Мәскеу түбіндегі шайқастың сарбазы

387

0

Мен соғысқа кеткен әке мен жасы үлкен ағалардың орнын басқан, жесір қалған аналардың көз жасын сүрткен, ертеңге деген үмітін жалғаған ұрпақтың өкілімін. Біз барлық қатарластарым, тағдырластарым сияқты балалық шақтың бал дәмін татпадық, бұғанамыз қатпай жатып ауыр жұмысқа жегілдік.  Күн сайын келетін «қара қағаздың» хабарын, аппақ сақалынан жасы сорғалаған аталардың зарын, тірегінен айырылған аналардың жоқтауын естіп өстік. Сондықтан соғыс деген сұмдықтың ешқашан болмағанын тілеймін.

Менің әкем Анас Құрманбай 1900 Тышқан жылы өмірге келген. Бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы «Майлықұм» ауылындағы «Жіңішке» деген өзектің бойында жастық шағы өткен. Жігіт болғанда 1925-1929 жылдары коллективтендіру, колхоздастыру кезінде ауыл ақсақалдары Омар, Қожанияз, Жұбанияз, Тұреке оған «Анас, шырағым, бәріміз қосылып егін ексек» депті.

Қалаға барып екі-үш ай курста оқып келген 25-тегі жігіт колхоз бастығы әрі агроном болып сайланды. Осылайша әкем 1939 жылға дейін меңгеруші болды, 1942 жылы соғысқа аттанды.

Мен 1936 жылы көкек айының 27-сінде «Майлықұм» ауылында өмірге келдім. Біздің отбасы бала – жетім, ана – жесір, әке – құрбан болған соғыстың зардабын тартудай-ақ тартты. Майданнан оралмаған әкемді 40 жыл іздеумен болдым. Ол кісі пулеметшілер командирі, ефрейтор болған. Мәскеу түбінде  шайқаста қатты жараланып, госпитальға түскен.

Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихындағы ең бір сұрапыл, қанқұйлы майдандардың бірі – Мәскеу түбіндегі шайқаста неміс басқыншылары мықты тосқауылға тап болып, алғаш рет күйрей жеңілгені белгілі. Осы шайқастың бел ортасында менің әкем, ефрейтор Анас Құрманбай да болды.  Ол 1943 жылы Иваново қаласындағы «Болино» жауынгерлер зиратына жерленген. «Құлпытас 19, квартал 17, жерленген уақыты 1943 жыл, тізімде №738» деген дерек бар.

Мен мектеп-интернатта білім алып, әрі қарай Алматыдағы суретшілер дайындайтын оқуға кеттім. Өмірден өз орнымды таптым.

Сөзімнің соңында, Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан ефрейтор Анас Құрманбай есімі атаусыз қалмай, күннен-күнге өсіп-өркендеп келе жатқан қаламыздың бір көшесіне берілсе деймін. Бұл туған жерден топырақ бұйырмаған  азаматтың  аруағы алдындағы парызымыздың өтеуіндей  болар еді.

Баянды Анасұлы,

тыл ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<