Емхана журналынан табылған дерек

372

0

Фото: Автордан

Қармақшы ауданы қазіргі Алдашбай ахун ауылындағы Ораз ақсақалдың балалары ағайынды Төлеу, Жексембай, Ізкен бір мезетте майданға аттанған. Небәрі 28 бен 35 жас аралығындағы жігіттер бірге аттанғанмен, үшеуі үш жерде соғысқа араласады. Төлеу Сталинград қаласын қорғаса, ортаншысы Жексембай Беларусьті, кішісі Ізкен Ленинград қаласын азат ету жолында күресті.

Төлеу мен Ізкен жарақаттанып, елге оралды. Келісімен соғыстан кейін тұралап қалған шаруашылық жұмыстарына белсене араласты. Бірақ көңілдерінде қаяу бар. Өйткені Жексембайдан хабар болмады. Ең болмаса жатқан жерін тауып, құлыптас қойып, туған жерінің топырағын салуды армандады. Екі ақсақал да осылайша өмірден өтті.

Емхана журналынан табылған дерек

Аманат арқалаған Төлеу атаның немересі  биыл әлеуметтік желі арқылы Ораз баласы Жексембай туралы ақпаратты тапты. Беларусьтен  жеткен дерек бойынша ол кісі 1942 жылы Минск қаласы Масюковщина ауылында неміс әскерлері құрған «Шталаг-352» концлагерінде тұтқындалған. Онда жарайтындарын ауыр жұмыстарға салады, салқын жерге қамап, тамақ бермей, аштан-аш, қинайды. Жексембай Оразұлы сол концлагерьде жүріп емханаға түскен. Онда 6 күн жатып қайтыс болыпты. Майдангер туралы ақпарат осы емхананың журналынан табылған.

− Анықталғандай атамыз бауырластар зиратында жатыр. Нақты қойылған жері белгісіз. Бұл зиратта 80000-нан астам адам жерленіпті. Оның 10000-нан астамының аты-жөні белгілі, қалғаны белгісіз. Нақты жатқан жерін білмесек те, осы жылдың басында аталарымыздың арманын орындап, Ораз баласы Жексембай атамызға 82 жылдан кейін құлыптас қойып, туған жерінің топырағын салдық. Отан үшін отқа түскен батырларға мың алғыс, − дейді Әзиз Төлеуов.

Иә, ешкім де  ұмытылмауы тиіс. Әсіресе, туған жерге жете алмаған майдангерлердің есімі ұрпақ жадында жаңғырып тұруы керек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<