Адал ісіне ақы сұрамайтын еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде. Сондай азаматтың бірі – Кеңесбай Жалғасбаев.
Ол 1941 жылы Сырдария ауданы Киров колхозында дүниеге келген. Кейін туған ауылында жетіжылдықты тәмамдаған.
Әкесі Жалғасбай әскер қатарында жүріп, 1942 жылы Ленинград облысы Залучский ауданы, Великого селосындағы шайқаста қаза болды. Заманның шатқаяқтап тұрған шағында кейіпкеріміз тағдыр салған қиындыққа мойымай, отбасына қолғабыс ету үшін еңбекке ерте араласады. 1961 жылы Қызылорда қаласындағы ДОСААФ-тан көлік жүргізушісі куәлігін алған ол колхозда комбайн айдап, егін орағында еңбек жолын бастайды.
Өзінің ісіне мығым, ортақ игілікке жанашыр мінезімен жұмыста жақсы беделге ие болды. Тынымсыз еңбегі, қабілеті туралы көзкөрген ауыл адамдары қазірге дейін айтып отырады. Шаруашылықта 1994 жылға дейін табан аудармай еңбек етіп, 43 жыл өтілімен зейнетке шықты.
Кеңесбай Жалғасбаев 1975 жылы соғыстан кейін ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Осыдан соң коммунистік партия қатарына алынды. Ал 2018 жылы Ж.Маханбетов ауылының 90 жылдық мерейтойында мерекелік медальмен марапатталды.
Кеңесбай аға жаны да, ары да таза, адамгершілігі мол, адалдық пен әділдіктен аттамаған ақкөңіл азамат, ұлағатты отбасының алтын діңгегі еді. Ол 2019 жылы 78 жасында дүниеден озды. Нағыз еңбек адамы атанған азаматтың артында әке рухын ардақтайтын, ұлағатты ұл мен қыз қалды. Олар Қазақстанның әр түкпірінде, әртүрлі салада еселі еңбек етуде.
Өмір көші бір орында тұрмайтыны әмбеге аян. Бүгінде саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған азаматтың артында айтып жүрер жақсылығы мен көзін көрген жақсылар қалды. Оның өзі болмаса да, елге еткен еңбегі жылдан-жылға көш тартып, аңыз боп көшері анық. Біз білетін ақиқат осы.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<