Кешігіп жеткен дерек

555

0

Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 78 жыл. Осынша уақыт бейбітшілік бесігінде тербеліп келе жатсақ та, соғыс тартқызған қасірет, майдан зардабы талайлардың мәңгі жүрегінде. Олай дейтініміз, сол қанды соғыста қаншама ана баласынан, жарынан, бауырынан айрылса, қаншама бала әкесінен,  ағасынан көз жазып қалды.  Соғысқа аттанған талай қазақ баласы қыршынынан қиылды, қаншасы із-түссіз кетті. Сондай боздақтың бірі – аралдық Сәдуақас Мадияров.

1923 жылы туған ол 1942 жылы небәрі 19 жасында қан майданға аттанды. Сол кеткеннен келмеді.  Соғыс аяқталып, жұрт елге оралғанда да  Сәдуақастан хабар болмады. Өлдіге санайын десе, қайтыс болғаны жөнінде қарақағаз келген жоқ. Соғыс біткесін де бауырларының оны іздеуге мүмкіндігі болмаған.  Тек 2000 жылдан кейін ғана  інісі Ақмұрат Мадияров ағасын іздеу жолына түседі. Кейін анықталғандай, ол үш жыл соғысқа қатысып, 1944 жылы мамырда қайтыс болған. Ұрыс даласындағы қиян-кесті шайқаста немістің 7 солдаты мен офицерін жойғаны үшін «За отвагу» медалімен марапатталған.

–    2005 жылы зейнетке шыққан соң ағамның жатқан жерін іздедім. Балам екеуміз Одесса арқылы жүріп отырып, Украинаның Запорожье облысы Херсон қаласының маңындағы Михайловка селосына бардық. Сол жерде майданда қайтыс болғандарға арналған үлкен аллея бар екен. Онда Ұлы Отан соғысында қайтыс болған   адамдардың есімі жазылған үлкен ескерткіш қойылған. Кемі 3-4 мың адамның есімі бар-ау, өте көп енді, жан-жағына гүл егілген, тап-таза, қоршалған. Майданда қайтыс болған сарбаздарды қатты құрметтейтіндері байқалып тұр. Тіпті, біз секілді жоқ іздеп келушілерге арнап қонақүй де салынған, – дейді майдангердің інісі Ақмұрат ақсақал.  – Әлгі аллеяда бізді бір қарт кісі бастап жүрді. Ол соғыс уақытында сегіз-тоғыздағы бала екен. Сол кездегі майдан зардабын, қиян-кескі ұрысты көзбен көрген. «Бала болсақ та бәрі көз алдымда. Шешеміз үйге қуып әкеп тықса да, ретін тауып сыртқа қашып шығып, айдап отырып, соғыс жүріп жатқан жерге келетінбіз. Бірде Днепр өзенінің бойынан біздің Совет әскері бері қарай шығуы керек болған ау. Қару-жарақтарын қойып шыға бергенде оларға қарай оқ жаудырды. Сонда қаншама жауынгер қаза тапты. Кейбірі жараланды. Шықпай қалғандарды «із-түзсіз жоғалғандар» қатарына қосқан болуы керек», –  дегенді айтты әлгі кісі бізге. Өзіміз де солай топшыладық. Менің ағам жаралы болып, госпитальға түскен. Ол туралы деректі архив арқылы Ленинградтың медицинасынан таптық. Басқа еш дерек жоқ. Михайловка селосында бір ай бойы соғысқан екен. Сол жерден ескерткіш ретінде винтовканың оғын алдық.  Топырағынан ала келіп, Арал ауданы Аманөткел ауылындағы әке-шешеміз жатқан қабірге апарып мұсылманшылық рәсімге сай жерледім. Анда-санда барып, құран оқып, еске алып тұрамыз, – дейді  ақсақал.

Ағасы Сәдуақас соғысқа аттанғанда Ақмұрат аға жасқа да толмаған екен. Анасының майданға кеткен баласын сағынып, ішқұса болған шерлі күйін, көзден аққан жасын талай көрді. Себебі, үміт үзейін десе ағасының артынан өлді деген қарақағаз жоқ, тек жараланды  деген тілдей хабар ғана келген. Ал ана жүрегі өле-өлгенше соғысқа кеткен баласын сағынумен, бір жерден бір хабары шығып қалар деп үміттенумен, келіп қалар деп дәмеленумен өтті.

–    1970 жылы анам қатты науқастанып, төсек тартып жатты. Жасы келген сайын соғыстан қайтпаған баласын ойлаумен болды. Анамыздың өтінуімен үлкен ағамыз бастап жан-жақтан сұрастырып, іздеу салып жүргенбіз. Бірақ мардымды мәлімет таба алмадық. Қысылып жатқанда анам менен «ана баладан бір хабар бар ма? Не білдіңдер?» деп сұрады. Анамның сөзін ағама айттым. Ағам анамыздың көңіліне қарап, «артынан келген қарақағаз жоқ, соғысқа қатысқан талай жауангерлер жан-жақта жүр дейді ғой, ол да бір украин қызына үйленіп, балалы-шағалы болып жүрген шығар» деп айт деді. Солай айттық, – дейді ақсақал.

2005 жылы Украинаға барып, ағасының топырағын алып, дерегін біліп келген соң Ақмұрат ағаның келіні ұлды болып, атын ағасының құрметіне Сәдуақас деп қояды. «Небәрі 21 жасында қыршын кетті, өмірден ешқандай қызық көрген жоқ. Соны ойлап, ең болмаса аты өшпесін деп немереме осы кісінің атын бердік» дейді ақсақал.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<