Далдабайдың ауылы

267

0

Біздің ауыл Далдабай Жалтынұлы ауылы атында, ендеше ұрпаққа Далдабайдың кім болғанын тарқатып айтайық.

Далдабай Жалтынұлы Сырдария ауданының (бұрынғы Тереңөзек) Қалжан ахун ауылында 1913 жылы дүниеге келген. Әуелі ауыл молдасынан, кейін бастауыш мектепте білім алады. Ауыз әдебиетімен сусындап өскен, тілге шебер, қазақи қалжыңдарды майын тамыза айтатын. Радиожурналист А.Жанаев «Алмас тілді ағалар» кітабында (2008) халық арасында айтқан әзілдерін жинақтап, ұсынған еді.

Ол еңбек жолын буыны қатпай ерте бастаған, кейін  басшы қызметтерге жалғасты. 1932 жылы «Сұлутөбе» қамыс зауытын басқарды, Сұлутөбе МТС-нің кәсіподақ комитетіне жетекші болды. Өндірістен қол үзбей жүріп механизатор мамандығын игерді. 1939 жылы «Қаракеткен» МТС-нің директоры болып тағайындалып, Жалағаш ауданының бүкіл шаруашылығын техникамен қамтамасыз етіп отырған.

Соғыстың соңғы жылдарында Тереңөзек аудандық жер бөлімін, өз ауылы Қалжан ахун ауылын басқарды. 1950 жылы Тереңөзек аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, одан әрі аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. Өзі сұранып «Мәдениет» МТС-ін басқарып, оны алдыңғы қатарға қояды. Жамбыл атындағы колхозды басқарған кездері ұйымдастыру, басқару жұмысында да шеберлік танытып, қарқынды өркендеуіне үлес қосқан. 1961-1969 жылдары Жалағаш қой совхозының директоры болып зейнетке шыққанша қызмет атқарды, 1978 жылы дүниеден озды.

Азаматтың жұмыс ерекшелігі – қарапайым, халықтың тілін таба білетіндігі, іскер, кешірімді және мейірімділігі.

Далдабай Жалтынұлы қызмет еткен жылдар елдік пен ерлік сынға түскен күрделі кезең болды. Балғын шағы азамат соғысы, аштық жылдарымен тұстас келіп, қаршадайынан қара жұмысқа араласты. Ысылып, қызмет етуі қуғын-сүргін және соғыс жылдарымен ұштасып жатты. Ел ағасы осындай сыннан сүрінбей өтіп, білімін, тәжірибесін еңбек етуге арнады. Халқының ыстық ықыласына бөленді.

Өресі биік басшы бар күш-жігерін Жалағаш қой совхозын өркендетуге жұмсады. Онда мал шаруашылығымен айналысатын 4 ферма, совхоз орталығы және «Қаракеткен» ауылдық советі болды. Совхоз орталығында аурухана, дәріхана, қойма, ветаптека, монша, халыққа қызмет ететін дүкендер, қысқы-жазғы клуб, ауыл кеңесі, №114 «Актив» орта мектебі, кітапхана, қонақүйі және өрік бағы халқына қызмет етіп тұрды.           

Бастауын Сырдариядан алатын жалпақ канал ауыл ортасымен ағып, сумен қамтамасыз ететін. Бау-бақшалы, жасыл желекке оранған ауыл еді. Солтүстік бөлігінде бақ болды. Онда тұт, өрік ағаштары бар, мал азығы ретінде жоңышқа егілетін. Ауылдың бір бөлігін Жаңабай көлі, екінші бөлігін кезінде асау арнасына сыймай жататын Сырдария өзені  көмкеріп тұратын.

Ал Ы.Самұратов пен М.Ысқақов басқарып тұрған тұста Үкіметке ұсыныс жасалып, ауылдың әкімшілік ғимараты билігімен қоса (шаруашылық ретіне қарай) «Қаракеткенге» көшірілді. Ол жерге 1973 жылы Жалағаш қой совхозы болып көшіп бардық. Ол кезде совхоздың комсомол комитетінің секретары едім. Осылайша, қызметіміз көрші станцияға ауысты, ал отыз жылдық тарихы бар ауыл бөлімше болып қала берді.

Өзенінің суы азайып, деңгейі түсуіне орай ауылдың табиғи жағдайы күрт өзгерді. Дарияны жағалаған, Жаңабай көлін қоршаған ит тұмсығы батпайтын іші қырғауыл мен қоянға толы ну тоғай кеуіп қалды. Ауыл бағы қурап, отынға айналды. Ендігі оның көркеюі жанашыр ауыл әкімі мен белсенді азаматтарға байланысты. Ел әлі үміт артады.

Ауыл халық сұранысымен, Ы.Елеусінұлының бастауымен 1993 жылдың қыркүйек айында Далдабай Жалтынов ауылы болып аталды. Сол кездегі аудан әкімі С.Далдабаев тұсауын кескен. Сол күні Далдабай ақсақалға Ы.Елеусінұлы ас берді. Шүкір, бүгінде ауыл халқы өсіп-өніп, өркендеп келеді. Азаматтар жеке мал шаруашылығымен айналысады, төсінде малы өрбіген, берекелі ауылдың бірі.  №115 орта мектеп, балабақша мен дәрігерлік пункт қызметін атқарып тұр. Жаңадан үйлер салынуда. Жарықпен, сумен толық қамтылған.  Біз туған өлке осылайша өркен жаюда. 

Жақында ауылда еңселі ауыл қақпасы (арка) орнатылды. Жиында мал шаруашылығы маманы, ардагер Естай Тұрабаев бата берді. Ауылдық мәдениет үйінде мүшәйра өтті. Оны ауыл әкімі Әділ Тоқтарұлы ашып, көпшілікті құттықтап, жоспарымен таныстырды. Ауыл тарихы, Далдабай Жалтынұлы өмірі, еңбек жолы туралы айтылды.

№115 орта мектеп директоры Мира Тыныбекқызы білім ошағының биылғы оқу жылында он бір жылдық болғанын айтып елді қуантты. Еңбек ардагері Шарипа Қожахметқызы, ауыл тумасы Бисен Кішкенбайқызы естелік айтты. Далдабай ақсақалдың ұрпағына алғыс білдірді. Жиынға ауылдың іргесін қалаған, қызмет жасаған  азаматтардың ұрпақтары келді, жан-жақтан түлектер жиналды.

Бастысы, Далдабай ақсақалдың әулеті елдің тұс-тұсынан келді, ақ батасын алды, ардагерлерге жоралғы жасады. Мүшәйра соңы ас беріп, Құран бағыштаумен жалғасты.

Ауылға кіреберіс қақпа орнатып, көркеюіне үлес қосқан Далдабай ақсақалдың балалары – Зәуре мен Ербол. Бұл ұсынысты қолдағандар қақпа құрылысын өздері қолға алып, ауызбірлікпен аяқтап шықты. Ауылымызда марқұм Сүлеймен Абдрашитұлы ізін салып кеткен ізгі дәстүр бар. Әр жылдың қазан айының екінші демалысында аруақтарға арнап ұрпақтары Құран бағыштайды.  Бұл дәстүр биыл да жалғасты. 

Ауылда туып, ел қызметін атқарған азаматтарды, олардың еңбегін көріп өстік. Ауылымыз көркейе берсін!

Жаса КӨПЕШҚЫЗЫ,

Білім беру ісінің үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<