Жалағаш ауданының тарихында 1964-1972 жылдардың алатын орнының айрықша екенін бүгінде біреу білсе, біреу аңғармауы мүмкін. Бұл жылдарды еске алып, келер ұрпаққа жеткізіп отырудың артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз.
Осы кезеңде ауданда халық шаруашылығының барлық салалары бойынша алға басушылық, еңбек етуге деген қызығушылық басым болды. Соның арқасында еңбек озаттары дараланып шыға бастады. Экономика мен мәдениет жаңа бағыт алды. Ауыл шаруашылығы өркендеп өсу жолына түсті. Егіншілік саласында инженерлік тегістелген жер көлемі 29 мың гектарға жетті.
Мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер болды. Аудан совхоздарында ірі қара 20 мың, жылқы 5 мың, түйе 2 мың, қой 100 мың басқа жетті.
Күріштен рекордтық өнім алғаны үшін Ленин комсомолы атындағы совхоздың күрішшісі Несіпбай Әпрезов, «Аққұм» совхозының күрішшісі Қазына Жүсіпова, «Коммунизм» совхозының күрішшісі Тұршабек Елеусінов «Социалистік Еңбек Ері» атанып, кеуделеріне Алтын Жұлдыз тақты. «Жаңаталап» совхозының директоры Алдаберген Бисенов, «Мәдениет» совхозының директоры Ұзақ Еспанов «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды.
Жалпы Сыр өңірінде есімі ғасырлар бойы жасап келе жатқан адамдар болғанына бәріміз де куәгерміз. Енді солардың қатарына жаңа есімдер қосылғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Сол уақытта еңбек озаттары көптеп шығып, жүздеген адам орден-медальдармен марапатталды. Атап айтсақ, Ленин комсомолы атындағы совхоздың күрішшілері Рсалды Сүлейменова «Ленин», Бағжан Достанова «Октябрь революциясы», Сәрсен Балықбаева «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Аққұм совхозының күрішшілері Ералы Түменбаев «Октябрь революциясы», Ермекбай Әлібеков «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Коммунизм» совхозының күрішшілері Сасықбай Дәулетбеков пен Ә.Смағұлов «Ленин», совхоздың бөлімше меңгерушісі Тоқан Боранбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
«Жаңаталап» совхозының бас агрономы Мақсұт Нұрділдаев «Ленин» орденіне, Калинин атындағы совхоздың күрішшілері Цой Ир Сен «Ленин», Цой Рикс «Еңбек Қызыл Ту» орденіне, Жалағаш совхозының шопандары Әбіл Қарпықов «Ленин», Тұрабай Ермекбаев пен Өтеген Маханбетов «Еңбек Қызыл Ту» орденіне, «Аққыр» совхозының шопандары Майтан Ахметов пен Көшер Жақсымов «Ленин», Балағали Кәрібаев пен Базарбай Ахметов «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды.
Сондай-ақ, Мәдениет совхозының өндіріс бригадирлері Жақсылық Шайманов, Кенішбай Әлшоразов, Тұрлыбай Әбдіқалықов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары болды. Облыста тұңғыш рет «Коммунизм» совхозының туына 1967 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылды.
Ауданды ол кезде мемлекет және қоғам қайраткері, өз заманының аса кемеңгер азаматы, қоғамдағы орны мен ролі ерекше тұлға ретінде танылған, Сыр елінің мақтанышына айналған Исатай Әбдікәрімов басқаратын. Ол жайлы Жалағаш аудандық советі атқару комитетінің председателі болып еңбек еткен Сейтнәби Мұқашев естелігінде былай дейді:
«Аты ел аузында ілтипатпен аталған ағаның жарасымды жақсы ісі жайлы әңгімемізді қорытындылай келе, тағы да бір шегініс жасауға тура келіп отыр. Байекеңнен кейін екі-үш жыл шамасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Исатай Әбдікәрімов келді. Исекең оған дейін көп жыл Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген, өмірлік тәжірибесі мол, сауатты да мәдениетті кісі екен. Келе іске қызу кірісіп, ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қай саланы қолға алмасын, істің көзін таба білетіндігімен, тетігін дөп басатындығымен ерекшеленді. Алдағы тұрған мәселені одақтық, республикалық дәрежеде қойып, шешуге әбден жетік адам екенін байқатты. Оның уақытында Жалағаштың талай түйінді мәселелері шешілді».
Аудандық партия комитетінің бірінші секретары Исатай Әбдікәрімов өзі еңбек еткен жылдары ауданды өрге көтеріп, өзі де «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған еді. Осы Еңбек Ерлерінің бірегейі – Алдаберген Бисенов. Оған кезінде қазақтың орақ тілді, атақты ақыны Асқар Тоқмағамбетов, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қомшабай Сүйенішов, ақындар Ұзақ Еспанов, Темірше Сарыбаев, Жақсыбай Сарбалаев, Балғабай Имашев, Ғазиза Әбілдаева өлең-жырларын арнады. Журналист-жазушылар 1979 жылы «Өрлеу жолында», 1996 жылы «Нар тұлға», 2004 жылы «Өнегелі өмір», 2006 жылы «Рухқа тағзым» атты кітап жазды. Аудандық газеттен бастап, республикалық «Егемен Қазақстанға» дейін ол жөнінде мақалалар жарияланды.
Мен де бүгінгі күні Алдекеңнің, Алдаберген Бисенов ағамыздың туғанына 90 жыл толуына орай естігенімізді, көргенімді, білгенімді, бірге болған сәттерді еске ала отырып, естелік жазуды жөн санадым.
Алдаберген Бисенов 1926 жылы «Аққұм» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын туған ауылында қарапайым жұмысшы болудан бастаған. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңісті Германияның Магденбург қаласында қарсы алды. Армия қатарынан оралғаннан соң 1952-1955 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. Кейін «Мәдениет» МТС учаскелік механик болып жұмыс жасайды.
1958-1959 жылдары «Жаңаталап» ұжымшарының төрағасы қызметінде болады. 1960-1961 жылдары Алматы қаласындағы совхоз директорларын даярлайтын арнаулы курста оқиды. 1962-1972 жылдары үзіліссіз он жыл бойы «Жаңаталап» совхозының директоры болып қызмет атқарды. 1972-1988 жылдар ішінде Тереңөзек ауданының Қазақстанның 50 жылдығы совхозында (қазіргі Нағи Ілиясов ауылы) директор болып жұмыс жасайды.
Еңбектен қол үзбей жүріп, сырттай оқып 1970 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітіріп, жоғары білім алды.
Ол – еткен еңбегіне орай мемлекет тарапынан өз бағасын алған азамат. КСРО жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медалінің иегері. Есімі Қазақстанның «Құрмет», «Алтын» кітабына жазылған. I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерімен наградталған. Социалистік Еңбек Ері. Қазақстан Компартиясының XIV съезіне делегат болып сайланған. Үкімет қаулысымен Жалағаш ауданының Аққұм ауылындағы №38 орта мектепке есімі берілген.
II
Енді жылдардың ара-жігін ажыратып, кейіпкерімнің өмір белестері жайлы әңгіме айтпақпын. «Жер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» дейді халық. Ерлік – ердің ісі, бірақ оның көрінісі тоқсан түрлі.
«Жаңаталап» совхозының 1964 жылғы көрсеткіштеріне зер салатын болсақ, күріштің әрбір гектарынан 14 центнерден ғана өнім алыныпты. Егілген күріштің көлемі 600 гектар шамасында. Басқа дақылдардан да мардымды өнім болмаған. Мал шаруашылығының жағдайы да онша емес-тұғын.
Осындай барлық жағынан тұралаған шаруашылықты бір қалыпқа түсіру, межелі жұмысты жүзеге асыру үшін совхоз директорына білім, іскерлік, еңбекшілерді жұмысқа жұмылдыруға тура келді. Шаруашылықты өмір талабына сай жүргізу үшін, ең алдымен, барлық буындағы кадрларды өз орнына қоя білуге басты назар аударды. Бұл ретте совхоз партия комитетімен бірлесе отырып нақты шараларды іске асырды. Кейбір кадр жөніндегі мәселелерді коллектив мүшелерімен ақылдаса отырып шешті. Совхоз еңбекшілерін алда тұрған міндеттерді шешуге жұмылдыруда партия жиналысының ролін пайдалана білді. Кәсіподақ, комсомол ұйымдарының белсенділігін көтеруге қолдау жасап отырды. Шаруашылықты механикаландыру, көтерілген тың мәселелерді өндіріске енгізу жүзеге асырылды.
Жерді тегістейтін арнайы бригада ұйымдастырды. Күріш өсіретін бригадаларды қайта жасақтап, олардың құрамына жастарды көбірек тарта бастады. Каналдарды тазалау, су жүретін арықтарды қалыпты жағдайға келтіру басты назарда болды. Зябь жырту жұмысын жер қатпай тұрып аяқтауды талап етті. Өйткені жер қатқаннан кейін жыртылған зябь өнім бермейтінін күрішші білу керек.
Жалпы егіншілікке байланысты шаралардың барлығы тек агротехникалық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар совхозда тұрғын үйлер мен мал қыстауларын жөндейтін бригадалар құрылып, жұмыс істей бастады. Ағаш жонатын, есік-терезе салатын арнаулы цех іске кірісті. Осылайша еңбек ету мен жұмысты ұйымдастырудың арқасында өзі басқарған совхозды үш-төрт жылдың ішінде еңселі шаруашылықтар қатарына қосты.
1970 жылы совхоз бойынша күріш егісінің көлемі 1600 гектарға жеткізіліп, оның әрбір гектарынан 50 центнердің үстінде өнім алынды. Бұл көрсеткіш сол заманның өлшемімен алғанда рекордтық болып есептелетін. Сөйтіп, шаруашылық жылды 800 мың сомның үстінде таза пайдамен қорытындылады. Бұл жыл сегізінші бесжылдықтың қорытындылаушы жылы болатын.
Ол кезде 1965-1970-жылдар аралығындағы атқарылатын жұмыстың мөлшерін бесжылдық жоспар деп атайтын. Оны артығымен орындаған «Жаңаталап» совхозы 1970 жылы КПСС Орталық Комитетінің, ВЦСПС-ның, ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы «Қызыл Туын» жеңіп алды. Бұл жетістік тек облысқа ғана емес, республикаға мәлім болды.
Совхозды мешеуліктен құтқарып, ауданның ғана емес, облыстың, республиканың үлгі тұтар шаруашылығына айналдырғаны үшін халық құрметіне бөленіп, мемлекеттің сенімінен шығып даңққа ие болды. Соның дәлелі 1971 жылдың 9 сәуір күні республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Бесжылдық жоспарын орындауда аса көрнекті табысқа жеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указы бойынша Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» совхозының директоры Бисенов Алдабергенге «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылсын» деп жазылған болатын.
III
Іскерлігін ел таныған Алдекең облыс басшыларының назарында болатын. Сол жылдары Тереңөзек ауданындағы Қазақстанның 50 жылдығы (бүгінде Нағи Ілиясов атымен аталады) атындағы совхоз экономикасы құлдырап, шаруашылығы шашыраған дәрежеге жеткен еді. Оны жөндейтін мықты басшы керек болды. Ойлана келе билік басындағылар «бұл шаруашылықты жөндей алатын кадр «Жаңаталап» совхозының директоры Алдаберген Бисенов деген» тоқтамға келеді. Сонымен ол 1972 жылы аталған совхозға директор болып бекітілді. Тағы да тынымсыз еңбек. Шешілмей жатқан проблема көп. Бірін шешіп жатса, ойда-жоқта тағы біреуі шығып жатады. Мұндайда шыдамдылық та керек. Алдекең шаруашылықты рентабельді совхозға айналдыруым керек деген міндет қойып, жұмыс жасады.
Халықты еңбек етуге жұмылдыра білетін қабілетімен аз уақытта шаруашылықтағы еңбек тәртібін жолға қойып, әрбір жауапты қызметкердің жұмысын тұрақты бақылауда ұстады. Өндіріске техника жаңалықтары мен озат тәжірибелерді батыл енгізіп отырды. Совхоздың жұмысшы-қызметкерлеріне тұрмыстық жағдай жасауды басты назарда ұстады.
Облыстың тиісті мекемелерімен келісе отырып, аудандық партия комитетінің қолдауымен совхоз орталығынан жаңа тұрғын үйлер, Мәдениет сарайын, үлкен сауда орталығын, қонақ үй, әкімшілік және тұрмыстық қызмет көрсету сияқты нысандар салуға қол жетті. Көшелер жөнделіп асфальтталды. Ағаш егіліп, ауызсу мен аяқсу мәселелері шешілді. Түнде көшелерде электр жарығы жанып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, совхоз орталығын қала типтес ауылға айналдырды. Мұны естігендер жаңалықты көруге, танысуға жыл он екі ай бойы жан-жақтан келіп-кетіп жататын. Алматыдан, Мәскеуден келген лауазымды адамдарға көрсететін дәрежеге жеткеніне куәміз.
Әрине, бұл кезде совхоздың біз әңгіме етіп отырған сыртқы бейнесі мен ішкі шаруашылық жағдайы бір-біріне сай еді. Күріш егісінің көлемі 3000-3500 гектарға дейін жеткізіліп, жыл сайын орташа өнім 50 центнердің үстінде алынды. Мемлекетке 100-160 мың центнерден астық тапсырылып, социалистік міндеттемелер мен жоспарлар артығымен орындалды. Бақша, картоп дақылдарынан алынған өнім де жоғары болды.
Мал шаруашылығы саласы да өмір талабына сай жүргізілді. Совхоздың ірі қара фермасындағы асылтұқымды сиыр саны 4000 басқа жеткізіліп, жоспарға сай төл алынды. Әр аналық сиырдан 3800 литрден сүт өндіріліп, мемлекетке сүт тапсыру жоспары артығымен орындалды.
Алдекең бұл совхозды он жеті жыл үзіліссіз басқарып, республикадағы ең үздік шаруашылықтардың қатарына қосып, 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың:
– Бірақ мен адам емен ізім тақыр,
Мейлі жұрт «алтын» десін мейлі «бақыр»,
Жолында өзім ерген ұлы көштің
Бірталай мен қалдырған мүлік жатыр, –
деп жырлағанындай Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің де Жалағаш, Тереңөзек (қазіргі Сырдария) аудандарында еңбекпен өрген емір жолының мәңгі өшпес ізі жатқаны анық.
IV
«Отбасы сәні – сыйластық» демекші, Алдекеңнің жұбайы Зүбайра жеңгеміз де ағамыздың уақытпен санаспай еңбек етуіне бар жағдай жасап, өзінің ақыл-парасатын, күш-қайратын жұмсады. Қазақта ана бейнеті, ана арманы, ана бақыты, ұрпақ қызығы деген ұлағатты сөздер бар. Соның барлығын есіне сақтай білген және оны құрметтей білген Зүбайра жеңгеміз – дүниеге тоғыз бала әкелген Батыр ана.
Ата-ана тәрбиесін ұға білген, олардың асыл қасиеттерін бойларына сіңіре білген, ұл-қыздары – бүгінде бір-бір берекелі шаңырақтың иелері.
V
Әр заманның өзіне тән ерекшеліктері бар. Мысалы, ол уақытта ауылдарда қонақ үй, кафе-ресторан жоқтың қасы. Ауданнан бастап, республика аралығында совхозға қызмет бабымен келген өкілдер көпшілік жағдайда директордың үйінде қонақ болатын. Бұл өзі жазылмаған заңдылық еді. Оның үстіне қазақ халқы – о бастан қонақжай. Алдекеңнің үйі қонақтан арылмайтын. Бірі келіп, бірі кетіп жататын. Жеңгеміз Зүбайра қабақ шытпай қарсы алып, солардың бабын тауып жайлайтын.
Бұл отбасында дуалы ауыз ғұламалар, әлемге әйгілі тау тұлғалы азаматтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен өнердің небір жүйріктері, ақниетті қарапайым адал жандар дәм татып, ақ батасын берген. 1976 жылы Д.Қонаев Қызылорда облысында іссапарда болғанда Тереңөзек ауданының «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхоз шаруашылығын аралап көріп, іскер басшының жұмысына ризашылық білдіріпті. Сол жолы Алдекең мен Зүбайра жеңгеміздің отбасында болып, дәм татқан.
Ол ата-бабаның ескі салт-дәстүрін жақсы білетін және оны сақтайтын. Сыр сүлейлерінің өзі көрген Рүстембек, Нартай, Әбілда, Мырзағали, Шамшат және басқа да жырауларды аса құрметтейтін. Олардың термелерін үн таспаға жаздырып алып, бос уақытында тыңдайтынын ауылдастарынан талай рет естідік. Бәлкім, солардың барлығы да осы шаңырақта болып, ақ бата берген шығар-ау!
VI
Ардагер Науқанбай Шуақбаев ағамыз 2014 жылы шыққан «Тарих тағылымы» атты естелік кітабында былай деп жазыпты:
«Алдаберген ағамыз зейнеткерлікке шыққан жылы Аққұм ауылындағы ата қонысынан 6-7 бөлмелі жоспарлы үй салдырды да, көшіп келді. Ауылға келген соң ол кісімен жиі араласып, шақырған құдайы, тойларға бірге барып, үйімізге қонаққа шақырып, өткен уақыттың қызықты оқиғаларын еске алып, әңгімелесетін едік. Бір отырыста Алдекең: «Қаладан қора-жай салып алып, отырып қалуға болатын еді, олай етпей ауылға, туған жерге, таза ауаға, атақонысқа келіп орналасып, аздап мал ұстап, бақша егіп, елдегі үлкендермен, өз қатарларыммен, қадірлес інілеріммен бірге болайын дедім», – деп отырды. Бірге отырған біз: «Мұныңыз дұрыс болған, терең ойлы, мол ақылды кісінің ортамызға келгеніне қуанып отырмыз», – дедік.
Осы жолдарды оқи отырып Алдекеңнің туған жерге сүйіспеншілігінің үлгісін көресіз. Туған ауылынан қалаға көшіп барып, әсем үй салып тұратындардың қатарына қосылмағанына риза болып, туған топырағын сыйлауды осындай ағалардан үйренсек қой деген ойға қаласыз.
VII
Жиырма бес жыл бойы үздіксіз Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» совхозын, Тереңөзек ауданындағы «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхозды басқарған Алдаберген Бисенов облыстың ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге зор үлес қосқан.
Өндіріске озат тәжірибе мен ғылым жаңалықтарын батыл енгізу, жаңа технологияны жергілікті жерде тиімді пайдалану, еңбек өнімділігін жақсарту, жұмыс күшін орнымен жұмсай білу, шаруашылықтың рентабельділігін көтеру жөнінде тың бастамалар бастаған.
Ол қандай жұмысты атқарғанда да адамға сене, сүйене білетін, тіпті үміт артып қолдайтын. Тапсырма берген адамына үлкен құрметпен қарайтын. Мұндай сенім артып тұрғаннан кейін кім де болса тау қопармаса да қолынан келетін жұмыстан бас тартпай атқаратын.
Оның қарапайымдығы, адамды жатырқамайтыны, кіммен болса да тең дәрежеде сөйлесетіні, адамдардың кеуіліне дақ түсірмей арыз-шағымдарына құлақ қоятыны, мұң-мұқтаждарын назардан тыс қалдырмайтыны – баршаға үлгі-тұғын.
Ол – өрелі міндеттер мен биік мақсаттарды бағындыра білген адам.
Ол – жастарды еңбек етуге үйрете білген, өзінің адамгершілігімен өнеге көрсете білген басшы.
Ол – әділ сөйлеп, адал жүретін, ұлттық қасиеті мол азамат.
Ол – бастаған ісін бітірмейінше тыным таппайтын ерекше тұлға.
Ол – өзінің көрегендігі, ақылымен, ізденімпаздығымен еңбектің көркін қыздыра білген абзал жан.
Ол – жаңа идеяны батыл қолдаған, бар өмірін өндіріске арнаған айтулы қайраткер.
Алдекеңнің өзі, оның отбасының тәлім-тәрбиесі – жас ұрпаққа өнеге. Күнделікті естіп жүрген «Жақсының аты өшпейді» деген қанатты сөздің астарында ақиқат бар. Өмірде жақсының аты ісімен, өнегесімен, адалдығымен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді.
VIII
Атқан оқтай зымыраған уақыттың 2002 жылының 23 маусымы күні өз ортасының темірқазығы, қазыналы қария, ардагер ағамыз Алдаберген Бисенов кіндік қаны тамған туған топырағында дүниеден озды. Сондағы азаға қатысқан Социалистік Еңбек Ері, ақын Ұзақ Еспановтың арнауын бүгін тағы бір оқып көрейікші:
– Сыр елінің бірегейі едің, бірі едің,
Еңбегің ерен, азамат едің, ірі едің,
Бұл не деген орны толмас өкініш,
Арамызда алшаңдап кеше жүр едің.
Бүкіл елге қадірлі едің, сүйікті ең,
Дара тұлғаң көрініп тұрған биіктен,
Көздің жасын мөлдіретіп тия алмай,
Алдыңда міне, басымды тұрмын иіп мен.
Еліңе деген мол еді, аға өнегең,
Туым да едің түсірмей жүрер төбеден,
Жас ұрпақтар ардақ тұтар, үлгі етер,
Көзі едің қалған да бізге көнеден.
Аллаға да керек болған шығарсың,
Толысып тұрған саялы биік шынарсың,
Халық алдында саған берер уәдем,
Жүрегімде мәңгі жыр боп тұрарсың.
Қалай айтқанда да уақыт озған, өткен күн алыстаған сайын, ардақ тұтар азаматтың жақұттай жарқыраған есімі ел есінде мәңгіге сақталатыны шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Қашан да, қандай іске болса да халық өзінің әділ бағасын берген. Өйткені, қай дәуірде де, халық бағасын беріп, ұрпақтан-ұрпаққа өмір жолын үлгі-өнеге етіп айтып жүретін адамдар болған. Сондай адамдардың санатындағы Алдаберген Бисенов ағамыздың жүріп өткен жолы жастарға өнеге, елінің мақтанышы болып қала берері даусыз ақиқат.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<