Елі ардақтаған  Алмагүл еді

388

0

Сурет ашық дереккөзден

Сол кездің көзімен қарап, қоғамның дамуымен, өркендеуімен, өсуімен бағамдасақ, комсомол жұмысы өмір өзенінің алғашқы арнасы іспетті. Ол партия, шаруашылық, саяси қызметтің нағыз қайнар көзі, бұлағы деуге әбден болар еді. Жастар арасындағы мәдени-көпшілік ұйымдастыру және саяси жұмыстардың сан түрі осы комсомолдан бастау алатын. Ең бастысы, осы жерде өмір сынағынан өтіп, түрлі тәлімін алып, ел таныған азамат атанып қалыптасатын. Бұл өмір мектебі еді.

Сол жұмысқа, яғни аудандық комсомол комитетінің І хатшысы болып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде келдім. Күні бүгінгідей көз алдымда, облыстық комсомол комитетінің активі өтіп жатты. Жиналыс әлі басталмаған, жақын жерде бос орын көрінбейді. Соңын ала кірдім, жиналыста отырған жастардан именіңкіреп қалғаным да рас еді. Сонда да сыр білдірмей, алға қарай адымдай басып келемін. Қатарлардың ортасынан ауа бергенімде біреу жеңімнен тартып, «мұнда отыр» деп әрі қарай ығысып, жанынан орын берді. Сөйтсем бұл қыздың есімі Алмагүл екен.

«Алаштың Ақселеуі» атанған ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің «Алдың алыс, артың жақын өмір-ай!» деген сөзі қазір есіме түсіп отырғанын несіне жасырайын. Сонан бері талай қыр асыппыз. Айырмашылығы кешегі албырт қыз Алмагүл есімі елге елеулі, Сыр өңірінің мақтанына айналған айтулы Алмагүл болды. Сол кездің өзінде-ақ өте білікті, сауатты, аз сөйлесе де тауып сөйлейтін, қандай да бір өзінің ұсыныс-пікірін шегіне жеткізіп айта алатын.

Табиғаты таза адамдар жан-жағына жылуын шашып жүретіні белгілі нәрсе ғой. Алмагүл көп ойланып, аз сөйлейтін, жұмыста тазалықты, адалдықты, талапшылдықты, дәлдікті, көлгірсімеуді пейілінің қалайтынын сол кездің өзінде оның болмысынан аңғаратын едік. Ұмытпасам, 1975 жылы болуы керек, Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы мәселесі жөнінде облыстық семинар-кеңес өтті. Аяқталғаннан кейін сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші секретары Амангелді Құдайбергенов облыстық партия комитетінің аппаратына қызмет ауыстыратын болып, барлық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары жиналды. Алмагүлдің тапсырмасы бойынша семинар аяқталған бойда Қызылорда қаласына баруға уәделескенбіз. Өкінішке қарай, семинар өте кеш аяқталды. Оның үстіне барлығымыздың басымыз қосылатынын білген, сол кездегі Жалағаш аудандық комсомол комитетінің І хатшысы Болат Мырзабеков үйінде болып кетуді сұрап, өтініп жүр. Сонда Алмагүл:

– Болат, сенің үйіңде 1 сағат ғана отырамыз. Бізді арнайы шақырған Әбекеңнің үйінен кешікпеуіміз керек, – деп кесіп, бір-ақ айтып, келісімге келдік.

Алмагүл белгілеген уақытта Болаттың үйінен шығып, барлығымыз 3-4 көлікке бөлініп мініп, Қызылордаға тарттық. Кешкі сағат 9-дар шамасы болып қалған. Ортамызда менің жерлесім, сол кездегі облыстағы ең жас партком секретары, Ленин атындағы совхоздың (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) партком секретары, марқұм Тұрсынбек Бекпанов бар. Барлығымыз жабылып, ол кісіні де Қызылордаға баруға көндірдік. Қасымызда ағамыздың қызметтік «ГАЗ-53» жаңа водовоз көлігі. Жолда біз мінген машинадан ақау шығып, моторы өшіп, тұрып қалды. Жүргізушілер түн ішінде не істесін, оны водовозға тіркеп алып, әрі қарай жүріп кеттік. Көп ұзамай екінші көлік те жолда тұрып қалды. Оны екінші етіп водовозға тіркедік. Әңгіменің тоқетері, бұзылмаған ең соңғы көлігіміз қалалық комсомол комитетінің І хатшысы, марқұм Бақыт Ермақашовтың «Волгасы» болатын. Оның да қалаға кіреберісте фары жанбай қалды. Не керек, бәріміз жиналып, әзілдеп, «партияның қолдауынсыз комсомолдар ешнәрсе атқара алмайды» деп ортамыздағы партия ұйымы секретарының қызметтік көлігіне үшінші машина етіп тіркеп, водовоздың кабинасына Бақытты отырғызып, «қала көшелерінде кездескен МАИ қызметкерлеріне жауап бересің» деп тізбектелген колонна болып қалаға кірдік. Таңғы сағат 4.00-ді көрсетіп тұрғанын байқасақ та, алдымызға Алмагүлді салып, Амангелді ағаның үйінің есігін қақтық. Әбекең мен жеңгеміз ештеңе болмағандай арқа-жарқа күліп, қарсы алды. Қанша ұялып, қысылып тұрсақ та Алмагүл бәріміздің атымыздан кешірім сұрап, қолымызды жуып, столға отырамыз дегенше дастархан мәзірі лезде дайындалып, арнайы келген тойымызды бастап-ақ жіберіп едік. Басымыз қосылғанда, барлығымыз сол қызық кезеңді сағынышпен еске алатынбыз.

Алмагүл алғырлығы, табандылығы, кеңпейілділігі, халықшылдығымен айналасының алғысына бөленгенін көзімізбен көріп, куәсі болдық. Өмірдің ағысы адамды әр тарапқа тартады. Сенімі ойына алған мұратына жетелейді. Комсомол жұмысында болған, Ұлы Отан соғысынан кейін туған ұрпақ бізді сексенінші жылдары аудан, облыс, республика көлеміндегі партия, совет, шаруашылық жұмыстарының басшылары дәрежесінде тағдыр қайта тоғыстырды. Облыс экономикасының дамуына өз үлесімізді қостық. Осы кезде де Алмагүл әрдайым қазақы қалыбын сақтап, ұлтымыздың ұлы құндылықтарын қадірлей білді. Әділ, ақиқатшыл, тәуекелшіл замандасымыздың әрбір жетістігі комсомол басшылығында бірге болғандар үшін мақтаныш еді. Ерінбей еңбек еткен, халықтың ортасында болған адамның шықпайтын биігі, аспайтын асуы болмайды. Өзінің осындай ерекше қабілетінің арқасында облыстағы жоғары лауазымды қызметтерде болды. Қандай қызметте де Алмагүл елдік мүддені бірінші орынға қойып, өзінің білікті әрі тәжірибелі басшы екенін көрсетті. Табиғатынан алғыр, зерек ол әріптестері алдында іскерлік қабілетімен, білімімен көрінді. Сабыр мен сыпайылықты серік етіп, еңсесін түсірмей қай кезде де қарапайым қалпынан айнымайтын. адами қасиетін, бойындағы кісілік пен кішілік тұнған парасатты болмысын көргенде осындай текті тұлғамен замандас болғанымызға қуанып отыратынбыз. Талапшыл да ізденімпаз жанның алдынан өткен шәкірттері арасынан да іскер ұйымдастырушылар шыққанын қазіргі қоғамда екінің бірі айтып жүр.

Алмагүл өз ісіне соншалық жауапкершілікпен қарады. Қандай да бір жұмыс, шаруа болмасын оның әділетті шешімін таба білетін, көпірме көпсөзділікті, жалған айтуды жаны қаламады. Өзіне де, өзгеге де талап қоятынын мұнан көп жыл бұрын білетін едік. Шаш ал десе бас алатын кеңес дәуірінің кезінде де өз төңірегіндегі, қарамағындағы білікті кадрларды танып, тәжірибесін орнымен пайдалануына ықпал жасап, оларды қолдап, қорғады.

Тағы бір қыры уәдесіне, халықтың алдында сөйлеген сөзіне аса бір жауапкершілікпен қарап, тек болатын, бітетін жұмысты, істі ғана тұжырымдап, ақ сөйлеп, ашық айтты. Еліміз егемендік алған жылдары Сыр өңірінде бір өзі, республикада санаулы қыздардың қатарында аудан басқарды. Тәуелсіздік тұғырын бекіте түсу жолында аянбай еңбек етті. Сонау қиыншылықтарға тап келген кезеңде елдің басын біріктіруге байланысты түйіні көп қиын, мәселелерді өзінің қайсарлығымен, қайраткерлігімен, байыппен шешу үшін өмірлік бай тәжірибесін, білімі мен білігін, ақыл-парасатын аянып қалған емес.

Пайым-парасаты, табиғатына тән ұйымдастыру қабілеті сол Тереңөзек ауданын басқарған кезде ашыла түсті. Қызмет атқарған орындарындағы әртүрлі материалдық мүмкіндіктерді ешуақытта өз мүддесі үшін пайдаланбағанын әріптестері айтып жүр. Кадр мәселесін шешкенде де асығыстыққа, қиянатқа жол бермеді. Жоғарыдағылардың өтінішімен аудандағы лауазымды орындарға лайықсыз адамдарды тағайындаған жоқ. Жақсы істерімен халықтың ойынан шыққан, танылған, мойындатқан кадрларды қолдап, қорғап, жұмыс жасауына жол ашып отырды.

Ауданды Алмагүл басқарған жылдары оңды өзгеріс көп болды. Таусылмайтын, бітпейтін қайнаған еңбектің ортасында өзі жүріп, мәселелерге атүсті қарамады. Өтініш айта, шағымдана келгендердің талап-тілектері дұрыс болса, сөзбұйдаға салмай, қол ұшын беруге әзір тұрды.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген дана халқымыздың нақылы Алмагүл сияқты абзал жанның болмыс-бейнесін баршаға паш еткендей. Саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет жасауға арнаған, елі ардақтаған Алмагүл Божанова облыстық мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттілігі аяқталғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы аппаратындағы жауапты жұмыстарды белсенділікпен атқарды.

Біз, соғыстан кейінгі ұрпақ білсек, оқысақ, үйренсек деп оқу-білімге құштар болып өстік. Отанның гүлденуіне өз үлесімізді қосқымыз келді. Сөйтіп жүріп жетілдік. Бала күнімізде электр жарығы деген жоқ, кітапты майшаммен оқыдық. Қазір үй толы кітапты балаларға оқыта алмаймыз. Қазақтың ешкімге ұқсамайтын педагогикасынан, ата-ананың тектілігінен, өмір көргендігінен тағылым-тәрбие алдық. Қазіргі жастар қарсы келе жатып амандасу былай тұрсын, жол бермейді. Мәселен, біздің әке-шешеміз «Көшеден үлкен кісі көрсеңдер, тұра қалып жол беріңдер! Қанша асығыс болсаңдар да, үлкен кісінің алдын кесіп өтпеңдер, күтіңдер, ол кісіге сәлем беріп, амандасыңдар» дейтін. Әрине, жастардың бәріне бірдей топырақ шашып, кінәлауға болмас. Дегенмен, мейірбандық, бауырмалдық азайып барады.

Бізді қиындыққа төзуге тәрбиеледі. Жұмысқа салды, жұмсады. Бір отбасында өскен көп бала бауырмал болдық. Қазіргі ата-аналар балаларының маңдайынан құс ұшырмаймыз деп өзімшіл етіп тәрбиелеп жатыр. «Сенен басқа ешкім жоқ, өзге үшін басыңды қатырма» деп санасына сіңіреді. «Мына жалғанда бір өзіңсің, өзің үшін өмір сүр» деп тәрбиелейді. Менмендіктің де ар жағында қоғам үшін, елім үшін, отбасым үшін деген игі талпыныс тұрса, әрине, жақсы ғой. «Менің машинам, менің жеке үйім, менің ақшам болу керек» дейді. Әрине, бұл жақсы емес.

Ертеңін өсіп-өніп отырған елімен байланыстыра алмайтындардың әрекеті, осындай қым-қуыт жағдайлар Алмагүлді қынжылтатын. Өзінің бастамасымен «Ұрпақтан-ұрпаққа» атты қоғамдық ұйым құрды. Оның филиалдары әр ауданда жұмыс жасап, елге, халыққа, қоғамға пайдасы зор тәрбиелік мәні бар, ауқымды жұмыстар атқарды.

Қоғам қайраткері, шебер басшы болған Сыр өңірінің ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына да үлес қосқан Алмагүл Божанованың жарқын бейнесі, ұлағаты ұмытылмайды.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

ЖАҚСЫНЫ ЖОҚТАУ

Мемлекет және қоғам қайраткері

Божанова Алмагүл апайдың қазасына

Жаныңды ажал шашқан жалын жасқап,

Апа, сен де кеттің бе, бәрін тастап?

Енді мен кімге барып мұң шағамын,

Енді мен кімге айтамын әнімді асқақ?

Көкте күн жасырғандай бұлтқа бетін,

Енді кімнен сұрайды жұрт қажетін?

Алма апа, ақ туы едің адалдықтың –

өзіңсіз жұрт та – жетім, ұлт та – жетім…

Жатсынбай бар қазақты, баласынбай,

жүруші ең арқасүйер ағасындай…

Бізге енді сіздей жақсы кім бола алар,

Болады өзіңіздей жанашыр қай?

Ешкімге естілместен ызғар үнің,

ерлерше етік киіп, мұз қарыдың.

Бездің бе бұл жалғаннан,

Нәті әйел деп,

Кейінгі ұл кетірген соң қыз қадірін?..

… Жоқтар ма едім мейіріңе жылынбасам,

ұмытылар ұлт дейтін мұңым қашан…

Ғұмырыңды арнар ма ең ел-жұртыңа,

Қазақтың қызы болып туылмасаң?..

Ел десе уайым – көңіл, алаң – ғұмыр,

Басқаға бұра алмадың санаңды бір…

…Қара жер қойнында да алтын басың,

Жатар-ау киелі етіп даламды бұл…

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,

әнші-композитор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<