Аталар мұрасы – ұрпаққа үлгі 

551

0

Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 78 жыл өтсе де бұл тақырып әлі күнге дейін халықтың назарынан тыс қалып көрген жоқ.  Соғыс ардагері, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ардақты педагог Тоқшылық Ахметов 1923 жылы Қармақшы ауданының қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келді. Жетіжылдық мектепті жақсы бітіріп, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлау техникумына оқуға түседі.

Ел басына күн туған 1941 жылдың жазында әлі 18-ге толмаған жас өрен өзі сұранып  майданға аттанды. Алғашында Тоцк қаласында артиллеристер даярлайтын қысқа курста оқиды. Бітірген бойда генерал Честаковтың корпусында 76 миллиметрлік ауыр зеңбірекке оқтаушы болып сұрапыл ұрысқа кіреді. Отан үшін болған шайқастарда әкем екі рет ауыр жарақат алған. Біріншісінде оң қолынан снаряд жарықшағы тиіп госпитальға түседі. Емделіп шыққаннан кейін: «Оң қолыммен ауыр снарядтарды көтеріп жүре алмасам да, зеңбірекке көздеуші болайын. Оны тез арада үйреніп алуға қабілетім жетеді» деп арыз береді. Жас коммунистің өтініші ескеріліп, қайтадан өз бөлімшесіне жіберіледі. Ал екінші рет Керчь түбіндегі сұрапыл соғыста аяғы мен жамбасынан ауыр жараланады. Сұм соғыс біреудің жалғызын жалмаса, мыңдаған жанның сағын сындырып, үмітін үзді. Әкемнің көрер жарығы бар екен, елде жанын шүберекке түйіп, «Е, Алла, желбіреген жалғызыма жар бола гөр, аман-есен еліне қайтуға жаза гөр» деп, ұйқы көрмей, күндіз-түні дұға етіп отырған әке-шешесінің тілегі қабыл болып, аман қалды.

Ол кісі соғыс туралы әңгіме айтуды ұната бермейтін. Сол кезең туралы: «Ешкімге де оңай болған жоқ. Оқ пен оттың ортасынан жаралыларды далалық госпитальға әкеліп, операция жасағанда жас медбикелер мен хирургтардың «шаршадым» деп қабақ шытқандарын көрмеппін. Жамбас пен ортан жілігімнің паршаланып кеткен сүйектерін қиюластырып салып, гипстеп, тылдағы госпитальға жөнелтті. Елге аман-есен келуім сол абзал жандардың арқасы ғой» деген болатын.

Керчь түбіндегі ұрыста жауынгер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Арнайы комиссия «Т.Ахметов госпитальдан кейін әскер қатарында қалып, соғысқа қатысуға жарамсыз» деп шешім шығарды. Жамбас сүйегі мен ортан жілігінің сынығы ауыр болып, майдангер түн баласы ұйқы көрмей, ескі жарасы жанына батып, зардабын өмірден өткенше тартып өтті.

«Ер – елсіз, ал ел ерсіз болмайды» дейді халқымыз. Миллиондаған жан зарыға күткен Ұлы Жеңіске майдангер әкем өз үлесін қосты. Мұны біз мақтаныш етеміз. Әкем «Мамыр мерекесіне» деп аталатын өлеңінде:

– Құрметтісің мамырым, тоғызыншы,

Алысқан аз болған жоқ жаудың күші.

…Қарысқан қанды майдан зор шайқаста

Қазақты талай халық пір деп ұқты.

Түрікпен, қырғыз, тәжік, қарақалпақ

Бір-бірін тар окопта тез ұғысты, – деп, ұлттар арасында қазақ ұландарының ерлігі ерекше болғандығын айтады. Қазақ батырларының бұл майданда жан аямай қаһармандықпен соғысқандығын жазбаған ақын-жазушы кемде-кем. Әкемнің осы тақырыпта жазған «Майдан шебінде», «Тынық сәт», «Москва. Екінші хат» атты туындылары бар. Мұнда туған еліне деген сағынышы, жеңіске деген сенімі әсерлі жырланады.

Жауынгер Т.Ахметов елге қайтарылады. Келген соң әуелде шаруашылықтарда түрлі жұмыс атқарды. 1944 жылы Қызылорда қаласына келіп, оқуын жалғастырды. Осы жерде болашақ жары Айкүлмен танысыпты. Олар 1946 жылы оқуын бітіріп, шаңырақ көтереді. 

Қосағы екеуі бақ пен береке қонған қоңыр тірлігін қанағат тұтып, бақытты өмір сүрді. «Егер ерлі-зайыптылар бір-біріне асқан сүйіспеншілікпен қараса, Алла тағала оларға ерекше мейірім төгеді» деген сөз бар. Жаратқан иеміз ана-анамызға мейірімін төккен деп ойлаймын.

Сол тұста Үкімет қаулысымен сауатсыздықты жою үшін елде ересектерге арналған кешкі мектептер ашылған. Ерлі-зайыпты жас ұстаздар күндіз жас жеткіншектерге, ал кешке ересектерге сабақ бере бастайды. Жары Айкүлге ауылдағы қайын ағалары мен абысындарына дәріс беру оңай болмапты. «Мен үшін, әсіресе, үлкен қайынағаларымды фамилиясымен тақтаға шақыру қиын болды» деп күлуші еді жарықтық. Халықтың ыстық ықыласы мен тілек-батасының арқасында қыздары Сәбира – бастауыш мектеп мұғалімі, Роза – бухгалтерлік есеп және аудит пәнінің оқытушысы; келіндері Раушан – математика, Әзиза – қазақ тілі мен әдебиеті, Рая – физика, Әсем орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болды. Бұл – ұстаз еңбегінің жанғаны.

Әке-шешем өте қонақжай еді. Жас кезімізде үйге әкемнің достары жиі қонаққа келуші еді. Әсіресе, майдангер-ұстаз, ақын Бисенбай Қасқырбаев пен зайыбы Райхан, ұстаздар Жұманазар Кершеев пен Ұрхан, Сәндеш Алашбаев пен Мәрия жиі бас қосып, жарасымды әзіл-қалжыңдарымен отырған жерлерін мерекеге айналдырып жіберуші еді.

Әкем 1972 жылы туған ауылындағы ұжымдық шаруашылық басшыларының өтініші бойынша есеп жұмысына ауысты. Бұл жұмысты да абыроймен атқарып, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Ерекше бауырмал жан еді. Ауылымен көршілес «ІІІ Интернационал» ұжымшарын мекен еткен корейлер мен түріктердің арасында да достары көп болатын. Бір-біріне «тамыр» деп сөйлейтін. Қиындықты көп көрген соң ба, олардың әрекеті бүгінгі нарық заманының тіршілігіне ұқсайтын. Олар ерінбей еңбек етіп, мал жинауға, машина алуға тырысатын. Солардың ішінде машина алған танысы міндетті түрде Тоқаңа көрсетіп, байғазы алуға келетін. Тоқаң болса әйеліне қарап: «Айеке, мына «тамыр» ұлты басқа болса да бізді жақын тұтып, қуанышын бөлісуге келіп отыр ғой. Қайтарында жүк салғышына бір қой салып жібермесек болмас» деп отыратын. Осылайша, кеңпейілділігі, жомарттығымен еліне сыйлы болатын.

Біреуге қиянат жасағандарға, қаңқу сөз айтқандарға жаны қас болатын. «Біреу туралы сыртынан пікір айтар болсаң, сөзің сол адам жаныңда отырған кезде айта алатындай дәрежеде болсын» деп үйретуші еді балаларын. «Біреудің жетістігін ешуақытта қызғанба. Себебі жетістік, табыс дегендер адал еңбекпен ғана келеді» деуші еді.

Өзі «басымдағы бақытым, аспандағы жұлдыздарым» деп жырға қосқан ұл-қыздарын оқытуға күш салды.  Тұңғышы Күлпариза – ҚазҰУ-дың журналистика факультетін, екінші қызы Сәбира Қызылорда педагогикалық институтын,  үлкен ұлы Базарбай – Қазақ химия-технология институтын, Гүлбазар – Ақтөбе медициналық институтын, Роза мен Света – Қарағанды кооперативтік институтын, Барысбек пен Болат – Шымкент мәдениет институтын (кейіннен екеуі де заңгерлікті игерді) мамандығы бойынша бітіріп, ел игілігі жолында қызмет етіп жүр.

Күлпариза Ахметова,

майдангердің қызы, зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<