Дегдар

298

0

Сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алып, апайтөс алып мекеніміздің ең басты құндылығына айналған серттей ауыр сұрақ бар. Бейтаныс екі адам кезіккенде жөн білісіп, таныс болған соң, екі елдің ұланы бір-бірінен «еліңде кімің бар?» деп сұрайтын. Бұл алдымен елдің елдігін, ұлыстың бірлігін аңдатып, жұрт жақсысын қалай қадірлейтінін аңғартады. Ал сөздің түп-төркінінде халықтың сапасы, елдің айбыны туралы түсінік жатқаны түсінікті. Өйткені елдің келбетін тұлғалар қалыптастырған.

Арғы атамыз түріктен бергі тегіміз қазаққа дейін бұл дала тұлпар мініп, ту ұстаған ерлерге де, түйткілді түйін, шешпеген дау қоймаған даналарға да кенде болған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында елдіктің көшін түзеп, жас мемлекеттің буынын қатайтып, іргесін бекітуде өлшеусіз еңбек сіңірген ұлттың аймаңдай ұлы – Әбіш Кекілбайұлы. Жас күнімізден сол кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көріп, жанында қызмет еттік. Бүгін өткен күннің көшін шолып, көңілдің елегінен өткізіп отырсақ, бұл екінің бірінің басына бұйырмас бақ, екінің бірі жете алмас биік екен. Бізді адас-тырмас анық жолға салған марқұм ұстазымыздың биыл туғанына – 85 жыл. Зымыраған уақыт жылдарды аунатып, айларды алыстатып, аяулы абыздың мәңгілік сапарға аттанғанына да тоғыз жылдың жүзі болды.

Сөз жоқ, Әбіш ағаның шығармашылығы – мол мұра, таусылмас қазына. Дегенмен де Әбекеңнің тұлғасы хақында ой өрбітсек, ол кісіні кемел суреткер, керемет жазушы ретінде ғана қарауға болмайды деп ойлаймын. Өйткені ол – ерекше тұлға. Жастайынан замандастарын қайран қалдырған кенен ойшыл, дана көсем, дара шешен деп айтуға болады. Өз басым ол кісіні ең бірінші, заманынан аты озған ойшыл деп қабылдаймын. Әбекеңнің пір Бекет туралы анықтамасын кейде оның өзіне лайық деп ойлаймын. «Сасқанға сая, асқанға тосқан, ұлысқа ұран, ұрпаққа ұстаз, елдің иесі, жердің киесі» деп айтады. Осы нақты айшық, нағыз баға данышпан Әбіштің өзінің де бағасы болса керек. Оны туған халықтың өзі де ұлы халық деп айтуға болады.

Ал енді уақыттың талабымен, жүректің қалауымен саясаттың сахнасына шықты. Әбіштей дегдар азаматтың тәуелсіздік қарсаңында немқұрайды қарап, немкетті пейілмен қалуы мүмкін емес еді. Естеріңізде болар, кезінде Әбіш ағаның Парламент мінберінен ақырып тұрып қазақ тіліне теңдік сұрағаны, үлкен саяси дискуссияларда тәуелсіздік үшін азуын айға білеп сөйлеген сөздері ел тағдырын шешуге ерекше ықпал етті. Сондықтан Әбіш Кекілбайұлын тағдырдың сыйы, тәңірдің қазаққа деген бір ықыласы деп қабылдау керек.

Әбекең барды бағалай білді, жоқты саралай білді. Біздерді тәубемізден айырылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздіктің тасын өрге сүйреуге шақырды. Сол жолға өзі де атсалысты. Республика Парламентін басқарды, Мемлекеттік хатшы болды. Естеріңізде болар, тәуелсіздіктің елең-алаң кездері, әр жылды бір арнаулы рухани қазыққа байлап, ұлттың жоғын түгендеген кезең еді. Бір жылды ел тарихына, бір жылды ұлттың ынтымағына арнап, кешенді шаралар қабылдап, керемет рухани жұмыстар атқарылды. Соның бәріне мұрындық болған Әбіш Кекілбайұлы болатын. Мемлекет басшысына, үкіметке осындай ұсыныстар жасап, мемлекеттік сананы қалыптастырып, ұлтты ұйыстыруға өлшеусіз үлес қосты.

ЮНЕСКО арнайы зерттеу жүргізіп, ХХ ғасырдың 100 ойшылын анықтағаны бәрімізге белгілі. Сол мәртебелі жүздікте түркі әлемінен Әбіш ағамыз зор құрметпен аталды. Өз кезеңінде тұтас түркі жұртынан озып туған абыз ағаның жанында жүрген кездерден талай қимас естелік, қызық күндер санамызда жатталып қалды. Сол аяулы сәттер, данышпанның әр сөзі мен ісі бізге ғана емес, өскелең ұрпаққа, тұтас ұлтқа өнеге болмақ.

Әбекеңнің тағы бір қасиеті – ойшылдығымен қоса, таусылмас қазына, энциклопедиялық білімі еді. Ағамыз бізді таңғалдырудан шаршамайтын. Білмейтін нәрсесі жоқ. Мен өзім инженер болғаннан кейін, бірде ағамызға:

– Сіз гуманитар адамсыз ғой, физика, математика жағына жоқ шығарсыз, – дедім.

– Ал, қанеки, онда сынап көрейік, – деді Әбекең.

Сонымен жоғары математикадан стереометриядан, тригонометриядан есеп беріп көріп едім, бәрін де қиналмай шығарды. Мен қатты таңғалдым, Кекілбаев кәсіби деңгейде математиканы біледі деп ойламаған едім. Бәріміз жиі айтатын «талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөзге сонда көзім жетіп еді.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарып жүрген кезімде М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтының директоры, академик Феликс Кузнецовпен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол кісі кандидаттығын да, докторлығын да қорғағанда «крепостной правоның» кезіндегі Ресейдің рухани дамуы, сол кезеңнің қиыншылықтарын көп зерттеген. Өте елгезек адам еді. Сосын қазақ әдебиетімен де тым жақсы таныс болатын. Бірде ол маған өзінің ерекше бір пікірін айтты. «Әуезов пен Кекілбайұлы – қазақ әдебиетінің жаңа деңгейін айқындаған тұлға», деді ол. «Әуезов ауқым, яғни көкжиек кеңістігінің кеңдігін көрсетсе, Кекіл-байұлы тереңдігін білдіреді. Қазақ әдебиетіндегі осы екі бағыт Әуезов пен Кекілбайұлының тоғысқан жері, қазақ әдебиетінің нағыз үркер жұлдызы деп есептеуге болады. Келешек қазақ әдебиетінің қайраткерлері осы биіктен түспеуі керек» деп түйді. Ғалымның бұл тосын тұжырымы тұтас әдебиетімізге құрмет тұрғысынан туған жүйелі пайым деп білемін. Шынында да, Әбекең – Абайдың арманы, Әуезовтің жалғасы деп есептеуге болады.

Қоғамды жаңғыртудың екі жолы бар. Біреуі төмендегі әлеуметтік топтар өзгерісті талап етсе, бұл төңкеріске әкеліп соғуы мүмкін. Ал жоғарыдағы элита осы жағдайды түсініп, реформа жасаса, ол эволюциялық даму жолына бастайды. Сондықтан біз күйгелектікке салынбай, қоғамды реформалармен, эволюциялық жолдармен дамытуға талпынуымыз керек, зиялы қауым осыған атсалысуға тиіс деп Әбекең үнемі айтып отырушы еді. Қасіретті қаңтар бұл пікірдің ақиқат екенін көрсетті. Президентіміз жүйелі реформалар жасап, жұрттың жағдайын түсініп, әділет жолына түсті. Бұл – елдің ертеңі мен мемлекеттің нығаюы үшін дұрыс жол, тура бағдар.

Асып туған талантты өз заманының, өзімен қанаттас, қатарлас жүрген зиялылардың мойындауы маңызды. Өнер мен білімге қатар ұмтылған замандастары ғана емес, алдыңғы буын ағалары да Әбіш ағаны риясыз мойындап, шынайы құрмет тұтатынына талай куә болдым. Батыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген кезімде зиялы қауымның бір топ көрнекті өкілін Оралға шақырып, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырып едік. Сол қатарда Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбайұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кенжеғали Сағадиев, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев сияқты ұлттың ығайлары мен сығайлары болды. Сонда университеттегі кездесу үстінде академик Зейнолла Қабдолов ағынан жарылып, «Мен мына Әбіштің ұстазымын деп айтуға ұяламын. Себебі мен оның білгенінің жартысын да білмеймін» деп еді.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің маған жақындығы бар. Біз – Аралдың қазақтарымыз. Сол Әбеден бірде көңілді отырыстың үстінде сұрадым.

– Әбе, қазіргі қазақтың классик жазушыларынан көзі тірі өзіңіз. Сізден үлкен жазушы жоқ. Қоғамда әртүрлі пікір бар. Осы Нұрпейісовтің деңгейі биік пе? Әлде Кекілбайұлының деңгейі биік пе? – деп сұрадым. Сонда Әбе ойланып отырды да, қолын бір сілтеп:

– О, пәлі, ол бұйрабасқа жету қайда! – деді. Ол кісі Әбіш ағаны бұйрабас деп еркелетуші еді.

Ресейде елші болып жүргенде Шыңғыс Айтматовпен жиі жүздестік. Ол Мәскеуге келген сапарында Қазақстан елшілігіне түскенді ұнатушы еді. Біздің елшіліктің жақсы мейманханасы бар, бір жағы қазақтың ізеті мен қонақжайлығы да көңілін бірлейтін болса керек. Әйтпесе, туған Қырғызстанның да, тілектес басқа елдердің де мүмкіндіктері бар ғой. Ресей жазушылар одағының да ұсыныстары болғанына қарамастан, біздің елшілікте демалғанды жақсы көретін еді. Сондай көңілді кездесудің бірінде, сырласып отырғанда Кекілбайұлы туралы былай дегені есімде қалыпты:

– Он неисчерпаем! Содан көзін әлде бір нүктеден алмай, ойланып отырып, сөзін әрі жалғап:

– Мысалға өз шығармаларымда айтылатын, әлем әдебиетінде өзгеше тенденция ретінде танылған мәңгүртизмді менен де бұрын әдеби айналымға түсірген Әбіш Кекілбайұлы еді. Мен оны мойындаймын. Бірақ оны одан әрі дамытып, мен де өз үлесімді қостым. Мәңгүртизм деген түсініктің пайда болуы, әдебиетте оның философиялық категорияға айналуы Кекілбайұлының ізденістерінің бір көрінісі, – деп ағынан жарылды.

Шынында да Әбекең тұмасы таусылмас тас қайнар еді ғой.

Әбіш ағамыз – ұлтымыздың ұлылығын дәлелдеген ерекше абызымыз. Оны әрқашанда біз мақтаныш етеміз. Маңғыстау облысында әкім болып жүрген кезім Әбіш ағаның 70 жасымен тұспа-тұс келді. Біз мерейлі тойға дайындалғанда байқағаным, жергілікті халықтың классикке деген ерекше ықыласы, шын сүйген пейілі болды. Елдің Әбекеңе деген сүйіспеншілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Нағыз ұлттың әулиесі, рухы екеніне куәгер болдық. Маңғыстаудың бір бұрышындағы Онды деген кішкентай ғана ауыл – Әбіш ағаның туған жері. Қаратаудың арғы беті, аудан орталығы Шетпеден отыз-қырық шақырым. Сол ауылдағы мәдениет үйінде мектеп оқушылары, бастауыш оқитын кішкене балалар сахнаға шы-ғып, Әбіш ағаның шығармаларынан үзінділер оқыды. Әбекеңнің прозасы мен поэзиясы қатар қанат қақты. Сол қырықтан астам баланың бәрінің де есімі Әбіш. Бұл халықтың қаламгерге деген махаббаты, пір тұтатын құрметі еді.

Әбекеңнің 70 жасын тойлау туралы көп ойландық. Ізбасарлары мен інілері абызға қандай сый жасарымызды талқылай келе, Ай ана-Айсәуле әжемізге ескерткіш тұрғызуды жөн санадық. Онды ауылының кіреберісінде биік, үлкен төбе бар еді. Сол биікке қазақтың киіз үйінің алдында, сапарға шыққандарға «жолың болсын» деп, аман оралғандарға «қош келдің» деп отыратын еңселі ескерткіш тұрғыздық. Атауы «Ай ана» болды. Маңғыстау жұрты Айсәуле әжемізді Ай ана деп атайтын. Сол алып туған асыл анамыздың құрметіне кешен салдық. Бұл Әбекеңе тосын жаңалық болды. Атқарылып жатқан шаруа туралы ол кісі білмейтін. Қаламгер бір шығармасында анасы туралы «білегі – ерінікі, тілегі – елінікі» дейтін сөзі бар. Сол анттай сөзін ескерткіштің тақтасына ойып жаздық. Кешеннің ашылуында Клара апамыз әулеттің жиырма шақты келінін жинап, барлығы сызылып сәлем салғанда, керемет бір толқынысты, толғанысты сәт болды. Рухани шара ағамызға керемет ұнады. Көлікке мініп, қозғалғанда Әбіш аға қолымды екі алақанының аясына салып, толқып тұрып:

– Әй, қу бала, ақыры жылаттыңдар ғой, – деді, көзіндегі қаймыжық жасты ақырын сүртіп.

Сонда ағамыздың бір ризашылығына жеткенімізге қатты қуанып, марқайып қалдық.

Өмірін Әбіш ағаға арнаған Айсәуле анамыздың аналық ерлігін, пидагерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Клара апамыз айтып отырушы еді. Ай ана қайтыс болар сәтінде келінін шақырып алып:

«Клара, айналайын, мен саған ризамын. Батамды бердім. Әйтеуір, қолыңнан келсе, Әбішті ренжітпеші, қан қысымы жоғары ғой» дейтін көрінеді. Бұл қандай ұлы махаббат, қандай мейірім десеңізші.

Әбіш аға өзі де күліп айтып отырушы еді. «Біз жаспыз, қонаққа кетеміз. Түн ортасында қайтамыз. Сонда Ай ана кимешегі ай нұрына малынып, есік алдында бізді күтіп отырушы еді. Есік алдынан бізді бастап, үйге кіріп қана көңілі тыныш табатын. Мен үйге кірмей, ол кісі жатпаушы еді, жарықтық» деп жүзі күреңітіп, анасын сағынушы еді, Әбіш ағамыз. Ері мен елінің, ұлы мен ұрпағының тілеуін тілеп өмірін өткерген қазақтың қайран аналары! Олар қандай құрметке болса да лайық.

Сол жетпістің тойында бір оқиға болды. Есімде бүгінгідей қалып қойыпты. Ақшаңқан үйлер тігіліп, халық көп жиналып еді. Біз Әбіш ағаға арналған киіз үйге кіріп, дәм татуға отырып жатқанда, бір әйелдің ащы дауысы шықты. «Әбіш ағаға жіберіңдер мені» дегені анық естілді. Әбіш аға «Не боп қалды?» деп сұраған соң келіншекті ішке кіргізді. Сөйтсе, кеше ғана босанып, қырқы тұрмақ, перзентханадан әлі шықпаған ана екен. Ұл бала туып, атын Әбіш қойыпты. Ағаның елде екенін біліп, нәрестенің аузына түкіртпекке кішкентай шақалақты алып, күйеуі екеуі ниет етіп жеткен екен. Әбіш аға да толқып кетті. Үйге кіргізіп, баланың «аузына түкірудің» ырымын жасап, құлағына азан шақырып, «сенің атың – Әбіш» деп үш рет айғайлап, «менен де үлкен Әбіш бол!» деп батасын берді. Осындай көріністерден елдің Әбіш ағаға, Әбіш ағаның елге деген ыстық махаббатын көрдік.

Әбіш аға қайтыс болғанда ақын Светқали Нұржанның:

«Әбіш көшті,

Аспан көшіп баратыр,

Бұлт теңдеген асқар көшіп баратыр.

Қырық мың жылдық тастар көшіп баратыр,

Қырық мың жолдық дастан көшіп баратыр», деп аһ ұрғаны, айбынды аруақты шақырғаны, есімде өшпестей қалып қойды.

Саналы елдің ары болған, сағым жортқан сары даланы жүрегіне тұтас сыйдырған абыз ағамыздың алды жарық, соңы берекелі болғай! Әлемге біртуар осындай ұлды сыйлаған қазақ елінің еңсесі биік, рухы асқақ боларына сенемін.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Egemen Qazaqstan

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<