Ел ағасы

192

0

Ауыл ағалығынан асып, ағайынның жағасы бола білген Тұрсын Сарбалаұлы 1924 жылы Жаңақорған ауданының «Жайылма» ауылында жарық дүние есігін ашқан. Екі жыл өткен соң туған інісі Жүрсін өмірге келіпті. Әкесі мен анасының зарығып көрген тұңғыш баласына игі ырым-ниетпен Тұрсын деген есім қойылыпты. Қос ұлдың егіз туған қарындасының аты Сәуле, Зәуре екен. Ол тұрмыс түзелмеген, қызыл коммунистердің неше түрлі науқаны белең алып тұрған заман ғой. Сондықтан отбасының үлкені Тұрсын мектепте оқып жүріп, колхоз ісіне қолғабыс жасап, табысына көбінесе бір таба нан не күлше алып келетін көрінеді. Өзінің қарны аш болса да қойнына тығып «қарындастарым жесін» деп алып келеді екен. Міне, бауырмалдық! Ол кезде халық қаншалықты жарлы болса да, жаны жомарт, қайырымды болған ғой.

Мен немеренің үлкені болғандықтан Зауыткүл әженің баласы болып өстім. Әжем айтқан әңгімелердің базбірін жаңғыртсам, Тұрсын әкеміз білімге құштар болыпты. «Он жасқа толып үшінші класты бітіргеннен кейін-ақ нан тапты. Елде сауатты адам аз кезең ғой. Төртінші класты аяқтай салысымен өзі де оқуды қойып, есепшілік жұмысқа тұрды. Біз де содан кейін жоқшылықтан құтылып, ел қатарына іліндік» дейтін әжеміз бұл тұрғыда.

Республика жетекшілігіне құдайсыз, қаныпезер Ф.Голощекин келген соң-ақ елдегі береке кетіп, ерден бақ тая бастады. Атамыз Сарбаланың да сенімсіз элементтер қатарына ілініп шеттетілгені, айтпаса да түсінікті. 1928 жылы кедейлерге жұмыс тауып беріп ұйытып отырған байлар кәмпескеленді, билер қудаланды. Жақсы мен жаманды ажырата алмайтын уызына жарымаған шолақ белсенділер билеп-төстеп, ойран салды. Бұған табиғаттың құрғақшылығы қосылды, егін шықпай мұның арты ашаршылыққа ұласты. Әрине, жергілікті ел басшыларында нұрлы ақыл, ыстық қайрат болып, алдын ала қамданса, еңбекшілерді ұйымдастырып, жұмылдыра білсе, таулы қыр мен сұлу Сыр бойын бауырына басқан Жаңақорған өңірінде ырыс қашар, қалың ел жоғарғы жаққа қарай босар шұбырындылық орын алмас еді. Не керек, жан сақтау үшін Сарбала отбасы да өзбек жерінен бір-ақ шықты. Босқан ағайынмен бірге нанды елде жан сақтап, күн көрді. Сарбала атамыз сол жақта қайтыс болып, мәңгілік мекен тапты. Қарын тойып, туған жердегі жағдай да оңалған соң, Сарбала әулеті де біраз жақын туыстарымен бірге атамекенге оралды.

Жалпы, бұл жылдардағы әлеуметтік ахуал төмен болғаны, Кеңес өкіметі өнеркәсібін құрып, дамытып қол темір көліктерін, трактор соқаларын шығара бастағаннан кейін ғана жағдай жақсарғаны шындық. Әйтпесе жастар жағы мектеп есігін ашып сауаттана бастағанмен, үлкендердің дені қара танымайтын. Тұрмыс төмен болған соң, медицина ғылымы жетілмегендіктен адамдарға ауру-сырқау да жұққыш. Сондай күндердің бірінде бұл отбасындағы өрімдей қос қыз бала Сәуле мен Зәуре шешектен қайтыс болып кетеді. Шамасы, бұл қасірет-қайғы жоғарғы жаққа қоныс аудармай тұрған кезде орын алса керек.

Ілгеріде шет-жағасын айтып кеткендей, әкем 10-11 жасында-ақ есепшілік қызмет атқарды. Содан ат үстінде қағаз толтырып, шот қағып, нан табады. 1941-1942 жылдары соғыс басталып, майданға аттанды. Мергендік мектепте оқиды. Атқыш-мерген болып шайқасқа кіреді. Сталинград шайқасына қатысып, бұл жердегі бетбұрыстан соң кеңес әскері қатарында орыс жерін азат етуге атсалысады. 1944 жылы бір соғыста жау оғы тиіп, қатты жараланады. Әскери госпитальда емделіп, енді соғысуға жарамайтын болған соң, әскерден босатылып, туған ауылға оралған.

Өзінен екі жас кіші Тоқатқызы Ұлбазарға үйленді. Содан 1947 жылдың 18 мамыры күні тұңғышы – мен дүниеге келіппін.

Бұл кезде біз ағайынның ежелгі қоныстарының бірі – «Жайылмадамыз». Ол – қарт Қаратаудың бергі етегіндегі тегіс даланың алқабы. Мен ес білгелі әкем «Жайылма» бөлімшесінің бригадирі, тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі. Көктемде осы сиыр фермасы тауға көшеді. Түлкілі тауын басып өтіп, ілгері өрлеп, әсіресе Шоқымазар деген таудың жазығында, Жиделі өзенінің жағасында қоныстанған жер жадымда жақсы сақталған. Осы жерде кең жазық бар. Айнала киіз үйлер тігіледі. Екі, бәлкім үш мезгіл сиыр сауылады. Сүт өлшеніп, флягтерге құйылып, арбаға тиеліп, аудан орталығына тасылады. Артылғаны ма, біраз сүт сепараторға тартылып, қаймақ алынатын-ды. Сол кездегі сүт қандай тәтті, қаймақ қандай дәмді?! Әлі таңдайымда тұрғандай.

«Жайылмада» жүргендегі байқағаным, әкем елге сыйлы болды. Үлкенге де, кішіге де сөзі өтті. Өйткені, уәдесіне берік екені өз алдында, ол басқарған, қолға алған жұмыс бітетін, өрге басып жүре беретін. Түйткілдің көзін табатын, жұртты айтқанына көндіре білетін.

Мектеп – бағзыдан бері-ақ ауыл-ауылдағы басты білім-тәрбие ошағы ғана емес, негізгі мәдениеттің де ордасы. Қазақ ұрпағы үшін өмір сүретіндіктен, 1961 жылы «Коммунизм» ауылына көшіп келдік. Мұндағы ел түгелге жуық туысқандар екен, бірден тастай батып, судай сіңдік. Әрине, «Тауда бір бәле болса, Сырда мың бәле бар» дегендей, әсіресе жеткіншектер қатты қиналдық. Дау жоқ, суға түсетін арығы, дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызы керемет. Десек те таза, тұщы, тастай құдық суын тауып іше алмай, шөл қандыра алмадық. Іңір түсе андыздап, түнге қарай қаптап, әнге салатын масасы сұмдық. Кешке киноға барып, түнде қайттың ба, бетіңнен масаны сыпырып аласың. Түтіндік салмаса, сиыр да шыдай алмай, мөңірейтіні бар. Сортаң топырағын қойшы, сәл жаңбыр жауса, былшылдаған батпақ кешесің. Қойшы, кейін үйреніп алған соң, «Көккесене» де құтты мекенге айналғаны ақиқат.

Тұрсын Сарбалаұлы бұл жерде де белгілі, беделді екен. Бірден қосшылық, елге басшылық қызметке араласып кетті. Қойма меңгерушісі, қаракөл қабылдау орнының меңгерушісі, «Төменарық» совхозының №3 Коммунизм бөлімшесінің бастығы. Ақсақалдарымен де, адамдарымен де талайдан аралас-құралас, сыйлас екен. Мұндағы жетекшілікте жүрген, жұрт ағаларымен де етене біліс, біразымен құрдас. Мәселен, Мәжит, Өскен бұлармен төл құрдас ретінде қатты қалжыңдасып, сыйласқанына көп рет куә болдық. Тіпті әкесі үлкен болғандықтан жолы кеңдеу ме, әлде сөзге жүйріктеу ме, базбір қалжыңдасқанда басымдау түскенін де көз көрді. Шамасы, әкесіне тән «би» деген есім бұған да етене болғандықтан ба, «би» деген қосалқы аты болғаннан жұртшылық жақсы хабардар-тын.

Құдай берген төл болмыс, мінез болар, не нәрсені де тез бітіретін. Жедел қимылдап, шешімін де жылдам айтып, тіпті ашулануы да тез,  қайтымы да тез. Сондықтан да оған жеңгелері «Дөңгелек» деп ат қойса керек. Біреуге қатты ренжіп, кейде қиянат көріп жатса да, кек сақтамайтын. Дауласуға барса да, жауласуға жоқ-тын. Кешірімшіл. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» дейді ғой қазақ. Жұртқа жамандық ойламайтын, шын жақсы адамның ғана өкпе-реніші жібек орамал кепкенше тарқап кетсе керек.

Тұрсын Сарбалаұлы 1960 жылдардың аяғында бірнеше жыл қатарынан №3 бөлімшені басқарды. Қой көбейіп, қозы өсіп-өніп жатты. Жем-шөп жеткілікті дайындалып, әрбір отар дер кезінде жайлауға, қыстауға көшіріліп, мал бағуға барлық жағдай жасалғандықтан еді. Табыс мол. Шопандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Жаңылмасам, 1968 жылы осы №3 ферма мал басын өсіру, төл алу жөнінен Қызылорда облысында екінші орынға көтеріліп, республика деңгейінде алдыңғы қатарға шықты. «Еңбегіне қарай өнбегі». Әкемнің бар арттырғаны – үйде аптасына бір қой сойылып, студент кезімде ақшадан тарыққаным жоқ.

Шындығын айтқанда, ол кісі өмірден қолы да таза, жолы да таза болып өтті. Жақсы мағынасындағы коммунист еді. Құдайдан қатты қорқатын. Біреуге қылдай қиянат жасамақ түгіл, алдында тұрған кінәлі адамның арын қорлап, артық сөз айтпайтын. Әдебиеттен жақсы хабардарлығы өз алдына, өнерді қатты қадірлейтін. «Алпамыс батыр» жыры, Абай, Мұхтар Әуезов, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаевты танып, түсіне білді.

Әсіресе «Біржан-Сара» айтысын жиі оқитын, оқытатын. Нақ сол себепті де айтыскер ақын, құрдасы Манап Көкеновті айрықша сыйлап, арнайы шақырып, үйде талай рет қонақ етті.

Ол кісі жасы зейнетке жақындап, кеңшар жұмысынан қол үзген соң да қарап жатқан жоқ. Көп жыл «Төменарық» тұрмыс қажетін өтеу комбинатын басқарды. Бұдан бөлек ағайын, ел арасындағы қоғамдық шаруалардан да қағыс қалмады. Ағайынның іздейтіні өз алдына, ол өзі іздеп барып та мәселелер шешуге араласатын. Өз ауылымыздың мұң-мұқтажын, кемшілік-жетіспеушіліктерін қозғап, кеңшар басшылығын айтпағанда, аудан орталығына барып, ауатком, аупарткомның бірінші басшыларына кіріп, ұсынысын өткізіп шешіп қайтатын.

Ауыл, аймақ ақсақалы болған зейнет кезінде де бейнет тілеп алып, ұрпақ, ұлт келешегі үшін көп мәселе шешкен Тұрсын Сарбалаұлы 1994 жылы ғұмыр шыңы жетпіс жасқа аяқ басқан кезінде кенеттен өмірден өтті. Біз ұл-қыздары әкенің 70 жылдығын атап өтуге әзірлене бастап едік. Амал қанша, қара жер қойнына тапсыруға мәжбүр болдық. Шүкіршілік етеріміз, артында өлмес ісі мен өшпес ізі, ардақты аты мен ұрпағын қолдап-қорғар рухы-заты, берекесі қалды.

Баба есімін иеленген ауылындағы біраз жақсылар Тұрсын Сарбалаұлы жетпіске толғанда бір көше атын беруді ниет қылып еді. Бірақ бос көше жоқ екен. Оқасы жоқ, заман жақсарып, ауыл қайта өсер, халқы өсіп, жаңа көшелер де салынар. Есті ұрпақ ұмытпаса, арада сырғып біраз жыл өткенде: «Ау, ағайын, Алаш азаматтары. Біз көгеріп-көктеп, көсегелі елге айналдық. Нақ осында Қожамбердінің кешелі-бүгінгі ұрпақтары Өтешұлы Мақаштың, Балтабай Бахмановтың, Социалистік Еңбек ері Әлі Еламановтың, 1960 жылдары ауылымызды төрге оздырған Тұрсын Сарбалаұлының да ерен еңбегі бар ғой. Олар болмаса, мына біз жоқ болар едік қой» деп еске аларына күмән жоқ.

 Бақыт Сарбалаұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<