Көңілден көшпес кемелдік

301

0

Фото: автордан

Шиелі ауданында жиырма жылға жуық қызмет жасап, елді тануыма, өмірлік көзқарасымды қалыптастыруға себеп болып, негіз қалаған Орынбасар Биімбетұлы Бәйімбетов десем, артық айтқандық емес. Он жыл бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі әрі  аудандық атқару комитетінің мүшесі ретінде жұмыс істедім. Сәл шегініс жасауға тура келеді. 1970 жылдың мамыр айынан бастап облыстық комсомол комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасадым. Бұл ретте облыстық партия комитетінің де қосымша тапсырмаларын орындауға тура келеді. Ол кезде партия тапсырмасымен елге бару, тұрғындармен пікір алмасу, саяси  ахуалға баға беру, одан тиісті қорытынды шығарып басшылыққа жеткізу жауапты міндет болатын.

Біздің бұл ауданға келу қарсаңымызда аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ғафур Мұхамеджанов көрші Жаңақорғанға осындай қызметке ауысыпты. Аудандағы саяси да, қарапайым да ортаның әңгіме төркіні енді кім бірінші басшы болатынының айналасында еді. Бұл қызметке қырық жастағы жігіт, Социалистік Еңбек ері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, көпсалалы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып істеген, бұл қызметтердің алдында Жаңақорған ауданында  бас мал дәрігері, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Сырдария ауданының «1 Май» совхозының директоры қызметін абыройлы атқарған Орынбасар Бәйімбетов келейін деп жатыр деген әңгіменің үстінен түстік. Өмір мектебінің барлық сатысынан өткен, елге танымал тұлға болып қалыптасып үлгерген, Сыр бойының, республикалық деңгейдегі саяси ортаның белсенді мүшесі бола білген кадр деген ойда болғанымыз шындық. Міне, осы уақыттан бастап Шиелі ауданына менің былайғы өмір жолымның тікелей байланыста болатынын ол кезде айқын ажырата алмағаным рас. 1973 жылдың 1 желтоқсаны күні аудандық комсомол конференциясында мені бірінші секретарьлыққа сайлады. Мұндай шешімді сол конференция алдында білдім. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы С.Танекеевтің тапсырмасына сәйкес ауданда қалыптасқан жағдайдан шығу мақсатында осындай ұйғарым болыпты. Сол уақыттан бастап Орекеңмен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде дамылсыз жұмыс істеу, іздену кезеңі басталды.

О.Бәйімбетов алғашқы күннен ауданның ауыл шаруашылығы саласымен жете танысуға зор мүмкіндік жасады. Әуелі Сырдария совхозында партиялық тапсырма  – аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде өкілдік қызметке қосты. Совхоз директоры облысқа белгілі азамат Әбубәкір Теміров ағамыз еді. Өмірдің ащы-тұщысын көрген, басшылық қызметтерде болған, Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші секретары болып жұмыс жасаған. Орекең ол кісіні жақсы сыйлайды әрі түсіністікпен бір-біріне қарайтынын сеземін.

Енді бірде Қазақстанның 30 жылдығы совхозының директоры Өмірхан Жәрімбетов ағамен жұмыс істеуге тапсырма беріліп жатты. Әрбір берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға талпыныс жасаймын әрі шаруашылықтардың жетістіктері мен олқылықтарын да боямасыз баяндаймын. Бұл жерде өсек, әңгіме айту емес, мәселені шешуге қатысты келелі ойлар қозғалатын-ды. Орекең болса мұқият тыңдап, мәселелерді шешуді шұғыл түрде жауапты мекеме басшыларына жеткізетін. Уақыт өтіп жатты. Комсомол қызметіндегі жасымыз да шектеулі шекке келді. Байқаймын, басқа жаққа жібергісі  жоқ. Облыстық партия комитетімен де ақылдасып жүргенін сеземін. Сонымен не керек, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылыққа бекітті. Орекеңнің талапшылдығы ерекше болатын. Шаруаның қыр-сырын жетік біледі, жалықпай шаруашылық аралайды. Ол кісінің алдында есеп беретін әрбір шаруашылық басшысы үлкен дайындықпен келуге тырысатын.

Жаңалық атаулыны қолдау Орекеңе тән қасиет еді. Бірде ауданның бірінші басшысына келіп өз ойымды айттым. Атақты диқанды даңққа бөлеген «Қызылту» колхозының қазіргі «Ыбырай түбегі» деген жерге неге  ескерткіш орнатпасқа деп ұсыныс айттым. Дәл осы ойды бір кездері Сұлтан Аманов та айтқан, демек ойға алған екенсің, бастаған істі аяғына дейін жеткіз деп мақұлдады. Барлық іс оңынан туып, қара жерге ескерткіш орнату идеясы осылай туған еді.

Бұл жылдар аудан экономикасында үлкен серпіліс кезеңі еді. Сыр бойындағы күріш дақылының  атын шығарып, «Жақаевшылар қозғалысының» отаны болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың елінде әлі де инженерлік жүйеге келтірілген егістік жер көлемі аз-ды. Бұл салада үлкен «өндірістік шабуыл» басталды десе де болады. «Главриссовхозстрой» тресінің техникалары Шиеліге бет бұрды. Бұл, әрине, кеш те болса облыс басшысының аудан басшылығының ұсыныстарына сергектікпен қарағанының белгісі еді. Мал шаруашылығында мамандандыру процесі басталды. Жаңадан үш совхоз ұйымдастырылды. «Төңкеріс», «Коммунизм» колхоздарының қой фермаларының негізінде «Еңбекші» совхозы, Ленин атындағы, «Қызылту» колхоздарының қой фермаларының негізінде «Телікөл» совхозы, «Авангард», «Гигант» колхоздарының қой, жылқы фермаларының негізінде Қызылқұм қойнауын игеру мақсатында атақты жазушы, «Мың бір түнді» бірінші рет парсы тілінен аударушы Қалмахан Әбдіқадіровтің отаны Қарғалыда совхоз ашылды.

Көңілден көшпес кемелдік

Ірі қара цехтары қалыптасып, негізінен күріш өсіретін алты шаруашылыққа  ұйымдастырылып, бүкіл қой шаруашылығымен айналысатын орталықтарда мал бордақылау комплекстері салынды. Қаракөл өндірудің кешенді жоспары жасалды, мал шаруашылығын жүргізудің ғылымға негізделген шаралары жүзеге аса бастады. Бәйгеқұм аумағында көкөніс-бақша өнімдерін өндірумен айналысатын арнайы «Бәйгеқұм» совхозы құрылды. «Шиелі» Жеміс-жидек» совхозының жұмысы бір жүйеге келтірілді. «Жансейіт» елді – мекенінде аудандық мал бордақылау арнайы бірлестігі ашылып, мемлекетке ет дайындап өткізу жұмысы жолға қойылды. Ауданда республикалық Ы.Жақаев атындағы күріш өсірудің тәжірибе алмасу мектебі өз жұмысын одан әрі жалғастырды.

Осылайша аудан біртұтас ауыл шаруашылығы комплексіне айналды. Тынымсыз жұмыс істеу, уақыттың қалай өтіп жатқанына да назар аудармаған екенбіз. Ауданда шаруашылықтарды басқарудың жаңа мектебі қалыптасқандай болды. Әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінді. Аудан орталығында аурухана құрылысы басталып, пайдалануға берілді. «Авангард», «Сырдария», «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозының орталықтарында мектептер салынып, Шиелі кентінің орталығында балабақша құрылысы аяқталып, іске қосылды. «Коммунизм», «Гигант» колхоздарында мәдениет үйлері салынды. Осы жұмыстардың барлығы дерлік Орынбасар Биімбетұлының басшылығымен атқарылды. Бұл алып механизмді іске қосу, оның тетіктерін басқарудың кілті кімнің қолында екеніне тікелей байланысты еді. Ауылшаруашылық өндірісінің майталмандары Ануарбек Сапақов, Бәкір Тоқбаулин, Өмірхан Жарымбетов, Рахмет Нүрекеев, Әубәкір Теміров, Жағыпар Рысмановтардың еңбектері жоғары бағаланып, зейнеткерлікке шығарылса, олардың орындарына жаңа ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандары жіберілді. Ленин атындағы колхозға төраға болып Төлес Аппазов, «Коммунизм» колхозына  Жолдыбай Ақмолдаев, «Төңкеріс» колхозына Нағымет Қозайдаров, «Гигант» колхозына Сәдуахас Рсымбетов, «Қызылту» колхозына Қазыбек Оспанов, «Шиелі жеміс-жидек» совхозына  Мұхит Исмаилов, «Авангард» совхозына  К.Хван, «Сырдария» совхозына Ыдырыс Оразов, Оразбек Молдабеков, Тәжіков Каналбек, «Телікөл» совхозына  Жұмат Бақтыоразов, «Қарғалы» совхозына  Емел Бәкіров, «Еңбекшіге» Үпілмәлік Мырзахметов, Жамалхан Баетов, «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозына  Жақсылық Ахметов, «Бәйгеқұм» совхозына  Киікбай Исмаилов жіберілді. Ал Ленин атындағы колхозды он сегіз жыл басқарған Әзімхан Исмаилов Шиелі аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына ұсынылып, абыройлы қызмет атқарғанын білеміз. Аудан кадрларын іріктеу, орналастыру, басшылық қызметке тағайындау ретімен жүргізіліп жатқанына да куәгермін. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып Жалағаш ауданынан Қален Әбдешов келсе, аудандық атқару комитетінің орынбасарлығына Бибіжан Жәукебаева ұсынылып, аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары болып Махаш Пірмаханов тағайындалды. Жағыпар Зермұхамедов аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. Партия, кеңес қызметінің майталманы, Отан соғысының ардагері Мәлібек Санаубаев ағамыз, Қалдыбек Сүгірбаев, Меңлібай Кенжебаев, Үпілмәлік Мырзахметов, Ақылбек Сматов аудандық комитеттің бөлім меңгерушілері болып бекітілсе, Жиенбек Молдабеков аудандық мәдениет бөлімін басқаруға жіберілді. Аудандық партия комитетінің нұсқаушылары колхоз-совхоз партия комитеттерінің хатшылығына жіберіліп, аппарат толығымен жаңа жас кадрлармен жасақталды.

Уақыт талабына сәйкес көптеген кадрдың орын ауыстырулары үздіксіз жүргізілді. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрге сай кадрлар басқа аудандарға қызмет бабымен ауысып жатты.

Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған Жолдасбек Ердешбаев Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынылса, «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозының директоры болған Ибаш Байхожин облыстық «Риссовхозстрой» тресіне қарасты совхоздар басқармасына басшылық қызметке ұсынылып, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Николай Ким Қызылорда қаласындағы ет комбинатына директор болып тағайындалды. «Қызылту» колхозының бас агрономы Сейілбек Асқаров Тереңөзек ауданының «ХХІ партсъезд» совхозына директорлыққа ұсынылды. Ондай ұсыныс өзімізге де келді. Мұның барлығы Орынбасар Биімбетұлының келісімімен, қамқорлығымен болып жатқаны айдан анық. Шиелі ауданында жиырма жылға жуық қызмет атқарып, он жыл Орекеңмен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшелері ретінде әріптес болғанымызды мақтан ету артық емес әрі сенімнен шығу деп ойлаймын.

Орекең Шиелі ауданында атқарған қызметіне лайықты мемлекет тарапынан жоғары мадақтау иесі де атанды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Өзінің өмір жолында абырой биігіне көтерілген Сыр бойының айтулы тұлғасы болып тарих бетінде қалды. «Жаңақорған ауданының ғасыр адамы» атанды.

Бүгін Орынбасар Биімбетұлы Бәйімбетов туралы естелік жаза отырып, өмір шындығын айтуға талпыныс жасадым. Себебі, бұл қамқорлық жасаған, әрдайым қолдау көрсеткен, елінің мүддесі жолында аянбай қызмет еткен азаматқа ескерткіш ретінде қалдырған ой тұнбасы еді.

Иә, Орекең батыл шешім қабылдайтын, ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы, саяси ұйымдастырушысы  бола білген Сыр бойының талантты азаматтарының бірегейі еді…

Сайлаубай ӘБІШОВ,

облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» ҚБ төрағасы