Майдангер есімі ұлықталды

614

0

Қызылорда қаласындағы «Шанхай» шағын ауданында сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан Ұлы Отан соғысының ардагері Сәмет Балқожаевқа көше аты берілді. Атаулы шараға батырдың ұрпақтары, көше тұрғындары, туған-туыстары қатысты.

Майдангер Сәмет Балқожаев 1922 жылы Бидайкөл, қазіргі Жаңажол ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырында бригадир, салық агенті болып қызмет атқарған.

1942 жылы 14-гвардиялық минометтік полк қатарына алынып, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысының І дәрежелі» ордендерімен марапатталған.

Елге оралған соң облыстық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Еңбек демалысына дейін Жаңажол ауылындағы №107 мектепте ұстаз болды. 2000 жылы «Ғасыр жауынгері» атағын иеленді.

̶ Жеңіс жалауын желбірету жолында өжеттік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен майдангер бабаларымыз айрықша құрметке лайық. Сондай батыр ағамыз Сәмет Балқожаұлының атына көше берілуі – өскелең ұрпаққа және болашақтың еншісіне қалдырылған мұра. Взвод командирі бола жүріп, соғыста көрсеткен ерен еңбегі үшін түрлі медаль, ордендермен марапатталды. Туған өлкенің түлеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың абыройын асқақтату біздер үшін парыз,  ̶  деді қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев.

Мұнан соң сөз алған батырдың туған-туыстары ол туралы естеліктерді бөлісіп, өнегелі өмір жолын, еңбекқорлығы мен адами қасиеттерін тілге тиек етті.

Майдангердің ұрпақтары көше бойына балаларға арнап ойын алаңын салды. Әсем безендірілген алаңның ашылғанына ата-аналар мен кішкентай бүлдіршіндер дән риза.

Жиын соңында майдангердің қызы Жұмаш Балқожаева ерен еңбегін елеп келген қауымға алғысын білдірді.

Бұл әрине, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттық сезімде тәрбиелеудің жарқын үлгісі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<