«Хат жаздым қалам алып, туған жерге…»

648

0

Көз алдыма еңсесі биік Күлзейнеп әжемнің  аһ ұрғаны, әкелерім Сауранбай, Төлепберген, Айтбайлардың сарғайған парақтарды ақтарып, аға хаттарын сағынышпен оқыған сәттері келеді…

№44 гвардиялық атқыштар дивизиясының 130-гвардиялық атқыштар полкының взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты, жалағаштық Сауда Мәдиұлы Орманов Ақтөбе қаласындағы кіші командирлер училищесінен арнайы курстан өтеді. Елім деген ердің Отанға деген риясыз адалдығы мен сенімі ұрыс даласынан жолданған хаттарынан ерекше сезілетін. 1942 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында ұрыс даласындағы дайындық туралы айта келе, қарт  әкесі Мәди мен анасы Күлзейнепке, інілері Сауранбай, Төлепберген, Айтбайға алаң көңілін білдіреді. Әрбір хатында елдегі ағайын-туыс, замандас, қарындастарының жай-күйін түгелдей  сұрастырып, жүрекжарды өлең шумақтарын жолдайтын. Көп ұзамай майданға аттанған Сауранбай інісіне жазған хатында: «Командир болып шық. Жастарды тәрбиеле. Неміс фашизміне қарсы соққы бер. Қасыңдағы орыс болсын, қазақ болсын жүрегіңмен сыйлас. Ол – сенің майдандас досың.  Сонымен бірге, командиріңді сыйла» деген ағалық кеңесін жазады. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп, ұрыс толастаған сәтте жанын шүберекке түйіп отырып жазылған хаттары арқылы туған жерге деген шексіз сағынышын жеткізетін. Әрбір хатын оқи отырып,  ұрыс даласындағы азапқа толы күндер өршіл перзентті мұқата алмағанын байқаймыз.

1943 жылы сәуірде госпитальдан емделіп, бөлімге келгенін  інісі Сауранбайға баяндай отырып, әзірге жауап жазбауын сұрайды. Сол жылдың 23 желтоқсанындағы хатында: «Отечественная война» ІІ степенімен наградит етті» деп жазады.  Осы жылдың 11 тамызында 246-атқыштар дивизиясының кіші сержанты Сауда Орманов «Десна» өзенінен бірінші болып өтті. Екі күннен ізінен  жауған оққа қарамастан, қарсы бетке жүзіп өткені,  жау шебіне снайперлік соққы бергені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады.

Соғыста ерлікпен қаза тапқан көкеміздің жоқтаушылары, көңілі шерлі Күлзейнеп ана, қанша қайғырса да іштей тынып, елге тұтқа болған «Жас қайрат» колхозының председателі Мәди атамыз, от  ортасынан оралған Сауранбай, елде қалған балаң Төлепберген, Айтбай майдан хаттарын сағынышпен үнсіз ғана оқыса, Зияш апамыз өлең жолдарын әнге салып, өмірінің соңына дейін айтып кетті.

Польшаның Драк хуторындағы мәңгілік мекеніне туған жер топырағын апарып, зиярат етуді арман еткен Айтбайұлы Базарбай мен жан толқынысын шығармашылықпен жеткізсем дейтін Сауранбайұлы Тынымбай ағамыз да бұл күнде арамызда жоқ…

 Бүгінде жиені Жанат Серікқызы желі арқылы басқа мекен-жайға ауыстырылған, Польша жеріндегі бауырластар зиратының жаңа тұрағын республикалық «Қызыл ай» қоғамымен байланысқа шығып,  тапты. Сондай-ақ, майдангерге 1945 жылы 9 мамырда «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі  берілгенін анықтады.

«Қызыл Жұлдызды» майдангер Сауда Мәдиұлының  ұрпақтары ата жолын жалғап келеді. Жиені, подполковник Мұрат Әуесбаев Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара академиясының  доценті, педагогика ғылымдарының докторы, немересі Әлібек Мәдиев  Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шекара департаменті басшысының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Туған елі батыр ұлдарының еңбегін ескерусіз қалдырмай, Жалағаш кенті әкімінің  шешімімен  кенттегі бір көшеге Сауда Орманов есімі берілді. Осылайша майдангердің ерлікке толы жауынгерлік жолы кейінгі ұрпақ жадында  жаңғырып қала береді.

Мария ОРМАНОВА,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыс бойынша 

Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<