Қазір Тұрсынбай датқа атымен аталатын осы кішкентай ауылдан үлкен тұлғалар шыққан. Жүз жыл өмір сүріп, көріпкел, емшілік қасиеттерімен үш жүзге танылған Махамбет молданың баяны өз алдына. Облыс басқарып, қараша жұртқа игі пайдасын тигізген, елшіл жан Шәймерден Бәкіров те осы топырақта туған. Сол биіктер сапында қатарласып, осыдан он екі жыл бұрын өмірден өткен Әбілда Асанұлы Мәмбетовтің бейнесі тұрады.
Ол кісі 1936 жылы дүниеге келген. Отыз жылдан аса өмірін сауда саласына арнаған. Сұлутөбе сауда мекемесінің автодүкен меңгерушісі болып, «Тартоғай» қой совхозының шопандарына қызмет көрсеткен. Кеңес үкіметінің «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Облыстың Құрмет грамотасын алған, тұтынушылар одағының республикалық, облыстық дәрежедегі жүлдегері, он жыл бойы иығынан «Аудан чемпионы» деген атақтың алқызыл желегін шешпеген.
Сұлутөбе сауда мекемесінің автодүкен меңгерушісі болып қызмет еткен кезеңдеріндегі 1982-1983 жылдың мысалын алсақ, ол кісі міндеттемедегі 204 мың сом орнына 222,5 мың сомға сауда жасап, жоспарын 111,5 процентке орындаған.
…Совхоздың шопандары Сыр бойында бір-бірінен арақашықтығы 10-25 шақырымнан отырады. Сарысудың «Нұр», «Бала моласы», «Жүнтөбе» жайылымдарына қоныстанады. Оларды аралап шығу автолавкашыға жеңіл жұмыс емес. Сарысуда қасқиып жатқан қара жол қайда?! Құмды жағалап, тақырды қуалап тартады.
Күн ыстықта тоңазытқышы жоқ автолавкадағы заттардың бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан автолавкашы тоқтаусыз жүріп отырады. Әр барғанда қай малшы не зат әкелуге өтініш айтты, мұның бәрін жатқа біледі. Тіпті айтпаса да, кімнің не нәрсеге мұқтаж екенін көріп-біліп, сұраусыз апарып беріп жүретін де Әбекең.
Әбілда әкеміз біздің ауылдың темірқазығы, текті азаматы еді. Қолыма қалам ұстап жүрген журналист болған бір жылы Әбілда әкеміз жайлы мақала жазуға тура келген. Бірақ ол қой да, қойшысы да жоқ, Әбілда әкемнің өзі де өмірді тәрк етіп кеткен бүгінгі күндердің бірі еді.
Сол кезде Сыр елінің абызы атанған Сейілбек Шаухамановқа жолығып, бір-екі сұрақ қойғаным бар. Өйткені, бұл кісілер кезінде қатар қызмет етті. Сейілбек аға аудан басқарды, кейін облыс басшысы болды, ал Әбілда әкеміз сауда қызметінде жүрді.
Сейілбек ағамыз былай деп еді: «Ол сала жұмысының саңлағына айналды. Кеңес дәуірінің жоғары марапаттарын омырауға тақты. Сонымен қатар елдің дуалы ауыз ақсақалы атанды. Өйткені Әбекең – жұртқа жақсылық жасай білген адам, халқына қалтқысыз қызмет еткен кісі. Мен 1980 жылдары Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезімде Әбекеңмен жиі араластым. Сыйласуға, дос болуға қызмет шекара бола алмайды. Ол кісі жұрттың бәрімен сыйласты, барды көрді, жоққа берді, жомарт атанды. Осының бәріне көргені, ұстамы, атадан сіңген қасиеті алып келді деуге болады».
Әбілда ағамыз жайында бұл сөздерге бірнәрсе қосып айту қиын. Шын мәнінде адам бойындағы бар жақсы қасиет жүре келе қонбайды. Ол – ататектен. Сейілбек ағамыз шешен кісі еді ғой, «Тақыр жерге шөп те шықпайды», «Құдай үймеген төбені қолдап көтере алмайсың» дейтін нақыл сөздері бар еді. Ол осы сөздерді жақсы адамдарға қаратып айтатын.
Әбілда әкеміз бен Оразкүл анамыз тоғыз перзент өсірді.
Отбасының тұңғышы Күләнда «Ортақшыл» ауылының азаматы Жұмабаймен бас қосты, қазір Шиеліде тұрады. Ал ұлдарының үлкені Жарылқасын мен әулеттің үлкен келіні Мирамкүл туып-өскен ауылда қалды. Одан кейін Әбілқасым мен Күләйхан келіні Қызылордада. Сонан соң Талғат, ол да Қызылордада тұрады, зайыбы Сәбила – мектеп басшысы. Үш ұлдан кейінгі қыз Гүлзада Бижан есімді азаматпен бас қосты, қазір Түркістан қаласында. Қайрат өмірден ерте өтті. Артында Жеңіскүл келін мен бір ұл, бір қызы қалған. Ал Марат, Кенже келін екеуі қарашаңырақты ұстап отыр. Күлзия қарындасымыз ауыл азаматы Әлімханмен тұрмыс құрып, бала-шағалы болды. Үйдің кенжесі Жұмаділда да Самал келін екеуі өсіп-өніп отыр.
Әбілда әкем тек бала-шағасын ғана жеткізіп, бір үйдің әкесі болған жоқ, ол ауылдың әкесіне айналды.
Кімнің үйінде құдайы ас, той-томалақ болса, сол үйдің бір қажетін өзі көтеріп жүретін. Әлі есімде, есімдесі несі, мен ұмытпайтын мейірім, ол –менің облыстық кеңеске депутат болып сайланған кезім. Сонда жиырма алтыдамын. Әбілда әкем қалаға бір келгенде маған: «Халықтың ішінде жүресің, жиындарға барасың, мынаны киіп ал» деп, су жаңа кәстөм-шалбарды қолыма ұстатты. Шап-шақ екен, сонда шынымды айтсам, жаңа киім алуға жағдайым жоқ еді.
Енді мен өзім жас күнімнен қатар өскен Әбілқасым жайында айтайын.
Ол екеуміз қатар жүріп, бірге жетілдік. Менің Әбілда әкені аға демей, әке дейтінім сол. Шынында да бір әкенің баласындай болып өстік. Әбілқасым мектепті бітіріп, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалында білім алды. Еңбек жолын совхоздың машина-трактор шеберханасында механик болып бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Казсельхозтехника» базасы директорының орынбасары болды. Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер, аудандық «Казсельхозтехника» мекемесінің директоры болды. Бүкіл шаруашылықтар жекешеленіп, нарық заңына көшкенде «Алтыбас» шаруа қожалығын құрды, серіктестік ашып, құрылыс жұмыстарымен айналысты.
Мен мектептен соң қой шаруашылығының жұмыстарына араластым. Бас шопан Нәматулла, Зұлпықар, Есенжол секілді ағаларымыздың жәрдемшісі болдым. Ол кезде Әбілқасым совхозда жұмыс істеді. Бір жыл өндірістік еңбек өтілін алып барып, жоғары оқу орнына түсті. Қолы босаса мотоцикіліне мініп, мені іздеп келетін. Сонда «Қошқарбай» деген жердеміз. Қой соңында жүрген мен мотоцикльдің даусын естігеннен есім шыға қуанам. Екеуміз қыр басына отыра қалып сыр айтысамыз.
– Өлең оқышы, – деп ұмсынады Әбілқасым.
– Кеше өрісте жүріп ұмытып қалмайын деп құмның беткейіндегі аппақ қарға таяқпен жазып қойған өлеңім еріп кетіпті. Былжырап тұрса да оқып берейін, – деймін, өзіме көңілім толмайтынын сол сөзіммен мегзеп.
– Сен көр де тұр, ақын боласың, – дейді ол.
– Әй, қайдан, ол үшін институт оқу керек.
– Сенбейсің бе, менің аузыма Қалмақан әкем түкірген ғой. Менің айтқаным келеді.
– Қойыш-ш… Кәдімгі «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыров па?
Дәл сол сәттегі әңгіменің есте қалғаны Қалмақан әкеміздің атымен байланысты.
1963 жылдың күз айында Қалмақан әкеміз «Тартоғай» совхозының №3 фермасында тұратын Әбілда әкейдің үйіне келеді. Қасында Мардан Байділдаев бар екен.
Ас үстінде Әбілда әкей үлкен қызы Күләнда мен ұл баласы Жарылқасынды «Мыналар шал-кемпірдің баласы, мынау – өз балам» деп алты айлық Әбілқасымды бұлғақтатып Қалмақанға ұстатады. Жазушы сонда сәбидің аузына түкіріп, «үлке-ен азамат бол!» депті.
Сол Әбілқасым әуелі Құдай, Қалмақан әкеміздің адал пейілімен үлкен азамат болды. Ел ағасына айналды. Бес жыл Шиелі ауданы «Алмалы» ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарды. Қазір «Майлытоғай» ауылдық округінің әкімі.
Баяғыда Әбілда әкеміз осы оттың жағдайы қалай екен деп ауылдың кез келген үйіне кіріп, хал-жайын біліп, ертеңіне бір қап ұнын апарып береді екен. Алғанның емес, бергеннің берекесін білген адам еді. Сол дәстүр бүгінде балаларына көшті.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<