Азамат келбеті

761

0

Еңбек ардагері Исатай Елубаев зейнеткерлік өмірдің рахатын көрмей пәни дүниеге аттанып кетті. Бұған да жиырма жыл толды. Көзі тірі болса биыл сексенге толып, мерейтойын дүрілдетіп өткізер еді. Дегенмен, «орнында бар оңалар», «ат тұяғын тай басар» демекші, сүйікі жары Шара, ұлдары Қайрат, Марат, Талғаттары Астананың Әзірет-Сұлтан мешітінде ас беру рәсімін өткізіп, көзкөргендердің шынайы лебіздерін естіді.

Бүгін біз азамат жайында бір үзік сырды ағытып, тағы бір еске алуды парыз тұтып, әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

Исатайдың балалық шағы Түркістан іргесіндегі «Шорнақ» атты ауылда өтті. Анасынан жас қалды. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері болды, «Балаби» ауылында мұраб болып жүріп, беймезгіл қазаға ұшырады. Отбасының үлкені Исатай іні-қарындастары Маханбет, Шара, Майраларды жетілдіру қиындығы бір басына түсті. Исатай Шымкент пединститутын бітіріп, Шиелідегі «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы ауылда мұғалімдіктен еңбек жолын бастады. Жас ұстаз отбасы жағдайымен 1963 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударды. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы мектепте алғашында мұғалім, директордың орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Жастардың ұйытқысы – жастар жетекшісі болды. Білімпаз іскер азаматты алыстан танитын Абылай Айдосов алдымен облыстық комсомол комитетіне қызметке алды, содан соң көп ұзамай қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Қала жастарының жаңа бастамаларына, өнер сайыстарына ұйытқы болғанынан куәгер болған басшылар кадр таңдауда қателеспегенін тілге тиек ете бастады.

Еңбексүйгіш, ізденгіш, екі тілге бірдей сауатты азамат Т.Есетов, Е.Әуелбеков, С.Шаухаманов сынды бірінші хатшылардың көмекшісі болды. Обкомның бір бөлімін басқару дәрежесіне көтерілді. Өмірінің соңғы жылдарында мәслихат аппараттарында қызмет атқарды. Бес рет қалалық кеңеске депутат болды.

Тынбай ізденетін азамат еңбек еткен жылдарында бірнеше медаль, мақтау грамоталарын, Тәуелсіздіктің он жылдығындағы Президенттің мақтау қағазына ие болған сәттерін жиі әңгімелеуші еді.

Біз Исатаймен сырлас, сыйлас болдық. Бір оқиға есімнен кетпейді. Бұл сонау 1960 жылы мен үйленетін болдым. Беташар жасау керек, қазіргідей ол кезде шұбырған асаба жоқ кезі. Исатай менің отау құрғандағы беташарды өзі қолға алып, домбырамен «Отырар сазын» бастады. Ағайын-туғандардың аттарына орай, өлең шумақтарын өзім жазып бердім. Қағаздағы арнау өлеңдерді алдына қойып, домбырамен төгілтті. Жұрт риза болды.

– Ой, мына қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы тұнып тұрған жыршы, ақын ғой деп, – шуласқан жұрт таңырқады.

Сыйлас, ұзақ жылдар сырлас болған Исатай Оңалбек Сәпиев, Мұқан Тұрғанбаев, Жәлел Бәкіров, Бақберген Досманбетов, Болат Оразов, Әли Мүсілімов, Шакизат Төребаев, Мұқан Әмірғалиев, Рәмсейіт Қоянбаев, Кеңес Маханбетов сынды азаматтармен жұп жазбай ғұмыр кешті. Әзіл-қалжыңдары жарасымды болатын.

Әр кездескенде ортамыздың ажары мен базары Исатай еді. Домбырамен күй төгіліп, ән шырқайтын. «Отырар сазын» тамылжыта орындайтын, құрбы-құрдастарына әзіл-оспақ арнап шумақтар шығаратын ақынжанды азамат еді.

Иә, өмір – өзен екен ғой. Күй шертілмей, қайың домбыраның үйінің төрінде тұрғанына жиырма жыл толғанын қараңызшы…

Бір сәт қала орталығымен жүріп келеміз. Заңгер Пазылбек Әбдірахманов атындағы көшемен қатарлас Исатай Елубаев деген үлкен жазу көзімізге оттай басылды. Мрамордан құйылған сурет тұр. «Бұл көше еңбек ардагері Исатай Елубаев есімімен аталады» деген сөз жарқырай көрінеді. Ұлдары, немерелері, сүйікті жары тағзым етеді, дұға бағыштайды.

Бізге Исатай жүрегі бейне бір шуақтан жаралған азаматтай көрінетін. Жаны жайсаң, пейілі кең болатын-ды. Отырған жерді думандатып, домбырамен күй шертетін сәттері естен кетпейді. Иә, домбырамен күй шертілмегелі жиырма жыл толыпты-ау. Жүйткіп бара жатқан уақыт қандай жылдам еді.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Ұстаз шуағы

Ой, жүйрік уақыт-ай?! Менің ұстазым Исатай ағаның дүниеден өткеніне жиырма жыл толыпты-ау. Көзі тірі болса биыл сексенге толар еді. Бұйрыққа бас имей болмайды. Бір ақынның мына бір шумағы ойыма оралып тұр.

Ей, тірілер,

Өмір жоқ, өлім барда

Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,

Қу тірліктің бағасын білгің келсе,

Көз қырыңды салып қой қорымдарға!

Иә, бұл дүниеде екі есік бар. Әуелгі есік – өмір есігі. Екіншісі – мәңгілікке жабылатын пәни дүниеге аттандырар есік. Дүниеден өткен менің тұңғыш ұстазым Исатай Елубаев аға жаны жайсаң, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын азамат еді. Домбыра шерткенде ол кісіге теңесер адам жоқ секілді көрінетін.

Әлі есімде, бұл сонау 1963 жылдық жаймашуақ жаз айында қазіргі «Балаби» ауылындағы орта мектепке жас мұғалім келді. Келген бойда мектепте домбыра үйірмесін ашты. Хабарландыру ілінді. Бұл үйірмеге қатысқым келді. Әттең домбыра жоқ.

– Үйірмеге қатысқым келеді. Мені қабылдай ма?

Сыныптастарым келгендерді қайтарып жатқан жоқ деп қолдау білдірді. Сонан имене ұстаздың алдына бардым. Сұрақ қойды.

– Домбыраң бар ма?

– Жоқ. Ә, онда домбыра тауып ал, айналайын!

Ауылда Әбіласан деген ағам бар еді, қолқа салғам. Аға Баянбай деген ағаның домбырасын әкеліп берді. Сонда қуанғаным-ай! Үйірмеге домбыра ұстап бардым. Исатай аға құшақ жая қарсы алды.

Алғашқы сабақ Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін орындаудан басталды.  Кейін «Қызыл желең» жалғасты. Бірте-бірте домбырамен күй орындауды меңгеріп, ағаның ризалығына бөлендім.

Аудандық байқауға қатысып, үлкен ансамбльдің белгілі мүшесіне айналдым. Облыстық сайыстарға қатыстым. Бірде атақты композитор Н.Тілендиев Қызылордаға келіп, өнер көрсетті. Бұл жолы біздің мектептің ансамблі де қатысып, биіктен көрінді.

Менің өнер жолымдағы биік шыңдарға көтерілуіме Исатай аға өлшеусіз үлес қосып, қанаттандырғаны есімнен кетпейді. Талай атаққа бөлендім. Мен алпысқа толғанда арнау өлең жазып, тамсандырғаны есімде. Дүниеден ерте кеткен ұстазым Исатай Елубаев жайында жүрекжарды алғысым шексіз. Бүгін көзі тірі болса сексенге толар күнін еске алып, шынайы сүйіспеншілігімді білдіруді парыз тұттым. Аға жүрегіндегі шуақ мені биікке көтергеніне тағзым етемін.

Әлмырза НОҒАЙБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

«Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<