Дәумен қажы суырыпсалма ақындығы бар, қаламы жүйрік, көне тарихи-танымдық дүниелерді жинаудан жалықпаған азамат еді. Бұған дәлел – Алматы, Самарқан қалаларына талай рет сапар шегіп, біраз дүниелерді жарыққа шығарғаны. Бұдан 500 жыл бұрын ғұмыр кешкен бабалары Шәмші Бүзіріктің Самарқандағы зиратын тауып, баба хикметтерін баспадан шығарды. Бір ғана «Шыршық әуендері», «Өзгенттің» тұңғыш болысы» атты туындылары тағылымы мол қазына болғаны ақиқат.
Ардагер азаматтың өмірдеректеріне зер салсақ, елу жылға жуық Шиелі, Жаңақорған аудандарында ұстаз болған, партия, совет, кәсіподақ шаруашылықтың сан алуан саласында еңбек еткен. Бір ғана мысал, кезінде кәсіподақтардың республикалық кеңесі еңбегін бағалап, «Газ 24-10 «Волга» автокөлігін сыйға тартқаны еңбекке деген құрметтен туса керек.
Бүгінгі әңгімеде Дәумен қажының өмір жолы туралы әңгіме өрбітуді парыз тұттық.
Әлі есімде бұл сонау тоқсаныншы жылдың орта кезі болатын. Редакцияға орта бойлы, жүрісі ширақ, қолында бір сөмкесі бар кісі келді. Ә дегеннен туған жер тарихынан әңгіме қозғады. Діни әңгімелерді де өрбітіп отырды. Байқаймын сауатты кісі көрінді. Өзі Жаңақорғанның «Өзгент» ауылынан келгенін айтты.
– Бүгінгі «Өзгент» әлденеше рет жау шапқыншылығына ұшыраған. Әкеміз Шоман кұсбегі болған. Біз Шоман әулетінен, арғы атамыз Шәмші Бүзіріктен тарайды, – деді.
Қысқасы, өзін таныстырған кісі Жаңақорғанның кұрметті азаматы екенінен де хабар берді. Сонымен өзінің «Молдашәмшілер» атты кітап жазғанын, мүмкіндігі болса содан газетке үзінді берсеңіздер деген өтініш білдірді. Өтінішін орындадық. Содан кейін таныстығымыз жалғасты.
Бұдан бірер жыл бұрын Дәумен атаның ұрпақтары 260 беттен тұратын «Ғибратнама» атты кітап шығарды. Бұл кітапта Дәумен қажының әр жылдарда жазған дүниелері, өлеңдері, шежіре тарихының сырлары қамтылды. Кітапты құрастыруға ақын Адырбек Сопыбеков ұйытқы болғаны байқалады.
Кітаптың беташары Дәумен қажының төмендегі бір шумақ өлеңімен басталады.
– Нәпсің болса тойымды,
Кір шалмайды бойыңды.
Арым таза, көңілім ақ,
Біледі халқым ойымды!
Алғысөзінде қоғам қайраткері Н.Мұсабаев тебіреніспен ой өрбітеді. Автор қоғамдық қызметтің сан алуан саласында еңбек етіп, өшпес із қалдырған азамат дей келіп, Дәумен қажының биік адамгершілігі туралы сөз қозғайды.
Ол әділетті бойына дарытқан азамат еді. Бір оқиға естен кетпейді. Обком хатшысы қасына бір азаматты ертіп, соны ауданға бірінші хатшы етпек болды. Бұдан хабардар Дәумен қажы пленум мүшесі ретінде қарсы шығып, жергілікті азаматты ұсынды. Көпшіліктен қолдау тапты. Обком хатшысы ертіп келген азаматты өткізе алмай кеткен.
Ол «Түгіскен» тыңын игерушілердің бастамашысы болды. «Өзгент» ауылының негізін қалады. «Келінтөбе» каналын іске қосудың басы-қасында жүрді. Шиелі, Жаңақорған аудандарында мектептерді басқарды, партия қызметкері болды, бірнеше шаруашылықта еңбек етті. Соңғы бірнеше жыл бойы аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етіп, «Мирас» атты газет шығарды.
Шежіре кітабы қолдан түспейтін құнды дүниеге айналды.
Дәумен қажының ақынжанды азамат болғанын «Ғибратнама» кітабына енген мына бір өлең шумақтары байқатады.
– Тыныш болсын қоғамым,
Қарыздармын оған мың.
Біреулерге інімін,
Біреулерге ағамын.
Аппақ қардай көңілім,
Түзу басқан қадамым.
Аңсап күткен бақытты,
Туған елден табамын.
Тұрған кезде қолымда,
Құс қанатты қаламым!
Еңбек ардагерінің сонау 1928-1930 жылдары, 1937 жылғы асыра сілтеу кезінде тағдыр тауқыметімен өзбек жеріне қоныс аударған 250- дей отбасын көшіріп әкелгені ерлікке пара-пар. Қоныс аударған ағайындар Жаңақорғанның бірнеше кеңшарына қоныстанды, казір олардың үрім-бұтақтары өркен жайған.
«Ғибратнама» кітабын парақтаған сайын әр жылдарда жазылған «Ел болдым, бауыр тапқан, туыс тапқан», «Өнерімізді қастерлейік», «Түгіскен» тыңы қалай игерілді?», «Отаным – қасиетті құт-мекенім», «Көркейе бер, Астана», «Қонаев «Қожакент» жерінде болғанда», «Журналист Базарбай Сарбасов» («Ленин жолының» 1946-1949 жылдардағы редакторы), тағы басқа дүниелері тағзым етерлік естелік, кұнды қазына десек артық емес.
Кітаптағы ақын Адырбектің, ардагер Шайдарбек, Мусабек Әшімұлының, зейнеткер Т.Айдаров, Ф.Сахиев, тағы басқалардың арнау өлендері шынайы ықыласты сездіреді.
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Дәумен қажы Шомановтың дүниеден өткеніне 20 жылдан асты. Алдағы жылы туғанына 95 жыл толады. Осы сәтте өнер елдің өсер ұрпақтары тағзым етіп, еске алары ақиқат.
Үлкен жүректі аға, білімпаз шежіреші, тынымсыз еңбеккеш Дәумен қажының артында өмірін жалғастырар 17 немере, 4 шөбере қалды. Бұл күндері ұрпақтары Алтынбек, Мұрат, Мақсұт, Сәуле, Зина өркен жаюда.
Туған жері «Өзгентте» қажы ұрпақтары қаржысымен салынған үлкен мешіт алыстан көрінеді. Имандылық үйі жұртшылықтың көп келетін қасиетті орнына айналып келеді.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<