Кезінде шаруашылық басқарған, комсомол, кеңес, партия органдарының жетекшісі болған, өмірінің соңғы жиырма жылға жуық уақытында облыстық ардагерлер кеңесіне басшылық жасаған Сейілбек Шаухаманов оны жақсы білетін, жақыннан танитын, етене аралас-құраластық қарым-қатынас құрған барша жұрт үшін шынында еңсесі биік тау, бүтін бір елдің құрақ ұшып сыйлаған абыройлы абыз ақсақалы еді. Бұл – айна-қатесіз ақиқат.
Сонымен бірге, Сейілбек ағамыз өзі секілді тау тұлғалы азаматтарға тән қасиетке лайық талантты адам болатын. Біз «талант» түсінігін «табиғаттың аса көрнекті қабілеті, дарындылықтың жоғары дәрежесі» деп қабылдаймыз. Әдетте туабітті жоғары қабілетті тұлғада талант біржақты, жалқы болмайды, ол адам бейімділігінің сан қырын қамтитындай жан-жақты болады. Талантты адам қай жағынан да талантты және көп қырлы болып келеді. Мұны орыстар «многогранный» деп жатады, біз «сан қырлы», «көп қырлы» мағынасында қолданамыз. Сондықтан да француздың классик жазушысы Оноре де Бальзак «Талант дегеніміз – жетілген табиғи бейімділік» деп жазған екен. Ал немістің көрнекті философы Артур Шопенгауэр «Талант кәдуескі адамдар дұрыс көздей алмаған нысанаға, ал данышпан олар көрмей тұрған нысанаға оғын дөп тигізеді» дейді. Біздің Сәкең осы айтылған екі ұлы адамның да шеңбері шегінен табыла алатын толайым тұлға-тын, ол адам құрылымының алуан түрлі нүктелерінен өріліп шығатын тап осындай сан қырлы таланттың егесі еді. Мұндай кісілерді адамзат баласы қашаннан «феноменге», яғни «құбылысқа» балайды.
Біздің бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы өзін тіршілігінде осылай алуан сипатты, кең мазмұнды етіп таныта білген Сәкеңнің жазушылық, публицистикалық қырына арналады. Оның феноменінің бір белгісі осы саладан танылады. Мұнда да бұл кісі өзінің өнікті, өнімді, тиімді жұмыс істейтінін көрсетіп, қысқа жылдардың аралығында елге, халыққа үлгі-өнеге, өсиет-мирас болатындай қаншама құнды жазбалар қалдырып үлгерді. Осы жерде ойға оралып отыр, орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский 1849 жылы өзінің «Бедные люди» деген алғашқы романын жарыққа шығарған соң он жыл бойы ештеңе жазбайды. Мұнысы үшін оны мазақ, келеке етпеген сыншы қалмайды. Бірақ бұл кезге дейін Иван Тургеневтің өзінің бірер әңгімесі ғана жарияланған болса, Иван Гончаровтың, Александр Островскийдің, Лев Толстойдың, Владимир Соллогубтың есімдерін оқырман қауым әлі жазушы ретінде тани қоймаған екен. Осы он жылда бұлардың бәрі өздерінің атақты туындыларымен көрініп, даңқтың тұғырына көтеріліп үлгереді. Ал Достоевский осыдан кейін ғана өзінің «Униженные и оскорбленные» деген екінші романын жарыққа шығарып, бұлардың бәрінен де асып түседі. Сол кезде орыстың ұлы сыншыларының бірі Николай Добролюбов бұл туындыға: «Достоевскийдің романы – осы күнге дейінгі әдебиетіміздегі ең үлкен құбылыс. Ал енді осы романға көркем сынның ескі ережесін қолданып көріңіз» деген тұрғыда баға беріп жібереді. Сөйтіп, оның бұл шығармасына бұрынғы сыни көзқарастың сәйкес келе алмайтынын, бұған жаңаша көзқараспен келу керектігін анық байқатады.
Маған кейде біздің Сәкең де жазуға келгенде, бір кездері осы Достоевскийдің кебін кигендей болып көрініп кетеді. Олай дейтінім, сонау жас шағынан, комсомол мектебінен өтіп, шаруашылық басқара бастаған тұстан, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы және аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымдары тізгінін ұстаған кезеңнен бұл кісі өзінің түгел сөздің түбін білген, әрбір кәләмін қиуасын тауып, қисынын келтіріп сөйлей білетін от ауызды, орақ тілді ділмәр шешен екенін байқата бастаған болатын.
Ал Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған 1983 жылдың жазынан бастап, ол нағыз үстінен су төгілмес тайпалған жорғадай қалыпқа жетіп қалып еді. Сол себепті ол кейін зейнет демалысына шығып, ардагерлер кеңесінің тұтқасын ұстап, мемлекеттік қызметтің иінінен босаған шағында шығармашылық жолдағы тығыны атылып кеткен жанартаудай бұрқылдап, дүйім дүниеге осы қырынан жарқырай танылып сала берді. Сөйтіп, осы сферада жүрген базбіреулердің қаншама ондаған жылдар бойы оябын келтіре алмаған мақалалары мен эсселерін дүркіретіп жазып шықты. Осыған қарап тұрып, кейде Сәкең бұдан да гөрі ертерек жазу жайын қолға алғанда, осы кезге дейінгіден де әлдеқайда көп белесті бағындыруы мүмкін еді ғой, деген ой келеді. Менің тағы бір байқағаным, Сәкеңнің шығармашылығы жайында сөз болғанда, оны көптеген қаламгерлер бұл кісінің баспасөз беттерінде авторлық мақалаларымен көріне бастаған 2000 жылдың бас жағынан бастау алдырып қояды екен. Бір қарағанда, бұл солайына солай болып көрінер еді. Бірақ бір нәрсе айқын, бүгінде біз қаламгер, публицист, жазушы ретінде де сөз етіп жүрген Сейілбек Шаухаманов өнер мен шығармашылықтың пірі іспеттес Аполлон әлеміне аспаннан аяғы салбырап түсе салған жоқ. Ол бұған ертеден бері бейімделіп, бет бұрып, үлкен дайындықпен келіп жетті. Меніңше, ол асау аттың арқасына мініп, басқарушылықтың жолына түскен шамадан бері өзін-өзі шебер сөйлеу мен жатық жазуға ыждағатты да тыңғылықты түрде әзірлей бастаған. Мен өткенде бір естеліктен оқып қалдым, Сәкең Шиелі ауданын басқарып жүрген кезінде бір дәптерге тоқсан мыңнан астам мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерін, синонимдер мен баталар түрлерін жазып қойған екен. Мұның расында солай екенін онымен жақынырақ араласқан біздің көбіміз сезінеміз. Ол кісі өмірден өткенше тап солай жақсы фразеологизмдар мен ойға қонымды мақал-мәтелдерді естіп-оқыған бойда жазып алып жүруді берік дәстүрге айналдырған еді. Осылайша өзін жан-жақты шешендік өнерге тәрбиелеп, жетілдіруге кіріскен ол жылдар өте келе шынында сүлей сөздің нағыз майталман майдангеріне айналып шыға келді.
Бұл жерде біз тағы мынаны ескеруіміз керек: публицистика деген жанр тек жазбаша бола бермейді. Керек десеңіздер, оның ауызша түрі де бар. Бұл орайда «публицистика» деген терминнің мағынасына үңілсек, латынның «публикус» деген сөзінен шығатын оның «көпшілік», «қауым», «алқалы топ», «жамағат» деген ұғымдарды білдіретінін байқаймыз. Сонда «публицистика» дегеннің мәні «жиналған көпшіліктің, алқалы топтың, қауымның, қоғамның алдында қажетті сөз айту өнері» дегенге келіп саяды. Осыған орай публицист қаламгердің де статусы айқындала түседі. Бұл анықтаманы орыс ғалымы Владимир Даль: «Публицист – көбінесе халық құқығы туралы, қазіргі уақыттың жалпыға ортақ мәселелері туралы жазатын газет, журнал жазушысы», – деп беріп кетіпті. Демек, оның ұғымынша, «публицист – қазіргі күннің жалпыға ортақ мәселелерін жазу жүзінде қозғайтын қаламгер». Ал кейінірек орыс оқымыстылары публицистиканың ауызша түрі де болатынын дәлелдеп шықты. Айталық, Виктория Ученова деген ғалым: «Ауызша публицистика» немесе, басқаша сөзбен айтқанда, жанды нәрсеге, кең аудиторияның тікелей қабылдауына арналған өзекті саяси ойлар тек қана мұқият ойластырылған сөздердің шеберлігіне ғана емес, фольклорлық туындылардың суырып салма айту жағдайындағы шеберлікке де арқа сүйеді» деген ойдың делбесін сүйреді. Шамамен сол уақыттарда қазақ сөз өнерінде де ауызша публицистиканың бар екені Ахмет Байтұрсыновтан кейін айтыла бастаған. Соңыра бұл тақырыпта арнайы еңбек жазылмаса да, астарында осы ойды айту ниеті бар диссертациялар мен монографиялар пайда болды. Мәселен, белгілі ғалым Бауыржан Жақып зерттеулерінде осы тарапта белсене ой білдіріп, қазақ жазба публицистикасының қалыптасуына ауызша сақталған мұралардың ықпалы зор болғанынан нақты мысалдармен дәлелдеп берді.
Міне, Сейілбек Шаухаманов өзінің қоғам дамуы барысында туындап тұратын түрлі ішкі ой-толғамдары мен ұсыныс-пікірлерін қағаз жүзіне түсіріп, ел назарына ұсыну мүмкіндігі болмаған партия, кеңес органдарында басшылық қызметте жүрген жылдарында тап осы «ауызша публицистиканың» соқтықпалы-соқпақты алмағайып мектебінен өткен. Өзі риторикаға, сөз өнеріне бір табан жақын жүргесін де шығар, Сейілбек ағаның өте көп дос-жарандары арасында ақын-жазушылар аз болған жоқ. Солардың арасында қазақтың корифей, даңғайыр жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, дәл сондай дарабоз прозаик Әбіш Кекілбаевпен, дарынды драматург Қалтай Мұхамеджановпен, әдебиеттің әмбебап зерттеушісі Зейнолла Қабдоловпен, арқалы ақын Иранбек Оразбаевпен айрықша жақсы сыйластық қарым-қатынаста болды. Осы қарым-қатынастың оның шығармашылық қиялына – қанат, шабытына – серпін, жазуына жаңалық бергені ақиқат.
Ағылшынның атақты философы Фрэнсис Бэкон бір кездері «Туабітті дарын жабайы өсіп тұрған өсімдік сияқты, ол өзінің өсу жолында оқымыстылардың қамқорлығын қажет етеді» деген еді. Мына араластық тап осылайша бір жағы Сәкеңнің бойындағы дара дарынды дамытуға, оның ашылмай жатқан қайнарының көздері ашылуына әсер еткені еш күмән тудырмайды. Осы қабырғалы қаламгерлермен араласа жүріп, сырласа жүріп, Сейілбек аға да өзінің қар астында бүртіктеп жатқан шығармашылығының көк майса шалғынын күннің жүзіне жылтылдатып шығарып жіберуге біртіндеп талпына берді. Ауызша сөзге шебер, көсіле сөйлеуде шешен Сәкеңнің жазу өнерінде де осындай тұнба таланты өз бойында бұғып жатқанын алғаш аңғарған аға-достарының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов болды. Ол мұны Шаухамановтың «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Ер қанаты» атты кітабына жазған «Тәңір сыйлаған талант» атты кіріспе сөзінде әдемі атап көрсетеді. Қайраткер қаламгер мұны: «Иә, мен қателеспеппін. Оған, кейін, көп жылдар өткесін ғана көзім жетті. Онда да мен ешбір кезде, жеті-сегіз жылдай «Таң-Шолпан» журналын шығарғаннан кейін білдім. Демек, көсем сөз, көркем сөз көмейінен төгіліп тұратын Сейілбектің бойында әкімшіліктен де басқа Тәңір сый ғып дарытқан сөз өнерінің ең бір сыршыл да шыншыл эссе деген жанрды Тәңірі әзелде оған етене серік етіп еншілегеніне біз бәріміз куәдар болғанбыз» деп тебірене толғап жеткізді. Бұдан әрі ол «алмас қанжардың қап түбінде жатпайтынын» меңзей отырып, «ақыры Сейілбектің бойына біткен туа таланты қайнар бұлақтай қарқынмен қуатты тасқын атты» деген риясыз мәлімдемеге ұластырады.
Сөйтіп, Сәкең өзінің автор есебіндегі тырнақалды туындыларын «Таң-Шолпан» журналына үзбей жариялата бастайды. Сол 2001 жылдан бері қарай оқырман қауым Шаухамановтың ел мен жердің, ұлт пен рухтың мәселелерін қозғап, тұғыры биік тарихи тұлғалар жайлы жазған естелік-эсселерін оқуға кіріседі. Содан бастап жұртшылық қаламгер Сейілбек Шаухамановтың «Пайғамбардың ұрпағы», «Менің Жақаевым», «Ақын аманаты», «Мың айдың жүзін көрген абыз», «Бақыт кілті», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл елдің?», «Ер қанаты», «Ауыл – Алаштың анасы», «Бізге қандай идеология керек?», «Қазақ ел боламын десе» деген сияқты қадау-қадау дүниелерімен танысты.
Айтатыны жоқ, Сәкең өзінің тақырыбын таба білген жазушы еді. Бұлай болатыны, ол қашанда тек өзі етене жақсы білетін, өзінің оң жамбасына келетін жайттар мен мәселелерді ғана қаламымен тербеді. Соның ішінде өмірде әлдеқандай бір себептермен туындаған шығармалары да аз болған жоқ. Мысалы, Сәкең «Пайғамбардың ұрпағы» деп аталатын мақаласын оның кіріспесінде жазушы дос-ағасы Әбдіжәмілдің ой салуы, ұсыныс білдіруі арқылы жазғанын ашып айтады. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов пен оның шыққан тегі туралы тереңінен қазып, арғы әлемнен қопарып сыр шертетін бұл туынды кейін ұлғайтылып, дербес кітап болып та шықты. Мұндағы автордың тағы бір шеберлігі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ұстазы Мұхаң туралы толғаныстарын түйдек қалыпта түсірумен бірге, оның барысында осы ұсыныс айтқан ағасының өзінің образын біршама ашып өтеді. Мақаланың тарихи-танымдық жақтарының өзі бір төбе. Одан сонау Мұхаммед ғ.с. пайғамбарымыздан бүгінгі күнге дейін жеткен тағылымды тарихтың сайрап жатқан іргелі іздерін талмай көруге болады.
Осы сөз етіліп отырған Мұхтар Әуезов кезінде «Көксерек» повесін қабырғада ілініп тұрған күнтізбенің суретіне қарап қолға алыпты деген сөз бар. Сол суретті көргенге дейін бұл шығарманың қаңқасы жазушының қиялында болған. Ал суретке қарап тұрып идеяны әрі қарай дамытып әкеткен. Сол сияқты Сейілбек Шаухаманов өзінің туындыларын жылдар бойы жазып, жанында сақтап келген қойын кітапшаларының парақтарын ақтарып отырып, келесі туындысының тақырыбы мен ендігі кейіпкерінің есімін анықтап алып тұрған екен. Оның осы блокноттарына маржандай тізіліп жазылып қалған жолдар оның шабыт шақырушы қанатты тұлпары – пегасы есепті болған. Осы ұқыптылық оның сол жазбаларынан да айқын байқалады. Сондықтан очерк пен эсселердегі тарихи даталар мен деректерде де қателік пен ауытқушылық кездесе қоймайды.
Задында, Сейілбек Шаухаманов – естелік-эссе жанрының керемет шебері, ысылған маманы. Былайынша оңай болып көрінгенімен, бұл жанрдың қиынның қиыны екенін оны қаламына арқау етіп алып жүрген журналист-жазушылар жақсы біледі. Себебі, естелік-эссе белгілі бір адамдар туралы автордың жинақталған ойы мен түйінін ғана беріп қоя салмай, оны оқиға үстінде дәлелдеп беруге құрылады. Демек, мұнда жалпылама, сүйейсалды сөздер жазумен шығарманың шырғасы шықпайды. Бұл үшін автордың өзі жазып отырған адам туралы кең және жан-жақты түсінігі мен мәліметтері, деректері мен тұжырымдары болуы керек. Міне, осы жағына келгенде, Шаухаманов ақ қағаздың бетінде тайпалған жорғадай жосып ала жөнеледі. Бұған қоса, оның бұл жазбалардағы тілі сондай майда, жұмсақ, жанға жағымды болып көрінеді. Автор өз эсселерінде бейнелі метафораны, синоним сөздерді көп қолданады. Синоним сөздерді үдемелетіп, үстін-үстін беру арқылы экспрессивті және эмоциялық екпінді күшейтіп, нысанаға алып отырған нысанын суреттеуді, көркін ашуды еселей түседі. Сондықтан да оқырманға мұндай жолдарды желдіртіп оқып отыру өте бір әдемі әсер қалдырады.
Сейілбек Шаухамановтың мақалалары негізінен осындай эсселер мен публицистік сарындағы мақалалардан тұрады. Ол осы естеліктері арқылы бұрын бізде ешкім жасай қоймаған кейіпкерлер галереясын, плеядасын, яғни жұлдыздар шоғырын жасап беріп кетті. Дәл мұндай көптеген адамдар туралы ашық-жарқын сипаттағы очерктер жинағын жасап шыққан қаламгер күллі республикада да жоқ шығар. Оның қаламынан туған сол дүниелер Дінмұхаммед Қонаев, Исатай Әбдікәрімов, Ұзақбай Қараманов, Ыбырай Жақаев, Сағидолла Құбашев, Еркін Әуелбеков, Махтай Сағдиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Камал Ормантаев, Әбіш Кекілбаев, Манап Көкенов, Мұрат Мұхамедов, Уәлихан Бишімбаев, Тәкей Есетов, Икрам Адырбеков, Ыдырыс Қалиев, Цай Ден Хак, Шырынкүл Қазанбаева, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Өмірзақ Озғанбаев, Николай Подольских, Жеңісбек Мәуленқұлов, Елеу Көшербаев, Көмекбай Қаракөзов, Сүлеймен Сейітов, Еламан Жүнісбаев, Сәмит Далдабаев, Ибрагим Әбибуллаев, Ержігіт Бозғұлов, Жұмабай Бәкішев, Жаңабай Азаматов, Көбейсін Исаев, Камал Бердәулетов, Пазылбек Орынбасаров сынды көптеген толымды тұлғалар бар. Бұл очерктердің бәріне жеке-жеке тоқталып, талдап өтуге де болар еді. Олар бұған тұрады. Дегенде біз мұны келешектің ісі деп есептейміз.
Болашақта облыста «Шаухамановтану» секілді зерттеулердің жүретініне де сенгіміз келеді. Мұны айтып тұрғаным, Сейілбек Шаухамановтың артында қалған осындай мол мұрасы арнайы зерттеуді керек етеді, оларды белгілі бір диплом жұмыстарының тақырыбы етіп алуға әбден болады. Себебі, бұл туындыларда ел-халыққа белгілі жекелеген тұлғалардың біздің қоғамға сіңірген елеулі еңбектерінің жақсы жаңғырықтары ғана емес, облыстың даму тарихының белгілі бір кезеңдері мен белестері жатыр, жұртшылықтың үлгі-өнеге етіп алуына болатын тәлімді әңгімелердің айтулы арнасы бар.
Қорытындылай келгенде түйіп айтарымыз: Сейілбек Шаухаманов өзінің шығармашылығы үшін берілген жиырма жылға жуық уақыттың өзінде публицистикалық жанрдағы көптеген құнды туындылар жазып қалдырды. Бұлар 5-6 кітапқа жүк болды. Қаламгердің сол жазбаларының бәрінен оның өзіне тән қолтаңбасы айқын аңғарылып тұрады. Осыған қарап біз Сәкеңді қаламы мен жазуы қалыптасып үлгерген жазушы деп танимыз.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<