Көңілден көшпейтін бір бейне

386

0

Жомарт жүрегімен, адамгершілік қасиетімен, адал ниетімен ерекшеленіп тұратын адамдар болады. Сондай Сыр перзентінің бірі Абзал Тайманов еді. Алла тағала өлшеп берген өмірі, ырзық-несібесі таусылған күні біреу ерте, біреу кеш дүниеден кете беретінін, қысқа ғұмырда адамдар бір-біріне қимас қонақ екенін сонда ғана түсінетініміз өкінішті-ақ.

Халық «төтеннен келген өлімнен сақта» демей ме? Дегенде қимас дос, жолдас-жораның өлімі қай уақытта да төтеннен келетін сияқты. Абзал нағашым ойыма оралғанда, жүрегіме жүк түскендей сезінемін.

Абзалдың әкесі Тайман қари Сыр бойы қадір тұтқан, белгілі діндар, Құран кәрімді толық меңгерген сауатты кісі еді. «Аққұм» елді мекенінде 2005 жылы Тайман қари атындағы мешіт ашылып, ас берілді.

Қазақ шежіресінде айтылып, жазылып қалған өнегелі сөз:

– Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тегі бекзат болғандар,

Өмірдің мәнін ұғады.

Тұғырында өмірдің,

Әрқашан биік тұрады, – дейді.

Осындай өнегелі сөздер Абзал сияқты жандарға айтылса керек.

«Аққұмның» топырағында 1953 жылы 15 сәуірде жарық дүние есігін ашқан Абзал биыл 70 жасқа толатын еді. Өкінішке қарай, қолдан келетіні – Құран бағыштау. 2020 жылы баспадан «Абзал» атты кітап жарық көрді. Осы кітаптың алғысөзінде «Асыл азамат» деп айдар тағып, өзімнің жүрек сезімімді білдірген едім. Кітапта туған топырағына сіңірген еңбегі, туған-туыстары, әріптестерінің естеліктері ыстық ықыласпен жазылған.

Ол Абзал десе абзал еді. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, ешкімді жат көрмейтін. Көпшіл, кішіпейіл, қайырымды, ақкөңіл, адал адам болатын. Алыс-жақын деп алаламайтын, үлкендердің арасында кішілігін, кішілердің арасында үлкендігін танытатын. Кісілігі мен кішілігі өзіне жарасымды еді. Бұл жарық дүниеден озғанына төрт жылдай уақыт өтсе де, бейнесі көңілімізде. Өйткені жүрек түбінен мықтап орын алған.

Абзал Тайманов «Аққұм» ауылында орта мектепті 70-жылдары тәмамдап, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогика институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімі, клуб меңгерушісі болып бастады. Әскерден оралған соң Жалағаш аудандық комсомол, атқару органдарында жұмыс істеді.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң ғалым-агроном мамандығы бойынша агроном, бас агроном, аудандық тұқым инспекциясының бастығы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар жауапты қызметте болды.

«Қазпоштаны» басқара жүріп, үш рет облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Халыққа сапалы қызмет көрсеткені үшін бірнеше медаль, «Құрметті байланысшы» атағын иеленді. Өмірінің соңына дейін орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме директоры қызметінде болды. Осында жүріп орман қорын қорғау мен дамыту саласындағы еңбегі үшін «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Дүниеде ең қымбат нәрсе уақыт көрінеді. Адам да, заман да, қоғам да сол уақыттың аясында өтіп жатады. Апта басталса, қалай өткенін, жылдардың да жылжып жатқанын байқамай қаламыз.

Алланың сыйы болар, жас ұлғайған соң жиындар мен жайылған дастархан төріне озған шақта, айналаңа еріксіз қарайсың. Ойыңа өмірден өткен сыйлы ағалар, жолдас-дос, туған-туыстар оралады. Олардың ізгілікті істерін, азаматтығын артымыздан ерген кейінгі ұрпаққа жеткізгің келіп тұрады. Бәлкім, сағыныш болар.

Иә, ағайын, көпшілік жағдайда күнделікті қасымызда жүрген асыл жандардың қадір-қасиетін біле бермейміз. Тек дүниеден өткенде ғана айтатынымыз жасырын емес. Ешкім де тағдырдың жазуына қарсы тұрып, оны ырқына көндірген емес. Солай болған, солай болып қала береді.

Абзал өмір сүрген қоғамына адал еңбек жасап, айналасындағы дос-жарандарын жоғары сыйластықпен бағалап, абырой иесі болды десем, артық емес. Туған-туысқандарына қолынан келгенше қамқоршы бола білді. Қай жұмысында болмасын мансабына мастанып, менменсініп кеуде көтергенін көрмеппін. Өмір бойы іс пен сөздің тазалығын, әділдігін, шынайылығын қалайтын қалпынан айныған емес.

«Жақсы адам – көпке ортақ» деген бар. Өмір мәңгілік емес, пенденің өмір өткінші екенін білетіні белгілі жайт болса керек.

Абзал 2019 жылы мамыр айында дүниеден өтті.

Қазағымыздың ертеден бері айтылып келе жатқан қағидасының бірі – адам баласы пешенесіне жазылған нәрседен қашып құтыла алмайды.

– Бай да өткен, патша да өткен,

Түбіне бұл пенденің өлім жеткен.

Қаншама өлмеймін деп шалқайғанда,

Өлмесе, ата-бабаң қайда кеткен?

Бұл шындықты, медет тұтамыз. Бұрынғылар айтқандай, орнында бар оңалар деген емес пе? Ұрпақтары әкесін айрықша құрмет тұтады. Көргенін жасап, өмірден өз орындарын тапты. Тиісті жұмыстарын атқарып, халық қатарында келе жатыр.

Ер жігіттің бақыты – оның жары, жан серігі, жол серігі десем, артық айтпағаным болар. Жан жары Мараш өмірінің соңғы сағатына дейін бірге болды. Абзал дүниеден озғаннан кейін де қазақ әйелдеріне тән қасиетін танытып, барлық рәсімін жасап отырған жайы бар. Рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

Жомарт жүректі азаматтың бақилық жолы жарық, нұрлы болуын тілеймін.

Тұрғанбай МАХАНОВ,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы,

ҚР Еңбегі сіңген дәрігер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<