Еңбекпен өрілген өмір

366

0

Кейіпкеріміз – саналы ғұмырын ауыл шаруашылығының сан тірлігіне арнап, бейнетін тартып, өзінің парасат-пайымымен ел жағдайын жеке басынан жоғары қойған жан. Атакәсіпті дамытып, малдың жай-күйін өзгелерге де үйретіп, өзі де өмір академиясынан көп нәрсені түюден жалықпаған. Арал ауданының қыр беткейінде қой шаруашылығын өрістетіп, төрт түліктің ең момынын көбейткен ардагер жайлы кейінгі буын біле бермес. Сонау 70-90-жылдары «Жіңішкеқұм» совхозында түрлі қызмет атқарып, совхоз директорлығына дейін өскен Наурызбай Әбубәкіров жайлы сұрай қалсаңыз, көнекөздер «ее, жарқылдап өткен бір жайсаң еді» деп ескі естелікті ағытары анық.

Адами абзал қасиеті мен еңбек жолы көпшілікке үлгі қайраткер ағаны білетіндер үлкенмен де, кішімен де, басшымен де, қосшымен де тіл табысқанын, сыйлата, тыңдата, басқара білгенін айтып жүр. Қырдағы һәм құмдағы тіршілікті ұйыстырған Наурызбай ағамыз еңбек жолын ветсанитар болып бастаған.

Наурызбай Ұлы Отан соғысының ардагері Әбубәкір қарияның әулетінде Аралға қарасты бұрынғы Калинин колхозында дүниеге келген. Ол колхоздың бүгінде орны да жоқ. Білетіндер сол «Қарақұм» жеріндегі майда колхоздардың бірі болғанын айтады.

Соғыс біткен соң үш жылдан кейін, яғни 1948 жылы дүниеге келген Наурызбайдың балалық шағы қырда өтті. «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» деп тегін айтылмаған шығар, сірә. Жері отты, шөбі шүйгін өлкенің малға жайлы екені әу бастан белгілі. Көз ашқалы төрт түліктің жайына қанық Наурызбай да жастайынан атакәсіптің қыр-сырына ұғып өсті.

Әкесі Әбубәкір көп жыл Калинин, кейіннен «Қарақұм» совхозына қарасты №2, яғни «Жіңішкеқұмда» есепші болып қызмет етті. Зейнетке де осы жерден шықты. Анасы Раушан да түрлі жұмыс істей жүріп, төрт баланы өсіріп жеткізді.

Сол «Жіңішкеқұмнан» мектеп бітірген Наурызбай Аралға жақын Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. 1967 жылы оқуын бітіріп, мал дәрігері болып оралды. Жас маман №4 фермаға ветсанитар болып, өз қабілет-қарымын тез байқатты. Мұнда ветсанитар болып қана қоймай, радист, құрылыс бригадирі сияқты қызметтерді де асқан жауапкершілікпен атқарғаны бар.

Отыз жастағы Наурызбай «Қарақұм» совхозына қарасты №3 фермаға зоотехник болып қызметке кіріседі. Арада бір жыл өтті. Өз алдына совхоз болып құрылған «Жіңішкеқұмға» да жас кадр керек еді. Осылайша, сол совхозға қарасты №3 фермаға зоотехник болып тағайындалады. Айтпақшы сол жылдары еңбекқор жігіт В.Куйбышов атындағы Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітіріп алған еді. Қаракөл шаруашылығы бойынша ғалым-зоотехник біліктілігімен совхоз ісіне тағы да белсене кірісті.

1979 жылы №2 ферманың меңгерушілігіне ұсыныс түседі. Жасынан шаруаға төзімді жігіттің талабы жүремін десе, әп-сәтте емес пе? Бес жылға жуық аталған ферманы басқарып, талай жетістікке жетті. Қаракөл қой шаруашылығын дамытуда өзіне де, өзгеге де дамыл бермей, совхозды алдыңғы қатарға сүйреді. Мадаққа мастанбай, жансебілдене еңбек етті. Бұл тиянақтылығы жоғарыдағыларға да ұнаса керек. 1983 жылдан бастап бес жыл бойы «Жіңішкеқұм» совхозында бас зоотехник лауазымында болды.

– Бұл күнге дейін талай жігітпен дос та болдық, туыстай араластық. Қамшының сабындай өмірде кейбір қиындықта табанының бүрі жоқтар тайқып кетіп жатады. Кейбірі қызмет арқылы таныссақ та, жасы кішісі аға деп арқаланып, үлкені іні деп арқаңнан қағатын. Солардың арасында жаны жайсаң, жүрегі дархан, ер мінезді ініміз Наурызбайдың орны бір бөлек, – деп еске алады әріптес ағасы Жеткерген Нұрқабылов. – Онымен 1980-1984 жылдары бірге жұмыс істедім. Менің мамандығым – экономист. «Жіңішкеқұмға» сол қызметпен көрші елді мекеннен ауысып барғанмын. Нағыз сабырлыны сонда көрдім. Өзге совхозда айқай-шу көп болып жататын. Қырқым бар, төлдету, шөп жеткізу. Жаздағы водовозбен отарға су жеткізу. Бұл науқандық жұмыстар адам жүйкесіне тиетіні рас. Ашуға бой алдырмай, қарамағындағыларды жай сөз сөзбен ықтырып қана отыратын. Сол мінезбен-ақ өзіне міндеттелген, басшылық сеніп тапсырған шаруашылық тізгінін шашау шығармай ұстап, аз уақытта Аралға үлгі болатындай қой шаруашылығындағы үздіктердің үздігі етті.

Жеткерген ағамыздың айтуынша, қаракөл қой өсіру бағытындағы «Жіңішкеқұм» совхозына қарасты 48 мың бас қой болыпты. Бұл 60-70 отар деген сөз. Осы көрсеткішті совхоз құрылған жылдан бастап 1991 жылға дейін ұстап отырды. Қосымша 200 бас түйе, 700 бас жылқы бар. Міне, осынша мемлекет дүниесін көз қарашығындай сақтап, атакәсіптің жандануына бір адамдай тер көккен Наурызбай Әбубәкіров болды.

– 1981-1982 жылдары Арал ауданында қыс бойы қалың тұман түскені бар. Қойшылардың адасқан уақыттары болды. Бұл бір жағынан қолайлы, өйткені, тұман қалың болса, қаракөл қойдың жүні де қалыңдай түседі екен. 1982 жылы Наурызбай басшылық жасайтын ферма малшылары жоғары жетістікке жетті. Шәкен Сәдуақасов есімді шопан 100 аналықтан 183 қозы алып, облыстық рекорд жаңартты. Бұл аудандық, облыстық газеттерге жарияланды. Сол шопан жабағы қырқымда әрбір қойдан 2,8 келі жүн алғаны бар. Ал Наурызбай совхозда бас зоотехник болған жылдары шопан Қуаныш Бердімағанбетов мал өсірудегі жетістігі үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған еді. Бұл аудан тарихындағы алғашқы сыйлық болатын, – дейді Жеткерген ағамыз.

Наурызбай бас зоотехник болып жүріп, сол кездегі астана – Алматы қаласына да барып қайтты. Ондағы мақсаты – Алматы зооветеринария институтының жоғары кадр басшыларын даярлаудың 6 айлық курсында оқу. Курста алған білімі бар әрі талай жылғы тәжірибе мұны көп сынақтан абыроймен алып шығып жүрді. Олай дейтін себебіміз, қыста қары қалың түсетін қырдағы тіршілікте ауа райы айта қоятындай қолайлы емес еді. Осындай қиындыққа қарамастан қарамағындағы барлық қызметтестерімен бірге «Жіңішкеқұмның» малын сақтап жүрді.

Иә, ұзақ жылғы дала тылсымы мен мал сырына қанық Наурызбай Әбубәкіров 1988 жылы «Жіңішкеқұм» совхозына директор болып тағайындалады. Бұл екі жылғы қызметте де совхоз жүгін мойынға алаңсыз жекті де, жетістікке қарай сүйреді. Мықты ұйымдастырушы ретінде танылып, қызметтің сапасын талап етуден бұрын оған жағдай бірінші жасалу керегін естен шығармады. 50 мыңға жуық қаракөл тұқымды қойдың қылшығын қисайтпастан, сұғанақ көз бен сумақай қолдан арашалап отырды.

Еңбек еленбей қалмады. Жалпы оның қызмет жолында шаруашылық ісі алға дөңгелеп қана қоймай, көп жерде, аудан мен облыс жиналыстарында ұдайы мақтау естіді. Наурызбайдың өзі 1990 жылы ҚазКСР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің республикалық комитетінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Аудан мен облыстан алған алғыс хат пен мақтау қағаздарынан бөлек, «Халық шаруашылығындағы жетістігі үшін» медалін кеудесіне тақты.

1990 жылы совхоз тарап, әркім өз халінше еңбек етуге шыққанда ол бұрын-соңды Арал өңірінде кездеспеген фермерлік кәсіппен айналысуға бел буды. Оның бұл тілегі орындалып, оған мал мен жер жалға берілді, яғни, өзі көп жыл қызмет істеген «Жіңішкеқұм» совхозынан бір отар (700 бас) қой, 20 жылқы, қосымша шөп дайындау үшін автомашина мен тракторды қарызға алды. Төңіректегі жер-суды жақсы білетін әрі малшы тіршілігін жіті меңгерген Наурызбай шаруа адамы ретінде әр қыс сайын қолындағы малды аман шығарып жүрді. Бұл жерде оның нағыз тірегі – өз отбасы ғана. Олар да аянбай еңбек ету арқылы жақсы өмір сүре алатынын білген еді. Әттең-айы, «қырдағы қой басын көбейтем» деген асыл арманы ұзаққа бармады. Оқыстан келген ажал оңдырмай соқты. Бар ғұмырын қазақтың атакәсібіне арнаған азаматтың демі 2008 жылы кенеттен үзілді.

– Наурызбай өз есімін дәріптеп, дәрежелеуді мақсат еткен жоқ. Ел есінде қалу үшін еңбегін сатпады да. Ондай абырой-атақ ел алдындағы парызы мен қарызын өтеумен-ақ келіп жатыр. Еліне, туған жеріне деген еңбегі оны осындай дәрежеге жеткізді. Абыройын асырды. Құрметке бөленіп, өнегелі өмірі кейінгілерге үлгі болды. Басшы болумен қатар, адами қасиетін ұмытпаған оның ел мен жерге еткен еңбегін бүгінгі саналы ұрпақ ұмытпаса деген тілегім бар, – дейді сөз соңында әріптес аға-досы Жеткерген Нұрқабылов.

Расымен де өмірден өткенше ерінуді, жалған бедел алу үшін жағынуды білмеген, қашан да елмен бірге болып, халқының күйін күйттеген, сол жолдан бақытын тапқан Наурызбай Әбубәкірұлының еңбегін туған ел-жұрты ұмытқан емес. Аз ғана өмірінде қажыр-қайратымен еңбек қыла жүріп, артында өшпестей із қалдырған «Жіңішкеқұмның» ардақтысын еңбектің нағыз тарланы екенін сөзсіз мойындауымыз керек.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<