Ізіне ізгілік тұнған

766

0

Уақыт өткен сайын көз алдыңдағы кешегі күндер естелікке айнала береді екен. Бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласында өткерген ұлағатты ұстаз, қызметте адами болмысымен биік, ал көп ішінде қарапайымдылығымен қадірлі ардагер ағалардың бірі  Жақсылық Жылқышиев еді.

Сонау 1931 жылы, ел басына күн туған қиын кезеңде дүниеге келген Жақсылық ағамыздың одан кейінгі өмірі де оңай бола қойған жоқ. Ел ішін аштық алапаты жайлай бастағанда Жылқышы әулеті тірі қалудың амалымен азын-аулақ малын алдына салып, Тәшкен асты. Жақсылықтың балалық шағы сонда өтті. Сол жақта жүргенде анасы Зағипа дүниеден озды. Алайда шыр етіп, өмірге келгеннен бастап мейірім шуағына бөлеп, әлпештеп отырған ата-әжесі барда баланың көңілі бұл жағдайды аса аңдамай да қалды.

Өмір өз арнасымен өтіп жатты. Жасы жеткенде мектеп табалдырығын аттап, кітап бетін ашып, қолына қалам ұстады. Ата-әженің бауырында өскен зейінді бала аз уақыттың ішінде ұстаздарының ықыласына бөленіп, білімге деген құштарлығын байқатты. Өзбек ағайындардың ортасында өскен бала қатарластарына қарап, бау-бақшада еңбек етуге бейімделді. Осылайша  отбасының жағдайы жақсарып, күнкөрісі қалыпқа түсті. Алайда бұл бастауыш класты бітірген тұста ата-әжесі елге қайтуды құп көріп, көп ұзамай көшуге бел байлады.

Елге келген соң Иіркөл елді мекеніне қоныстанып, мектептегі оқуын одан әрі жалғастырды. Жастайынан білімге құштар Жақсылық Жылқышиев 1949 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1954 жылы бітірді.

Еңбек жолын Алматы облысындағы С.Вансетти атындағы мектепте ұстаздық етуден бастаған жас мұғалім туған жерге келіп, өз мамандығы бойынша Мақпалкөл, М.Шәменов ауылындағы орта мектептерде, кент орталығындағы №31 орта мектепте ұстаздық қызмет етті. Сонымен қатар, №201 орта мектеп директорының орынбасары, №33 орта мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің әдістеме кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлағатты ұстаз қай қызметте жүрсе де, адами келбетімен, ақыл-парасатымен абыройға бөленді.

Ғылымдардың «атасы» саналатын математика пәні бойынша ұстаздың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол үшін лайықты бағасын да алды. «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері», Облыстық партия комитетінің, облыстық Халық ағарту ісі бөлімінің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Бұл атақ-дәрежелер өз алдына, ең бастысы оған деген халықтың қалтқысыз құрметі еді. Айталық, туған жердің тұғырын қалыптастырудағы елеулі еңбегі ескеріліп, аудандық мәслихат шешімімен «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ал 2014 жылы ардақты ұстаздың ғибратты өмір жолын арқау еткен «Өнегесімен өркен жайған» атты кітап жарыққа шықты. Кітап авторы – жазушы Б.Ұзақбаев.

Кітапты оқи отырып, кейіпкердің өмірі мен өнегесі жайында жазылған көптеген естелікке ұшырастық. Құдай қосқан жары Халипа апайдан бастап, аудан, аймақ көлеміндегі белгілі азаматтардың жазбалары оқыған адамды бей-жай қалдырмайды. Сонымен бірге, ұлағатты ұстаз Ж.Жылқышиевтің әр жылдары басылым беттерінде жарияланған мақалалары да кітаптан орын алыпты. Биыл ұстаздың өмірден өткеніне он жыл толды.

Бүгінде жауапты мемлекеттік қызметте жүрген Жазира Жақсылыққызы өз естелігінде:

– Қандай қиыншылық болса да күресе білуді әкемнен үйрендім. Жатпай-тұрмай, үнемі ізденіспен еңбек етіп, тек өзімнің білімім мен ақылыма ғана сендім. Адамды сыйлап, құрметтеудің не екенін түсініп, үнемі жанашырлықпен қарадым. Қолымнан келгенше қамқорлық жасап, алғысын алғым келіп тұрады. Осылайша кішіпейілділікке, адамгершілікке үйрендім. Бұл әкемнің бойыма сіңірген ерекше тәлімінің арқасы деп ойлаймын. Сол үшін сүйікті әкеме өмір бойы қарыздармын, – деп жазыпты.

Иә, мамандығы бойынша ол кісі математика пәнінің оқытушысы, жай оқытушы емес, ең мықты мұғалім еді. Болмысы таза, сондығынан кейде «тура сөйлеп, туғанына жақпайтын» кездері де болатын. Дегенмен ол әрдайым әділдікке жүгінетін. Сондықтан болар, көп жылғы еңбек жолында басшылық қызметке немесе атақ-мансапқа қызықпады. Есесіне осындай ұстаздан білім алған шәкірттерінің басым көпшілігі жоғары лауазымдарды иеленіп, беделді, абыройлы қызметтерімен елге танылды. Өмірінің жарты ғасырын бірге өткерген жұбайы Халипа Керимова апайымыз да бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Жалағаш ауданындағы №123 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды. Жылы шырайлы, ізеті мен инабаты бөлек Халипа апайдың түр-тұлғасы адами асыл қасиеттің үлгісіндей көрінетін. Өмір жолында, еңбек жолында қатар жүрген қос ұстаз 8 бала өсіріп, тәрбиелеп, немере- шөберенің қызығын көрді.

Біз білетін Жақсылық ағай зейнетке шыққаннан кейін де аудан оқушыларын математикаға баулып, олимпиадаға дайындау ісіне көп еңбегін сіңірді. Өйткені ұстаздың бар ойы бойындағы білімін, тәжірибесін саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында сарқа жұмсау еді. Ол арманы орындалды. Себебі, бұл күнде аудан орталығындағы З.Жарқынбаев атындағы №202 мектеп-лицейде Жақсылық Жылқышиев атындағы математика кабинеті бар. Заманауи көрнекі құралдармен жабдықталған кабинетте білімге құштар жас өрендер үшін барынша қажетті жағдай жасалған.

Ұлағатты ұстаз туралы көбірек білетініміздің бір себебі, ол кісі аудандық басылымның тұрақты оқырманы болатын. Газеттің әрбір жаңа санында жарияланған мақалалар туралы ой-пікірін айтып, кейде тың тақырыптар бойынша ізденіске жетелейтін. Өмірлік тәжірибесінен ойына түйген афоризмдері – қазақтың ескі нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, сондай-ақ, орысша афоризмдерден аударған дәйексөздерін бізге жұмыс барысында пайдалануға ұсынатын. Сондай-ақ, өмірге қажет болар деген көне жазба, көркем естеліктерді ыждағаттап жинап жүретін. Осындай ойлы дүниелерін ара-тұра аудандық газетке де жариялап тұрушы едік.

Мыңдаған мұғалім бар, алайда оның ішінде шәкіртке білімімен ғана емес, бар болмысымен үлгі болатын ұстаздар санаулы десек, ешкімнің таласы жоқ шығар. Бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған Жақсылық Жылқышиев осындай ұстаз еді.

 Ол кісінің қоғамдағы орны, елге еткен қызметі, білім дәрежесі мен қайраткерлігі қанша биік болса да, қарапайымдылық қасиеті содан жоғары тұратын. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген керемет сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасы да Жақсылық ағай сынды жайсаң жандардың өмірлік өнегесін, бітім-болмысы мен ақыл-парасатын айқындай түсетіндей.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<