Ер парызы – ел қорғау

1013

0

Өткен ғасырлер Қазақ елі үшін арпалыс алаңы секілді болды.«Арамызды шаhар байласын, шаhар байламаса, заhар шайнасын» деп серттескендер қайқы қылышқа жүгінді. Қылыш қақ бөлінді. Жебе көкке ұшты, найза жерге бойлады. Қалқанның өзінен басқа қалқаны жоқ, ол да сынды омырылып. Ал, сансыз адам құрбандығын айтуға ауыз бармас еді.

Халық тағдыры аттың қылына ілінген кезде жанын пида еткен батырлар алға шықты. «Елін, жерін сүйгендер» ешқашан жеңілмейді екен.

Ойрат пен қалмақтың елу мың қолына алты жүз сарбазбен қарсы шыққан Салқам Жәңгірдің Орбұлақтағы ерлігі бізге жетті. Батыр Бауыржан атамыздың «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзі сол екен!

Ел тәуелсіздігін алған жылдары Қазақстанға өзінің Қарулы күштерін құру қажеттілігі туындады. Сол кезде, тоқсаныншы жылдары елімізбен шекаралас аймақтарда күрделі геосаяси үдерістер жүріп жатты. Ауғанстандағы соғыстан кейінгі дағдарыс, көршілес Орта Азия мемлекеттеріндегі, соның ішінде тәжік-ауған шекарасындағы ұлтаралық қақтығыстар, басқа да аймақтардағы тұрақсыз ахуал етек-жеңімізді ертерек жабу керетігін ұқтырған еді.

Осылайша, 1992 жылы 7 мамырында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты. Жарлыққа сай Қазақстан аумағына орналасқан КСРО Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мүліктерімен қоса тәуелсіз Қазақстанның құзіретіне өтті. Сонымен бірге Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алып, алғашқы қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

Міне, осы күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды және ол Отан қорғаушылар мерекесі болып жарияланды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери-теңіз күштері және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды.

ҚР Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ, қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді. Алайда, 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Келесі жылы оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4 ақпанда Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. 

2000 жылы 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа қауіп қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ, қарулы күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды. 

Мемлекеттің тұтастығын сақтап, іргесін сөкпей ұстап тұратын – әскер ғана емес, елім деген ержүрек ұлдары десек, бұл тарихта талай дәлелін тапты.

Сондықтан елімізде Отан қорғаудың қасиетті парыз екенін паш ететін идеологиялық тәрбие беру ісі жолға қойылды. Атап айтқанда, балабақшадан, мектептен бастап бала жадына отангерлік рухтағы жырларды түйіп өсті, Мемлекеттік Гимінді оң қолын кеудесіне қойып шырқау үйретілді.

Бұл тәрбиенің нәтижесін бейбіт күні батырлық жасап, бүкіл елге үлгі болған жас азаматтарымыз көретті. Сөзіміздің дәлелі болсын деп бірнеше мысал келтіре кетуге болады.

Қызылорда қаласы Шымкент көшесінің бойындағы үйлердің бірінен өрт шыға бастағанын байқаған полиция капитаны Бауыржан Нұржанов  ойланбастан өрт шыққан пәтердің есігін сындырып, ішіне кіріп кетеді. Өзінен кейін оқиға орнына жеткен полиция подполковнигі Уәлихан Исмаилов екеуі көз тұмшалаған түтінге тұншығып жүріп, 5-6 жастағы балғындарды құтқарып алып шыққан.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті техникалық факультетінің 2-курс студенті Нұржан Рашидтің суға батып бара жатқан бес жасар баланы құтқарып алуы – қандай ерлік!

Семей қаласының тұрғыны Дмитрий Родин  – 115 жолаушы мен 5 экипаж мүшесін ерлік ісімен құтқарған ұшқыш.

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Ерасыл Тілеміс – арпалыс кезінде үш жерінен пышақ жарақатын алса да қылмыскерлерді жібермей құрықтаған азамат. 

Астаналық аға лейтенант Айдос Ағабеков те – бейбіт күннің батыры. Ол каналда ағып бара жатқан әйелді көріп, сырт киімін атып ұрып, суға қойып кеткен. Су ортасына жүзіп барып, аққан әйелді аман алып шыққан.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қызылордада өртке қарсы қызмет сержанты Арман Төлеубаев пен өртке қарсы қызмет сержанты Арғын Әшірбеков қоймаға лап қойған тілсіз жаумен алысып, бас амандығынан қоғам мүддесін биік ұстап, қаза тапты.

Біздің мемлекеттің қорғаны – осындай өр рухпен тәрбиелген жастарымыз.Еліміздің бүгінгі әскери сапындағы сарбаздардың жай-күйіне мына төмендегі сөзден де зер салуға болады.

«Офицерлер мен сержанттар стандартты емес шешімдер қабылдауға, аз шығынмен жеңіске жетуге үйренуде. Әскери қызметшілер лайықты ақшалай ризықпен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.

Бұл тұрғыда әскери-патриоттық жұмыстың алар орны ерекше. Бүгінгі таңда әскерге шын ниетімен Отанға қызмет еткісі келетін жастар көп келеді. Бұл – патриоттық шаралардың маңыздылығын дәлелдеп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ведомстволар басшыларының алдына мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған іс-қимылдардың сапасын ұдайы арттыруды талап ете отырып, міндеттер жүктеді», – дейді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов баспасөз бетінде.

Демек, қазақ елінің Отан қорғаушылары қай жағынана да жетілген, жетілдірілген ортада шыңдалуда. Бұл бейбіт елдің тыныш ұйқысы мен тынышсыз тірлігінің кепілі болса керек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<