Адам табиғаты туабітті шексіз сырға толы құбылыстардан тұратыны даусыз. Ал тіршілік иесінің жаратылысы бір тылсым дүниеге тәуелділікте екенін сеземіз. Тұлға болып қалыптасу туған жердің топырағына, ауасына, қоршаған ортаның тәрбиесіне тікелей байланысты екені баршамызға белгілі. Солай бола тұра бір жерде, бір ортада болған азаматтардың әртүрлі дәрежедегі өмір талғамы табиғи болмысының тұңғиығында жатса керек.
Бұл пікірлер Күлжан апам жөніндегі терең толғаныстан шыққан ой тарамдары еді. Облыстық комсомол комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болып жүріп, Сыр бойындағы комсомол жастар ұйым жетекшілерінің өмір жолын жете зерттеу, өскелең ұрпаққа үлгі есебінде ұсыну, атқарған жұмыстарын насихаттау да біздің назарымыздан тыс қалмайтын-ды. Шиелі ауданы жастар ұйымының Сыр бойының даңқты перзенті, еңбек адамының нағыз шынайы бейнесіне айналған, күріш дақылын өсірудің асқан шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың еңбек жолын насихаттаудың бастамашылар тобының алғашқысы болған Күлжан Жәукебаева апамыздың қызметін сырттай да жақсы білетін едік. Ол кісінің терең білімі, ойлау қабілетінің ауқымдылығы, адамдарды танып білудегі сезімталдық қасиеті, бауырмашылдығы мен қамқорлыққа толы адамгершілік қасиеттері өзіміз өмір сүрген қоғамдық-саяси ортаның қатардағы белсенді мүшесі ғана болмай, көшбасшылық дәрежеге дейін жеткізгенін көпшілік қауымның білгеніне куәгерміз.
Осы естелікті жазып отырып, бұдан тура 50 жыл бұрын Шиелі өңіріне аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып сайланғаным есіме түсті. Жаңа қызметке келуімнің өзі Күлжан апаммен тереңірек танысуыма себепкер болғаны шындық еді. Бұл кезде апамыз аудан орталығындағы №45 Октябрьдің он төрт жылдығы атындағы мектептің директоры қызметін атқарады екен.
Алғашқы кездесу сәтіндегі адами бейнесі, сөйлеу мәнері, пікір алысу кезіндегі ой-өрісі, талап-талғамы, тағы да толып жатқан жайлар көп нәрсені аңғартады ғой. Менің жеке пікірімде Шиелінің орталығындағы №45 мектеп-гимназияның аудан тарихына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Киелі орданың шәкірттері елдің еңселі азаматтары болып, абыройын асқақтатқан. Бір-екі мысалды ғана айтайын, Қызылорда облысының басшысы болған Сейілбек Шаухаманұлы мен кейінгі буын өкілі, қазіргі Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевты айтсақ та болар еді. Аудан басшылығында болған азаматтар шоғыры баршылық. Бірін айта бастасақ, екіншісі кезекте тұрғанын ескеріп, осымен шектелгенді дұрыс санадым.
Мектептегі ұстаздар қауымының келбетін, терең педагогикалық білім шеберлігін шыңдауда, ағалар дәстүрін бұзбастан, абырой биігінен үнемі орын алған Күлжан Жаукебаева апайымыздың рөлі ерекше болды. Бірқалыпты тұрмыс-тіршілігі, сөзі мен ісі әрдайым елдің көз алдында болып оң бағасын алды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы да, ауатком төрағасының орынбасары да болған белгілі Сыр бойының тұлғалы қызы еді.
Апамның жолдасы Иманғали ағамыз екеуі бір-біріне сай ерлі-зайыптылардың символындай көрінеді де тұрады. Азаматтық тұрғыда ағалы-інілі сыйластықта болып, қамқоршылық көңілін әрдайым сезінетінбіз. Әрине, бұның негізінде көп жылдар бойы комсомол, партия, кеңес жұмыстарында әріптес, қатарлас қызметтер атқарған Бибіжанмен жолдастық, сыйластық қарым-қатынаста болғанымыздың себебі де бар шығар.
Өмірге ұл-қыз әкеліп, олардың қызығын көріп, бала сүйіп, немересін көріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқанына әрдайым қуанып жүреміз.
Біздің Арал ауданына қызмет ауыстырып, елге қызмет жасау жолында шапқылап жүрген кезіміз. Бір күні үйге сәлем беруге екі қыз бала келді. Екеуі де – дәрігер, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлектері. Арал қаласына аудандық ауруханаға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, тереңірек зерттеуге келген беті екен. Сөйтсек, олар болашақ келініміз Айнұр Кеңесқызының группалас достары болып шықты. Бірі – Шиелідегі Иманғали ағамыздың қызы Бибігүл де, екіншісі – Константин Хванның қызы Людмила екен. Құшақ жая қарсы алдық. Көмек қолымызды создық. Сонымен не керек, осы сәтті күні біздің үйдің үлкені Ғабит пен Айнұрдың болашақ өмірлік серік болуға негіз қалаған тарихи оқиға болған. Осының өзі Күлжан апа мен Иманғали ағамыздың бізге деген шынайы ықылас-пейілі екендігіне шүбә келтіруге де болмас.
Күлжан Жәукебайқызының бұл өмірден өткеніне де бір жыл уақыт болыпты. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын деп тілейміз.
Сайлаубай ӘБІШҰЛЫ,
Қызылорда қаласының,
Арал ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<