Бейнесі бөлек, ісімен ерек Айтмұрат

462

0

Сыр елінің асыл тұлғаларының бірі,  майдангер, оқ пен оттың ортасында арыстандай қайрат көрсеткен, соғыстан кейін  бейбіт елдің өркендеуіне зор үлес қосқан, еңбектің қарагері атанған  Шәменов Мөрәлінің есімі жұртқа жақсы таныс. Мен сонау облыста партия, кеңес қызметтерінде жүргенімде ол кісінің  өзін көрмесем де, елге жасаған еңбегін қатты бағалайтынмын. Өйткені ол кісі аудандағы шаруашылықты басқарған директорлардың ішіндегі ең алымдысы, азулысы, іскері, қабілеттісі, ұтымды ұйымдастырушы екендігін, обкомның алқа жиналыстарында есімі құрметпен жиі аталатынын білемін.

Соның әсері болар, ол кісімен бір кездессем деп жиі ойлап жүретінмін. Бір күні облыстық партияның тапсырмасымен «Коммунизм» совхозына баруға тура келді. Шаруашылықтың директоры өзім кездесуді армандап жүрген Мөрәлі Шәменов ағамыз. Бұл шамасы 1973 жылдары болса керек. Ойдағы жұмысым бітіп, Мөрәлі ағамен жылы жүздесіп, қимай қоштасып, бір аға тапқаныма қуанып жұмысыма көңілді оралғаным бар.

Мөрәлі ағамыздың өте көпшіл, алғыр, барынша қанағатшыл, зерек кісі екенін білдім. Егін қосындарын көргенімде сол заманға сай жайнатып қойған. Телевизор да, радиоқабылдағыш та егін басында саңқылдап сөйлеп тұр. Ел жаңалықтарынан еңбеккерлердің бәрі хабардар екенін білдім. Тіпті жуынып-шайынатын моншаға дейін жұмыс істеуде. Кім, қай уақытта суға түскісі келеді, есігі ашық. Егін алқабын аралағанымда егіншілердің көңіл-күйлері өте жоғары екен. Үйлерінен егін басына жаңа келгендей жүздері жарқын, шат-шадыман еңбек етуде. Тамақтары тоқ, уайымдары жоқтығын көргенде, жаным жадырап сала берді. Қосында электр жарығы самаладай жанып тұр. Кеш батқан соң адамдар жиналып бір мезгіл теледидардан концерт, кино көріп демалады. Жастар жағы болса, бірігіп аяқдоп немесе қолдоптарын ойнап, көңілдерін көтереді екен. Ол кезде осындай жағдай жасау деген кейбір басшыларға арман немесе қиямет-қайым сияқты болып көрінетінін білемін. Ал Мөрәлі ағамыз ең алдымен егінде тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың әлеуметтік жағдайын жасап қояды екен. Оның басты себебі, адамдардың шаршамай, еркін жұмыс жасауына аса мән беретіндігін сөз арасында айтып қалғанынан түсіндім. Ол кісі демек, еңбекке тартудың, жұмыс жасатудың тәсілін сол кезде жақсы меңгерген. Кейбір басшылардың еңбек адамдары тек жұмыс жасаулары керек деп олақ ойлайтындарын талай көзіммен көргенмін. Ондайлардың қатары бүгінде де баршылық.

Сол сапарымда Мөрәлі аға кетер сәтте айтқан мына бір өсиетті әңгімесі кеудемде сақталып қалған-ды.

– Қорғанбекжан-ау, қазақтың Аяз биі: «Заман бұзыларда құстың жаманы азайып, адамның жаманы көбейеді» деген екен. Сонда хан одан: «Құстың жаманын, адамның жаманын қайдан білдің?» деп сұрағанда, Аяз би: «Хан ием, ала сауысқан бірігіп бірге ұшпаған, бірге бір жерге қонбаған. Құстың жаманы – сауысқан. Соңғы кезде көзіммен көріп қайран қалдым. Сол ала сауысқанның екеуі емес, жетеуі бірігіп ұшатын болды. Құстың жаманы – сауысқан біріккенде, қазақ неге бірікпей, бір-бірін алалайды?»

«Уа, хан ием, адамның жаманы менмін, өйткені жасым елуге келді. Әлі күнге дейін қу тіземді құшақтап келемін. Сонда мен жаман емей, жақсымын ба?» деп жауап береді. Хан әділ сөзге жауап таппай үнсіз қалыпты.

Мен ойлаймын, сондай жамандықтан аулақ болу үшін, халқым көгеріп-көктесін десең, алдымен адамның қамын ойлау – ер-азаматтың ісі. Сонда ғана ағайын арасында ауызбірлік орнығып, ала-құлалық жойылмақ. Сондықтан, ең бастысы, құлқын мен нәпсіні ойламай, арды ойлап іс етсең еңбегің жемісті, өнімің келісті болмақ, – деді Мөрәлі аға.  

Сонан соң: «Қорғанбекжан-ау, бұл айтқаным өмірде саған керек болар, болмас білмедім, сенің елге жасар қызметің әлі алда ғой. Есіңде болсын, басшы болғаныңда адамдар сапалы жұмыс жасауы үшін алдымен оның әлеуметтік жағдайын жасау қажет. Жұмысшы – ұлы күш иесі екенін ұмытпа. Сол күштің жағдайын жасасаң, олар да  өз міндетін адал атқарады» деп айтқаны әлі есімде. Қараңыз, қарапайым еңбек адамын неткен бағалау, қадірлеу, құрметтеу десеңші?! Бұл адамдарға деген қамқорлықтың өнегесі, жанашырлықтың үлгісі емес пе?!  Осыны бүгінгілер білуі керек-ақ.

Осыдан кейін оны бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім. Сол таныстықтан соң сыйластығымыз үзілген жоқ. Өйткені іскерлігі, мірдің оғындай сөзі, қарым-қабілеті маған қатты ұнады. Сол кездері Жалағаш ауданының азулы директорлары саналған Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов сияқты бұл кісінің де абырой-атағы асқақ еді. Олармен бірдей облыстық партияның бюро мүшесі болды.

Ұлы Отан соғысында 1945 жылдың мамыр айында Германиядағы Бойценбург қаласының коменданты болғанының өзі аңыз әңгімедей десек болады. Сол соғыста жүріп неміс тілін үйрене білуінің нәтижесі болса керек. Бұл нағыз алғырлық еді.

Осындай алғыр адамнан Айтмұраттай алымды, болымды, пайымды, парықты, парасатты, білімді, білікті азамат неге тумасын?! Менің тілге тиек етпегім, осы Айтмұрат інім хақында. Облыстық атқару кеңесінің төрағасы қызметіндемін. Бұл қызметті атқарғаныма біршама жылдың жүзі болып қалған. Содан 1992 жылы Жалағаш ауданында Бұқарбай батырдың 180 жылдық мерейтойы аталып өтілуі тиіс болды. Облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов мені сол іс-шараның төрағасы етіп сайлады. Батырдың тойын өткізу, аудан орталығына батырдың ескерткішін жасату мен қою істеріне дайындықты алдын ала бастап кеттік. Республикалық ақындар айтысын өткізу іс-шарасы да жобада бар. Сырттан келетін қадірлі қонақтарды жайғастыру мен қарсы алу, шығарып салу бәрі жоспар бойынша қолға алынуда. Осы тұста алғаш Айтмұрат бауырыммен таныстығым басталды. Осылай Бұқарбай батыр бабаның арқасында таныстым. Таныстығымыз бауырластыққа айналды.

Мөрәлі ағаның бойындағы көрегендік қасиеттер Айтмұраттың бойында да барын аңдадым. Содан мен ағадай, ол туған інідей болып сыйласып кеттік. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар. Бұрыннан сырлас, сыйлас адамдардай етене жақындасып, ақырында арамыз отбасылық қарым-қатынасқа ұласты. Оның басты себебі, осы Бұқарбай батырдың аудан орталығына ескерткішін қоюдан басталды дер едім. Батырдың ескерткішін алаңға тұрғызып қойдық. Бәріміз ел болып қуанып жатырмыз. Жиналғандар бір-бірін құшақтап, «құтты болсын» айтуда. Бір кезде сырттай ескерткішке зер салсам, айналасына тас төсеніштер жетпей тұрғанын аңдадым. Дереу сол жерде Айтмұратпен кездесіп, ескерткіш айналасына тас төсеніштер керектігін айтып ақылдастым. Сонда Айтмұрат інім: «буынсыз жеріме пышақ ұрғандай етіп тұрсыз ғой. Оған қаражатты қайдан табам?» деп қалды.

Осы тұста оны қайрауға, жігерлендіруге, намысын оятуыма тура келді.

– Айтмұрат інім-ау, өзің біліп тұрсың, аудан – өзіңнің туып-өскен жерің. Осы жерден шыққан атпал азаматтардың қатарында жүрген жігіттердің бірісің. Енді санаулы күнде сырттан қаншама қонақтар ауданға келгелі тұр. Оларды өзің білесің сынай да, міней де келеді. Әсіресе, әр облыстың от ауызды орақ тілді ақындары келмек. Солардың тіл садағына ілініп кетпейік. «Батырды тұрғызыпсыңдар, айналасында түкте жоқ, жадап-жүдеп не істеп тұр?» – десе, не айтамыз? Ел азаматтары ретінде екеуміз де жұрт алдында ұятқа қаламыз. Осы істің басы-қасында екеуміз жүрміз. Нартәуекел, қаржыны табуға тырысып көр. Мен де қолымнан келгенше аянып қалмаспын дедім. Ойлы, зерек, ақылды азамат қой. Бір шарасын қарастырған шығар, ертеңіне ескерткіш айналасына төсеніштер келе бастады. Жұмысшылар жұмыла іске кірісіп кетті. Айналдырған он күн ішінде батырдың ескерткіші алаң ортасында жайнап шыға келді. Мен сол кезде Айтмұраттың іскер, білікті басшы, қарымды ұйымдастырушы екендігін сезіндім. Ол тегі көп сөзге жоқ жан. Нағыз істің адамы екенін ұғындым.

Оның іскерлігі жөнінде Жалағаш ауданында ПМК-27-ні басқарып тұрғанда өзім танитын ортадан ол жайлы көп естідім. Екінші жағынан облыстың атқару кеңесінің төрағасы болғасын көптеген басшылардың істерінен хабардар болып отыратыным тағы бар. Ұмытпасам, 1975-1985 жылдары Жалағаш ауданында барлық бағытта құрылыс салу жұмыстары қызу қолға алынды. Осы тұста 1977 жылдары Айтмұрат ПМК-27-ге басшы болып келді. Ол өзінің жоғары білімді дипломы бола тұра, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастағаны жайлы қызықты етіп айтып бергені бар-ды. Сондағы оның басты мақсаты – алдымен құрылыстың қыр-сырын игеру, содан соң сапасына ой көзін жүгірту. Осылай қайнаған тірлікті көзбен көріп, тастың қалануын қолымен ұстау еді. Еңбексүйгіштігінің арқасында бұл жолдан сүрінбей өтіп учаске шебері, прораб, учаске бастығы, инженер, бас инженер лауазымына дейін көтеріледі. Ақырында өзінің мол тәжірибесі мен табандылығының арқасында ПМК-27 мекемесінің басшылық қызметіне қол жеткізеді. Сол аудандағы ПМК төрінен социалистік жарыстың Қызыл ту вымпелі әсте түспеген. Осылай өзі басқарған мекемеде табыс пен намыс қатар желбіреп тұрды.

ПМК-ны он жылға жуық басқарғанда аудан шаруашылықтарында бірнеше клуб, балабақша, монша, мектеп, жаңа тұрғын үйлер салынып, жаңа көшелер бой түзеп, оған заманауи талапқа сай су жүйелерін жүргізіп, көшеге асфальттар төселіп, ауыл орталықтары ажарлана түседі. Осылардың барлығының астарында Айтмұрат Мөрәліұлының еселі еңбегінің табы жатқаны белгілі. Сонымен қатар ауылдарда ауылшаруашылық өндірісін дамытуда да бірнеше объектілер салуға өз үлесін қоса білген азамат. Атап айтқанда, сол кездердегі Калинин, «Аққұм», «Таң», «Мәдениет» секілді совхоздарда ірі қараға арнап уақыт талабына сай комплекстердің салынуы. Және оларды дер уақытында пайдалануға берген. Сондай-ақ 11 шаруашылыққа жем-шөп дайындау, сүт өңдеу цехтарын салып беруі ауылға, елге-жерге деген қамқорлығы еді. Айтмұраттың  ауылға барынша көңіл бөлуі әкеден қалған қасиет шығар.

Қазақтың данышпаны Абай: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады. Ненің қызығын іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген.

Айтмұрат жастайынан не істесе де ақылмен, пайыммен, оймен әрекет ететін. Қандай істі қолына алмас бұрын ақылына салып, ой көзінен өткізіп, зердесінен сүзіп, өз өлшеуінен асырмай, білімі мен біліктілігіне байланыстыра отырып бастайтындығын да өз айтуынан білетінмін. Осындай іскер азамат 1998 жылы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанда қатты қуандым. Өйткені Айтмұрат істің көзін білетін азамат болатын. Оның билікке қажет болу себебінің бірі, қаладағы ТЭЦ-6-ның төбесінің опырыла құлауы түрткі болса керек. Шынын айту керек, сол шақта Айтмұратпен біріге жұмыс жасадым. Ол кезде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болатынмын. Сонда Айтмұрат әрбір істің көзін тауып, қираған орталықты қалпына келтіруге жұмыс жасады. Шындығын айту керек, оның білікті басшы екендігін көп адамдар сонда мойындады. Қақаған қысқа жеткізбей жылу орталығын дер кезінде, межеленген шағында іске қосты. Бұл нағыз ерлік еді.

2000 жылы мемлекеттік қызметті жылы жауып қойып, өзінің жеке кәсібін өрбітуге бірыңғай ден қойды. Бұл өмір талабы, заман қажеттілігінен туындаған нарықтың ырғағын түсіне білуі еді. Алғаш «ШАМ» ЖШС құрып кәсібін ілгерілетті. Содан «Қызылорда-интеграция», «Наурыз-Қызылорда» секілді мекемелерді басқарып, Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өркендеуіне үлес қосып, демеушілік жасады. Сансыз армандары алға жетелей түскенде Айтмұрат Шәменов ойламаған жерден дүниеден озды. Амал нешік?! Алдынан адам баласы ренжіп шықпайтын, берген уәдесіне берік, бейнесі бөлек, ісімен ерек, өзіме іні бола білген аяулы азаматтың қазасы жаныма қатты батты. Асылдың сынығы, бұлақтың тұнығы, тектінің жұрымы еді. Іні де болса ақылдасымдай, сырласымдай болған Айтмұрат тірі болғанда биыл 75 жасқа келер еді. Өмірден өткеніне де қаңтар айында 10 жыл болды. Әттееең, тағдыр оған жазбады. Келінім Әлима мен бала-шағасына Алла өмір берсін!

Қорғанбек ҚАЙРУЛЛАЕВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<