Көне жұрттан қалған мән,
Кемелдіктің дүрі еді.
Ем таппаған жалғаннан,
Ерің өлді, Сыр елі!
Кеуде тұсым дір етіп,
Демі өршіп тұр өкпенің.
Жаназада жыр оқып,
Ақын болам деп пе едім.
Бүгін тағы аза күн,
Бұл не деген басқа күн.
Қазанама қағазын,
Қарс айырып тастадым.
Келе алмаймын келеме,
Үрке шығып үн бойдан.
Дүре соғып денеме,
Көзімдегі сынды айнам.
Дариядан үгіліп,
Жар құлаған секілді.
Қара тасқа сүрініп,
Нар құлаған секілді.
Көтерілді нұр көкке,
Кеуде толы кісілік.
Өзін өзін суретке,
«Сырт» еткізіп түсіріп.
Өмір, маған мін тақпа,
Жеп тауысар ой мені.
Жеткізейін ұрпаққа,
Бұл өлмейтін бейнені.
Сыйым сол ма сұраған,
Бір сауап пен бір обал.
Ертең қайта жұбанам,
Бүгін бірақ, жылап ал…
Дүйсенбек Аяшұлы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<