«Патшаның әр күні өзіне азап, халқына той» деген ғой, басшы билікте болған кісі мұның сырын айтпай сезеді. Жасынан ат үстінде жүрген Ұзақбай Қараманов елге қызмет етудің жауапкершілігі қандай болатынын бір білсе сол кісі біледі. Ол Қазақстанның соңғы Министрлер Кеңесінің төрағасы, Тәуелсіз елдің тұңғыш Премьер-Министрі болып тарихта қалды.
Бұл жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков былайша ой толғайды: «Мен білетін Ұзақбай Қараманов – қандай қызметте жүрсе де халқының қадірін, ұлтының ұлыларын қадірлеп жүретін асыл азамат. Құдайға шүкір, осы күнге дейін жұбымызды жазбай қатар келеміз. Оның бұрынғы депутат болғанын айтпағанда, тәуелсіз елдің Парламентіне екі дүркін депутат болып сайланды. Осында да сұлу торыдай Ұзекең әдемі жүрді. Көлбеңдеп ешкімнің алдынан шыққан жоқ. Халық үшін айтатын ойын әрқашан ашық айтты. Сөйткен Ұзекең 70 деген жастың табалдырығын аттап, төріне беттеп барады. Осы жасқа жеткенше ол ақын Абай айтқандай «Ақырын жүріп аңдып бас, еңбегің кетпес далаға» деп, елі мен халқына бойындағы бар қуат нәрін беріп келеді. Бір ғажабы, Ұзекең әр істі егжей-тегжейлі білуге құлшынумен қатар, мінезінде көп адамда кездесе бермейтін бір қалыптан айнымайтын қасиет бар. Ол қасиет мен көріп жүрген басшыларда кездесе бермейді, – деп сөз саптаған М.Жолдасбеков Ұ.Қараманов туралы ой сарабын және былай сабақтайды.
«Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» дегендей неше бір ауыр уақыттар өтті. Кеңестік жүйе ыдыраған соң дербестік алған республикалар өз бетінше өмір сүруге кірісті. Қазақстанның тәуелсіздігі ұлтымыздың ұйыған орнын сақтауға, ұлттық мәртебемізді көтеруге, мемлекеттік мүддеміздің берік іргесін салуға мүмкіндік берді. Әрине, өтпелі кезеңнің қиындығын мемлекет пен халық біртұтастығымен жеңе білді. Алайда, оның салмағы ел басқару қызметінде болған азаматтарға түсті. Көз бен сөзге ұлылардың ұлысы ғана төтеп беретіні белгілі. Ұзекеңнің парасатты бейнесі осы кезеңдерде анық аңғарылды.
Иә, заман, қоғам, адам, сана өзгере бастады. Бәрі де жаңаруға бет алды. Қазақ жастары халқының қанына, жанына біткен, сүйегіне сіңген отаншылдық, батырлық рухын көрсетті. Біреудің жетегінде емес, бабаларының ізімен жүруді ту етіп көтеріп, 1986 жылы қатып қалған қасаң идеяның быт-шытын шығарды. Қазақтың да қара жаяу еместігін, қаһарына мінсе қамалды қақырататынын танытты. Бұл да үлкен тарих еншісіне енген оқиға ретінде өшпес өнегесімен есте қалды.
«Халықтың әні кетсе, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» деп Алаштың ардақтысы Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, ел мерейі үшін күрескен ақиық азаматтардың іргелі ісі ұрпақ жадында мәңгі қалуы тиіс.
Заман мен заман, қоғам мен қоғам, сана мен сана арпалысып жатқан шақта ел билігі Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына көшіп, оның орнына Үкімет басқаруға Ұзақбай Қараманов келді. Тек шаруашылықты, оның ішінде құрылыс саласымен айналысатын кісінің мұндай тағдырлы биліктің тізгінін ұстағаны қалай болар екен, мұның аяғы немен тынар екен десті халық. Оның үстіне ол кезде Ұзекеңнің есімі қалың елге онша белгілі де емес еді. Барынша барлап қараған кісілердің айтуынша, «ол бойын жасырып жүретін тұлпар сияқты кісі екен». Сөйтіп білмегенін терең білуге құштар, қай істің де түбіне терең үңілетін, аспайтын, саспайтын, жер қозғалса қозғалмайтын, сабырлы, салмақты, артық сөзі жоқ табиғатымен таныла бастады. Сондай биік қызметте отырғанмен Ұзекең елдің алдында көлбеңдеп, көстеңдеп шыға берген жоқ. Әр сөзін безбенге салып, елеп-екшеп отыратын мінезін байқатты. Үкіметтің қаулы-қарарлары елдің тағдырлы мәселелеріне арналатындықтан дайындалған қағаздың қай-қайсысына да аса жауапкершілікпен қарады. Өн бойынан кісілігі мен кішілігі айқын көрініп тұрды. Кейбір азаматтар билікке қолы жетсе, күпініп, ісініп, кебініп төңірегін танымай кетеді емес пе?! Ұзекең ондайдан емес.
Істің байыбына баруда да, тетігін шешуде де тектілігін танытып жүрді. Задында Қараманов – текті адам. Қазақта тексіз деген сөз жаман ғой. «Білме, білгеннің тілін алма!» деген ауыр сөз ұлтымызда айтылып қалады. Ұзекең қай жұмысты болса да ақылдасып, сыйласып істегенді жөн көрді. «Атап айтар ол кісінің тағы бір ерекше қасиеті бар. Үкіметті басқарып отырмын, бәрін өзім білемін демейтін. Нұрсұлтан Әбішұлын қатты қадірлейтін. Барлық жұмыста ол кісімен ақылдасып отыратын. Бұл оның жалтақтығынан емес, адам сыйлай алатынынан, келісіп пішкен тонның келте болмайтынын білетінінен, қызметтесін құрмет тұтатын жақсы қасиетінен еді.
Премьер-Министрліктен мемлекеттік кеңесші деген қызметке ауысты. Бұл көңіл айтатын нәрсе емес. Қызмет деген шіркін, ешкімнің атасы қанжығасына байлап берген бәйгесі емес. Ұзекең өзіне бұйырған қызметті торсаңдамай, теріс бұрылып, мұнысы несі демей, түсіністікпен қабылдады. Мұның өзі оның азаматтығын, тектілігін көрсетері хақ.
– Ұзақбай Қарамановтың алдының кеңдігіне қызметтес болып жүргенде көзім жетіп еді, – дейді екендігі бір сөзінде М.Жолдасбеков. – Енді оның ізет пен инабаттан аттамайтынын, кеше осындай қызмет атқарғам, мына істі бітірсең де бітіресің, бітірмесең де бітіресің демейтін кішілігі мен кісілігіне де куә болғанымды айта кетсем деймін. Бір күні Ұзекең маған келді.
– Мырзеке, біздің Сыр өңірінде Жанқожа деген атақты батыр өткен.
– Иә, Ұзеке, мен ол кісі туралы жақсы білемін, – дедім.
– Сол Жанқожаға ел-жұрты ас беріп, аруағын асқақтатайық, рухын ту етіп көтерейік деп жатыр еді. Соған жоғарыдан бір қағаз керек болып тұр. Қолыңызда қызмет бар ғой. Үкімет қаулысының керегі жоқ. Өз құзырыңызбен бір өкім шығарып, ұйымдастыру комитетін құрып, мені соған төраға етіп мына шараларды мақұлдап, бекітіп берсеңіз, – деді.
– Мен неге бекітіп бермеймін. Қазаққа шын беріліп, еңбегі сіңген, халқының ұлтарақтай жерін қасық қаны қалғанша жанын қиып қорғаған сондай батырлардан нені аяймыз. Оның үстіне ағайындар береке-бірлікте ұйып, өзіміз өткіземін деп отыр екен, – деп өкім шығарып бердім.
Содан Қызылордада қазақтың атақты батырларының бірегейі Жанқожа батырға арналған абыройлы той өтті. Ұзекең осы тойға менің қосқан үлесімді «Мырзекең азамат қой!» деп осы күнге дейін айтып жүреді.
Ұзақбай Қараманов – еш уақытта өсекке ермейтін, ілеспейтін адам. Анау анандай дейді, мынау мынандай дейді, анау өйтіп жатыр, мынау бүйтіп жатыр деген сөздің біреуіне де мән бермек түгіл, оны жаңғыртпайды да. Бір адам туралы теріс пікір айтып, төбесінен төмен қарай су құю оның әдетінде жоқ. Ел, ұлт десең ғана құлағын түріп, тыңдауға әзір отырады. Ұзекеңнің тағы бір ерекше бөліп айтар қасиеті түзу жүріп, түзу тұрады. Төзімді. Мен ондай төзімі шексіз адамды осы өмірімде көп кездестіре қойғаным жоқ. Асыл зат замандасымды мен осы үшін ерекше бағалаймын. Ер азаматқа тән қасиетін өзгелерге үлгі етіп айтып жүремін» деп Мырзатай аға өткен күндер естелігін ақтарды.
Ұзақбай Қараманов бір кездері толқыны көкке атылып, балықшы елдің ырзығы болған, қазақ қаламгерлері, оның ішінде сөз зергері Ғабит Мүсіреповтен бастап үлкенді-кішілі жазушылардың қаламына арқау болған Арал теңізінің жағасында өмірге келген. Әкесі қарапайым балықшы болғанымен, халық үшін қызмет етудің ерекше үлгісін көрсеткен. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Қараман ақсақал – омырауына «Құрмет белгісі» орденін таққан адам. Сондай еңбекші әкеден туған бала да өмір бойы елі үшін еңбек етіп, тер төкті. Аралдың тағдырына аянбай үлес қосты. Бұл жұмысын ол Арал ауданында құрылысшылар басқармасының бастығы болып жүргенде бастаған. Демек, сол арқылы ол жас шағына өзіме демей өзгеге деп үйренген қасиетін бұзбағанын көрсетті. Аралдың тағдырын елдің тағдыры деп біліп, Аралға бірнеше рет су жеткізді. Сол өңірде қызмет етіп жүргенде «Аманөткел-Арал» су құбырын тартты. Қараманов ХХ ғасырдың парағы жабылып, ХХІ ғасырдың беташар беті басталғанда бұл мәселені халық қалаулысы ретінде қайта көтеріп, «Арал-Сарбұлақ» су құбырын тарту қажеттігін дәлелдеп берді. Оны Аралдан бері Қазалыға дейін жеткізуге бюджет қаржысын бөлгізді. Кейбір азаматтардың көзін жеткізу үшін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғат ресурстарын пайдалану комитетін Сыр өңіріне алып барды. Ақыры Үкіметте арнайы құжат қабылдатып, оң шешімін тапты. Қарамановтың қармануының арқасында Арал жұрты қайтадан таза су ішуге қол жеткізді. Оны айтасыз, Ұзекең «Алматыпромстрой» тресінде, «ГлавАлматыстрой» басқармасының бастығы болып жүргенде Алматыдағы талай құрылыстың дер кезінде бітуіне ұйытқы болған еді. Оның қатарында бұрынғы Пионерлер сарайын, телефон стансасын, Достық даңғылындағы саяси оқу-ағарту үйін атауға болады. АХБК, АЗТМ-ден бастап қаншама өндіріс орындары мен мәдениет мекемелерінің ғимараттарын, тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге ақыл-парасатын, күш-жігерін жұмсады. Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының ғимаратын уақытысында бітіруге көшбасшы болған да осы Қараманов еді. Үлкен Алматы каналын да Ұзекең басқарған мекеме салған болатын. Оның мұндай жанкешті тірлігін тізе берсек, жетіп-артылады.
Ендеше қазақ топырағында Ұзақбай Қарамановтың қолтаңбасы қай саладан болса да көрініп тұрғаны шындық. Арал мен Қазалы аудандарына ортақ тұлға, оны айтасыз, Сыр бойының мақтанышы болған Ұзекең жайлы ұзыннан-ұзақ әңгіме тарқатуға болар еді. Мен оның қайраткерлік биік жолын бағалай отырып, туған жерге жаны ашып, елдің өркендеп, гүлденуіне азаматтық рухпен атсалысқан, адами және перзенттік парызына адалдығын дәлелдеген дара тұғырлы тұлғасын айрықша атап өткенді жөн санаймын.
Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,
«Құрмет» орденінің иегері.
Нұр-Сұлтан қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<