Ғұмыры тағылымға тұнған тұлға

632

0

Ел тарихында екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті жайлы көптеген деректер бар. Айталық, сол соғыста миллиондаған адамның қаза болғанын ойласақ, санамызды суық ызғар қарып өтеді. Сұм соғыстың зардабын елде қалған еңкейген қарт, еңбектеген бала да тартты. Турасын айтқанда, олар тіршіліктің тінін үзіп алмай, ертеңгі күніне үміт артып, толассыз еңбек майданында жүрді.

Халықтың қажыр-қайратының арқасында қиын-қыстау күндер артта қалды. Жеңіс туы желбіреп, бейбіт күн орнады. Соғыстан оралған майдангерлерге елдің құрметі ерекше еді. Отан қорғау жолында аянбай қызмет етіп, одан кейінгі елді қалпына келтіру кезеңінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан Сүлеймен Сейітовтің азаматтық тұлғасы әркез дараланып  тұрады.

Ол 1912 жылы Қазалы топырағында дүниеге келді. Жастайынан ата-анадан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Ес білген шағында елді жайлаған аштық зұлматын көзімен көріп, басынан өткерді. Соның салдарынан Қарақалпақстанның Шымбай қаласына ел асады. Бұл жақта көше кезіп, күнелтіп жүргенде большевиктерге кездесіп, өзі сияқты жетiм балалармен бірге интернатқа орналасады. Интернатта арабша, латынша сауатын ашады.

Өмір ерте есейтіп, өзінің өжеттігі мен зеректігінің арқасында қатарынан қалмай білім алды. 1929 жылы Қызылорда қаласындағы жұмысшылар факультетін тәмамдап, 1940 жылы Алматыдағы жоғары оқу орнының журналистика факультетіне түсіп, оны қызыл дипломмен бітіреді.

Жас жігіттің арманы – қалаған мамандығын игеріп, халқына адал қызмет ету. Алайда оның алдында әлі талай тағдырлы сәттер күтіп тұрған еді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Ақтөбеде құрылған №101 дербес атқыштар бригадасы артиллерия дивизионының комиссары болып тағайындалды. Әскери қызметінде офицер шенін алып, қатардағы жауынгерлер мен офицерлердi майданға дайындау, әскери шеберлiгiн жетiлдiру, әскери жарғының талаптарына сай жауапкершілікке үйрету, сондай-ақ жауынгерлер арасындағы ішкі тәртiп мәселелерiн қамтамасыз етуде күш-жігерін аямай қызмет етті.

Ел қорғау жолында екінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанды. Майданның алғы шебінде жүріп, Ржев, Смоленск, Тула, Могилев, Ворошиловград қалаларын азат етуге қатысты. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндерге ұласып, жауынгерлік жорықтарда жүретін. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен ауыр да азапты күндерде жан аямай шайқасып, жауға тойтарыс беретін.

Ол кісі туралы жазылған естеліктерге көз салсақ, осындай оқ пен оттың ортасында жүріп, жадында қалған оқыс оқиғаларды қойын дәптеріне түсіріп қояды екен. Сондай жазбаларының бірінде: «Бүгiн қатты жараландым, Белоруссияның Полоцк қаласынан 30 шақырым жерде артиллерия шабуылын бақылап отырғанымда қасымыздан бiр бомба жарылды. Командир, төрт солдат, телефонист, радист топырақтың астында қалды. Мен шетте жатыр екенмiн. Оққағарым қасыма келiп, жүрек соғысымды бiлгiсi келiп, кеудеме құлағын тосып: «Наш комиссар живой» деп айқайлап, менi топырақтан суырып алып, жедел санчастьке жеткiзген. 15 күн емделiп, полкке қайта оралдым. 1943 жыл, қазан» депті. Тағы бірде: «Кешелi-бүгiн Берлин отқа оранып тұр. Квартал мен көше-көшеде қырғын соғыс. Дегенмен Берлин бүгiн құлауға бет бұрды. 1945 жыл, 27 сәуiр», «Жау тiзе бүктi, Рейхстагқа ту тiгiлер сәт жақындады. 2 мамыр, 1945 жыл» деп жазбалар қалдырған. Иә, соғыстың нақ ортасында жүрген жауынгердің бұл жазғаны көп ұзамай шындыққа ұласты.

1945 жылдың көктемі. Бүкіл ел болып күткен бейбіт күн де жетті. Кеңес әскері соғысты жеңіспен аяқтап, елде тыныштық орнады. Соғыс аяқталысымен КСРО-ның Жоғарғы қолбасшысы Сталиннің бұйрығымен Сүлеймен Сейітов 1946-1949 жылдар аралығында Чехословакия астанасы Прага қаласының әскери коменданты болып қызмет етеді. Өз Отанына 1950 жылы оралады. Деректерге көз салсақ, ол Кеңес одағы кезінде ұлты қазақ бірден-бір полк комиссары болған.

Сүлеймен Сейітов соғыстан кейін «Ленин жолы» облыстық газетін басқарып, кейін 1951-1954 жылдары Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқыған. Сырдария аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1954-1961 жылдары Ақмола облыстық «Есіл правдасы» газетінің редакторы болған ол бір бойында сан қырлы қабілетті тоғыстырған журналист, саясаткер, офицер, қоғам қайраткерi сынды қызмет жолдарынан өтіп,  абыз ақсақал дәрежесіне жетті.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, Сүлекең осы ұзақ өмiрiнде не көрмедi дейсiң? Сүлеймен Сейiтовтiң өмiрi – тұтас бiр ғасырдың тарихы, шежiресi. Сүлекең – адамзат тарихындағы ең қанды, қайғылы, қасiреттi ХХ ғасырдағы барлық елдiң, халықтың есiнде қалған елеулi оқиғалардың тiрi куәгерi. Ол – Қазан революциясы, қолдан жасалған екi ашаршылық, екiнші дүниежүзiлiк соғыс, коллективтендiру, қуғын-сүргiн, репрессия, соғыстан кейiнгi халық шаруашылығын қалпына келтiру, қайта құру, одақтың тарауы, Қазақстанның егемендiк алып, тәуелсiз мемлекет болуы сияқты тағдырлы, тарихи дәуiрлердiң куәсi» деп жазған екен Сейілбек Шаухаманов.

Ұлы Отан соғысынан полковник әскери шенінде оралған Сүлеймен Сейітов өзін қарымды қаламгер ретінде танытып, Қазақстанның үш өңірінде – Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстық газеттерін басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де облыстың қоғамдық өміріне белсене араласты.

Майдангердің ұлы Смағұл Сейітовтің естелігінде әкесі көп сөйлемейтін, қатал мінезді адам болғаны айтылады. Тек қызметте емес, отбасында да темірдей тәртіпті талап етеді екен. Соғыс басталған кезде 30 жастағы Сүлеймен Сейітов майданға жіберетін соғыс күштерін жасақтап жүргенде медициналық техникумда оқитын 16 жастағы Елена Өтемісовамен жолыққан. Жас қыздың да тағдыры ауыр болатын. Әкесі мемлекет қайраткері болған Қаби Өтемісов саяси қуғын-сүргін жылдары ату жазасына кесіліп, бала-шағасы қудалауға ұшыраған еді.

Майдандағы С.Сейітовті Елена жеті жыл бойы күтіп, елге оралған соң шаңырақ құрады. Олар елу жылдан астам бірге ғұмыр кешіп, бес бала өмірге әкеліп, алғашқы перзенттерінен немере-шөбере сүйеді. Сүйегі асыл қария 90 жасына дейін көлік жүргізіп, газет-журнал оқып, теледидар қарайтын болған. Расында, тартысты да тауқыметті өмір жолы оны мықтап шыңдаған секілді. Ұзақ жылдар бойы үздіксіз еткен еңбегінің жемісін көріп, абыройға кенеліп, құрметке бөленді. Ғасыр ғұмыр кешті.

Ол – әскери қызметін қалтқысыз атқарып, полк комиссары, подполковник, яғни, сол екінші дүниежүзілік соғыстан ең жоғары әскери шенмен оралған азаматтардың бiрi де бiрегейi. Соғыстағы ерлігі, бейбіт өмірдегі белсенді еңбегі, қоғамдағы, партия саласында атқарған абыройлы қызметі өз деңгейінде бағаланды. Кеудесіне таққан он бiр орден, он жетi медаль – соның айғағы. Бұдан бөлек, бірнеше рет қалалық, аудандық партия комитеттерiнiң бюро мүшесi, облыстық партия комитетiнiң пленум мүшесi, облыстық кеңестiң депутаты болып сайланды. Алғашқылардың қатарында қаланың, облыстың Құрметтi азаматы атанды.

Ғибратқа толы ғұмыр кешіп, ғасыр бағын аралаған абыз ақсақал Сүлеймен Сейітов Ұлы Жеңістің 66 жылдығын қарсы алып, аймақ халқының алдында жүз жасқа толған мерейтойын тойлап, лайықты сый-құрметке ие болды. Кешегі майдангердің мағыналы ғұмыр жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.  

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<