Көңіл төріндегі әке бейнесі

224

0

Байланыс саласының жұмысы күрделі де жауапты екені белгілі. Кейіпкеріміздің өмірдерегіне үңілсек, осыған көз жеткіземіз. Облыстағы байланыс саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан Серікбай Кенжеқожаұлы осы жұмысты абыроймен атқарған.

Ол 1947 жылы Киров атындағы кеңшарда дүниеге келді. Ауыл сол уақытта бұрынғы Сырдария ауданына қарайтын. Әкесі Кенжеқожа елге құрметті, парасатты жан еді. Зайыбы екеуі төрт бала тәрбиелеп, қоғамға қосты.

Балаларының білімді болғанын қалаған ата-ана оны Қызылорда қаласындағы 1 Май мектебіне берді. Бұл – 1954 жыл. Жасынан зейінді, білмекке құмар бала озат оқушының бірі болды. 1965 жылы Ташкенттегі Энергетика және байланыс институтына түсіп, оны 1970 жылы бітіріп шықты.

Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы ЭТУС-та инженер болып бастады. Тынбай ізденудің арқасында білікті маманға айналды.  Осында ұзақ жыл еңбек етіп, қазіргі «Қазақтелеком» мекемесінде басшылық қызметте болды.

Ол 1985-1992 жылдар аралығында облыстың байланыс саласына басшылық жасады. 1990 жылдардың басындағы күрделі кезеңдегі еңбегі мен ұйымдастырушылық шеберлігін атап өткен жөн. Сол уақытта саланың дамуына жинақтаған тәжірибесімен үлкен үлес қосты. Тынымсыз тірлік пен қажыр-қайратты ұштастыра білген еңбекқор жан  өз ісінің білгірі ретінде талай келелі істің үйлестірушісі болды.

Еңбекке ерте араласып, маңдай тердің қадірін ұғынған жан нарықтық экономика дәуірі басталғанда кәсіпкерлікке бет бұрды. Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылындағы «Бәйтен» көпірінің жанынан жер алып, «Атамекен» шаруа қожалығын ашты. Төрт түлікті өсіріп, мал басын көбейтті.  Оның қайырлы ісін ел әлі күнге ұмытқан жоқ, құрметтеді, сыйлады. Ағамыздың ағайын-туғандарының жағдайын ойлап, қамқорлық танытуы, ата-ана мен үлкенді құрметтеуі, бауырға деген қамқорлығы көпшілікке үлгі-өнеге еді.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне елеулі үлес қосқан Серікбай Кенжеқожаұлы 2014 жылы 67 жасында өмірден озды. Отбасында үлгілі әке, әулетке аға болған азамат жары Бақыткүл екеуі 5 перзент өсірді.  Балаларын еңбекке, бауырмалдыққа, мейірімділікке тәрбиеледі. «Қыздарым – қызыл алтын, ұлым – өмірімнің жалғасы» деп, немерелерін еркелетіп өсірді. Тұңғышы Айгүл әл Фараби атындағы ҚазҰУ бітірген, филолог, ұлы Жанәділ – тарихшы-заңгер, Нұргүл – араб тілінің маманы, аудармашы-экономист, Айнұр – педагог, кенжесі Лаура – экономист. Қазір шаңырақта 18 немере бар. Балаларының бәрі еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып жүр. 

Ғибратты ғұмыр кешкен ағамыз ел-жұртының есінде байланыс саласына еңбек сіңірген жан ретінде қалды.

Әулеттің жарасты бірлігін, ұрпағының амандығын тілеп отырған зайыбы Бақыткүл әже мен бауыры Тұрсынкүл және балалары  асыл әкені үнемі сағынышпен еске алып, Құран бағыштап отырады

Р.АРЫСТАНБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<