Есімін шәкірт жүрегіне жазған

343

0

Әр саланың өзінің қиындығы, қызығы, ауыртпалығы, бұралаң-бұлтарысы болады. Соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті саласының атқарар қызметі өте күрделі. Былайынша айтуға оңай көрінгенмен, көтерер салмағы өте ауыр. Осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, қиындығына төзіп, суығына тоңған қызметкер ретінде айтып отырмын. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Біздің қазақтың үлкен кісілері ертеректе жүрсе де, тұрса да «Е, Алла, ел-жұрттың амандығын бере гөр!» деп Құдайдан тілеп отырған. Ал қазақтың біртуар ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!» деп жырға қосып кетті. Сондықтан бүгінгідей дүние дүрбелең күй кешіп тұрған шақта елдікті, бірлікті сақтау – біздің мемлекетімізде өмір сүріп отырған әрбір азаматтың парызы, міндеті, борышы.

Кеңес одағы тұсында ҚР МҚК болған біздің сала Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР ҰҚК болып қайта құрылғаны белгілі. Ғасырлар тоғысында 1990-1992 жылдардағы өліара шақта біздің Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік басқармасының басшысы қызметін Михаил Түсіпұлы Дәуенов атқарды. Ол 1943 жылдың 5 желтоқсанында Ресейдің Астрахань облысы Володаров ауданына қарасты Лебяжье ауылында дүниеге келген. Осылай ол кісімен әріптес болу бақыты бұйырды. Михаил ағамыз барынша қарапайым, таза қазақ, жаны өте жұмсақ, парасатты, пайымды, адамгершілігі зор еді.

Ол 1990 жылдың басында біздің басқармаға басшылыққа Қостанай облысынан ауысып келді. Кеңестік дәуір ыдырап, алып одақтың іргесі сөгіле бастаған шақ. Бұл уақытты кейбір саясаткерлер «өтпелі кезең, өліара шақ» деп атап жатты. Осы тұста бізде кадр тапшылығы сезіліп, оның құрамын қайта жасақтауға тура келді. Өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, білгірлігімен басқарма жұмысын жаңа кадрлармен толықтыруда барынша жұмыс жасады. Сол кәсіби шеберлігінің арқасында Михаил Түсіпұлы жастарды қызметке тартып, оларды тікелей өзі баулып, соңына өшпестей із қалдырды. Ол өз қызметіне барынша адал, сергек қарайтын. Жұмысты орта жолда қалдырмай, жанын салып, беріле істейтін. Өтпелі кезеңнің қиын шақтарында әріптестеріне қамқор бола білді. Көптеген тәжірибелі қызметкерлердің шенін көтеріп, лауазымдарын өсірді. Кезек күттірмейтін күрделі жұмыстарды әріптестерімен біріге атқаруға құлшына кірісіп кететін. Мен басшымын деп көкірегін көтерген кісі емес. Керісінше, кез келген қызметкерге қамқорлықпен қарап, рухани күш беріп, демеп отыратын. Адами парасаттылығы осында еді.

Мен ол кезеңде басқарманың кадр бөлімінде аға жедел уәкіл қызметін атқаратынмын. Бір күні тікелей басшым Қ.Қарабаев мені ертіп басқарма басшысы М.Дәуеновтің кабинетіне алып келді. Ал ол мені Арал ауданы ҰҚК бөлімшесінің бастығы етіп тағайындаған бұйрығымен таныстырды. Абдырап қалған маған «Давай, шагом марш!» деді. Біздің салада бұйрық әсте талқыланбайды. Ертеңіне менімен жолға бірге шығып, Арал аудандық бөлімшесіне апарып отырғызып, ел азаматтарына таныстырып, жаңа қызметіме сәттілік тіледі. Сонымен өзімнің туған жерім Арал ауданында қызмет жасаудың сәті келді.

Ол кісі негізі көп сөзге жоқ. ХІХ ғасырда өмір сүрген ағылшын данышпаны Чарлз Спружден «Өз есіміңді мәрмәр тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз!» деген екен. Михаил Түсіпұлы шәкірттерінің жүрегіне есімін жазып, қалдырып кеткен адам деп айтар едім. Өйткені Гурьев, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай облыстарында басшылық қызметтерде болғанда, қаншама шәкірттер мен ізбасарларды дайындап шығарды. Осы саладан жиған-терген тәжірибесін әсіресе, жас буын мамандарға жиі айтып, үйретіп, түсіндіріп отыратын. Ол кісінің кереметтілігі осында жатса керек. Білгішсінбейтін, бәлсінбейтін. Әріптестерін көтермелеп отыратын адами қасиеті жоғары еді. Отанға, елге деген шексіз махаббатпен қызмет етудің үлгісін көрсете білген жан. 1992 жылдың күз айында ҚР ҰҚК Орталық аппараты өз шешімімен Қостанай облысының басқармасына басшылық қызметке ауыстырды. Бізбен байланысын үзбей, үнемі хабарласып отырды. Не деген адамгершілік десеңші? Біз де жиі іздеп, амандығын біліп тұрдық. Телефонмен хабарласа қалғанда «Сұлу Сыр бойы аман ба, жігіттер қалай?» деп жақын тарта хал-жағдайымызды білетін. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар.

Бірде Қостанай облысының қайыңды аймағында «Сосновый бор» санаторийінде демалып жатқанмын. Күнделікті кешкі астан кейін жігіттермен бірге сол орманды аралап қайтып жүрдік. Бір күні ту сыртымнан бейтаныс біреудің менің есімімді атап дауыстағанын естіп артыма жалт қарадым. Қарасам, Михаил ағамыз маған күле қарап тұр екен. Құшақтаса, амандаса кеттік. Сөйтсем, демалуға келгеніне бір-екі күн болған екен. Ел азаматтарын сұрап жатыр. Жанымдағы жігіттердің бәрі аң-таң секілді. Дереу жігіттермен таныстырдым. Содан келер күні ағамыздың жанында болып, өткен-кеткеннен сыр тарқаттық. Сол кезде ағамыздан «Аға, сіздің есіміңізді Михаил деп кім қойған?» деп қалдым. Айтарымды айтсам да, бір жағынан ренжітіп алдым ба деп те ойладым. Сол кезде жүзіме жылы қарай «Бұл дұрыс қойылған сұрақ. Мен өзі Ресей жерінде дүниеге келген қазақпын. Оны өзің жақсы білесің. Руым – таздар. Михаил деп әкемнің өзі қойған. Өйткені Михаил деген орыс тамыры болыпты. Өте тамаша адам болса керек. Әйтпесе, оның есімін маған қоймайды ғой» деп бетіме күле қарады. Қош айтысып жатқан жеріме келдім. Арамыздағы сыйластық өмірден өткенше үзілген жоқ. Әрдайым телефонмен хабарласып, ағалы-інідей болдық.

Әскери запасқа шыққаннан кейін Қостанай университетінің дамуына, өркендеуіне барынша үлесін қосты. Сол университетте заң факультетінің деканы болды. Білім беру бағдарламасын жаңартуға атсалысып, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Кеден ісі», «Кеден құқығы» секілді оқу бағдарламасын енгізді. Сөйтіп, 2016 жылы Михаил Түсіпұлының бастамасымен әскери кафедра ашылып, онда 200-ге тарта түлек оқи бастайды. Осыдан соң университет жанындағы қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Оқу орны жұмысының барометріне айналды. Бұл елім деп жұмыс жасаған азаматтың айшықты ісі деп айтсақ артық болмас.

Қостанай облысындағы басшылық қызметтегі еңбегі жоғары бағаланып 1995 жылдың 3 мамырында ҚР Президентінің Жарлығымен Михаил Түсіпұлына генерал-майор әскери шені берілді. Ол кісі – бүкіл болмыс-бітімімен, кісілік келбетімен, ақыл- парасатымен, білім-біліктілігімен ҚР ҰҚК саласында есімі мәңгі сақталып қалған азаматтардың бірегейі. Тәлімгер-ұстаз ретінде де қаншама шәкірттердің жүрегінде адамгершілік бейнесімен із қалдыра білген жан.

Биыл генерал-майор Михаил Түсіпұлы Дәуенов тірі болғанда сексен жасқа келетін еді. 2020 жылы 77 жасында дүниеден озды. Ардақты ағаның алды жарық, топырағы торқа, иманы саламат болсын дейміз!

Қалдыбек ЖАНӘЛІҰЛЫ,

ҚР ҰҚК құрметті ардагері, запастағы полковник

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<