Ерлік ешқашан ұмытылмайды

155

0

Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелеңі санамыздан көмескіленіп, алыстап барады. Бірақ көңілден кетіп, жүректен өшпек емес. Өйткені ол қаншама адамның басына қайғы бұлтын үйірді. Бүгінде майданның алдыңғы шебінде жүріп басынан өткергендердің де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтергендердің де, ата-анасынан айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартқандардың да қатары жыл сайын азаюда. Десе де олардың кейінгі ұрпақ үшін жасаған ерлігі елдің мәңгі жадында.  Бүгінгі мақаламыздың арқауы аймақтың қауіпсіздік саласында  қызмет еткен соғыс ардагерлері жайлы болмақ.

Ахай Әлменов 1923 жылы Арал ауданы «Көкарал» ауылында дүниеге келген. Майдан алдында ол Қызылорда педагогикалық институты мен қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебін бітірді. 1942 жылы Ашхабад қаласындағы жаяу әскер училищесін тәмамдайды. Соғыс кезінде Сталинград майданында 64-армияның 66-бөлек теңіз атқыштар бригадасы 1-атқыштар батальонының взвод командирі болған. 1943 жылы ауыр жарақат алып, Оңтүстік Орал әскери округінің қарамағына жіберілді.

Елге оралған соң Арал аудандық атқару комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі болды. Одан кейін де түрлі жауапты қызметтер атқарды. Мәселен, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, облыстық басқармада да аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Зейнетке шыққанша, қауіпсіздік қызметінің  салаларында, оның ішінде басқармадағы ақпараттық талдау тобына жетекші болды. 1979 жылы Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік органдарынан шығарылып, запасқа алынған. Подполковник Ахай Әлменов соғыс кезіндегі ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Одан өзге 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін», І,ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және т.б. марапатталған. Жолдасы Набат екеуі бес бала тәрбиелеген майдангер 1990 жылы желтоқсан айында дүниеден озды.

Келесі кейіпкер – Әбдібек Кәрібаев. Ол 1924 жылы 15 қыркүйекте Сырдария ауданы Киров колхозында дүние есігін ашқан. Соғыс басталған тұста мектеп оқушысы еді. 1941 жылы мектепті тәмамдап, 1942 жылы Қызылорда қалалық халықтық сотының хатшысы қызметін атқарды. 1942-1945 жылдары Орта Азия әскери округінің Ашхабад қаласындағы 7-бөлек оқу атқыштар полкі полктік мектебінің курсанты, онан соң Красноводск қаласындағы 93-бөлек атқыштар бригадасының бөлімше командирі, Әндіжан қаласындағы кіші лейтенанттарды оқыту округтік курсының курсанты атанды. Ол соғыс  жылдарында  1-Беларусь майданының 3-әскері 73-атқыштар дивизиясы атқыштар взводының және Германиядағы Кеңестік әскерлер тобының 5-армиясы 416-атқыштар дивизиясы 1368-атқыштар полкі пулемет взводының командирі болды. Әбдібек Арғынбайұлы барлаушылар тобымен жүріп, фашистердің қарсылығына қарамастан, тылдан өтіп жоғары шенді Вермахт офицерін ұстаған. Осы ерлігі үшін оған ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені берілді.

1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен әскери қызметтен запасқа демобилизацияланған. Елге келісімен қайтадан қалалық халықтық сотының хатшысы, онан кейін Өзбек КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Сурхандария облыстық басқармасы Шурчин аудандық бөлімшесінің есепші-хатшысы болды. Қауіпсіздік саласында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ол еңбек жолында Оңтүстік Қазақстан облысында жедел уәкіл, барлаушы қызметтерін де атқарды. 1954 жылы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ленинградтағы арнайы мектебін бітірген. 1966 жылы Қызылорда облысы бойынша комитетте қаржы-шаруашылық бөліміне жетекшілік жасаса, 1970-1975 жылдары Жамбыл облысы бойынша осы лауазымда қызмет етті. Сол жылы денсаулығына байланысты подполковник әскери шенімен зейнетке шығып, запасқа алынды. Жұбайы Ташпи Кәрібаева екеуі екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді.

Аймақтың қауіпсіздік саласында қызмет еткен майдангердің бірі – Абдуғали Бәкіров. Ол 1924 жыл 1 шілдеде Шиелі ауданы «Тартоғай» ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы онжылдық мектепті тәмамдап, Алматы қаласындағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің №310 арнайы мектебін аяқтайды.  Он сегіз жасында соғысқа аттанып, 1942 жылы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының Ішкі әскерлері 291-атқыштар полкінің атқыш жауынгері атанды. Ленинградты қоршаудан азат ету жолында күрескен ол 1943-1944 жылдары Ленинград майданында №230 атқыштар полкінде бөлім командирі қызметін абыроймен атқарды.

Әскери қызметтен босаған соң, 1952-1954 жылдары қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебіне оқуға қабылданды. Ал 1954 жылы қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша бөліміндегі қызметіне кірісті. Мұнда жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, қарсы барлау бөлімі сынды бірқатар бөлімдерде мүлтіксіз қызметін жалғайды. Шиелі ауданындағы бөлімшеге де жетекшілік етті. 1975 жылы зейнетке шығып, қауіпсіздік комитетінің (КГБ) запасына алынды. Қиян-кескі соғыс жолдарында көрсеткен ерлігі үшін майдангер ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Құдай қосқан қосағы  Күлшай Абуовамен бірге өмірге бес ұл-қыз әкелген.

Ұлы Отан соғысында ерлігі мен жанкештілігін көрсеткен майдангер – Төлеген Ыдырысов. Ол Қармақшы ауданының №9 ауылында дүниеге келген. 1939-1942 жылдары Қызылорда педагогикалық техникумында оқиды. Соғыс жылдары 2-Украина майданы 53-армиясының 1-гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы 2-бөлек гвардиялық әуе-десанттық танкіге қарсы атқыштар дивизионының көздеушісі, бөлімше командирінің орынбасары, осы армияның кіші лейтенанттарды даярлау курсының курсанты және 6-әуе-десанттық гвардиялық атқыштар полкі 1-атқыштар батальонының, сондай-ақ Шығыс Сібір әскери округі 1-жол-құрылыс дивизиясының 4-полкі 9-батальонының және КСРО Ішкі істер министрлігінің 1-жол-құрылыс дивизиясы 26-бөлек көпір-құрылыс полкінің комсоргі болады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін майдангер үш мәрте «Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» орденін, КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасын иеленген.

Соғыстан кейін 1947-1951 жылдары Қармақшы ауданында АХАЖ инспекторы болса, 1951-1953 жылдары қауіпсіздік саласында қызмет ете бастайды. Облыстық басқармаға қарасты Қармақшы аудандық бөлімшеде хатшы-есепші болып орналасады. Екі жыл өткенде облыстық басқарма қаржы тобының есепші-қазынашысы, онан соң есептік-мұрағат тобының аға жедел картотекашысы, жедел уәкіл секілді жауапты қызметтерді атқарды. 1973 жылы зейнетке шыққан. Өмір жолында жұбайы Бәтима екеуі 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұрпақтары өмір жолын жалғастырып, түрлі салада елге қызмет көрсетуде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<