Екі майданның ері

577

0

Даланың данагөйі атанған от ауызды, орақ тілді,  бір ауыз сөзбен дауды шешкен қарттарымыз «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген  қанатты сөзді бүгінгі ұрпаққа арнап айтқандай. Кәсіпкер інім Есентай Тайбасаров келіп «аға, сол кездері жас болсаңыз да, әкемнің көзін көрген санаулы кісілердің бірісіз, соғыс және еңбек ардагері, бұрынғы партия қызметкері, соғыстан кейінгі ауыр жылдары Жалағаш ауданының екі колхозының төрағасы, екі мекемені басқарған, №15 кәсіптік-техникалық училищенің материалдық-техникалық оқу базасының нығаюына елеулі үлесін қосқан, сол оқу орнының директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, өмірінің соңына дейін училищенің оқу шаруашылығын басқарған, әкем Әсейбілда Тайбасаров жайында естелік жазыңыз» деп өтінді. «Олардың өтінішін орындамасқа болмайды, ертең бізге қызмет жасайтын солар. Бұл да үлкендік міндет» деп қолыма қалам алдым.

Әсекеңнің өмірдеректерін соғыстағы, бейбіт еңбектегі деректерін жинақтадым. Ол кісімен қызметтес болған, көзі тірі екі-үш адаммен кездесіп сөйлестім. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан архивтік мәліметтер алуға қол жеткіздім.

Әсейбілда Ізімбайұлы Тайбасаров 1917 жылы бұрынғы Карл Маркс ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл Ту» колхозында (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) шаруа отбасында туған. Дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісінің құрдасы. «Заманына қарай адамы» дегендей, жаңа қоғамның талабына сай ауылдағы бастауыш мектепті бітірген.

1929 жылдан бастап колхозға мүше болып еңбекке араласа бастайды. «Қызыл Ту» колхозының мүшесі, колхозда есепші, төраға хатшысы болып жұмыс атқарған. 1934 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласындағы екіжылдық педкурсқа түсіп, оны 1936 жылы бітірген.

1936 жылдан 1939 жылдың қыркүйек айына дейін «Қызыл Ту» колхозындағы бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс атқарған. 1939 жылдың қыркүйек айында әскерге алынған. Атақты Маннергейм бекінісін алудағы қырғын шайқасқа  Әсекең де қатысқан. Герман фашизмі 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Польшаны басып алып, вермахтың бақайшағына дейін қаруланған армиясы Кеңес Одағы шекарасына жақындай түскен еді. Германиямен келісімге келген финдер өздері мен одақтастарына сенімді болатын. Революция бесігі болған Ленинград финдермен бар болғаны 32 шақырымда. Сол жылы Кеңес үкіметі «Жалпыға бірдей ер азаматтарды міндетті әскерге шақыру» заңын қабылдады. Аталған заңның негізінде сол заманның құрақтай болып өсіп келе жатқан жас толқын ерлері осы соғыста опат болған еді.

Шайқастан аман шыққан Әсекең 1942 жылдың басынан екінші майданға Ленинградты қорғау шайқасына 12-артиллерия дивизиясы взвод командирінің орынбасары болып соғысқа қатысқан. 1943 жылдың соңында ауыр жарақаттанып, Саранск қаласындағы 3051 эвогоспиталінде емделді. Жазылып шыққаннан кейін Коломин қаласындағы әскери зауытты күзететін взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарды. Әскери комиссия Әсекеңді еліне барып, денсаулығын түзетуге шешім шығарады. Елге келген бұрынғы педагог, саяси қызметкер, сауатты, орыс тілін жақсы меңгерген Әсекеңді аудандық партия комитеті нұсқаушылық қызметке қабылдайды. Бұл қызметті 1944 жылдың қазан айына дейін атқарады. Қайтадан майданға шақырылып 52-гвардиялық дивизия құрамында соғысқа қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алады. Әскери қызметін Германияда 1945 жылдың қарашасына дейін жалғастырып сол жылдың соңында елге оралған. Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы, әскери бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарған. 1951 жылы Жалағаш ауданының К.Маркс колхозының төрағалығын атқарған. Замандастары мен қызметтестерінің айтуынша, Әсекең ақкөңіл, ақжарқын, досқа адал, ағайын-туыстарға бауырмал, әр істі байыбымен шешетін. Жаны таза, қолы адал, халықпен жұмыс істесе білетін, қандай қызметте болмасын, қоғамның, мемлекеттің мүддесін бірінші қоятын, орындаушылық тәртіпті қатаң сақтайтын, өз міндетіне берілген халқына қамқоршы кісі еді. Дүниеге қызықпайтын, берекесіз істерге бармайтын, көпшіл азамат. Сөзім дәлелді болу үшін Ә.Тайбасаров К.Маркс колхозының төрағасы болып тұрғанда оның үстінен жазылған домалақ арызды аудандық партия комитетінің тапсырмасымен тексеру жүргізген аупарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, аудан тарихын жетік білетін Жайық Есіркепұлының «Аманат» кітабынан үзінді келтіруді жөн көрдім.

«1952 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бисенбин К.Маркс атындағы колхозда тоқтамай тұрған дауды шешуге Есіркепов жіберілсін депті. Осыдан бұрын екі рет тексеруге барғандардың жасаған қорытындысына тоқтамаған арызқойлар жоғарыға үшінші  рет жазған. Үлкен жолдың бойындағы «Қызыл Ту», К.Маркс атындағы колхоздардан біріккен үлкен шаруашылық болатын. Әсіресе, арыз жазып, бірін-бірін қудалау, басшыларына ашкөздікпен қарайтындар көбірек кездесетін. Колхозға барғаннан кейін адамдармен жеке-жеке сөйлесуге тура келді. Төрағасы Ә.Тайбасаров оқуға кеткен жерінен шақырылды. Арызда «төраға, ферма меңгерушісі Смайловпен бірлесіп, 19 бас сиырды Қызылордаға апарып саттырды. 40 бас ірі қара майдаланып кетті. 25 тонна күрішті кіріске алмай, колхоз қоймасында сақтап, оңды-солды таратып жатыр. Колхозшылардың жазылған заем облигацияларын бухгалтер М.Кіребаев толық таратпаған» деген сияқты мәліметтер бар. Оның үстіне бұл істерге аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілерді де байланысты делінген. Бұл арызды Мәскеуге бүкілодақтық мемлекеттік бақылау кеңесінің төрағасы А.Андреевке тікелей жолдаған. Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекталеевтің бұрыштама қолдары бар.

Жоғарыдағы фактілерді біртіндеп зерттей келгенде, «колхоздың асылтұқымды айғырын астыртын саттырды, оқуға кетерде 30 мың сом ақшаны Тайбасаров  заңсыз алып кетті» деген өтірік болып шықты. Ферма бастығы Смайловқа тағылған кінәлары дәлелденбеді. Колхозшылардың түсініктемелерінде арыздағы фактілерге өздерінің қатысы жоқтығы, басшыларының адалдығы айтылып, заемдарын өздері алған болып шықты. Қарақұмға ерте көшуіне байланысты 6 адамның қолына облигацияның тимегені анықталды.

Халық қалаулысы болған  Айымкүл Ізтілеуованың да бірлікке шақырған сөзі домалақ арыз жазушылардың бетпердесін ашты. Колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы тексеру барысына бастан-аяқ қатыстырылды. Тексеру біткеннен кейін әуелі басқарма мәжілісінде, онан кейін бастауыш партия ұйымының жиналысында және колхозшыларының жалпы жиналысында, қорытындысы баяндалып, домалақ арыз түгелдей  оқылды. Сөйтіп басқарма мүшелерін, тексеру комиссиясын және арыз жазып қоймай жүрген мүшелерін, күдіктілерді аудандық партия комитетінің бюросына бірге алып келіп есеп бердім. Тексеру қорытындысы дұрыс дәлелді шықты да бюрода айтыс-тартыс болмады. Арыздағы көптеген фактілер өтірік жазылғаны айтылып, бірқатар кемшілік болғаны көрсетіліп, жоғарыға жауап хат жазылды» деп қорытындылайды. Жайық Есіркепұлы сол бір айтыс-тартысқа толы заманда К.Маркс колхозының төрағасы Әсейбілда Тайбасаровтың үстінен жазылған домалақ арызды тексеруге, әділдікпен  шешуге іскерлікпен күш салған. Осындай қиянатты төзімділікпен көтерген менің кейіпкерім, колхоз төрағасы Ә.Тайбасаровты 6 жыл майдандағы және бейбіт еңбектің каhарманы деуге болады. Халық пен басшылықтың сенімінде болған Әсекең  К.Маркс колхозын 1954 жылға дейін басқарып, сосын «Таң» колхозының төрағасы болған. Кейіннен аудандағы кесек құю және май заводының директоры қызметін атқарған.

Ол 1969 жылы дүниеден өткен. Құдай қосқан қосағы Шарипа жеңгей екеуі 5 ұл, 5 қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бұл дүниеден өткендері де бар, ұрпақтары кең байтақ елімізде еңбек етуде.

Рысбай КӘРІМОВ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<