Ғұмыр қауызындағы рух

416

0

Жаңақорған ауданындағы қазіргі Машбек ауылы – «табанының топырағын көзге сүртетін» дейтін қасиетті жер. Бұл ауылдан қызметін халқына арнаған қаншама ерлер шықты. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған тұлғалардың бірі, бес бірдей облысты, министрліктерді басқарған мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев та осы топырақтан түлеген перзент еді.

Еңбекке еңкейіп, ел қуанышына марқайып, туған жерін түлеткен азаматтардың бірі, есімі Сыр жұртына мәлім Жарқынбек Сопбеков болатын.

Елдің талай нәубеті артта қалып, дүниенің әр жерінде аты суық соғыстың қаупі кезіп жүрген 1941 жылдың мамыр айында өмірге келген сәбиге атар таңнан жарқын күндер күткен ата-анасы Жарқынбек деп есім беріпті.

Сол кезде әкесі соғысқа аттанды. Алапат ажал өтінде үш жыл жүріп, 1944 жылдың көктемінде жараланып елге оралды. Сол бір көктем бұл ошақтың отын қайта тұтатып, жарқын келешегіне жол ашты. Әйткенмен, ол дәуір қарадомалақтарының «балалық шағы – патшаның тағы» бола алмады. Бала Жарқынбек шибарқыт нымша, шыт жейдемен шүберек сөмкесін сүйретіп, «Жаңарық» бастауыш мектебіне барды. Үртеков Түймеш ағай бір бөлмеде улап-шулап тығылысып отыратын үш кластың оқушыларына бір өзі сабақ беретін. Ауылдарында алты-жеті ғана үй бар. Кемпірдің тісіндей әр жерде сидиған қоржын тамдардан басқа көргені жоқ, мына әлемде не болып жатқанынан бейхабар балалар сабақтан шыға сала мал бағып, шөп орып, отын таситын. «Баланы жұмсағаның білінбейді» дейтін сөз сол кездікі. Өйткені, жұмыстың бәрін бала атқаратын. Қазір бала жұмсамаймыз, үй тірлігінде қол жұмыс та азайып кетті. Ол заманның заты бөлек-ті.

Бастауыш мектептен кейін ауыл балалары әр жаққа тарап кетті. Жарқынбек Жаңақорған мектебіне барды. Кішкентайынан кітапқұмар еді. Әр нәрсеге бейім, шешендікке әуес, өлең де жазатын. Ал спортқа тіпті жансебіл. Епті, әбжіл болып ержетті. Сондықтан әкесіне қолқанат, отбасына қамқор боламын деп кешкі мектепке ауысып, тепловоз жөндеу цехында слесарьлық жұмыс істеді.

1958 жылы мектепті үздік аяқтап, Ташкент теміржол институтына түсті. 1963 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп шықты. Жаңақорғанға келіп, теміржол депосына жұмысшы болып орналасты. Одан соң электриктің көмекшісі болды. Сол екі арада әскерге де барып қайтты. Жақсы қызметтерге де баруға болатын. Бірақ, сол уақытта, 1966 жылы өмірін өрісім деп балаларына арнаған, елдің ауырын арқаға салып бейнеттен бел жазбаған әкесі дүниеден өтті. Сондықтан анасы мен өзінен кейінгі алты бауырын асырауды, оларды жетілдіруді үйдің үлкені Жарқынбек өз міндетім деп санады. Сондықтан іні-қарындастары өзін ағамыз емес, әкеміз болды деп құрметтейді.

Электриктің көмекшісі болып жұмысқа тұру былайша қызыл диплом алып келген жас жігітке қол емес-ті. Бірақ Жарқынбек қызметті емес, әкеден қалған аманаттай отбасы қамын ойлады.

Әкесі Байкенже 1906 жылғы еді, соғыстан соң көп жыл колхоздың малын бақты. Ағайынға жаққан адал, кеңпейіл, қолы жомарт, жолы таза бұл кісі туралы кейінгілердің аузында «Байкенже үйіне сәлем бере барған ағайынға тайынша-торпақ жетектетіп жіберетін» дейтін сөз қалған.

Әкеден келген сол қасиет ұрпағына ауысты. Жарқынбек те жан-жағына мейір танытып, үзілгенді жалғап жүретін жақсы адам атанды. Оның баласы, Қызылордаға белгілі кәсіпкер Нұрымжан Сопбеков те талай мұқтажға қол созып, қамқорлық танытып, жолынан жығылған жоқ.

Сөйтіп, Жарқынбек азамат жасына аттады.

Жаны қалаған Сунақ аталығының қызы Мәрзиямен отау құрды. Қарапайым тірлік тертесін тартып, бауырларын жұрт қатарына қосты. Біраз уақыт дариядан егістік арналарға су айдайтын чехиялық «сусорғы кеменің» капитаны болып жұмыс істеді. Бұл жұмыстағы жауапты тұлғаны капитан деп атайтын. Капитан десе дегендей, ауылдың қажетін, ағайынның зәрулігін өзі бастап жүріп, іске асыратын.

Ал қызмет оны өзі іздеп тапты. 1973 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бұйрығымен Түркістан совхозының бас инженері болып тағайындалды. Осы жұмыста ол елшіл, қоғамшыл, өз ісіне берілген біліктілігімен алға озды. Шаруашылықтың жұмыс нәтижесін тиімді көтерудің әдістерін жан-жақты меңгерді. Еңбектен қол үзбей жүріп, Алматы ауыл шаруашылығы институтын оқып, бітірді. Бұл төңіректе Жарқынбекке дейін екі институт оқыған адам жоқ еді.

Жұмыстан тыс уақытта жастар арасында волейбол ойынын ұйымдастырып, ауданаралық жарыстарға қатыстырды. Осы жылдарда облыс көлеміндегі волейболдан ең мықты команда Жаңақорғанда болатын. 

Мұнан соң Жәкең ағамыз «Қандөзде», «Өзгентте» және туған ауылы «Ақжолда» қырман мен гараж меңгерушісі болды. Бұл – шаруашылықтың жүрегі саналатын барлық техниканың қожайыны деген сөз. Сол кездері совхоз директорларының өзі гараж меңгерушілерімен санасатын.

Көп оқитындығы Жарқынбектің өміріне жарқын парақтар ашты. Білетіні көп, қай жерге барса сөзі өтімді. Ауылдағы Машбек Сапарбайұлы, Бексаба Қыдырбаев, Әмірбек Бөлеков секілді абыз ақсақалдардың өсиетін санаға түйіп, елге қамқор болуды естен шығармады. Жоқ қараған адам да Жарқынбекке келіп жөн сұрайтын.

Ата-баба шежіресін шегендеп айтатын. Кейде өз руы Қоңыраттан асып, Қыпшақ пен Арғынның тарихына бойлап: «Несіне шежіреге таласасың, Арғыннан ары барсаң, адасасың» деп Мәшһүр Жүсіптің нақылына тоқтайтын.

Өмір дегенің есік пен төр арасындай-ақ. Ел-жұртына ерек тұлға, өмір өнегесімен ұрпақ тәрбиешісі болған, 1200 жан тұратын Машбек ауылының марқасқа азаматы, ардақты әке, асыл ата Жарқынбек Байкенжеұлы да иықтап келіп, ұйықтап кеткендердің соңынан көш түзеді.  

Жарқынбек әке мен Мәрзия анадан тараған ұрпақ бір-бір оттың егесі, елге аты белгілі азаматтар қатарына қосылды. Қызы – Ақмарал Сопбекова, Жаңақорғандағы №51 орта мектепте ұстаз, одан кейінгі ұл Қайрат Сопбеков кәсіпкер, Алматыда тұрады. Нұрымжан Сопбеков – белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, Ғалымжан Жарқынбекұлы – Жаңақорған аудандық мәслихатының хатшысы. Үйдің кенжесі Жомарт Сопбеков – «Қызылқұм» серіктестігінде есеп қызметкері.

Бес перзент қарашаңыраққа жиналып, ата-аналарына ас беріп отырады. Бұл – сол үлкендердің өздерінен қалған өнеге.

Біз де жақында жолымыз түсіп, Сопбековтер отбасында болдық. Жарқынбек әке әулетінің жарасты бірлігін көрдік. Енді осы бір асыл жанның рухы ұрпақ ғұмырының қауызында мәңгі көктеп тұратынын сездік.

Сосын Қорасан ата қорымында жатқан аруақтарға дұға бағыштап қайттық.

Теріскен көлінің мөлдіреген көзі мен Қаратаудан ағындаған ақжібек самал маңдайдан сүйіп, көңілімізді демеді. Мүмкін әулие топырағының қуаты шығар…  

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<