Халқына қызмет қылған

946

0

«Туған жерге туын тіккен азамат тура жүріп, тіке сөйлеп, әділін айтатын мінезі, жанына жайсаңдық, қанына қазақы қалып ұялатқан болмысымен, үлкенге сыйлы, кішіге құрметті, беделді болды. Бір ауылдың аясына сыймайтын Елшекен нағыз ел азаматы еді. Оны Арал мен Қазалының зиялы қауымы бірдей сыйлайтын. Басқа өңірдегі белгілі азаматтар да ел ағасына тілеулестік танытып жататын».

Бұл – белгілі ғалым, профессор, философия ғылымдарының кандидаты, облыстың құрметті азаматы, марқұм Мұстафа Матаевтың естелігі. Көзі тірісінде өзі құрмет тұтқан елдегі ағасы Елшекен Қуанышбаев жайлы айтқан ой-пайымы әлі де көпшілік санасында. Ал біз әңгімелегелі отырған кейіпкер саналы ғұмырын халық жағдайы мен жұрт амандығына арнаған ақсақал еді. Баяндалық.

Сырдың төменгі ағысында орналасқан көп ауылдың бірі – Жаңақұрылыс. Түтін саны 150-ге жетпейтін мұндағы елдің бар тірлігі – мал шаруашылығы. Ауыл маңындағы көлден балығын аулап, құсын атып, нәпақасын адалынан терген момын жұрт. Мектебі, клубы, балабақшасы һәм шағын емханасы бар. Осы бір елеусіздеу жатқан елде Елшекен дүниеге келіпті. Бұл көнекөздерден естігеніміз.

Жаңақұрылыс ілгеріде «Ақбөгет» деп аталған. 1928 жылы дүние есігін ашқан ол бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнайтынын білмесе керек-ті. Тектілік тегінде болар, алты Әлімге ортақ, аузы дуалы би Пұсырманнан тарайтын буынның уақыт өте келе ел қадірлісіне айналатынын Жаратқаннан өзге кім білсін?!

Сол заманда «Ақбөгет» ауылында Елшекен Қуанышбаев елмен бірге еңбекке ерте араласты. Соғыс оның балалық шағын ұрлады. Мектепті тастап, зобалаң жылдардың ауыр жүгін көтерісті, бейнет кешкен жұртпен бала Елшекен де бірге жүрді.

Кейін оқуын қайта жалғастырған оның үздіктер қатарынан табылуы табиғатынан зерек, құймақұлақ екенін көрсетсе керек. 1942 жылы 7-класты бітірген соң «осы қанағат» демей, оқуға құштарлықпен алға жылжи берген еді. Соғыстың қаһарлы шағында қаншама қиындық еңсені басқанмен, білімге ұмтылған жас 1943 жылы Қызылорда педагогикалық училищесіне түседі. Бәрібір ауылдағы ауыр тұрмыс өз салмағын салмай қоймайды. Оқуды тастап, ел-жұртпен бірге ауыр бейнетті арқалауға кете барған еді.

Соғыс аяқталған кез. Бейбіт өмірмен қауышқан жұрт мәре-сәре. Елшекен 1945 жылы бұрынғы оқуын қайта жалғастырып, оны 1949 жылы үздік аяқтады. Бірден ауылға оралып, «Ақбөгет» мектебіне алдымен мұғалім болып, аз уақыттан соң оқу ісінің меңгерушілігіне жоғарылаған. Өз біліміне онша көңілі толмаған жігіт 1950 жылы Ақтөбедегі педагогикалық институтқа түсіп, 1953 жылы тәмамдап үлгерді. Жаратылыстану пәндері бойынша мамандық алған оның мұғалімдік жолдың машақатын еңсеруге бет алған тұсы еді бұл. Қош, 1953-1974 жылдары өзі туған ауылдағы мектепті басқарған Елшекен 20 жылдан астам білім шаңырағының барлық ыстық-суығына төзіп, маңдай терін тамшылата еңбек еткені үлкендердің есінде.

«Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Заман құбылып, қоғамға оң өзгерістер еніп жатты. Бақсының құмалағындай шашыла қоныстанған көп ауылдың басы бір жерге біріктірілген. Ауыл ішіне енген мұндай жаңалыққа Елшекен де үрке қарамай, ел ағаларымен тізе қосып, бұл жолы да білек сыбана, бірлесе араласты. Қазалыға қарасты Жаңақұрылыс атанған жұрттың тұрмысын жақсарту, яғни мектеп жаңарту, интернат салу, малшы қауымның балаларын орналастыру сияқты толып жатқан қауырт  тіршіліктің басты  тұтқасы бола білді, бірінші болып  жүрді. Совхоз директоры Құлмырза Тілеуовпен бірге клуб, балабақша, сауда үйін тұрғызып, мұзқала салдырып, елдің алғысын алды. Аядай ғана Жаңақұрылыста қалада жоқ жаңалықтар болып жатты.

1974 жылы Жаңақұрылыс ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, 1989 жылға дейін үздіксіз ауыл өмірін жақсартуға үлес қосты. Еңбек ескерусіз қалмады, бірнеше марапаттаулар, түрлі сыйлыққа ұсынылды. «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Аудандық, сонымен қатар бірнеше ауылдық кеңеске үздіксіз депутат болып сайланды. Абыройлы ел ағасына айналды. Бір жерде табан аудармастан қызмет қылған ол үлкейген шағында ауылдық ардагерлер кеңесін басқарып, өзекті мәселелерден шет қалмағанын жерлестері әлі де жыр қылып айтады. Аға буын, сондай-ақ қызметтес әріптестері «Еңселі ер – Елшекен» кітабында ол туралы осылай дейді.

Әріптес демекші, Елшекен Қуанышбаев Арал, Қазалы аудандарының басшылары Қозытай Әбуов, Қаһарман Табынбаев, Елеу Көшербаев, Самұрат Имандосов, Жарылқасын Шәріпов, Нәжмадин Мұсабаев, Болатбек Пұсырманов, Айтбай Көшербай, Алашыбай Баймырзаев, Биғали Қаюпов және Қожахмет Бекқожаев, Қуанышқали Шапшаңов, Әбдімәжит Әмірғалиев, тағы басқа ел басқарған азаматтармен сыйластықта болып, ауылдың мәселелерін көтеріп, оны шешу жолдарын да айтып жүретін.

Қазақ тағы айтады «Бейнет түбі – зейнет» деп. Ол өмірдің ащы-тұщысын қатар татқан қосағы Құрманбике Ерниязовамен бірге он екі баланы өсіріп, бақты. 55 немере, 53 шөбере сүйді. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, дәрігер, мұғалім, инженер, т.б. салаларда еңбек етіп келеді. Өмірден өз орнын тауып, ата-анадан алған  өнеге жолымен өсіп-өнуде. Олар да өмірге ұрпақ әкеліп үлкен шаңырақтың керегесі кеңейді, құтты әулетке айналды.

Естеліктерді жалғасақ. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетұлы өз естелігінде: «Иә… Елшекен отты, бұла күші тасыған қайраткер болатын. 1953 жылы-ақ халық оны қалаулылар қатарына қосты. Шекаралық қоныс болғандықтан ба, Жаңақұрылыс бірде Арал, бірде Қазалы аудандарының аумағына беріліп, жетім баланың күйін кешкен уақыты да болды. Кеңшар статусын алғанға дейін Қаратерең, Сойғанды, Майдакөл ауылдық кеңестерінің қол астында жүрді. Қуанышбаев болса, осы жергілікті кеңестердің бәріне депутат болып сайланды және халық депутаттары Қазалы аудандық ХVI, ХVIІ, ХVIІІ шақырылымдарында да депутаттық мандатқа ие болды. Осындай үлкен басқосуларда ауылының жоғын жоқтап, мінбеге шыққанының талай мәрте куәсі болдық» деп өткен жылдарды ой елегінен өткізетіні бар.

2014 жылдың тамыз айында өмірін мәнді де мағыналы өткізген ардақты ақсақал мәңгілік сапарға, аттанды. Жаназасына жиылған көпшіліктің санында есеп жоқ. Талай жыл қызметтес болған Қазалы ауданының құрметті азаматы Талайлы Бөріқұлақов қаралы митинг ашып, қазыналы қарт жөнінде толғағаны бар. «Мен білерде, Жаңақұрылыста Елекең араласпайтын шаруа болмайтын. Торқалы тойды да, топырақты өлімді де жайғаудың төрелігін Елекең айтатын. Тентекті тезге салуда, ағайынға араша болуда соңғы сөз Елекеңдікі еді. Мен білерде, Елекең халықтың сөзін сөйлейтін, мемлекеттің мүддесін ойлайтын, аузы дуалы, сөзі уәлі, еліне еге азамат еді» деп артындағы қалың жұртқа жұбату айтыпты.

Расымен, бүгінде қара басын күйттегендер көп. Ата сақалы аузына түссе де пәтуа айта алмайтындарды көргенде еріксіз егілесің. Елдікке шақырар Елшекендер шынымен азайып бара ма?

Елшекен ақсақал «су бар жерде тіршілік тоқтамақ емес» дейтін сөзін үнемі айтатын. Әсіресе, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы арқылы келетін «Қара арық» каналы үшін талай жерге барды, табанын тоздырды. Сондағысы – халық егін салып, еңбегінің рахатын көрсе деген тілек. Дегеніне жетіп, жас жігіттерді өзі бастап, сол каналдың ұңғыл-шұңғылын  тазалап, талай жылдан бері су жүрмей, кезенесі кепкен каналды аршыды. Әкімдердің мазасын қашырып, су айдатты. Сондай қажырлы құлшыныстың арқасында Жаңақұрылыс халқы бір кездері тарыдан мол өнім алды, бала-шаға қауын-қарбызға мейлінше тойды.

Қайтыс боларынан бұрын ел жағдайының жақсарғанын көріп кетті. Армансыз кетті. Өз ұсынысымен Жаңақұрылыста балабақша, емхана, мектеп құрылысы салынды, ауызсу құбыры жүргізілді, телефон мұнарасы орнатылды. Сөз жоқ осы нысандардың салынуына Елшекеннің сөзі сеп болды. Әсіресе, Қаратерең мен Жаңақұрылыс арасына «Көкарал» бөгетін салған құрылысшыларға аудан атынан ұсыныс тастап, тасжол құрылысын, көлдердің сағасына су тоспаларын жүргізуде ақсақалдың ақыл-кеңесінің орны бөлек-тұғын.

Ендігі мақсат – қатар жатқан қос аудан Қазалы мен Аралға тең қызмет қылған Елшекенді естен шығармай, кейінгі ұрпақ өз ерім деп үлгі тұтар азаматтық келбетін айшықтау. Есімін есте қалдыратын жұмыстар атқарылса, сөз жоқ, Елшекен Қуанышбаев бұған әбден лайық. Әрі бұл еңбекке, елге адал қызмет қылғанға құрмет болары сөзсіз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<