Қамшы ғұмыр. Адамзатқа ортақ қағида. Жарық дүниеге қанша құмартсаң да, түптің түбінде қараңғы жайдың қонағасың. Сенің ғұмырыңның өлшемі болған қамшының сабы бір күні шарт етіп, ортасынан омырылары хақ. Иә, сондықтан да адам атаулыға мұң серік. Себебі, жан-жағыңнан пәниді тәрк етіп, бақиға аттанып жатқан жақындарың санаңа сабақ тоқып барады. Біз де жалындаған жиырманың, думаны мен тойы таусылмас отыздың көктемі мен күзін өткізіп, қырықтың қырқасындағы қым-қуыт тірлікті қызықтағанбыз. Әрине, дос-жаранмен.
Елудің еңсесіне мінген шақта баяғы кездер көктемдегі қаздың тізбегіндей құсмұрынданып көз алдыңнан жөнкіле көшеді. Содан соң тұла бойыңды басқаша сезім қыстап, санаңды сілкіп, сағыныштың иіріміне салып, кейін қарай ала қашатыны бар. Осындайда жаныңда бірге жүрген достарыңды көз алдыңнан бір өткізіп, керуен ғұмырын ерте тоқтатқан, өмірі қысқа болғандарды сағынышпен еске аласың. Бар болмысты билеп алған сағыныш жан түгіл тәнді де өзіне бағындырып, ақ қағаз бетіне сезім болып төгіліп жатады…
Бүгін де дәл солай. Сағынып отырмын. Асыл арманның құтханасындай болған туған жерімді сағынамын. Балалығымның бал күндерін, бірге өскен достарымды сағынамын. «Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам, Қаланып қалса тәртіппен» дейді ақын Төлеген Айбергенов. Иә, біздің де жүрек дәл солай соғуда. Төлеген ақын ескерткіш орнатқан сағыныш екен ғой бұл. Әрбір жан иесі жүрегіне орнықтырған сағынышымен, сағына білуімен бақытты екен…
Аймағымыздағы Жалағаш пен Қармақшы аудандарының адамдары ілгеріден бір үйдің баласындай татулықта ғұмыр кешіп келеді. Сұраса келе қарын бөле шығатынның нақ өздері. Ескіден келе жатқан сол үрдіс біздің кезімізде де бұзылған жоқ. Студент шағымызда осы екі ауданның жігіттері жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Оған бізбен қатар оқыған қыз-жігіттердің бәрі куә.
Басымыз аман, бауырымыз бүтін кездердің шуақты сәттерін жастықтың әсерімен бағалай алмағандаймыз. Кешегі тай-құлындай тебісіп жүрген қатарластардың алды келместің кемесіне мініп кете бастағанда, әкелеріміздің үнсіз күрсінісінің мәнін ұққандаймыз. Иә, біз көп едік. Мүмкін, жастығымыз да бар шығар. Әншейін көшеге қыдырыстаудың өзінде отыздан асып топпен шығамыз және әртүрлі жағдайға үнемі дайын жүретінбіз. Осындайда Елубай ақынның «Қайтем қазір тереңнен сыр ақтарып, жігітшілік – итшілік деп, ақталып» деген өлең жолдары еріксіз есіңе түседі. Кейде көшенің жазылмаған заңына сәйкес жұдырықтасудың да реті келіп қалатын жағдайлар болады. Алайда біз ешкімге есемізді жіберген емеспіз. Бұл – жиырма беске жетпей тұрған кездердің еншісіндегі естеліктер. Сол кездегі жігіттердің ішінде Шиеліден Ғабит Тәжбенов, Қармақшыдан Алтынбек, Ақылбек, Серік, марқұм Зал (Абзал), Қалдыбек (марқұм), Қуаныш, Жақсылық, Жалағаштан Бақытбек (марқұм), Бағдат, Батыржан, Балта (марқұм), Бекбол, Жора (марқұм), Қазалыдан Жетербай өте жақын едік. Үнемі бір-бірімізді қолпаштап, көтермелеп жүрер едік. Осы жігіттердің ішінде мен жасы кішісімін. Кеше ғана бір жүрген жігіттердің арасында Алланың аманатын ерте тапсырып, қайтпас сапарға аттанғандарды ойлап, кейде налып қаламын. Барлығы шетінен сен тұр, мен атайыннан болатын. Оларды ұлық Алла көрмеген көшелерінде өзінің сансыз нығметтеріне жолықтырғай!
Қанша жолдас болғанмен, солардың ішінде де жаныңа жақыны болары анық. Сондай азаматтың бірі, екіталай жерде өзім дегенге өзегін жұлып беретін Бақытбек Бердібекұлы еді. Ол, 1968 жылы қаһарлы қаңтардың үшінші онкүндігінде, дәлірек айтсақ, 24-жұлдызында дүние есігін ашқан. Бұл туралы Бақытбектің әпкесі, білім саласының ардагері Қадыркүл Бердібекқызы: «Аққыр ауылындағы сол жылғы қыс бала болсам да есімде сақталып қалған. Қаңтардың қаһарлы күні үш ағамыз жол апатына түсті деген суық хабар келді. Аяғы ауыр анамыз құдайға жалбарынып, амандығын тілеп тұрды. Сол күні өмірге шекесі торсықтай ер бала келді, ағалары аман қалып, періште сынды нәресте апатқа ұшырағандарға шапағатшы болсын, әулетке бақыт сыйласын деп, есімін Бақытбек қойған еді» дейді. Байқап отырсақ дүниенің есігін қайыр-саһауатпен ашқан досымыз, өмірден өткенше қайырымдылық жасаумен кетті. Студент кездің өзінде қолында барды жолдастарының жетпесіне беріп жүретін. Қазақта «Құдай бергеннің құдығы ортаймайды» деген сөз бар. Осы нақыл тура біздің Бақытбекке қарата айтылғандай. Алланың қалауымен арғы атасы Жәрімбет әулиеге дарыған дәулет жетінші ұрпағына дейін ортаймай жеткенін көргенде «Құдай береген» демей, не дерсің?
Ол орта мектепті тәмамдап, Ленинградтағы әскери-саяси училищеге оқуға қабылданды. Басқа жер, басқа менталитетке қазақы болмысты, ер мінезді жігіт көндіге алмай, оқуын тастап, туған топыраққа оралды. Елге келген соң кеңес армиясы қатарында борышын өтеп келіп, Қызылорда қаласындағы сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Дене тәрбиесі» факультетіне оқуға түсті. Студент шағында аймағымыздың әр тарапынан облыс орталығына талаппен келген азаматтармен достық қарым-қатынас орнатып, жігіттердің арасында үлкен беделге ие болды. Соншалықты қайратты болғанмен жүрегі жұмсақ, қолынан келсе мұқтажға көмек қолын созуға дайын тұратын сақи алақан, Атымтай жомарттығы басым еді. Өнерде жүрген талай қыз-жігіттерге көмектескенін көзі тірі өнерпаздар жоққа шығара қоймас. Қазақтың қанында бар аңшылық, саятшылық қасиет Бақытбектің де аса ден қойған құмары еді. Тазы асырап, қоянға қосып, құс баптап түлкіге салып баяғы атаның жолынан ләззат алатын. Құмарлығынан шығар киіктің құралайын қолға үйретіп, еш зиянын тигізбей бөрінің бөлтірігін де баптап, үйіне жеткенде даланың тағысын қайтадан босатып қоя беретін. Бұл қасиетін өзімізше жүрегінің жұмсақтығына балайтынбыз.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аймағымыздың мұнай саласында тер төгіп, қызмет жасады. Атап айтар болсақ «ЛукОйл» (қазіргі «Торғай Петролеум»), «ҚазГерМұнай» компанияларында түрлі қызметтерде қара алтын өндіруге өзінің зор үлесін қосты. Кейде жігіттер болып бас қоса қалғанда Бақытбек ауыл жайлы үлкен ықыласпен әңгіме қозғар еді. Сондағы бүкіл арманы өзі туған ауылының көркіне көрік қосар жобаларды іске асыру болатын. Сол оймен жүріп «Ай-Төре» шаруа қожалығын құрды. Біршама ауылдасына жұмыс беріп, жалақы төледі. Сонымен қатар, әр қыркүйектің бірінші жұлдызында «Мектепке жол» акциясы аясында ауылының жиырмадан аса баласын қуантатын және бұл қайырымдылығын жыл сайын дәстүрге айналдырды. Әйтеуір кішкентай бірдеңені сылтау қылып, ауылына бара беретін. Өзі туған ауылын, оқыған мектебін, ағайын-туғанын жанынан артық жақсы көрді.
Бақытбек досымыз дүниеден көшкенде оның азаматтық болмысын, адами келбетін, жомарт жүрегін Аққыр ауылының №188 мектеп ұжымы қоштасу сөзінде былайша өрбітті. «Адам бір көшкен керуен» деп, дана халқымыз айтқандай, адамзат баласының өмірге келіп, өз ізін қалдырып, бұл жалғаннан көшетіні анық. Дегенмен, жасаған жақсы істерімен есімі ерекше аталатын, адамгершілігі мол жанның жалғаннан өткенін естігенде, жаның құлазитыны белгілі. Ауылымыздың ардақты азаматы, әр жақсылығын ауылдастары аңыз етіп айтатын ағамыз Бақытбек Бердібекұлы Шаймағанбетовтың қазасы жанымызға қатты батты. Туған ауылы мен өзі оқыған №188 орта мектебінен Бақыт ағамыз қол үзбей, қамқорлығын аямай жүретін жан еді. Ағамыз Аққыр ауылындағы №188 орта мектебін бітіріп, өзі де мұғалімдік жолды таңдаған. Содан болар, мектепке деген қамқорлығы ерекше болатын. Әкесі, елге белгілі азамат Бердібек Түбекбаевтың атымен аталатын турнир өткізіп, жыл сайын футболдан жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастырып, ауыл балаларының спортқа деген қызығушылықтарын арттыратын. Мектептегі биология кабинетін Б.Түбекбаевтың атымен атап, жаңа үлгіге сай жабдықтап, ауыл балаларының жаңа біліммен қарулануына өз үлесін қосқан. Бұл – ағамыздың бір ғана қыры. Республикалық «Мектепке жол» акциясында да Бақыт ағамыздың өзіндік қолтаңбасы бар. Жыл сайын акция аясында балаларды мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз ететін. Сол кезде балалардың көздерінен қуаныш көретінбіз. Ол абзал ағаға деген алғысы мен шексіз ризашылықтары еді. Спортқа жаны құмар балалардың бәрі Бақыт ағаларына ұқсағысы келетін. Міне, айта берсек, әр ісі аңызға бергісіз, жаны жайсаң жанның қазасы мектеп ұжымына да ауыр соқты. Үлкеннің інісі, кішінің ағасы, қамқорлығын аямайтын жақсы жанның ерте кеткені – орны толмас қаза» деп тұжырымдайды.
Иә, «қайғының шипасы – уақыт» деп жатамыз. Алайда, жақсыға деген қимастық, сағыныш сезімдерін уақыт өшіре алмасы анық. Сенің мына жалғанды тәрк еткеніңе жыл айналса да, кеше тілдескендей, думаны басым кештерден таң ата тарасқандай күйде жүреміз. Сөзімнің басында айтқан Төлеген ақынның «Сағынышы» бауырларың мен жақындарыңның жанында күннен-күнге зорайып келеді. Дегенде, Алланың ісіне көлденеңдеп, қарсылық қыла алмайтынымыз тағы бар. Алла, саған арнап оқылған Құран мен дұғаларды қабыл айласын!
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы, ҚР мәдениет қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<