Ел басына күн туғанда қан майданда жаумен алысып, ер атанған Шамша Бисембаев.
1941 жылы Кавказ майданының 152-танктер ұшқыр-артиллерия полкіне көздеуші-атқыш болып қабылданып, қан майданда Дондағы Ростов, Таганрог, Одесса, Прага, Кавказ, Белоруссиядағы Брест, Румынияның Яссы, Венгрияның Хвайстоспол, Хайдусобосло қалаларын жаудан азат етуде ерлікпен аянбай шайқасып, қаһармандық көрсеткен. Жеңісті Венгрияда қарсы алған.
Аталған шайқастарда көрсеткен ерен ерлігі үшін ІІ-ІІІ дәрежелі «Даңқ», екі рет «Қызыл Жұлдыз», I-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін алған.
152-танктер артиллерия полкінің командирі, подполковник Костелеев алапат шайқаста көрсеткен қаһармандығы үшін Ш.Бисембаевтың І дәрежелі «Даңқ» орденіне ресми түрде ұсынылғанын жариялайды. Шайқаста жараланып, госпитальға жатқызылады. Госпитальдан соң полкіне оралғанда басқа өлкеге ауысып кетуіне байланысты өзіне тиесілі І дәрежелі «Даңқ» орденін алып үлгермейді.
Шәмша Бисембаев 1945 жылғы 24 маусымда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан. Атамның Жеңіс парадына қатысқан туралы екі мәрте Совет Одағының батыры Исса Александрович Плиев өзінің «Гоби және хинган арқылы» кітабында жазған. Соғыстан кейін халық шаруашылығы саласында адал қызмет атқарғаны үшін Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. 1988 жылы құрметті зейнет демалысына шығып, 1993 жылы 72 жасында өмірден озды.
1994 жылы Қазалы ауданы орталығынан Ш.Бисембевтың атына көше берілді, суреті Жеңіс саябағындағы құрмет тақтасына ілінген, көшесіне ескерткіш орнатылған және аудандық музейде арнайы бұрыш белгіленген.
Ұрпақтары атам Ш.Бисембаев ала алмаған І дәрежелі «Даңқ» орденін іздеу үшін әскери комиссиариат арқылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне бірнеше мәрте өтінім жіберді. Жауабын күтудеміз. Көзі тірісінде ала алмаған орден өз иесін тауып, қуанатынымызға сенімдімін.
Абдрахман Шамша
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<