Білім мен еңбекті ұштастырған

1111

0

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Шиелі ауданы «Майлытоғай» ауылындағы Қапан Сәбіров атындағы №141 орта мектепте 40 жылдан астам мұғалім болған Сақтан Құлмахановтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Бұл мектеп тарихы әріден бастау алады, 1921-1923 жылдары Сұлутөбе және «Майлытоғай» ауылдарының аралығындағы «Қызыл үй» деген жерде алғашында жетім балаларға арнап ашылған екен. Оның іргесін көтеруге Мүсілім Мырзахметовтің еңбегі өлшеусіз болыпты. Кезінде Шиелі, Жаңақорған аудандарында ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарған  қадірлі аға кейіннен жемісті еңбегі үшін «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім» атағын алып, зор құрметке бөленеді.

Сол қиын жылдары осы мектептің салынуына белсене қатысқан колхоз басқармасының төрағасы  Биман Тапаловтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Сондай-ақ онымен қойын-қолтық жұмыс істеген Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты, Ленин орденді Қапан Сәбіровтің есімі де осы мектеппен тығыз байланысты. Бұл кісілер Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда ерлікпен қаза тапты. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» демекші, асыл ағалар игі істерімен ел есінде мәңгі сақталады.

Ел басына күн туған сол қиын кезеңдердің өзінде №141 мектеп өз жұмысын тоқтатпады. Талай қаракөздер түске дейін оқып, түстен кейін егіс даласында жұмыс істеді, арба айдады, масақ терді, егінді ұшқан құстан қорыды, әйтеуір қолынан келетін жұмыспен айналысты. Сөйтіп жүріп оқуға да үлгерді. Қиыншылық арқаға зіл болып батқанымен адам баласын ширата да біледі-ау. Әйтпесе, 10-11 жастағы қарадомалақ балалардың майданға кеткен ересектер орнын басуы тау көтерген Толағайдай толымды ерлік емес пе? Некесі қиылар-қиылмастан жесір атанған аналардың тартқан тауқыметі қандай қиын еді? Бірақ, Жеңіске деген сенім, Отанға деген сүйіспеншілік, тереңнен тамыр тартқан қайсарлық келер күндерге жігермен жетеледі, алға ұмтылдырды. Қырманда жұмыс істеген әр бала «адал еңбекпен алынған бір дән – жауға атылған бір оқ» деп ұғынды. Сөйтіп таңмен таласа тұрып, егіс даласына барды, жанын салып еңбек етті. Өзі ашқұрсақ жүріп, қырманда астық тазалады, оны майданға жіберуге үлес қосты. Қыстың ақ шұнақ аязында жеңіл, жұқа киіммен, кейбірі жалаңаяқ жүруге мәжбүр еді. Сонда да олар мектептегі сабақтан, даладағы жұмыстан бас тартпады.

Осы мектепте 1940-1943 жылдары Құланбай Көпішев, Қалмақ Сексенбаев, Қожахмет Рысдәулетов, Құланбай Өмірзақов ұстаздық етті. Мектеп ұжымы 1941 жылы облыстағы мұғалімдер мен оқушыларға арнап Үндеу хат жариялады. Бұл хат облыстық «Ленин жолы» газетінің 1941 жылғы 20 тамыздағы №19 санында жарияланды. Көненің көзіндей осы Үндеу хат әлі сақтаулы.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сақтан Құлмахановтың еңбек жолы әріден басталады. Ол 1948 жылы Орджоникидзе атындағы орта мектептің сегізінші класын бітірген соң Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оны 1952 жылы ойдағыдай бітіріп, Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Новоалексеевка орта мектебіне жолдама алады. Онда бір жыл қызмет атқарған соң Сырдария ауданы Орджоникидзе атындағы орта мектепке ауысады. Ал 1954-1987 жылдар аралығында №141 мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып, белсене қызмет атқарады. Ол 1957 жылы Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, жаратылыстану факультетін бітіріп шықты. Мектептегі жоғары класс оқушылары үшін сабақты оқулықтағыдан тыс, яғни теория мен тәжірибені  бір-бірімен ұштастыра жүргізуге ұмтылды. Алғашқыда көпшілік қолдай қоймады. Алайда өз ертеңіне сенген ұстаз алған бетінен қайтпады. Сөйтіп Сәкең оқу мен еңбекті ұштастыру барысында жемісті жұмыстар атқарып, түрлі табысқа қол жеткізді.

1963 жылы мектеп сегізжылдық болып ауыстырылған-ды. Осы жылы мектеп жанынан тәжірибе учаскесін ұйымдастырып, бір гектар жерге оқушылардың тікелей араласуымен әртүрлі саялы ағаштар мен жеміс ағаштарын отырғызды. Өздерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесін көрген шәкірттер тәжірибе учаскесінде қуана, құлшына еңбек етті. Содан бері қаншама жыл өтті, мектеп оқушылары тәжірибелік сабақтарын осы учаскеде өткізіп, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады, өсімдіктер коллекциясын жинайды.

Сақтан ағай 1983 жылы шілде айында Қармақшы ауданында өткізілген облыстық педагогикалық оқуға қатысып, онда «Мектеп учаскесіндегі еңбек пен сабақты ұйымдастыру тәжірибесі» деген тақырыпта баяндама жасаған. Ол баяндамада мектеп жанындағы учаскенің оқушылардың болашағына айтарлықтай оң нәтижелер беретіні, яғни балаларды еңбексүйгіштікке, істің көзін табуға бейімдейтіні, еңбекпен тапқан нанның қадірін білуге ұмтылатыны айтылған. Тәжірибемен ұштасқан сабақ оқушының үлгеріміне де оң ықпал ететіні анық. Бұл баяндама облыстық педагогикалық оқуда жақсы бағаланып, бірауыздан республикалық педагогикалық оқуға ұсынылды. Қорытындысында С.Құлмаханов облыстық оқу бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сақтан Құлмаханов ұстаздықпен қатар мектептің, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Сырдария ауданындағы №141 орта мектебіне қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ленин орденінің иегері, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгер Қапан Сәбіровтің есімін бергізуге атсалысты. Оның өмір жолын зерттеп, еліне, халқына, ауыл тұрғындарына жасаған жақсылығы мен қамқорлығы, атқарған қызметі жайлы дерек жинады. Мектептің салынуына сіңірген еңбегін, алғашқыда бастауыш мектеп болған білім ордасының балаларға терең білім беру жолындағы үздіксіз жүргізген жұмыстарын жұртшылыққа жеткізді. Соның нәтижесінде мектепке Қапан Сәбіровтің есімі берілді.

Сәкең ұстаздық еткен жылдары осы мектептен көптеген шәкірттер білім алып шықты. Олардың қатарында Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева, Шиелі ауданы «Қарғалы» кеңшарының бас зоотехнигі болған Жүсіп Жөкебаев, ветеринарлық лабораторияда мал дәрігері қызметін үздіксіз атқарған Жаңаберген Шағыров, теміржол саласының ардагерлері Аман Үсентаев пен Алтынбек Әбдіреев, Қорқыт ата университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Аман Әбәсілов, шәкірттер жүрегіне жол тапқан ұстаздар Бибіжамал Омарова, Құрманай Жарылқапова, Алтын Бабанова, Айғанша Ешматова, Оразбек Жұмаділов, Нұрия Сәдібекова, Раймаш Әлімбаева, Ләззат Әлімбаева, кәсіпкер-құрылысшы Роза Иманова, көлік саласының ардагерлері Шерғазы Дүйсеманов, Кенжәлі Махамбетәлиев, сауда саласының үздіктері Күлжан Бақиева мен Ғазиза Махамбетәлиева бар.

Сақтан аға жеңгеміз Айша екеуі Рысты атты қыз бен Есен атты ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Қызы әке жолын қуып, ұстаздықты қалады, қазір Астанада мұғалім, ал ұябасар ұлы Есен – кәсіпкер.

Шиелі ауданының әкімдігі бар өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың есімін мәңгі есте қалдыру үшін «Майлытоғай» ауылының бір көшесін оның атымен атаса деген тілек ойға оралады. Бұл Сақтан Құлмахановтың ұзақ жылғы еңбегіне құрмет, ұлағатты жанды ұлықтау болары сөзсіз. Туған жер топырағынан шыққан тұлғаларды дәріптеп, есімін ел есінде сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – бүгінгі жастардың парызы. Ерін елеген ел ардақты.

Расул СЕРІКОВ,

Қазақстан журналистикасының қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<