Еске алу турнирі

343

0

Қазан айының 10-ы Кәсіподақтар күні болып 1990 жылы Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде белгіленген. Ал «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі республикалық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына 2018 жылы қабылданған.

Қызметінің негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің жеке, ұжымдық, әлеуметтік-еңбек, кәсіби, экономикалық және өзге де құқықтары мен мүдделерін қорғау, өкілдік ету. Өз қызметінде атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, жұмыс берушілер және олардың бірлестіктерінен, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз. Олармен қарым-қатынасты әлеуметтік әріптестік, диалог және ынтымақтастық негізде құрады.

Республикалық қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалы өз жоспары негізінде төл мереке қарсаңында медицина ұйымдары арасында жылдам шахмат түрінен (рапит) турнир ұйымдастырып, оны медицина саласына еңбегі сіңген Өтепберген Әбілхайырұлы Наурызбаевты еске алуға арнады.

Ө.Наурызбаев 1937 жылы Жаңақорған ауданы «Төменарық» елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті 1955 жылы үздік тәмамдап, 1962 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еңбек жолын Қызылорда қаласында №1 және №2 қалалық емханаларда дәрігер хирург болып бастап, облыстық ауруханада бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары, ал 1967 жылдан қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қалалық емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нығаюына, төсек-орындар санының көбеюіне, балалар ауруханасы мен емханасы филиалдарының ашылуына, балалар стаматологиялық емханасының, қалалық перзентхана бөлімшесінің филиалын ұйымдастыруға ұйытқы болған. №1 қалалық емханада бас дәрігер, кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасында және облыстық медицина орталығында апат медицинасы бөлімін басқарған. Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі, жемісті еңбегі мен белсенді қоғамдық жұмысы үшін Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Еңбек ерлігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Медицина ғылымының кандидаты ғылыми атағын хирургия саласы бойынша қорғаған, жоғарғы санатты хирург. Ұйымдастырушы қызметіне, өңір халқының денсаулығын жақсартуға 47 жылын арнаған, Қызылорда қалалық партия комитетінің пленум мүшесі, қалалық мәслихат депутаты болып өз сайлаушылары алдында абыройлы қызмет атқарған.

Отбасында жұбайы Күлтаймен 3 қыз, 6 немере, 1 шөбере тәрбиелеген ардақты әке, қамқоршы ата. Өтепберген Әбілхайырұлының көзін көрген әріптестері шәкірттері жақсы қасиеттерін еске алды. Елге еңбегі сіңген абыройлы азаматты, әріптесті еске алуға арналған шахмат турниріне 30-дан астам медицина ұйымынан 30-ға жуық медицина қызметкері қатысты. Жеңімпаздарға жүлделі орындар үшін естелік кубок пен бағалы сыйлықтар беріліп, қалған қатысушыларға да сыйлықтар тапсырылды. Турнирге марқұм Өтепберген Әбілхайырұлының бауыры Әбибулла Наурызбаев өз отбасы атынан демеушілік жасап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы өз қызметінде ұрпақтар сабақтастығын сақтауды алдыңғы буын ағалар алдындағы парызы, құрметі және борышы деп біледі.

С. ЫСҚАҚОВ,

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің

салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық

бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<