Бекзат болмыс: ағаның ізгілікті жолы

426

0

Адам ата мен Хауа анадан бастау алған жер бетіндегі екінші тіршілік жойқын соғыстар мен алапат апатқа, қуаныш пен қасіретке толы миллиондаған жылдарды кейінге тастап, адамзатты бүгінгі өркениетке жеткізді. Бір-бірімен ажырамайтын ұғымдар – ақ пен қара, күн мен түн сияқты өсіп-өркендеу мен қиратып-тоқырау қатар жүреді.

Екінші дүниежүзілік соғыс, екі төңкеріс, қоғамның үш рет түбегейлі өзгеруі, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған ашаршылық пен қазақтың қаймағын түгел сыпырып кеткен қуғын-сүргінді ХХ ғасыр екінші жағынан халқымыздың дамуы тұрғысында ерекше дәуір болды. Көшпелі қазақ отырықшы, білімді, мәдениетті елге айналып, ғылыми-техникалық, рухани-интеллектуалдық жағынан да биік дәрежеге өсті. Міне, осынау ғасыр жүгін көтерген жетістіктің басы-қасында мықты азаматтар жүрді.

Халық саяси-экономикалық, мәдени тұрғыда қоғам қайраткерлері деп танылған, насихатталған тұлғаларды білгенімен, өткен ғасырдың екінші жартысындағы ерекше білім-біліктілігімен, ұлан-ғайыр еңбегімен мемлекеттің нығаюына әсері болған, сол жүзжылдықтың аяғындағы өліара шақ, өтпелі кезеңде халықты қиыншылықтан алып шыққан адамдардың еңбегін біле бермейді. Рас, кезінде олар құрметке бөленді, марапатталды, бірақ тарихи тұрғыда бағасын алған жоқ. Сондай аға ұрпақтың асылдарының бірі туғанына биыл 100 жыл толған Бименді Баймаханов ағамыз еді.

Мықты адамдардың шоқжұлдызы өмірге келерде олардың маңдайына бүкілхалықтық нәубеті жазылып, жастайынан соның қиыншылығын көреді, бірақ түбінде сол ауыртпалықтан елді алып шығады деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. Ағамыздың өмірбаянына, жүріп өткен жолына көз жіберсек, осы сөз Биекеңе арналғандай.

Бименді Баймаханов 1923 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Ақсу ауылының аймағындағы «Бозарқаш» деген жерде текті әулеттің бесігінде дүниеге келеді. Ұрпақтан ұрпаққа рухани сабақтастық ретінде берілетін тектілік кездейсоқ қалыптаспайды. Ата-бабадан дүниетанымдық, ділдік бейімділіктер, мінез-құлық ұрпақтың келесі буынына беріледі. Оны біз Табынның Шөмішті Барлыбай аталығынан шыққан Құлшық атамыздан бастап білеміз. Сол алтын арқау әлі күнге үзілмей келеді.

Бұқарбай батырдың замандасы Құлшық би кезінде болыс болған. Құлшықтың әкесі Бекбау бабамыз жоңғарлармен соғыста аяғынан жарақат алып, біршама уақыт Тұрсынбай датқаның қарауында болады. Сол жақта үйленіп, үш балалы болғаннан кейін елге келеді.

Осы әулеттен шыққан белгілі тұлғалардың бірі Қожахмет Баймахановтың айтуынша, Тұрсынбай датқа бір баласындай болып кеткен Бекбау бабамызға: «Бегім (ол кісіні осылай атаған көрінеді), сенің адамдық болмысыңа да, қызметіңе де дән ризамын. Балаларың өсіп, ер жетіп келеді, бірде болмаса бірде біреудің тілі тиіп кетер, еліңе оралғаның жөн» дейді. «Еншіңді беремін» деп төрт түлік малды қамшының сабымен сілтеп бөлгенде, отардағы егіз қызыл қозысы бар ақсарбас қой бабамыздың еншісіне тиіпті. Сонда дуалы ауыз Тұрсынбай датқа: «Сенің балаларыңның несібесі де, абыройы да жоғары болады екен» деп батасын беріп шығарып салыпты. Бекбаудың кіші ұлы Бидас 15 жасында Сейілдің орнына би, 1901 жылы 16 жасында болыс болған. Елдің назарына ерте түсіп, «жас болысты көреміз» дегендердің көп болғанына қарап, тіл-көз тиген-ау деген де әңгіме бар. Бидастан кейін билік тізгіні ел басқаруға бейімділігі бар, көпшілікті ұйыстыра алатын Құлшық атамызға тиеді, осылайша ол 1916 жылы қапияда қаза тапқанша 15 жыл болыс болады. Құлшық болыстың өз замандастарынан өресі биік тұрғандықтан, жарма қаздырып, егін ектірген, елдік мәселемен Ташкенттегі генерал-губернатордың қабылдауында болған деген дерек те бар. Құлшықтың 6 баласының біреуі Баймахан әкеміз тұлғалы, күміс сақалды, ақсары келген өте ажарлы адам еді. Бұл кісілер жастай қиындықты көп көреді, «болыстың баласы» деген желеумен қуғын-сүргінге ұшырайды, бауыры Құлмахан Ақмешітте түрмеде қайтыс болса, Баймахан Өзбекстанға қашып кетеді. Содан 1937 жылы Ақмешітке, 1938 жылы туған еліне келеді. Кейінгі жылдары інісі Мәншәріп екеуі совхозда жылқы бағады.

Қуғын-сүргіннің ызғарын Баймахан әкеміздің балалары да көреді. Үлкен ұлы Мәдібайды «би-болыстың тұқымы» деп оқуға алмай, төртінші атасы Байторының тегіне жазылып, әрең дегенде Қызылорда транспорт техникумына түседі. «Алмас кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, кейін С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Мектепте мұғалім болды. 1938 жылы әскерге алынып, Фин соғысына, Балтық бойындағы елдердегі соғысқа қатысады. 1941 жылы тұтқынға түсіп, түрмеде Францияда болады. 1946 жылы босап, Түркия арқылы елге оралады. 1947 жылы қыркүйек айында Қараөзек орта мектебі директорының орынбасары болып жүргенде соғыста тұтқында болғаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылып, содан 1954 жылы ақталып, елге оралады. Коммуналдық шаруашылықта қызмет етеді. Кейін сол мекеменің, басқа да құрылыс мекемелерінің басшысы болды. Жалағаш кентінің  қазіргі түп-түзу көшелерінде ағайдың қолтаңбасы анық көрініп тұрғандай.

Бименді ағамыз болса, 1936 жылы 13 жасында мектепке барады. «Біздің балалық шағымызда білім алу оңай болған жоқ. 7-сыныпқа дейін оқымаған мектебім жоқ. Рабфакте де оқыдым, ол 1938 жылы ФЗО-ға айналып, ақша төлейтін болған соң 8-9 сыныпты қайтадан мектепте оқыдым. 10 сыныпқа барғанда соғыс басталып, 1941 жылы әскерге алындым», – деген еді Бименді аға бір әңгімесінде.

Бименді Баймаханов соғыс жылдары Грузияның Ахалтин қаласы маңындағы шекарашылар полкінде қызмет етеді. Бұл жердің әскери стратегиялық маңызы ерекше болған. Егер немістер Кавказды алса, шығыстан Жапония, Балқан түбегінен Италия соғысқа кірісер еді. 1944 жылы немістер Солтүстік Кавказдағы мықты бекіністі бұзған ауыр шайқасқа ағамыз да қатысады.

Новороссийск қаласын азат еткеннен кейін Белорусь майданында соғысады. Жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алған аға 1949 жылға дейін Вильнюс қаласында офицер шенінде әскери қызметте болды.

Елге оралған соң Жалағаш аудандық қаржы бөліміне бас есепші болып қызметке орналасады. Бірде ауданға іссапармен келген қаржы министрінің орынбасары Бименді ағаның алғырлығын байқап, білімі, мамандығы жайлы сұрайды. Сол кісінің көмегімен Алматы қаржы техникумына оқуға түседі. Кейін Ленинградтағы қаржы институтын сырттай оқып бітіреді.

Бименді Баймахановтың білгір де қабілетті, қатаң да талапшыл болмысы Жалағаш аудандық қаржы бөлімінде жүргенде байқалады. 1955 жылы облыстық қаржы басқармасына қарайтын бақылау-тексеру басқармасында аға ревизор қызметіне тағайындайды. 1957 жылы облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары, 1959 жылы бірінші орынбасары болып ширек ғасырдан астам уақыт бір мекемеде қызмет еткен.

«Қазіргі таңда қасиетті, дархан, киелі мекен – Сыр бойында қазақ елінің дамуына, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан азаматтар көп, соның бірі де, бірегейі де қаржы ісінің үздігі, көптеген шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі тәлімгер болған Баймаханов Бименді мырза еді», – деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетов. – Біздің ұлы, дана қазақ халқы балаларына жарасымды, әдемі есім беруге тырысқан. Адамның есімі оның пешенесі мен өміріне әсер етеді, әр адамның атының мағынасы болады дегенді жиі естиміз. Бименді деген есімде «би» сөзі дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі, яғни басқарушы, ел билеуші деген мағынаны білдіреді. Солай біздің ағамыз Бимендіні «би» болсын дегендей атаған болар. «Атына заты сай кісі» деген мақтау сөзді мен осы Биекеңе айтар едім, өйткені ол өз саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті маман болды, Сыр елінің қаржы қызметкерлерінің биі, талапшыл, сыйлы жетекшісі бола білді. Еңбек өтілінің 25 жылдан астам уақыты облыстың қаржы бөлімі басшысының орынбасарлығына арналды.

Соғыстан кейін Бименді мырза бухгалтер болып жұмыс істеді, одан кейінгі жылдары көптеген жауаптылығы жоғары, беделді қызметтерді атқарып, елге сыйлы азамат болды. Осындай қажырлы еңбек жолындағы нәтижелі еңбектері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сыр өлкесінде «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағын екі адам ғана алды. Оның бірі – біздің Биекең және Камал Шөкенов. Біз бұны мақтан тұтамыз. Тағы бір айта кететін жайт, салық жинау, бюджет, кіріс жөніндегі мәселелер бойынша қаржы министрінің өзі Бименді мырзадан кеңес алып, ақылдасатын.

Би ағаның адамдарға жасаған қамқорлығын, жақсылығын, адамгершілігін ел азаматтары әлі күнге дейін айтып жүр. Бұл кісі әкемнің көзін көрген замандасы еді. Мен ағаны 1969 жылы институт бітіріп, қаржы министрлігіне қызметке тұрғаннан бастап білемін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында мен іссапармен елдегі ұлан-байтақ өңірлердің бірінде жүргенімде, әкем Сүлеймен кенет дүниеден озды деген суық хабарды естідім. Содан ұшақпен елге келгенімде, Биекең бір топ азаматтармен бірге мені әуежайда күтіп алып, көңіл айтып, ауылға жеткізіп салды. Бұндай іс-әрекет әр азаматтың қолынан келе бермейді және де осындай азаматтықты, ізгілікті ұмытуға бола ма?

Ағамыз қай ортада болса да білім-біліктілігі, қажыр-қайратымен ерекшеленетін, қаржы саласының республикалық деңгейінде ол кісінің есімі жоғары бағаланды. Қаржы министрі болған И.Ким, Р.Байсейітов, А.Бацула, Т.Абдықадыров, Е.Дербисов, А.Павловтар Биекеңді ерекше құрмет тұратын. Сол министрлердің ішінде Байсейітов Рымбек туғанындай араласты, ал қоғам қайраткері М.Бутинмен танысып сыйласуы да ерекше еді.

Ағамыз аса сезімтал қасиетке ие болатын, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды, заман ағымын, қоғамдағы өзгерістерді терең пайымдайтын. Көзге ілінбейтін жайларды, өзгелер ұға бермейтін жайттарды аңғара білетін.

«Өзіне ғана тәуелді болған жан бақытты, солай бола тұрып, «тәуелді екеніңді білмей ғұмыр кешу одан да бақыттырақ», – деген екен Цицерон. Ақылды адамға тіршіліктің күйбеңі тым ауыр, ол одан биік бола тұрса да, бөлек өмір сүре алмайды. Өзін бәріне жауаптымын деп сезінеді.

«Бименді біздің көсеміміз болды, бұл атты халықтың өзі берді», – дейді, – оның бойында адамға тән жақсы қасиеттің бәрі болды. Мысалы, әділдік, адалдық, қайырымдылық, қанағатшылдық, адамгершілік, сабырлылық.

Биекең қандай іспен айналысса да соны тез меңгеріп алатын. Сол кезде преферанс ойыны үрдіс болды. Шахмат сияқты бұл ойында да қабілеттілік, сезімталдық, өзін-өзі ұстай білу, логикалық мықтылық керек. Республикадағы қаржы саласының басшыларының бірі Мәжікен Бутин Мәскеудегілерді де қапыда қалдыратын мықты ойыншы болған. Сол кісіні Биекең талай рет жеңсе керек.

Өз ісіне мығым мемлекетшіл, қоғамшыл болатын. Ағамыздың ісі аңызға айналды. Сол кездері облыста қаржы саласын орыс азаматтары басқаратын. Олар кеткен соң бірінші орынбасар Биекеңді сол орынға отырғызуға болар еді. Білімділігі мен біліктілігіне принципшілдігі сай келген Биекеңді көтеруге ұсыныс бола қоймады», – дейді ағамызбен жақсы араласқан кісілердің бірі Дүйсенбай Қуатов ақсақал.

Замандасының сөзіне қосатынымыз Бименді Баймахановқа көршілес Ақтөбе, Жезқазған облыстарының қаржы саласын басқару ұсынылады. Бірақ бұл кісі қызмет іздейтін адам емес еді. Әсілі, адамды қадірлі ететін орынтақ емес, қайта сол қызмет орнының бағасын арттыратын Биекең сияқты мықты адамдар болса керек. Ал жаңағы ойын жайлы әңгімеге келсек, кезінде бұл ойынды ойнау үрдіс болды. Алматыға бір барғаныңда қаржы министрі Рымбек Байсейітов Биекеңе сол күні Бутинмен преферанс ойнауды ұсынады. Ол кезде Мәжікен Бутин тамақ өнеркәсібі министрінің орынбасары болып істейді. Ол ешкімнен де ұтылмаған көрінеді, Громыко, Микоянмен ойнаған, шетелге де барып ойнаған. Ағамыз барарда министрі Бутиннен мықтап ұтылса керек. Соның қарымтасын қайтарғысы келді-ау.

«Содан жұма күнгі кештен бастап, сенбі, жексенбі күні ойнадық. Мен ұтылған жоқпын. Бутин Қызылордаға келгенде де ойнап жүрдік. Өзі шахматты да жақсы ойнайтын өте таза адам еді. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары келгенде екі күн қатарынан ойнағаным бар», – деп бірде Биағаның өзі айтып еді.

Сол кездері бюджеттің басым бөлігі алкоголь ішімдіктерін сатудан құралатын. Қызылордадан шығаратын арақтың жоспарын көбейту үшін облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіров министрдің орынбасары Бутинге барады. Жағдайды жақсы білетін ол Биекеңді ерте кетеді. Сонымен Бутинге кіреді. Министр қонақтармен амандасып, Биекеңді сұрақтың астына алады.

– Қашан келдің?

– Кеше.

– Ау, содан бері неге хабарласпайсың?

Қатарластарынан естіген бұл әңгіменің немен біткенін білмеймін, бірақ барған жұмысы толығымен орындалады.

Биекең қазақтың небір жақсы-жайсаңымен бірге болған. Бір-бірін таныған, түсініскен. Кезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған М.Сужиков, И.Әбдікәрімов, М.Ықсанов, облыстық кеңес төрағалары І.Еділбаев, Ш.Бәкіров, С.Құбашев, Ы.Қалиевтармен қызмет барысында жақсы сыйластықта болды. Қарымды қаламгерлер Шыңғыс Айтматов, Қалтай Мұхаметжановпен тығыз қарым-қатынаста болған.

Ағамыз Сыр еліне белгілі тұлғалар Омар Әзхожаев, Қонысбек Қазантаев, Пазылбек Абдрахманов, Зейнолла Жарқынбаев, Камал Бердәулетов, Әбдіғаппар Нұртазаев, Ернияз Омаров, Сейілбек Шаухаманов, Ыдырыс Қалиев, Мәди Киреев, Қаһарман Табынбаев, Сейітнәби Мұқашев, Мақсұт Әбдіразақов, Сәмит Далдабаев сынды мықты азаматтармен қойын-қолтық араласып өтті. Оларды тыңдай да, тыңдата да білді.

Бименді Баймахановтың үлкен еңбегі елімізге танымал қаржыгерлерді тәрбиелеп өсірді. Кезінде қаржы министрінің орынбасары, кірістер министрінің бірінші орынбасары болған Рақымберген Тоқсейітов, облыстық қаржы саласын басқарған Қамбарбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, марқұм Құттықожа Ыдырысов бастаған тізімге ондаған адамдарды қосуға болады.

«Мен Биекеңнің қарамағында қызмет істегендіктен, Сыр елі аймағының айшықтануына, қыруар қаржы табуына сіңірген еңбегінің орасан зор екенін жақсы білемін. Ол кезде қаржыны арақ-шарап саудасы қомдандыратын. Нақтылай айтар болсам, облыс бюджетінің 50 пайызы арақ айналымының салымынан түседі. Арақ зауыты өнімдері облысымызға ғана емес, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Гурьев облыстарына да жіберілетін. Кейбір жылдары таза спирт пен бос бөтелкелер де жетіспей жататын. Өйткені, спирттің қорын Тамақ өнеркәсібі министрлігі бөлетін. Ал жаңадан үш-ақ пайыз бөтелке берілетін. Содан да Биекең ай сайын арақ зауытына барып басшылығына да иелік жасайтын. Биекеңнің «өнімді анда жібересің, мында жібересің» деген тапсырмасы мүлтіксіз орындалатын. Жоғарыдағы облыстарға бос бөтелкелерін беріп жіберсе ғана арақ-шарап өнімдері босатылатын», – деп еске алады әріптес шәкірттерінің бірі Қалқазбек Әжібеков.

Бименді Баймаханов «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген экономист», «ССР қаржы ісінің үздігі» атағын алды, ол кезде бұл ерекшелік кез келген қызметкерге беріле бермейтін. Орден-медальдарын санамай-ақ қояйын, себебі Биекеңнің қадірін марапат арттырып отырған жоқ, қайта сол орден Биекең арқылы дәрежеленетін сияқты.

Бименді Баймаханов жалпы бюджетті толықтырумен айналысып қана қойған жоқ. Облыс экономикасын көтеруде жекелеген өндіріс орындары мен шаруашылықтардың жұмысын жолға қойып, сол жерде жинақталған озат тәжірибе арқылы облыс экономикасын көтерді. «1975 жылы «Қармақшы» совхозына директор болып тағайындалдым, бұл сол кезде ең артта қалған шаруашылық еді», – деп еске алады Исағали Жұмағұлов ақсақал. – Арада екі ай өткенде совхозға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы С.Сәрсенбаев пен облыстық қаржы басқармасы бастығының бірінші орынбасары Б.Баймаханов келді. Екеуі мал фермаларын, отарларды аралап, мамандармен, малшылармен сөйлесіп, С.Сәрсенбаев қайтып кетті де Бименді аға бір аптаға қалды. Ол кісі шаруашылықтың қаржы жағын тексеріп, кемшіліктерді, жұмысты жолға қою жолын көрсетті.

Артынша мамандарын жіберді, қаржыгерлер шаруашылықты жүргізудің, жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін үйретті. Бұл бұрын біз көрмеген іс еді, күрделі мәселелерде Биекең телефонмен кеңес беріп отырды, арасында өзі де келетін. «Қармақшы» совхозы бұрын шығынды шаруашылық болса, бір жылдан кейін өзіне-өзі келе бастады. Екінші жылы пайдаға шықтық, 3-4 жылдан соң миллионер совхоз атандық, жылына 5 миллион сомға дейін таза пайда таптық. Соның бәрі Биекеңнің арқасы.

Ағамыз 2-3 айда бір келіп, бухгалтерияны тексеріп кетеді, маған да ақыл-кеңес береді. Енді біз рентабельді шаруашылыққа айналдық, ауданда, облыста алдыңғы қатарға шығып, республиканың ауыспалы Қызыл туын 10 рет, одақтық туды 7 рет жеңіп алдық. Одақтың «Алтын кітабына» жазылып, республиканың «Құрмет тақтасына» іліндік.

Биекеңнің арқасында Алматыдағы халық шаруашылығы институтының басшыларымен танысып, сол институттың ғалымдары совхозды шаруашылық есепке көшірді. Нарықтық экономиканың бастауы – жалгерлік әдісті өмірге біз енгіздік. Облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша совхоз «Қызылорда облыстық шаруашылықтарының озат тәжірибе мектебі» болды.

Кейін білсек, Айқын апай нағашым Алмағамбеттің Әсия жеңгеміздің бауыры болып шықты. Осылай қызметтік қарым-қатынасымыз туыс-жекжаттыққа ұласып кетті.

«Өмірден озғанмен, көңілден өшпейтін жандардың бірегейі абыз ақсақал аталған Бименді Баймаханов еді. Өзіндік болмысы, туа бітті адами қасиеттері, азаматтығына қарап Биекеңді «асыл адам» дер едім. Бұл кісі көп сөйлемейтін, жалпақтауды, марапаттауды ұнатпайды, қашанда турасын, әділдігін айтатын. Оны көзіммен де көрдім, көңілім де таныды. Облыстық ауруханаға бас дәрігер болып келгеніме 3-4 айдың жүзі болғанда бір азаматқа көмектесу жайлы Биекең өтініш жасады. Оны орындауға менің мүмкіндігім болмады. Ол кісі үндемей шығып кетті. Арада бір-екі күн өткенде қонақта кездесіп қалдық. «Ассалаумағалейкум, Биеке» деп қолын алдым. Қолымды ұстаңқырап тұрып, миығынан күліп, жадыраңқы түрде қолымды босатты. Міне, адамдық деген, әділдік деген – осы.

Адамның бағасы мемлекетке, халыққа сіңірген еңбегіне қарай беріледі, ал ағамыз облыс экономикасының дамуына үлкен үлес қосты, сондықтан да халықтың қадірлісі болды. Ол кісінің өз сөзі, пікірі, айтар әңгімесі бөлек еді. Аса қанағатшыл, жанашыр, ар-намысын ардақтайтын, адамдарды, бірлікке, ізгілікке шақырып, жол көрсететін.

«Әділ сөз – ағын судың арнасындай,

Әділ сөз – болат семсер алмасындай, – деген кезінде Шораяқтың Омары. Осы теңеу Биекең сияқты азаматтарға арнап айтылғандай көрінеді.

Тектіліктің жолы да, жөні де бөлек. Қазақта «Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген мәтел бар. Шүкіршілік, балалары әке аманатын ардақтап, халықтың сенімінен шығып келеді», – дейді облыстың «Құрметті азаматы» Тұрғанбай Маханов.

«Шыр айналған қозғалыс шеңберінде уақыттың өзі де тоқтап қалады» деген екен кезінде Эйнштейн. Ағаның өмір жолына қарап отырсақ, заман өзгергенмен, заты жақсы адам сол күйінде қалады екен. Оларға ешкімнің билігі жүрмейді. Себебі ол бәрінен де жоғары тұр. Осындай жандарды көре отырып, өз ұлтыңа, қоршаған ортаңа, өзіңе деген сенім пайда болады. Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады, жақсы адаммен сөйлессең, көңілің ашылады.

«Бименді ағамыз облыстағы есеп және қаржы саласын басқарып, өмірінің соңына дейін халық игілігі үшін абыройлы қызмет етті. Жалағаш ауданы мен Ақсу ауылының халқы қандай да тіршілігі болмасын Биекеңе жүгініп, осы кісі арқылы жүзеге асырып отырды.

Биекең жүзінен жымиған күлкісі кетпеген, салиқалы, сабырлы, бір шешімді кісі еді, халықтың арасында ерекше беделге ие болды. Ол кезде елден келген адамдар қонақүйді білмейтін, ондай орын аз да, қалаға кім келсе де Биекеңнің үйіне түсетін. Келген кісіні құшақ жая қарсы алып, жылы-жұмсағын беріп, барлық тіршілігін бітіретін Айқын анамыз еді. Жылына бір рет менің әкем де осы үйге келіп жатып, мәсісін тіккізіп, аунап-қунап қайтатын.

Жалпы ағайын-туғанның жағдайын жасап, қолдағы барын бөліп беріп отырған қамқоршы жандар еді. Бір ақсақал дүниеден өтсе, ел болып жиналып: «Қазір Бименде келеді» деп тарқамай күтіп отыратын. Бименде аға мен Айқын келіп, елмен амандасып, барлық шаруаны бітіріп кететін. Мәдібай ақсақалдың жұбайы, Қожахметтің анасы Гүлжахан апамыз да өте сабырлы, көпшіл, дастарханды, ақылды әйел болатын. Бірде Мылтықбай нағашым қайтыс болып, үйіне келсем, Айқын мен Гүлжахан апамыз отыр екен. Айекең сөз арасында Гүлжаханға тиісіңкіреп отырды. Гүлжахан апамнан ойынды-шынды: «Сіздің жолыңыз үлкен емес пе? Неге Айекең үстемділік жасап отыр?» деп сұрадым. Сонда Гүлжахан апам сабырлы түрде: «Ол осы әулетке менен бұрын келін болып түскен ғой, мені «келіншек» деп атайды» деп жауап берді.

Біз 1998 жылы Қызылорда қаласына көшіп келдік. Бименді ағамыз үйіне Табын ағайындарды жинап, таныстырып, дүниеден өткенше қамқорлығын жасап кетті.

Өмірді мәнді ететін де осындай адамдар ғой. Ол кісі өмірден озғанда біз жетімсіреп қалдық» дейді өзі де ақсақалдық жасқа жеткен Жүсіпов Өмірбек аға.

Ағамыздың бет-ажарында жылы шырай бар еді, шаршап-шалдыққанда, біреуге ренжігенде көзқарасы түнеріңкіреп кететін, бірақ бұл көңіл-күй бетіндегі жылы шырайды ыдырата алмайтын. Мен өзім бұл жылы шырай мейірімді жүзін ғана емес, жан дүниесін билеп алатынын сезінетінмін. Бұл күлкісі мен көзінен ғана емес, әрбір қимылынан айқын көрінетін. Үстірт байқайтын адам «мінезі тік екен» деп ойлайды, ал тереңірек үңіле қарасақ, ақыл-парасаттылықты, жан біткенге жақсылық ойлайтын қамқорлықты көресің.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген халқымызда әдемі мәтел бар. Не нәрсенің де байыбын басыңа қиындық түскенде білесің. Институттың соңғы курсында оқып жүріп қатты науқастанып, 4 ай Алматының 1-ауруханасында жатып, елге келдім. Еш нәрсеге зауқым жоқ, ешкіммен сөйлескім де келмейді, денемді бір ауыр салмақ басып тұрғандай өзіммен өзім жатамын да қоямын. Бір күні  дария жағалауындағы әкемнің қыстаудағы үйіне София Захаровна Донина деген терапевт дәрігерді алып Айқын жеңешем келді. Мені көліктеріне салып алып келді де, облыстық ауруханаға жатқызып, қайта дәрігерлік тексеруден өткізді. Оның талдауын қазіргі Сызғанов атындағы институтқа жіберіп, ауыруды айыру, яғни диагнозын өзгертті. Осы кезде 1 жыл 7 ай төсек тартып жатып, әуелі құдай, содан кейін ағайын-туыстың тілегінің, әсерінің арқасында айығып кеттім.

Аурудан жазыла бастағанда қалыңдығым сол кездегі ЖенПИ-ді бітіріп, еліне қайтуға мені қимай жүрген еді. Айқын жеңешем бас болып Алматыдағы салтанат сарайына апарып, некемізді қидырғаны, Сархандағы ұзату, Алматыдағы үйлену тойымызда бас болғаны есімнен кетпейді. Мұның өзіне де бүгін, тура 50 жыл толды. Біз бұл кісілерге мәңгі қарыздармыз.

Өзін-өзі дәріптеуден әрдайым бойын аулақ ұстайтын Биекең көзі тірісінде әлдекімдер тәрізді 60, 70, 80, 85 жасқа келген мерейтойын тойлаудан үзілді-кесілді бас тартады. Даңғазалықты, ысырапшылдықты жаны қаламайтын еді.

Биекең Құдай қосқан қосағы Айқын жеңгемізбен 60 жылдан астам уақыт бойы сыйластықпен бақытты өмір кешті. Айекең де барынша бауырмал, көпшіл, қазаны оттан түспейтін, шаңырақтарынан қонақ арылмайтын, жомарт жүректі жан болатын. Айқын жеңгеміз анамыздай қамқоршы болып, өзі ауырып, төсек тартып жатқанда да бізді іздеп отыратын. Бұл екі кісінің адами қадыр-қасиеті, парасат-пайымы, ағайын-туысқа деген алғаусыз адалдығы кімді де болса өзіне тәнті етті. Сөз басында біз тектілік туралы бекер айтқан жоқпыз. Бұл әулеттің ел жүгін арқалап, ұлттық мұрат жолында қызмет етуі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Құлшық Бекбауұлы ұрпағының үшінші буыны аудан, облыс қана емес, республика деңгейінде басшы қызметте, заң шығарушы билікте, енді бірі денсаулық саласының үздігі болса, шөбере-шөпшектері де ата-баба жолын бекем ұстап, қанмен берілетін қасиеттің қуаттылығын көрсетіп, ұлттың ұлы мұратына қызмет етіп келеді.

Ел арасында аттары аңызға айналған Бименді ағамыз бен Айқын жеңгеміздің ізгілікті істері, адами қасиеттері арқылы ол кісілердің жарығы түспеген ағайындар кемде-кем.

Ал Мәдібай аға мен Күлжахан жеңешемнің елдің бірлігі жолындағы орындары бір төбе. Ағаға деген адалдық, ініге деген қамқорлық пен сыйластықты сөзбен емес, жүрекпен түсініп өткен екі ағамыздың өмірі әрбірімізге үлгі-өнеге.

Болмысың биік, түрің де,

Арқалар ауыр жүгің де.

Жетелеп елді жеткіздің,

Қиын күндерден бүгінге.

Соғыстың бөлген сырын кім,

Ажал боп төнген ұдайы.

Мың өліп, мың тірілдің,

Жар болды жалғыз Құдайың.

Оралып ата жұртыңа,

Айекеңдей жар таптың.

Сыйластықтарыңа жұрт куә,

Ошақтың отын маздаттың.

Ұрпағың қандай жарақты,

Тектілікті ғана ту еткен.

Бәрі де іскер, талантты,

Туған жерін түлеткен.

Тілейтін елдің тілегін,

Көтерген жүгін ғасырдың.

Жақсының, аға, бірі едің,

Біреуі едің асылдың.

Отырған орнын төр дейтін,

Қатардан озған дарасың.

Ісің бар мәңгі өлмейтін,

Жадында елдің қаласың.

Батырбек МӘНШӘРІПҰЛЫ,

Жалағаш, Сырдария аудандарының

«Құрметті азаматы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<