Еңбегімен еленген еді

530

0

Аграрлық салада жемісті еңбек еткен Қаршыға Сасықбаевты Жалағаш жұрты жақсы біледі. Ақ күріш өндіруде алдыңғы қатардан көрініп жүрген «Таң» шаруашылығында ұзақ жылдар бойы тынбай тер төккен азамат ел несібесін молайтуға үлкен үлес қосты. Күріш өсіру қай кезде де диқанға оңай тиген жоқ. Сан алуан ауыртпалығы алдыңнан шығып жататын. Сол бір сәтте оған жауапты әрбір басшы азаматтың еңбекқорлығы, тиянақтылығы таразыға түсетін. Осындай уақытта Қаршыға ағамыз уақытпен санаспай, дәнді ысырапсыз жинап алуға ыждағаттылық танытты.

Көзкөрген замандастары ол кісінің жастайынан ел арасында белсенді әрекетімен ерекшеленгенін айтады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ комсомолда алдыңғы қатардан көрінген  жастардың бірі болған екен. Жастайынан елдік істердің ортасынан табылып, еңбек жолында да елдің ішінен көрінді. Алғашқыда ауылда механизатор-жұмысшы ретінде еңбек жолын бастап, белсенділік қасиетінің арқасында шаруашылық жетекшілерінің көзіне ерте түсті. Нәтижесінде 1979 жылы «Таң» ауылында комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды.

– Қаршығаны мектеп жасынан жақсы білемін. Жасымыз қатарлас еді. Бала кезінен елдің көзіне түсті. Қандай іс-шара болсын, ол алдыңғы қатардан көрінетін. Кейіннен еңбек жолында да сол жақсы қасиетінен жаңылған жоқ. Шаруашылықта түрлі игілікті істерді ұйымдастыруға белсене атсалысты. Әсіресе, жастар және комсомол істерінде жаңашыл жобалармен ерекшеленіп тұратын. Комсомол қызметінде жүрген жылдарда ауыл жастарының жалынды жетекшісіне айналды. Жасы өзімен қарайлас қыз-жігіттерді ортақ іске жұмылдыра білді. Сол жақсы істері әлі де біз секілді азаматтардың есінде жаңғырып тұр. Шаруашылық ісінде де Қаршығаның өз қолтаңбасы бар. Ұзақ жылдар бойы кеңшар директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Сондықтан оның ауыл шаруашылығы саласында жасаған әрбір ісі күні бүгінге дейін халықтың қажетіне жарап келеді, –  дейді ауылдасы Әлиасқар Әбдәзиев.

Қаршыға ағамыз ауылдың комсомол комитетінде 1986 жылға дейін қызмет атқарды. Сол жылдан бастап өзінің туып-өскен «Таң» елді мекенінде ауыл шаруашылығы саласына білек сыбана кірісіп кетті. Арада үш жылдай өткенде басшылар оның тәжірибесін ескере отырып шаруашылық директорының орынбасары қызметіне лайықты деп таныды.

Күріш оңай өсіп-өнетін дақыл емес. Ала жаздай табаны судан құрғамайтын дақылға күтім керек. Оны елдегілер жақсы біледі. Директордың орынбасары қызметіне келгеннен кейін жүктелген міндеттің үдесінен шығуға барын салды. Егін даласында жайқалған күміс дән қолынан кетпені түспейтін елдегі ағайынның өлшеусіз еңбегінің, маңдай терінің өтеуі екені белгілі. Жас маман сол қызу еңбектің ортасында жүрді. Еңбекшілермен бірге дала қосында жиналған әрбір дәннің қырманға ысырапсыз жетуіне зор үлес қосты.

Расын айту қажет, ол уақытта қазіргідей техника жоқтың қасы. Дән егетін және жинайтын техникалар жиі бұзылады. Осындай жауапты сәттерде Қаршыға ағамыз істің қиюын тауып, қызметіне сай белсенді еңбек жасады.

– Қаршыға жастайынан еңбекке араласты. Қай қызметте де өзін жақсы қырынан таныта білді. Қарапайым еңбекшіден бастап кеңшар директорының орынбасарлығына дейін өсу алғырлық қасиеті еді. Мұндай зор сенім еңбекқор, тәжірибелі, жауапкершілігі мол азаматтарға жүктелетіні тағы бар. Мен Қаршығамен шаруашылықта қатарлас еңбек еттім. Сол кезде байқағаным, ол шаруашылықта аянбай жұмыс жасады. Өзгелерге де сондай талап қоятын. Кемшілікке төзбейтін. Соның арқасында шаруашылық тірлігі қожыраған жоқ. Ісіміз өрге домалап жатты. Азаматтың осындай қасиеттерін замандастары жиі әңгіме етеміз. Қызметте қатал болғанымен өмірде жан баласына жамандығы жоқ азамат еді, – дейді ауылдасы Мұхамедияр Қабылтаев.

2002 жылы Қаршыға ағамыз «Ұмтыл» шаруа қожалығын құрды. Ұзақ жылғы тәжірибесі қожалық жұмысын алға жетеледі. Күріштен мол өнім алды. Оған қоса мал азығы ретінде жоңышқа егіп, төрт түлікті түлетуге зер салды.

Жастайынан еңбекпен жетілген жайсаң жан балаларын да қара жердің қадірін білуге тәрбиелеп өсірді. Құдай қосқан қосағы Марал екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Шаруашылықтың мың-сан жұмысымен қатар бала тәрбиесін де көзден таса еткен жоқ. Олардың білім алуына, қоғамнан өз орнын табуына ақыл-кеңесін берді. Бүгінде ұл-қызынан немерелері өсіп келеді.

Халқымызда «Жақсы адам елдің ырысы, жақсы сөз жанның тынысы» деген сөз бар. Өткен жылы өмірден озған Қаршыға ағамыздың елге ырыс болған бейнесі көптің жадында жаңғыра бермек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<