Ерлігі мен еңбегі үлгі болған

864

0

Тарих беттеріне қатталған Ұлы Отан соғысының аяқталып, жеңіс туы желбірегеніне биыл 77 жыл толады. Майдан даласына қазақ жерінен 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанса, соның жартысына жуығы елге оралып, ел игілігіне қызмет етті. Солардың бірі – менің атам, Қазалы ауданының тумасы Изеев Қырым Әміржайтегі. Ол майданнан оралған соң, соңғы демі таусылғанша елдің тіршілігіне араласып, ауылдастарының жайлы өмір сүруіне ықпал етті.

Кеудесінде «Қызыл жұлдыз» ордені жарқыраған атамыз Қырым Изеев 1907 жылы Қазалы ауданы Үрмәш Түктібаев ауылында дүниеге келген. Еңбекке жастайынан араласып, ауылда колхозшы, бригадир кейін колхоз бастығының көмекшісі қызметтерін атқарған.

1940 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге шақырылған атамыз сонда жүріп 1941 жылы майданға аттанады. 1944 жылы ұрыс даласында ауыр жараланып, сол жылы бір қолынан айырылып, І топ мүгедегі болып елге оралған. Бүгінде атамыздың өнегелі өмір жолы мен фотосуреттері Арал ауданындағы музей төрінен орын алды.

Атам көзі тірісінде ұлдарына «Бір қолымды түбірімен Отаным үшін, ұрпақтар үшін майдан даласында тастап кеттім. Оны айтасыз, жанымды пида етуден де қаймыққан емеспін. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деуші еді бұрынғылар, Алланың жазмышы болар, елге аман-есен келдім ғой» дейді екен. Сонымен қатар майдан даласында жаудың топырағын таптап, Жеңіс туын желбіретсем деп армандаған. Алайда соғыстың аяқталуына бір жыл қалғанда Шығыс Еуропа жеріндегі кезекті бір шайқаста ауыр жараланып, ес-түссіз госпитальға түседі. 1944 жылдың маусым айында ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бүгінде атамыздың ерлігін біз, ұрпақтары өз ұл-қыздарымызға мақтан етеміз.

Атам елге аман-есен оралған соң, қалған ғұмырында туған жердің гүлденуіне атсалысты. Мүгедектігіне қарамастан еңбекке араласты. Ауылдағы аптал азаматтар оны құшақ жая қарсы алып, соғыс кезінде күйзелген шаруашылықтың көтерілуіне, жүдеп-жадаған ел еңсесін қайта тіктеуге жұмыла тер төкті.

Атамыз 1958 жылы Арал қаласына қоныс аударды. Себебі, тұла бойы тұңғышы Досхан Изеев осы қалаға қызметке келген болатын. Майдангер мұнда да шаруаға араласып, еңбек ете бастады. Айдынды Аралдың ақжарқын халқы жауынгер, еңбек адамы Қырым Изеевті құшақ жая қарсы алды. 1983 жылы 76 жасында дүниеден өткен атамыздың кісілік бітім-болмысы, атқарған қыруар шаруасы аралдықтардың жүрегінде жазылып қалды.

Ел игілігі үшін қызмет қылған атамыз Арал ауданындағы кей мәселелердің шешілуіне мұрындық болды. Солардың біріне тоқталып өтсек.

Арал теңізі тартылып, экологиялық ахуал ауыртпалығы ел еңсесін түсіре бастаған шақта қаланың қақ ортасында 30-дан астам сор көлшік пайда болды. Бұл қала тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналды. Себебі тұнған көлшіктер елдің тынысын тарылтты. Елді қажытқан мәселеден арылу үшін оларды көміп тастау қажет еді. Алайда ол уақытта аудан бюджетінің қолы қысқа болды. Оған қоса, көлшіктерді көмуге қаржы жұмсауға аудан басшыларының да жүрегі дауаламайтын. Осы бір тығырыққа тірелген істің тетігін табуға Қырым ата құлшына кіріседі. Қарттығына, денсаулығына қарамастан, ақ таяғын сүйретіп, сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтің кеңсе табалдырығын аттайды. Қашан да қарапайым, адами болмысы халықпен бірге біте қайнасқан, өзі де Ұлы Отан соғысының жауынгері Сағидолла Құбашев алыстан ат терлетіп келген майдандасын күлімсірей қарсы алып, шаруасын шешеді.

Араға ай салмай облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Құбашев Аралға ат басын бұрады. Қасына сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Медетбаев пен Ұлы Отан соғысының ардагерін ертіп алып, сор құмды кешіп, қала ішіндегі көлшіктерді аралайды. Содан оларды  құрғатудың жұмыс көлемі нақтыланып, жұмсалатын қаржы, оны қайдан алуға болатыны пысықталады. Бүгінде сол көлшіктер үстіндегі қала гүлдене түсті. Тұрғындар жарыса үй салып, әлеуметтік маңызы бар нысандар да бой көтеруде. Аралдағы сор көлшіктердің жабылуына бірден-бір сүбелі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері Қырым Изеев атамызға тұрғындардың алғысы шексіз.

Жары Зияда Сәрсембайқызы он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері еді. Ол тұскиіз, алаша, тоқыма, қоржын, көрпе мен жастық сынды қолөнер бұйымдарына көзмайын тауысушы еді. Қазір бұл бұйымдар Арал ауданының тарихи-өлкетану музейіне қойылған. «Қызыл Жұлдызды» атамыздың да көзі тірісінде тұтынған дүниелері құнды жәдігерлер қатарынан  орын алып, ұрпақтарға ұлағат етіп қалдырылған.

Ата-әжеміз 6 бала тәрбиеледі. Бүгінде ұрпақтары өскен-өнген үлкен әулетке айналдық. Сан салада жүрген ұл-қыздары ата жолын келешек ұрпаққа, өз балаларымызға өнеге етіп келеміз. Майдан даласында да асқан ерлік көрсетіп, ел ішінде де тірліктің қамын  күйттеген атамыз  Қырым  Изеевтің өмір  жолы  мен  батырлығы  бізге үлгі.

Дархан ҚЫРЫМОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<