Адал іс атқарған еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне пайда әкелу үшін қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде. Сондай азаматтың бірі – Жүнайт Смайлов.
Ол 1926 жылы Сырдария ауданы В.Ленин колхозы №3 ауылда дүниеге келген. Кейін туған ауылында жетіжылдықты тәмамдаған. 1946 жылы Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, гидромелиорация мамандығын алып шығады. Бұл – соғыстың салқыны басыла қоймаған кезең. Заманның шатқаяқтап тұрған шағында кейіпкеріміз тағдыр салған қиындыққа мойымай, отбасына қолғабыс ету үшін еңбекке ерте араласады. 1949 жылы «Қызылорда плотина строй» құрылыс-монтаждау басқармасында (СМУ) шебер болып еңбек жолын бастайды. Сонда Сырдария өзеніне салынған су тоспасының құрылысы аяқталғанға дейін қызмет етеді. Кейін Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының су шаруашылығы бөлімінің бастығы міндетін абыроймен атқарды. Тиянақты тірлігінің көпке жаққаны болар, одан беріде де біраз қызметтің басында болды. Атап айтсақ, Қызылорда КСМ-нің өндірістік базасында аға шебер, «Қызылорда мелиорация» басқармасының №29 жылжымалы механикаландырылған колоннасында құрылыс шебері, №66 колоннасында учаске бастығы, «Қызылорда су шаруашылығы күрделі құрылыс» мекемесінде прораб қызметтерін атқарды.
Өзінің ісіне мығым, ортақ игілікке жанашыр мінезімен жұмыста жақсы беделге ие болды. Тынымсыз еңбегі, қабілеті туралы көзкөрген ауыл адамдары қазірге дейін айтып отырады.
– Қазақ «Әке көрген оқ жонар» дейді ғой. Мен де «ПМК-66» құдық қазу мекемесінде талай жыл табан аудармай еңбек етіп, зейнетке шықтым.
Әкемнің өмір жолы көз алдымда. Жұмысы қауырт еді. Ол кезде «Қызылорда су құрылысы» тресінде бүкіл Сырдария ауданы шаруашылықтарының су қондырғыларына жауапты учаске бастығы болатын. Сонда Жезқазған облысына дейінгі аралықтағы бүкіл ауылға құдық қазатынбыз. Қойшылар отыратын «Төсбұлақ», «Бақабұлақ», «Тоспа», «Қыздың шұбары», «Қарлығаштың қағы», «Қалмас», «Ахмет ишан», «Әбдірасыл тақыры», «Айманның тақыры» сияқты көптеген жерге «Зид» су насосы агрегаттарын, су насосын, су резервуарларын орнатамыз. Бұзылғанын жөндеп береміз. Қойшылар орналасқан жерлердің арасы 15 шақырымнан әрі. Ал су резервуарлары 5 шақырымнан орналастырылған. Оларды сумен толтыру да біздің міндетіміз еді. Қыс мезгілінде қойшылардың қыстауларына, су резервуарларына су жеткізу мекеме құзырында болатын. Әкем осыншама ауқымды, жауапты жұмыстардың басы-қасында болып, мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын. Біз соны көріп өстік – дейді Әлихан Жүнайтұлы әкесі туралы естелігінде.
Айта кету керек, өнегелі өмір иесінің еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жүнайт Смайлұлы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыстық, қалалық су шаруашылығы басқармаларының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Қандай қызметте болса да ел жайын естен шығармаған ол халықтың ақ батасы мен алғаусыз алғысын арқалады.
Жүнайт аға жаны да, ары да таза, адамгершілігі мол, адалдық пен әділдіктен аттамаған ақкөңіл азамат, ұлағатты отбасының алтын діңгегі еді. Ол 1984 жылы 58 жасында дүниеден озды. Нағыз еңбек адамы атанған азаматтың артында әке рухын ардақтайтын, ұлағатты ұл мен қыз қалды. Олар бүгінде Қазақстанның әр түкпірінде, әртүрлі салада еселі еңбек етуде. Асыл жары Оразкүл Хамзақызы екеуі жеті бала тәрбиелесе, бүгінде берекелі әулетте немере-шөберелер ер жетіп келеді.
Өмір көші бір орында тұрмайтыны әмбеге аян. Бүгінде саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған арда азаматтың артында айтып жүрер ісі мен көзін көрген жақсылар қалды. Оның өзі болмаса да, елге еткен еңбегі жылдан жылға көш тартып, аңыз болып көшері анық. Біз білетін жалғыз ақиқат осы ғана.
Ақтан Көкен
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<