтың бір түрі) ұйымдастырушылар қатарында болады. 1921 жылы Түркістан аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланады, 1922-1925 жылдары Ташкент облыстық милициясының бастығы болды, Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды. 1930-1931 жылдары Балқаш  аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1933 жылы сонда жүріп дүниеден озғанда Қаныш Сәтбаев, Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы, ақын Әбділда Тәжібаев іскер де абзал азаматтың өмірден мезгілсіз кеткеніне қимастықпен тебірене көңіл айту жазған екен.

Бай тұқымына құдандалығы бар Әли үстінен арыз түскен соң Жоғарғы Сот мүшелігінен босатылып, Шымкентке қатардағы заңгер қызметіне жіберіледі. 1941 жылы неміс басқыншыларымен Ұлы Отан соғысы басталған кезде өзінің адалдығын дәлелдеу үшін ерікті түрде майданға сұранып, ортақ еліміздің азаттығы жолындағы сұрапыл соғыста 1943 жылы Сталинград шайқасында опат болады.

Ағасының жағдайы сондай пұшайман күйге ұшыраған Әзімхан елге қайтып, Қызылорда педагогика-жұмысшы факультетіне оқуға түседі. 1940 жылы оны бітіріп, туған ауылы Ащықұдыққа оралады. Сауатты жігіт әуелде  ауылда колхоз хатшысы болып тағайындалады.

Одан әрі мамандығы бойынша мектепте мұғалім болып жүргенде 1942 жылы мамыр айында әскерге алынады. Алдымен Арменияда шекарашы, кейін радиотелеграфист, радиостанса бастығы болып Солтүстік Кавказды азат ету шайқастарына қатысады.

1947 жылы әскерден аман-есен бейбіт өмірге оралып, ауылы Ащықұдықта жетіжылдық мектепте мұғалімдігін жалғастырады. Ол орта мектепке айналғанда директоры болып тағайындалады.

1954-1957 жылдары Шиелі аудандық партия комитетіне үгіт-насихат және ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, Бәйгеқұм аймақтық партия хатшысы жауапты қызметтерін атқарады. Білімін көтеріп, Қызылорда педагогика институтының филология фкультетін орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді. Кейін 1963 жылы Кеңес Одағын дара билеуші Коммунистік партияның Орталық Комитеті жанындағы Мәскеудегі Жоғары партия мектебін тәмамдайды.

Әзімхан Исмаил 17 жыл басшылық жасаған Ленин атындағы колхозда, оның «Қызылдиқан» бөлімшесінде (бұл күнде қазақтың көрнекті ақиық ақыны Әбділда Тәжібаев атындағы ауыл) туып-өскендіктен, ауыл адамдарының «колхоз бастығы» (Әзекеңнің атын атамай көбіне осылай дейтін) туралы әңгімелеріне қанық едік.

Ол ұжымын аудан, облыс түгілі республикадағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналдырды. 1969 жылы Мәскеуде Колхозшылардың бүкілодақтық ІІІ съезіне Ыбырай Жақаевпен бірге қатысты. 1970 жылы республикалық колхоздар кеңесінің мүшесі, 1971 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Ауылдың өркендеуі біздің көз алдымызда жүріп жатты. Шаруашылықтың жұмысы ілгерілеген сайын, шаруалардың тұрмысы түзелді, бұрынғы жапырайған тоқал тамдардың орнына ақшаңқан еңселі үйлер жаппай бой көтерді. Алпысыншы жылдардың ортасында барлық ауыл, тіпті жапандағы жалғыз үй – шопандар қыстауларына дейін электр тартылды. Радио түгілі, теледидар, телефон, тоңазытқыш, тіпті газ да таңсық болмай қалды. Өсім көбейіп, әр бөлімшеде бастауыш мектеп орта мектепке айналды. Медпункттер ашылды. Клубтар мен кітапханалар ауылдағы нағыз мәдениет насихаттаушы ошақтар еді. Адамдар жеңіл автомобиль, мотоцикл сияқты көліктерді алатын дәрежеге жетті. Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз деген сөздің мәні де, сәні де кірді.

Алпысыншы жылдары колхоздың «Қызылдиқан» және Ленин атындағы бөлімшесінің балалары өз ауылымызда бастауыш мектепті бітірген соң колхоздың орталығы «Алғабасқа» қатынап оқыдық. «Алғабасқа» дейін «Қызылдиқан» жеті шақырым, Ленин атындағы ауыл тоғыз шақырым қашық. Бастапқы кезде күз-қыс-көктем жаяулап-жалпылап қатынап жүрдік. Тура жол да жоқ. Таңертең сағат сегізде басталатын сабаққа кейде кешігіп жетеміз. Мұғалімдер біздің қалып қоймай келгенімізге риза. Түсте сабақтан шығып, қайтып келе жатқанымызда кейде жеңіл УАЗ көлігімен шаруашылық аралап жүрген колхоз бастығы Әзімхан аға жолығып қалар еді. Бұрқыратып өте шықпай, сыйғанымызша көлігіне бес-алтауымызды мінгізіп алады. Жол үстінде кімнің баласы екенімізді, сабағымызды, келешек қандай оқу оқығымыз келетінін сұрар еді. Тіпті жолдан бұрылыс егіс басына не малшылар қыстауына бұрылатын болса да ала жүретін. Барған жерінде қарапайым еңбек адамдарына деген қамқорлығын бала болсақ та сезінетінбіз. Көп ұзамай бізді тасымалдауға әуелі тіркемелі трактор, кейін қауын биіктеткен автомашина бөлді. Бұған колхозшы ата-аналарымыз да, әрине біз де мәз едік. Бұдан кейін де жағдайымыз жақсарып, ауылға ауданнан автобус қатынайтын болды.

Әз-аға кейде ауылда ойнап жүрген кезімізде үстімізден түсіп қалса, тағы да көлігіне бірнешеуімізді отырғызып алып, шаруашылықты бірге аралайтын және жол-жөнекей мынау егіс кімдікі, мына арна қайда барады, таласа айтып беруге тырысатынбыз әрі колхоз бастығы үлкен кісі көлігіне мінгізіп, жер-жерді аралағанын бұл сапардан қалып қойған балаларға жыр етіп мақтана айтар едік. Бұл бізді елдің келешегі санап, шаруа жайына қаныға берсін деген қамқорлығы, еңбекке баулуы болса керек.

Әзекең 1975 жылы халық депутаттары Шиелі аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығы қызметіне жоғарылатылды, осы жауапты үлкен қызметті он жыл абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шықты. Зейнеткерге тағы бір тың учаске – аудандық газдандыру шаруашылығын басқару жүктелді. Әзекең бұл жұмысты да алға апарып, 1991 жылға дейін жүргізді.

Қоғам ауысып, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде Әзекең демалысқа шықтым деп тағы да қарап жата алмады, жатқызбады, ауданның үлкендері оны өздеріне жетекшілікке қалады, сөйтіп он екі жыл аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмысқа белсене араласты, халқына қызметін жалғастырды.

Еңбегі мемлекет тарапынан қошеметтелді, Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Құрмет белгісі орденімен, медальдарымен, Қазақстанның кеңес заманындағы ең жоғарғы марапаты – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен екі рет марапатталды.

Құрметтің үлкені халықтыкі. Шиелі ауданының құрметті азаматы атанған Әзекең 2003 жылы 25 қазанда 80 жасында дүниеден өтті. Шиеліде, «Алғабаста» көшелерге оның есімі берілген. Замандастары әрдайым ілтипатпен еске алады.

Жары Күлайша Құлтайқызы екеуі он екі ұл мен қыз өсіріп тәрбиеледі.

Атадан ұл туса игі, атаға тартып туса игі, ата жолын қуса игі деген осы! Иә, Бәкірдің үш ұлы Әзімхан, Құрманбек, Өркен – Шиелі ауданының құрметті азаматтары!

Аталарының, әкелерінің асыл қасиеттері бойына дарыған ұрпақтар – әулет абыройын асырған, өркен жайған мәуелі бақ. Бейне нұр шашқан алуан қырлы асыл.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Шиелі ауданының Құрметті азаматы

Астана

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<