Иткөйлек қасиеті

378

0

Күн ұзарып, Тайгаға көктем келді,

Қылтиып гүл көктеді бөктердегі.

Қарсы бұтақ қасқайған қарағайдың,

Қылқан, бүрі ерекше түрге енеді.

Бұл көктемнен тағдырлас асыл ерлер,

Басының бостандығын күткен еді.

Тұңғиықтың иірімі – ГУЛАГ-тарда,

Талай жыл төзімдерін үккен еді.

Күн ұзарған Тайгада қара балшық,

Ағаш кесер жерлердің бәрі шалшық.

Паектың қара нанын талғажаулап,

Шылап жеген чаганың сөлі талшық.

Жол шетінен көз тартып «Мырза қайың»,

Менмұндалап тұрады «Ну-Ку айшық».

Жас жапырақ желпілдеп тіл қатады:

Мұңдасатын достарға тілек айтып.

Мың тоғыз жүз елу тоғыз, сәуір келді,

Тайга түлеп, табиғат тәуірленді.

Балдидің бұршақ салған жайсаң жары,

Таң бозымен елестеп түсіне енді.

Көріп тұрмын дегендей ишараты:

«Ел көшкен, ен жайлаудан пешенеңді.

Шаңырақты көтертіп, уық шаншып,

Зейфуным керіп жатыр керегемді».

«Кере сала асылым, керегемді,

Сұқ саусағы көрсетіп оң кеудемді,

Жарықтық, аялап тұр иткөйлек пен,

Торқа жібі түктенген сұр жейдемді».

Көрмеген немеремнің иткөйлегі,

Құпия жолмен Тайгаға жеткен еді.

Оң кеудеме тігілген сол пәкизат,

Тұтқындарға нұр-сәуле сепкен еді».

Елестетіп періште ақ қанатын,

Иткөйлектен тұтқындар бақ табатын.

Жалғанда сәби иісіне не жетер деп,

Аялайтын, иіскеп, шаттанатын.

Маңдайларын тигізіп, көзін жұмып,

Кірпіктерден ып-ыстық жас таматын.

Тәңірден тілек тілеп топ жүректер,

Үнсіз тұрып бір мезет, бір соғатын.

Күн ұзарған Тайгада алакеугім,

Тастөбеден қараған ағаш зәулім,

Арайдың алқымынан нұр себеді,

Тұтқынның алдандырып ала кеулін.

Аш құрсақ, жұтқыншағын жібітеді,

Ағаш отта қайнаған қара шәугім.

Діңкелеген денеден тер тамшылап,

Рахатын сезінтер «ой-хой, беудің».

Тайгада жомарт кез бар жемтік берген,

Тұңғиық, тылсым да бар қауіп керген.

Балдиді достарымен сан қатерден,

Сақтаған қойнындағы «Ұлы мерген».

Жан тәсілім етерде ниет бұрып,

Қоштасты «Ну-Ку» ғалым, қайран ерен.

Сәби иісі жетектеп соңғы демін,

Қамырдан қыл тартқандай жүре берген.

Қара талға жармасқан шілік бар-ды,

Бір жағы үңгір, бір жағы түйетайлы.

Қасынан өткен кезде дем бөлініп,

Сездіретін тартылыс, тосын жайды.

Сол күні аяқасты күн күркіреп,

Көкті жапты қара бұлт найзағайлы.

Көбесі сөгілгенде қара аспанның,

Тоғытылды бір дене отты-шарлы.

Сол, отты шар жылжыды сусыл қағып,

Қалғандай көк аспанның жанары ағып,

Бір секірді, бір жүрді, құлдилады,

Бұрылмады, қара үңгір – нысан, бағыт.

Сатырлап үңгір жапқан қу бұтақтар,

Әсер берді жатқандай отқа жағып.

Сонан соң, атқылады қара құрым,

Секілді қақпағы ұшқан қара табыт.

Құдірет-ай, әлгі шар қақ жарылды,

Шіліктің бұтағына бу қарылды.

Тоғыз жігіт айқасып тұрып қалдық,

«Көрерміз» деп Жаратқан салғаныңды.

«Табытты» мекендеген топ жыландар

Қара үңгірден бытырап бізге ағылды.

Ұшқыр ой, тек ұлы тіл кейіптейді,

Жанталасқа айналған қас-қағымды.

Біреуі жорғалады, бірі атылды,

Өштескендей түйсік, түр бұратылды.

Енді бірі жармасып, иық аттап,

Жалаңдатып айқарды айыр тілді.

Тұтқиыл састырғанмен, сезім берді:

«Иткөйлек ысырар» деп сұрапылды.

Алланың құдіреті ме, кім біледі,

Қасиеті тағы да сынатылды.

Иткөйлек қасиеті сынатылды,

Бақидан сауғалады жәннатымды.

Қара шұбар жыланның бес-алтауы,

Белуардан, иықтан құлатылды.

Ой, пір-ай, біле алмадым, сәйкестік пе?

Бас жағы құбылаға қаратылды.

Жан кетіп, ирелеңдеп қала берді,

Ақ құймай-ақ жамылып қара түнді.

Дір еткізді таң бозы құлан иек,

Жан жары – айдалада қалған сүйек.

Рухы ұшып келіп ұйытты ма,

Әділдік айғағынан асыл мәйек?!

Тоң қойнында іркіт те іріп жатыр,

Арсыздардың арқауы – жалған дәйек.

Қасірет, қайғы тартқызған талай жанға,

«Тарантулдар» бір-бірін жалмап әлек.

Тасығандай бұла күш тұла бойдан,

Арыла алмай жатқан-ды құрақ ойдан,

«Балди, Балди, тұр», – дейді Серый келіп,

Кирзі етігін көрсетіп жамап қойған.

– «На работу не пойдем, соберемся»,

Барактарда жоспарлы ашық майдан.

Үркіткен, үрей үрлеп жендеттерді,

«СтепЛагтан» басталған қанды сойқан.

Оқиға көп Тайгада бастан өткен,

От оранған, жоғалған, қанды кешкен.

Сібірдің өзенімен мәңгілікке,

Сұрауы жоқ ерлер бар ығып кеткен.

Саясат құрбандарды қан қақсатып,

Қасірет иіріміне жанын жеккен.

Енді, міне, жылымық желі есіп,

Кейбіріне бостандық үні жеткен.

Кіріп шығып шенділер казармада,

Тізімдейді, кейде іліп хабарлама,

Сұр папкі, қара қапшық қотарады,

Кім біледі, олары хаттама ма?!

Тұтқынның не түрі бар, сан-санатты,

Жазықсыз «жау» дегендер ақтала ма?!

Кіріптарда дос болған жігіттердің,

Бұйырта ма елдерін Хақ-Тағала?!

Елі, жұртын ұйытқан өзегінде,

Жан сырлары жаралы жүрегінде,

«Халық жауын» іріктеп іліп жатыр,

«Рахымшылық» дегеннің кезегінде.

Осы күнге жетпеген боздақтар бар,

Алып кеткен арманын жетегінде.

Ар түтіліп, ақиқат жылап кетті,

Дариға-ай, дүниеден өтерінде…

Мезгіл еді, ай күнді иектеген,

Төрт адам жалғыз жолды жиекпенен,

Келе жатыр, бағыты шеткі барак,

Қол-саусағы тынымсыз ербеңдеген.

Ізінде айдауыл бар түрі таныс,

Шинелінің етегі желбеңдеген.

«Ахали, Балди, Сережа тізімдегі,

Келесіңдер штабқа ертең деген»…

Бесеу еді туғандай бір анадан,

Мәрт мінезді, бір ойдан, бір санадан.

Тоғыз ай бұрын жерледі «Ну-Ку» досты,

«Ақ қайыңның» түбінен көр сұраған.

Басына айшық қойып мұсылманша,

Арылтты тағдырласты жан азадан.

Саибты басқа жаққа ауыстырды,

Ақталар үміт беріп сол қаладан.

Сергей қалды үйленіп шор қызына,

Балап жүрген өзінің жұлдызына.

Ахалиды күтуде түркімендер,

Арда ұлтын сыйғызған болмысына.

Балди мырза жол тартты Кемерінен,

Ат байлатқан атажұрт қазығына.

Соңғы үкім – он сегіздің он бір жылын,

Тастап барад(ы) Тайганың тамұғына.

Отыз екі ОГПУ қарғыс атқан,

Қырық сегіз НКВД жала жапқан.

Штрафбат, Ладога мен Сталинградта,

От кешті ортасында қанды майдан.

«Үш барып, үш келесің, қиянға» деп,

Дәл айтыпты жан жары түбі сойдан.

Алпыс жеті ғұмырдың жиырма екісін,

Елден жырақ өткізді Балди, қайран…

Жеті жыл ерте босап елге келді,

Рухы мықты азамат, ерден еді.

Ізін аңдып, хаттарын тексеретін,

КГБ-нің құпия шенділері.

Дос құрметіне атады «Ибраhим» деп,

Алпыс бірде туылған немерені.

Елім деген жанкешті құрбан жандар,

Ақиқат келеріне сенген еді.

Қиып, әрлеп жасаған қарағайдан,

Ала келді өзімен бір шамадан.

Ішінде естелік бар достарынан,

Бірге өткен қыл-көпір, жар-жағадан.

Күнделігін, кей затын тәркіледі,

КГБ-нің үнсізі қаралаған.

Ақталса да, ғасырдың еншісінде,

Ізі қалды жүрегін жаралаған.

Жылу берген ғажайып кебенектей

Кебінді кері итерген ергенектей.

Тағдырдың тауқыметін тартқандарға,

Иткөйлектің қуаты балғын көктей,

Себепші де болған-ды серпілуге,

Сілекейін суалтпай, сөлі кеппей.

Қасиеттің тұмары – сол иткөйлек,

Қобдишамда сақтаулы иісі кетпей…

Түсініктеме:

«Чага», қайың ағашының діңінде өсетін саңырауқұлақ. Сібір тұтқындарының «шайы».

«Мырза қайың» – тұтқындардың ықыласы ауып, сырласына айналдырған ерекше аққайың. Олар келгенде жапырағы жалбырап, сезім береді екен. Жұмыстан қайтар жолда діңін тіліп түтіктер қойып кетсе, таңертең ыдыс сөлге (сок) толып тұратын болған. Оны «Мырза қайың» атандырған. Достары «Ну-Ку» ғалымды өтініші бойынша сол аққайыңның түбіне жерлеген.

«Ну-Ку айшық» – құлпытас айшық. Әкесі молдаван, шешесі қыпшақ қызы, «халық жауы», «Ну-Ку»-дың басына өтініші бойынша мұсылманша, ағаштан ай ойып орнатқан құлпытастың атауы. «Ну-Ку» оның лақап аты, екі фамилияның соңғы бір-бір буынан құралған (Мокану және Илиеску).

«Зейфун» – 28 жасында репрессия салдарынан дүниеден өткен Балдидың зайыбы.

«Ақ құю» – қазақ жыланды қинап өлтірмеген, басына ақ құйып шығарып тастаған.

«Серый» – Сережаның лақап аты.

«СтепЛаг» – Кеңгір өзені жағасына орналасқан «халық жауларына» арналған ерекше лагерь. СтепЛаг-тағы 40 күнге созылған қанды қырғын көтерілістен соң, өкілетті орган саяси тұтқындардың көпшілігінің ісін қайта қарауға мәжбүр болды. СтепЛаг 1957 жылы біржола жабылды.

«Ахали, Балди, Саиб» – Ахалы түркіменнің, Балди – Ақжанов Балапанның, Саиб – Санаев Ибраhимның лақап аттары.

«Шор» – Кемер облысын мекендейтін түркітектес халық.

«Ергенек» – киіз үй есігінің сыртынан бастырып, жауып қоюға арналған құрал.

Эпилог:

Балди Кемерден оралған 1959 жылдың мамыр айынан бастап, алыс-жақыннан онымен көрісуге келгендер, сәлем берушілер ұзақ уақыт толастамады.

Бірде, Хорезм, Үргеніш, Қызылқаладан келген сыйластары мен туыстарының құрметіне туған құдасы Көбеген Лекерұлы (ол да «халық жауы») ас берді. Талай әңгіменің тиегі ағытылды. Сол асқа қатысқандардың есінде сақталған мына әңгіменің төркінін тектілік демей не дейсің?!

– Көке, – деді Балди, жүзін Көбегенге бұрып, «Сапақ бидің (Көбегеннің туған нағашысы), «Үш тұңғыш киген иткөйлек дау шешеді» деген даналық сөзі есіңізде болар… Мен ұлымды үйлендіріп отау қондыра алмадым, алғашқы немеремнің дүниеге келгенін, тәй-тәй басқанын көрмедім, тілі шығып былдырлағанын естімедім. Бұрын да жақын жандар едік, баламды Алла сіздің жалғыз қызыңызбен жұптастырды. Қиямет-қайымнан өтіп, Тайгада тұңғыш немеремнің иткөйлегін иіскеп жүру бақыты бұйырды, өздеріңмен, еліммен табыстым. Менің айналама жасаған қамқорлығыңа бек ризамын. Енді Алланың құдіретімен, талай жанды ажалдан сақтаған иткөйлекті, ыстығыма күйіп, суығыма тоңған жанкешті қарындасым, мына отырған Зылиха Көкенқызына аманаттаймын. Күндердің күнінде иесіне табыстар.

Тыңдағандардың көзіне жас іркілді. Әрі қарай, «Үш тұңғыш киген иткөйлек дау шешеді» деген қағиданы, оның қасиетін, сөзге шешен, дүр атанған Көбеген тарқатқан еді. Бұл оқиғаға да алпыс жылдан асыпты.

Даража БАЛАПАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<