Енді қашан келесің, бұл өмірге…

530

0

Өмірде өз кәсібін жүрекпен сүйетін және оның қыр-сырын шын шеберлікпен меңгерген ерекше мамандық иелері көп емес. Көп болса айналамызда жүрер еді, ал, мен оларды жолықтырған жоқпын, менің білетінім – фототілші Болат Омарәлиев. Сол асыл жанның сұрөң дүниенің сықырлаған есігін тарс жауып кеткеніне де қырық күннің жүзі болыпты.

Бұл кісі кім еді, алдымен осыны айтып алайық. Ол облыстық «Сыр бойы» газетінің фототілшісі болған. Жарты ғасыр атқарған жұмысы сол, қызмет, атақ сұрамаған адам. 

1948 жылы 15 қарашада Сырдария ауданының қазіргі «Қоғалыкөл» ауылында туған. 

Еңбек жолын 1966 жылы Алматы қаласынан арнайы курс бітіріп келіп, фотограф болып жұмыс істеуден бастаған. 1967 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде, 1969 жылдан облыстық «Ленин жолы» газетінде еңбек еткен. Содан 45 жыл үзіліссіз фототілші болып, 2014 жылы зейнетке шықты. Елімізге танымал фототілші атанды.

1979 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті жариялаған фотоконкурстың бірінші бәйгесін жеңіп алған. Одан кейін де республикалық басылымдар жариялаған бәйгелердің жеңімпазы болған.

 КСРО-ның «Советское фото» деп аталатын журналы 1982 жылы Болат Омарәлиевтің фотоларын жариялаған. 1984 жылы 3 қыркүйекте Кеңестер Одағы бас басылымдарының бірі «Известия» газетінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянский «Ночь коротка, спят облака» деген көлемді мақаласын қызылордалық фототілшінің суреттерімен безендіріп жариялапты. Аспаннан ақ қанатын жайып періште түссе таңғалмайтын одақтық тілшіні Омарәлиев фотосындағы образдар қызықтырмай қоймаған сияқты.

1989 жылы сол кездегі «Ленин жолы» газетінің фототілшісі Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне қатысты. Сол жылы Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталады.

Оның шығармалары «Қазақ фотошежірешілері» альбомына, республикада шыққан көптеген тарихи кітаптарға енген. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында бірнеше рет, Польша мен Украинада фотокөрмелері ұйымдастырылған. 2017 жылы Астанада өткен EXPO көрмесі барысында фотосуреттері Ұлттық мұражайға қойылды.

2019 жылы көктемде «Ауыл» партиясы өткізген «Ауыл нақыштары» атты конкурста Омарәлиев шығармалары бірінші орынға ие болды.

Осы мақалада менің «шығарма» сөзін қолданып отырғанымды байқаған боларсыздар.

Өйткені, фотоға бейнелеу – өнер, қашаннан солай. Он тоғызыншы ғасырға дейін қылқаламмен салынған суреттерді бағалап келген эстетиктер одан беріде фотосуреттерді қымбатқа сатып алатын болған. Ал өнерді жасайтын – шығармашыл адамдар.

Болат ағаның фотошығармашылығында портрет, пейжаз, интерьер, архитектуралық кескіндер, бәрі бар. Әсіресе, бұл кісі адам портретін жасау шебері.

Ол кісінің мұрағатында – Шыңғыс, Мұқтар, Шәмші, Талғат, Нұрғиса, Әмина, Фариза сынды атақты тұлғалар мен өнер классиктерінің портреттері сақталған. Олардың бейнесінде ғасырдан ғасырға хат болып жететін саф алтындай сыр жатыр. Шындығында, осындай суреттерді түсіру үшін Болат ағаның Шыңғыс Айтматовқа, не болмаса Талғат Бигелдиновке «маған қара, былай түзуленіп тұр» демегені анық. Бірақ, осы суреттерден кейіпкер, кеңістік, суретші арасындағы үшжақты үйлесімділікті жазбай тануға болады.  

Болат ағаның адамды былай қойып, суретке кәдімгі жансыз ескерткіштерді қалай түсіргенін айтып түсіндірудің өзі қиын. Ол кісі көптеген сәулет өнері туындыларын фотография тіліне көшіре білді.

Бір жылы, Жеңіс мерекесі қарсаңында Болат ағаның бір суреті газетке  жарияланды. Ұмытпасам, сурет «Күту» деп аталады. Суретте белгісіз солдат ескерткішінің қапталында мұң торлаған кейуана отыр. Бір қарасаңыз ескерткіш алып, бір қарасаңыз кейуана заңғар болып көрінеді. Бейбақ бейненің құрғап қалған көз жанарындағы әлсіз сәуле өңменіңді тырнағандай ауыр күйді бастан кешесің. Ауыр ма, ащы ма, бұл күй, оны да білмейсің, арман деген паң осы ма, әлде? Әйтеуір уыстан сусып кеткен уақыттың уы жайылған бір мұң.

Міне, сурет өнері деген – осы. Болат ағаның кез келген суретімен «сөйлесуге», «сырласуға» болады. 

Қазіргі кезде суретке түсіру ермекке айналды. Сурет тілінің не екенін білмесек те, суретке түсіруге құмармыз. Әр смартфонда бір фотоаппарт бар. Жастар кез келген жерде бас бармағы мен балаң үйрегін қайшылап тұрып, суретке түсе береді.            

 Қай жылы мен газетке «Тойда түсірілген суреттер» деген мақала жаздым. Қазір тойға барсаң, жас балдар суретке түсіріп жүреді. Қалай түсіреді, қатарластырып қойып, басыңды қақшитып баса береді. Той деген – нағыз тосын әрекеттер ортасы, бір-бірімен сағына қауышып, айқара құшақтасып жатқан адамдардың қуанышы қандай ғажап! Дастарқан басындағы шынайы шүйіркелесу ше, ол да бір ғанибет. Бірақ, әлгі суретшілер адам жүзіндегі сол әсерлердің бәрін сырып тастап, фотоаппартқа телміртіп қояды. Ол кезде сен «қалай боп тұр екенмін, ә…» деген жасанды түрге көшіп аласың.

Сол мақаламды Болат ағам оқып: «Бір кезде суретке түсірумен айналыстың ба?» деп сұрады. Иә, мектепте жүргенде қызығушылығым болған. Сосын адам қимылының бір сәті өмірінің соңына дейін екінші мәрте ешқашан қайталанбайтынын айтып, терең әңгіме қозғады. Тақырыпты түсіне білгеніме ризашылық танытты. 

Рас, кейде суретке түсіру үшін фотошыға кейіпкерін арнайы дайындауға тура келеді. Әрине, объектив айнасы алдында тұрған бейне суретші шеберлігіне тәуелді. Нағыз маманның мүлт кетпейтін жері – осы тұс. Болат аға бойындағы бұл қасиет бала кезінде-ақ дамып, жетілген секілді.   

Адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін білдіретін сәттер үнемі өз қалпымен қоса-қабат жүрмейді. Қас қағым сәтте жарқ ете қалатын мыңнан бір мезетті әркімнің сезіп, көре білуі де екіталай. Сол сәтті фотосуретші табады, сол сәт Болат ағаның объективінде жүреді.

Марқұм Данабаев Қази ағам: «Екеуіңнің де бойың кішкентай, біреуің сөзбен, біреуің көзбен сурет саласыңдар. Мен білсем, Болат сенің әкең», – дейтін. Содан бастап, Бөкең әкемдей болды. Ол редакциядағы, облыс журналистикасындағы барлық жастардың әкесі, атасы атанды. Кейін зейнет демалысына кеткесін де мені көрсе, «пәленше не істеп жүр, түгенше қайда» деп жас балдарды сұрап, түгендейтін.

Зейнетке шыққан соң редакцияға мойын бұрмады. «Қанша жыл нанын жеген ақ отауым, сол отаудың ішінде оттай лаулаған жастарды көріп, баяғы албырт шағым есіме түсіп, өзіме өзім сыймаймын» дейтін, маған. Соны айтып тұрғанда ол емес, мен жылап тұрыппын. Неге екенін білмеймін.

Толқындаған тірлікті қалт тоқтатып, сосын қайта жан салатын мұндай дарын енді қашан туады, оны да білмеймін, мен…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<