Амангелді ағамызбен редакцияда таныстық. Облыстық басылымға түрлі тақырыпта мақала жазады. Әсіресе, тарихи тақырыптарда ой қозғайтын. Денсаулық мәселесіне де қалам тербеп тұратын еді. Негізгі мамандығы дәрігер екенін білгенде таңғалғанымыз да рас. Шұрайлы тілмен жазылған мақаласын тұшына оқимыз. Бұл қашанда киелі мекен – ауылдан нәр салып, құтты қоныстың қадір-қасиетін сезініп өскен азаматтың әрбір мақаласын асықпай, толғанып жазғанынан болса керек-ті. Жастайынан қалам мен қағазды жанына жақын етіп, өмір жолының бастауында ақ халат пен қандауырды таңдауының себебі әріде жатыр.
Ол уақытта Аралдың ақжал толқыны жағаға соғып жататын. Теңіз төскейіндегі Бөген ауылында кіндік қаны тамған бала Амангелді құтты қоныстың қадірменді азаматы Нұғманның тұла бойы тұңғышы болатын. Әкесі бірінші топтағы зағип еді. Сондықтан отбасындағы үлкен жауапкершілік бала болса да Амангелдіге жүктелді. Белі қатпастан ауыр жұмысқа жегілді. Тұрмыс жағдайы қиын отбасының ауыртпалығын арқалады. Ата-анасы мен өзінен кейінгі бауырларына қамқор болды. Қанша қиындық көрсе де сағы сынған жоқ.
Оқуға деген зеректігінің арқасында үнемі үздіктер қатарында еді. Ауылға келіп жататын мерзімді басылымдарда шыққан мақалаларға көз салып, өзі де қиялында туған ойларын қағаз бетіне түсіре бастады. Небәрі он бір жаста, бесінші сыныпта оқитын. Жазған дүниелері аудандық «Толқын», облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеттерінде жарияланды. Сондай-ақ, республикалық «Лениншіл жас» газеті мен «Ара» журналында да жарық көрді. Осылайша оның өмір жолы журналистика саласына бұрылып келе жатқан-ды.
Әкесінің зағиптығы жанына қатты бататын. «Өскенде дәрігер болып, әкемнің көзін емдеп жазамын» деген мақсаты бар-ды. Сол арман оны 1973 жылы Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина институтына жетелеп алып келді. Мектеп бітіргенде Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне берілген жолдамадан бас тартуының сыры осында жатыр.
Өмір жолында талай науқастың дертіне дауа тауып, ағайынның алғысына бөленді. Бұл жөнінде әріптесі Жақсылық Сәрсенбайұлы өзінің естелігінде «Абзал азамат Амангелді Суханберлиевпен 1980 жылдан бері таныспын. Облыстық ауруханада анестезиолог-реаниматолог дәрігер қызметін атқаратын едім. Ол Қазалы аудандық ауруханасында анестезиолог мамандығы бойынша өндірістік тәжірибеден өтті. Сол уақыттан бастап етене танысып, жақын араласып кеттік. Сыйластығымыз үзілген жоқ. Алтын қолды дәрігер екеніне талай мәрте көзіміз жетті. Одан бөлек, журналистикаға жаны жақын, қаламы ұшқыр екенін талай мәрте дәлелдеді» деп ой толғайды.
Өзінің еңбек жолында еліміздің бірнеше өңірінде медициналық мекемелерде басшылық қызмет атқарды. Қай жерде жүрсе де халықтың ортасында болды. Өлім мен өмірдің арасында жатқандарға жарық дүние қызығын сыйлады. Дерті жанына батқан дімкәс жанға қарапайым жағдайда ота жасағанының өзі үлкен ерлік емес пе?
Оқиға былайша өрбіген екен. Ауылдың біріне барғанда өлім мен өмірдің ортасында жатқан науқасқа қараша үйде ота жасайды. Әдетте, мұндай жағдайда ота жасау қиынның қиыны. Оған үлкен жауапкершілік қажет. Қандауырдың ұшында адам тағдыры тұр. Соған қарамастан білікті дәрігер тәуекелге бел буды. Отаны сәтті жасап шықты. Сол сәттегі елдің алғысын айтсаңызшы. «Атыңыз да амандықтың тілеуі екен. Бауырымыз сырқатынан айықты» деп ағынан жарылды жергілікті жұрт. Бұл әңгімені ағамыздың аузынан да естігеніміз бар.
Ақ желеңді мамандық иесі негізінен ауылдық жерде елге қызмет етті. Оның білімі, біліктілігі, тәжірибесі ірі қалалардағы дәрігерлер тарапынан бағаланып жататын. Академик Камал Ормантаев туған топырақта талай жанның өміріне арашашы болып жүрген жас маманға ғылым жолына түсуге кеңес берді. Алайда отбасының жағдайы оған ешбір мұрша берген жоқ. Ізінен ерген бауырлары ол тұста әлі де ағаның қамқорлығына зәру еді. Одан қалды өз шаңырағындағы балалардың да болашағын ойлады. Алланың қолдауымен бауырларын да, балаларын да жетілдірді.
Өмір жолының басым бөлігі Қармақшы кеңшарында өтті. Ауылдық аурухана алғашқы жылдарда материалдық-техникалық базасы жөнінен кемшін түсіп жататын. Ал халыққа сапалы қызмет қажет. Шаруашылық басшысы И.Жұмағұлов емдеу орны жағдайының жақсаруына барынша қолдау көрсетті. Аурухана кешенді қызмет көрсету мекемесіне айналды. Ілгеріде кейбір науқастарды емдеуге мүмкіндік жоқ еді. Соның салдарынан елдегілер аудан немесе облыс орталығына сабылатын. Сол науқастарды жергілікті жерде емдеуге қол жетті. Тіпті қиырда жатқан шопандарға көшпелі медициналық қызмет жасау аясы да кеңейді. Білікті дәрігердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оған «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді. Оны қадірлі азаматтың ұзақ жылдар бойғы еселі еңбегінің бағасы деп түсінсек, артық емес.
Ағамыздың еңбек жолында кездескен мына бір оқиғаны айтайық. Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде тұратын Марат есімді азаматтың қолына жара шыққан екен. Жанын шүберекке түйген ол емдеу орындарының есігін тоздырды. Дәрігерлердің көбісі қолын кеспесе болмайтынын айтады. Амангелді ағамыздың білікті дәрігер екенін естіп Қармақшы ауылына жол тартады. Ол кісі ешқандай абыржитын жағдай жоқ екенін айтады. Қажетті емін жасайды. Арада бір апта өткенде жара жазылып кетеді. «Егер қолым кесілгенде отбасымды кім асырайды? Кейбір дәрігерлердің жауапсыздығы мені мүгедектікке душар ете жаздады. Әбекеңнің арқасында сарыуайымнан құтылдым» деген екен ол кісі.
Атасы Нұржан ел ішінде ишан атанған әулие кісі еді. Ишан бабасының қолдауы шығар, ем іздеп келген науқастың барлығы білікті дәрігерден дертіне дауа табатын.
Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында қызмет атқарды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің облыс бойынша департаментінде сарапшы дәрігер-хирург болды. Өзінің жұмысын жүйелі жүргізіп, елдің алғысына бөленді.
Жастайынан қалам мен қағазға үйірсек ол қай кезде де журналистика саласынан алыс кеткен жоқ. Түрлі тақырыпта ой-пікірін білдіріп, мерзімді басылымдарға жолдайтын. Кезінде «Жас Алаштың» редакторы болған Уәлихан Қалижан әріптестеріне Әбекең жайында «Авторлардың ішінде өзекті де өткір мәселелер көтеріп, тілін көркем өрнектейді» деп баға берген көрінеді. Сол кезеңде қалам құдіретімен Арал тағдырын, «Байқоңырдың» базынасын жоғарыға жеткізуге атсалысты. Осылайша халық денсаулығына араша түсті.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға бет бұрды. Туған топырағында шығыс үлгісіндегі мешіттің салынуына ұйытқы болды. Игілікті істің жүзеге асуына демеушілік көрсеткен Нұржан ишан ата атындағы қайырымдылық қорына жетекшілік етті. 2014 жылдан бастап ай сайын жарық көретін республикалық «Нұр Жан» журналын шығару ісін қолға алып, аталған басылымның бас редакторы қызметін атқарды.
Ұзақ жылғы еңбек жолы оның өнегелі өмірінің өзегі болды. Қашан да ізгілікті істің ұйытқысына айналды. Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн «Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен. Ағамыз кісілік келбетін келістіріп, шынайылықты асқақтатып өмір сүрді. Осындай абзал қасиеттердің арқасында ағайын арасында абырой биігінен көрінді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<