Халқымызда ежелден бері айтылып келе жатқан «Бұрынғының соңы едік, кейінгінің басы болдық» деген астарлы сөз бар. Бұл «баяғыда алдымызда аталарымыз, әкелеріміз, ағаларымыз барда олардың соңдарына ерген жеткіншек едік, қазір сол кісілер секілді көштің басы болатын жасқа жеттік» дегенді меңзейді.
Сірә, «Дүние – көшкен керуен» деген осы болса керек. Өмір өзен секілді өзінің арнасында тоқтаусыз ағып жатыр. Мұны данышпан Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп, келесін керемет келтіріп айтып өткен. Ал жүз жасаған жампоз ақын Жамбыл бабамыз: «Ой-хой, дүние серуен! Адам бір – көшкен керуен, дүниені қызық қалдырып, асамыз өмір белінен» деп, осы ойды тағы бір қырынан толықтыра түскен. Осының бәрі бұл дүниенің шынында өткінші, көшпелі, жалған екенін айғақтап береді.
Алайда алдыңғы толқынның өршіл өкілдері мезіретті мерзімдерінде өмірден өтіп, бақиға аттанып кеткендерімен, олардың салған сара жолдары көкейден де, көзден де өшкен жоқ, өлшеусіз өнегелері, өміршең өсиеттері, іргелі істері, келелі кеңестері әркез жаңғырып жадымызда тұр. Біз солай өзінің жаратылысынан жайсаң болып туған аяулы жандардың алақаны аясында, қамқорлығы саясында өсіп-жетілдік. Олар бізге еселі еңбек етуді үйретті, өмірді сүюді үйретті, адалдыққа арна тартқызды, әділдікке бағыт бұрғызды, табандылыққа баулыды, төзімділікке шыңдады, көкіректерімізге келешекке деген сенім отын ұялатты, ар жолында мәрт болып қалуды өсиеттеді.
Біз сол айбарлы да айбынды асыл ағаларымыз ат арқасына отырып, ел мен халыққа шын беріліп, қалтқысыз қызмет етіп өткен кеңес кезеңінде өсіп-жетіліп, қатарға қосылдық, қоғамдық қызметке белсене араластық, адам есебінде кемелге келіп, азамат болып қалыптастық. Одан беріде, республикамыздың егемен ел атанып, тәуелсіздігінің туын желбірете бастаған жылдарында сол қызметімізді жалғастырдық. Сөйтіп, екі дүниенің, екі әлемнің тұтқасын ұстап, тірнекті тіршілігіне үлес қосып үлгердік. Әлбетте, тәуелсіздіктен асқан тұғыр жоқ, бостандықтан биік мақсат жоқ, егемендіктен ерен бақыт жоқ. Заманында «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұрпағы ретінде біз мұны азаттық аясындағы жылдардың жонында айқын сезініп, көз жеткізіп келеміз.
Дегенмен, бүгінде ерінбегеннің бәрі жабыла жамандап, жаппай іске алғысыз етіп жүрген советтік дәуірдің де өзіне тән жақсы нышандары мен артық әрекеттері болды. Соның бірі – коммунистік партия билеген мемлекетте еңбек адамдарын ынталандыру мен құрмет көрсету нағыз үздік салт-дәстүрге айналды, осының қабатында ел билейтін басшылар даярлаудың үлкен мектебі қалыптасты, кадрларды шыңдап шығаруға айрықша маңызды мән берілді. Сол мақсатта әріректе «отызмыңдықтар» тобы, беріде «қызыл директорлар» легі пайда болғандары тарихтан белгілі. Партия ауыл шаруашылығы өндірісіне тың өріс беріп, өркендете түсу жолында осылайша ірі зауыт-фабрикаларда жұмыс істеп жүрген таңдаулы мамандарды колхоздар мен совхоздарға шұғыл аттандырып жатты. Сонымен бірге, сол ауылдық аудандарда ел басқарудың ілкі әдістері мен тәсілдерін жетік меңгеріп келе жатқан кадрларды қызметтік саты бойымен біртіндеп, іргелеп өсіріп отырудың үлгілі үрдісі негіз қалады.
Сондығынан болар, сол заманда, кеңес кезеңінде аттары айтарлықтай аңызға айналған, елдің көңілінен шыққан іргелі істері жұрт аузында жыр болып төгіліп жүрген өндіріс жетекшілері, шаруашылық басшылары, аудандық партия комитетінің хатшылары аз болған жоқ. Топтан озып шыққан ондай толымды тұлғалар республиканың әрбір дерлік облысында, аймақтарында ұшырасушы еді.
Біз бала-шағымызда, жас күнімізде, сонау 60-шы жылдардың ортасы шамасында, мысалы, Шиелі ауданында үш бірдей қайраткердің – сол кездері ауданға басшылық жасаған, кейін облысты басқаратын, соңынан республика басшысының деңгейіне дейін көтерілетін, сол уақыттары Социалистік Еңбек Ері атанатын Исатай Әбдікәрімовтің, аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Қонысбек Қазантаевтың, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы болып тізгін ұстайтын Ғафур Мұхамеджановтың аттары тап солай дүркіреп тұрды.
Сол жылдары Шиеліден тысқарыдағы елді мекендердің тұрғындарына да, Сырдария деген ауданға қарасты ауылда тұратын біздің жұртқа да олардың даңқтары дүркіреп жетіп жатты. Сол кезден аңғарып-білгеніміз: бір-бірімен құрдас дерлік үш ағамыздың үшеуі де ел басқарудың, шаруашылық жүргізудің, маман даярлаудың нағыз ұлағатты ұстаханасы болған екен. Үлкен қоғамдық қызметке Ұлы Отан соғысына қатысып келген майдангер ретінде қосылған үш ағамыздың бір-бірлеріне ұқсайтын, бір-бірлерінен айнымайтын және өздерінен басқа ешкімге ұқсай қоймайтын қасиеттері де мол еді. Бұлардың үшеуі де сол заманда Шиелі ауданының бұрынғы қалпынан да даңқы аса беруі жолында зор еңбек сіңірді, өздерін білікті басшы ретінде танытуларына мүмкіндік берген өскелең өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Әйткенмен, ежелгі грек ойшылы Сократтың «Платон – менің досым, бірақ шындық қымбат» дейтіні сияқты, атап өтілген үш ағамыздың арасында Шиелі ауданының өркендеуіне көбірек еңбек сіңірген Ғафекең болды. Тегінде, бұған оның ауданда басшы қызметте ұзағырақ отырғаны да бір себеп болған шығар.
Орыс тілінде «уникальность» деген сөз бар. Оның қазақша мағынасы көп ретте «өзгешілік», «ерекшелік» деп алынып жүр. Бірақ кей реттерде осы ұғымдардың өзі қолданылып отырған лексеманың толық ауқымдағы мазмұны мен сипатын бере алмай жатады. Мұның біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ғафур ағаға орай қозғайтын келесі тұжырымымызға толық қатысы бар. Оның мансап сатысы бойымен өсу жолдарының ешкімге ұқсамайтын және қайталанбас ерекшелігін біз тек сол ұғым ұясында ғана бере аламыз. Күллі Қазақстанда Ғафекеңнен басқа, аудандық партия комитетіндегі әу бастағы бірінші қызметін қабылдау бөлмесіндегі хатшылықтан бастап, кейін сол ауданды басқаратын бірінші хатшы деңгейіне дейін өсіп көтерілген бірде-бір мемлекет қайраткері болмаған екен. Бұған ауданға келген бір сапары барысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев та қатты таңғалғанын білдіріп, бұған бір ауыз сөзбен «уникальность» деген баға берген екен.
Сондықтан ендігі сөздің оябында Ғафур (Ғафуржан) Мұхамеджановтың өмірбаянына да аз-кем тоқталып өткен жөн шығар. Ол 1924 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Өзгент» ауылы жерінде өмірге келгенімен, қызмет қаусырысындағы бүткіл саналы ғұмырының басым бөлігін Шиелі ауданында өткізді. Олай болатыны: әкесі Мұхамеджан 30-шы жылдардың ортасында Шиелі ауданына көшіп келіп, көп уақыт «Еңбекші» ауылында жұмыс істейді. Ал Ғафекең соғыстың алдындағы жылдары осында бастауыш мектептің мұғалімі болып қызмет етіп, 1942 жылдың соңында осы жерден әскер қатарына алынады. Әуелі Ақмола түбінде саперлік іс бойынша әскери дайындықтан өткен ағамыз 1943 жылдың 24 наурызында Ленинград майданына түседі. Ол 1944 жылы шілде айында ауыр жарақат алып, соғысты аяқтайды.
Майданнан I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», III дәрежелі Даңқ ордендері мен бірнеше медальдің иегері болып елге оралған Ғафекең бір жылдай емделіп, 1945 жылдың көктемінде қоғамдық еңбекке қайта араласады. Ол бастапқыда Шиелі аудандық партия комитетінің қабылдау бөлмесінде қызмет етсе, кейінірек аудандық кеңес атқару комитетінің аппаратына ауысты. Ал 1947-1949 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1959-1964 жылдары аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы болса, 1964-1970 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде үлкен абырой мен даңққа бөленді. Иә, Шиелі ауданы Ғафекеңнің өмір жолдарында ерекше орын алды. Ол мұнда киелі өңірдің тасқа жазылғандай тарихында өзінің өшпес ізін қалдырды.
Осы жылдардың бәрінде Ғафур Мұхамеджановты өзіне тапсырылған іске деген орасан зор жауапкершілік, біліктілік пен іскерлік, батылдық пен шешімталдық ерекшелеп тұрды. Ол айрықша айбынды тәртіптің адамы болатын. Ол бұл жағынан келгенде, Шиелі ауданында қызметтес болған құрдасы Қонысбек Қазантаевпен барынша үндес еді. Мұны жалпы халық қана емес, қазақтың асыл азаматтарының, даңқты ел билеушілерінің бірі – Дінмұхаммед Қонаев та аңғармай қалған жоқ. Дінмұхаммед Ахметұлының әлгінде айтылғандай, ауданға арнайы ат басын бұрған сапары кезінде бірінші хатшының дастарқан басында отырып: «Ғафеке, сіз жұмысты таза, әділ, батыл жасайды екенсіз» деген бір ауыз бағасын сол жерде естігендер заматында елге таратып жібереді. Міне, осы бір сөйлемнің сұлбасында ағамыздың бүкіл болмыс-бітімі, кескін-келбеті, портреттік бейнесі табиғи қалпында тұр. Расында қолы да, жаны да саф таза болған Ғафур Мұхамеджанов осы кезеңде де, бұдан кейін де елге барынша адал қызмет етті.
Аты аңызға айналған ағамызбен кезінде етене араласқан және жақсы білетін кісілер оның өмір сахнасындағы басты қаруы қылыштың жүзіндей, мірдің оғындай, нысанасына әрдайым дөп тиетін өткір де өжет, құдіретті де тура сөздері болғанын айтып отырады. Ол жүрген жерлерінде тәртіптің, реттіліктің, адалдықтың, адамгершіліктің сақшысындай болды, сонымен бірге әркез жұрттың сөздерін ықылас қоя тыңдап, олармен пікірлесіп, ой бөлісіп, ақылдасып тұрған. Халықты біліктілігімен, кемеңгерлігімен, іскерлігімен, сезімталдығымен, турашылдығымен, мәдениеттілігімен, айбатымен, айбарымен, мейірімімен соңына ерте білген Ғафекең қандай жағдайда да сол жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын атпал азамат, байырқалы басшы болды.
Ғафур Мұхамеджановтың тұсында бұған дейін де отыздан астам диқан Социалистік Еңбек Ері атанып үлгерген Шиелі ауданында егіншілік мәдениеті жаңа бір белеске көтерілді. Осы жылдары даңқты диқан, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың соңына ерген егінші ұландарға қолдау көрсету мақсатында «жақаевшылар қозғалысы» басталды. Бастапқыда ауданнан арна тартқан шараға кейін облыстық комсомол комитеті екпін қосып, оны аймақтық ірі қозғалысқа айналдырып жіберді. Осының нәтижесінде тек Шиелі ауданында ғана емес, сонымен қатар облыстың әр өңірінен суырылып шыққан жас күрішшілер тасқыны көбейді. Мұның өзі Ғафекеңнің даңқын бұрынғыдан да арттыра түсті, есімі Одаққа танылды. Сол жылдары ауданға Корея, Куба елдерінен арнайы делегациялар келіп, аудан диқандарының тәжірибесімен танысып қайтты.
Ғафекеңнің Шиелі ауданы үшін жасаған ғаламат ғибратты шаруалары ішінде кенттің табанын жаппай жайлай бастаған ыза судың ындынынан құтқарып, алып шығу болды. Бірінші хатшы осы орайда елді мекеннің жақын қалған жерасты суларын тарту шараларына ғылыми ортаны да араластырды. Олардың ұйғарымына сай, аудан орталығының дәл іргесінен ағып өтетін «Шиелі» каналын жаңа арнаға ауыстыру жұмыстары жедел қолға алынды. Сөйтіп, біршама жылдардан кейін кенттің асты судан құрғатылды. Егер осы шара шұғыл қолға алынбағанда, кенттің бұл аумақты мекендеп қала беретіні екіталай еді.
Өзіміз кейін осы ауданға келіп қызмет істегенде, Ғафекеңнің тікелей басшылығы негізінде жүргізілген бұл жұмыстардың келешегі зор болғанына көзіміз жете түсті. Әйтпесе, аудан орталығындағы қазіргі стадион тұрған аумақ, автостанцияның төменгі маңайы, Жақаев ауылына қарай шығатын жол атырабы, аудандық әкімдік пен теміржол мекемелеріне қатысты бірқатар ғимараттардың арасы көлкіген көлдің алабы болған екен. Қазір солардың бәрі бұрын ештеңе көрмегендей күн кешіп, қырық мыңға жуық халықтың тұрақты қонысы болып отыр.
Ғафур Мұхамеджанов 1970-1975 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Ал 1975-1979 жылдары облыстық партия комитеті әкімшілік, сауда-қаржы және жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, 1979-1985 жылдары облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары болды. 1986 жылдың қаңтар айында Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты.
Біз Ғафур ағамен ол облыстық атқару комитеті төрағасы болып қызмет еткен жылдарда жақын араласа бастадық. Сол кезде оның темірдей тәртіптің кісісі екеніне көзіміз анық жетті. Ол жайында соған дейін бала жасымыздан естіген «Ғафур Мұхамеджанов бюро мәжілісін жүргізіп жатқан кезде, залда шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнайды» деген сөздің шын уәж екенін пайымдай түстік. Негізі, қатаң тәртіп бар жерде жұмыс та өзінің тиісті арнасымен жылжып жүріп жатады ғой. Ғафур ағамыздың сондай кескін мен қағидат ұстанғанына қарапайым халық та қатты риза болғанға ұқсайды. Сол замандары отыздан астам ұлттың өкілдері қоныс еткен, соның ішінде жергілікті қазақтардан бөлек, орыс, украин, неміс, корей, шешен, грек, түрік нәсілдерінің едәуір үлес-салмағы болған Шиелі жерінде олардың бәрін түгел ұштастырып ұстап отырудың өзі оңай болмағаны хақ. Ал сол қаймана жұрт өкілдері Ғафекең Шиеліден Жаңақорған ауданына қызмет ауыстырып бара жатқанда, оны қимай шығарып салғанын белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыз кезінде төгілдіріп жазып еді. Мұның бәрі, әлбетте, жақсыда жаттық болмайтынын көрсетеді.
Қазақта «Азаматтың қосы оңбай, ісі оңбайды» деген де сөз бар. «Еркек үйдің – егесі, әйел үйдің – шегесі» дегенді де халқымыз тауып айтқан. Осы тұрғыдан келгенде, Ғафур ағамыз өзіне өмірлік серік таңдауда жаңылыс қадам жасамаған бақытты адам болды. Бұл шаңыраққа құт болып кіріп, бақ болып қонған Әйбибі Сейдахметқызы апамыз әулеттің дәулетіне береке кіргізді. Адал жар, аяулы келін ретінде отбасының ырысы мен ынтымағын арттырған ол жан жолдасының қызметте де абыройлы болып, лауазым сатысымен өрлей түсуіне өлшеусіз үлес қосты. Кезінде аудандық комсомол ұйымын басқарған, мектеп директоры болған Әйбибі апамыз осы жылдардың бәрінде ағамыздың тірегі, демеушісі, бапкері, ақыл қосары, ашу басары, қуат беруші музасы, терезесі тең әріптесі бола білді. Екеуі Мағрипа, Сәбира, Әлия есімді үш қыз, Алмас, Бектас, Нұртас атты үш ұлды заманына сай өнегелі ұрпақ етіп, тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі өмірден өз орындарын тауып, қоғамның белді мүшелері атанды. Енді абыз аталары салып кеткен даңқты жолды бүгінде немерелері жалғастырып келеді.
Айтулы азамат, ардақты ақсақал Ғафур Мұхамеджанұлы 2007 жылы 3 наурызда өмірден озды. Жары – Әйбибі Сейдахметқызы 2011 жылы 1 қаңтарда дүние салды. Бүгінде екі жақсының есімдері елдің жадында жақсы аттарымен қалып, Жаңақорған мен Шиелі аудандарының әр буын ұрпақтары үшін мақтан тұтар тұлғаларға айналды. Соның тағы бір айғағы, осы кісілердей болсын деген ниетпен Ғафур және Әйбибі атанған балалар екі ауданда да кезінде аз болған жоқ.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегінің лайықты бағаланғаны шығар, қазіргі таңда Шиелідегі №270 қазақ орта мектебі Ғафур Мұхамеджановтың есімімен аталып отырса, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласының бір-бір көшесіне асыл ағаның аты берілді.
Сөз соңында арнайы тоқталып айтып кетуге тиісті бір мәселе: соңғы жылдары Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс басшылығы кезінде елдің күнделікті тіршілігі мен келешегі үшін орасан зор еңбек сіңірген байырғы қайраткерлердің рухтарын тірілтіп, тағзым білдіру жайына айрықша мән беріп жүр. Осының алдында менің сөз басында айтып өткен ағаларым – Исатай Әбдікәрімовтің, Қонысбек Қазантаевтың, сондай-ақ Тәкей Есетовтің 100 жылдықтарына байланысты өткізілген іс-шаралар соның нақты айғағы бола алады. Сол үшін мен өзімнің және өзім құралыптас үлкен кісілердің аттарынан облыс басшылығына, ықыласымызды жеткізгіміз келеді.
Енді көзі тірісінде аты аңызға айналған сондай айтулы ақсақалымыздың бірі – Ғафур Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай кең ауқымда ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға сәттілік тілейміз.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<