Бір кездері қазіргі «Сыр бойы» газетінде соғыстан оралған майдангерлер еңбек етті. Кеңсе төрінде қос балдақты аға Ахметжан Нұрекеев отырушы еді. Әзіл-оспақтың көмбесі Бөлебай Әлменов өзі жазған «Ажал тырнағында» атты естелігінен әңгіме қозғайтын-ды. Аңғал, бәріне нанғыш Әбділда Құрманаевтың әңгімесін сүйсіне тыңдайтынбыз. Бірде Әбділда аға бөлмесіндегі телефон қоңырауын көтерді. Обкомнан екен.
«Құрманаевты шақырыңыз!» деген сөз естілді. Әбділда аға бөлмелерді жағалап. «Обкомнан Құрманаевты іздеп жатыр» деп безек қағады. Өзі Құрманаев екенінен хабары жоқ. Сәлден соң обкомдағы жігітке «Мен Құрманаевпын!» деп телефон тұтқасын қайта көтерген қызығына батқанбыз. Майданға қатыспаған Орман, Әбдікәрім ағаның бір-біріне айтатын әзіл-қалжыңдарын сағындық. Әбсадық Жанзақов деген ағамыз болды. Қысыр сөзді құйқылжытатын еді.
Бәрі күні кешегідей елестейді. Газеттің ауылшаруашылық бөлімін майдангер Құрманғали Ажаров ұзақ жыл басқарды. З.Жарқынбаев, Х.Сыздықов, Қ.Әбенов, Ұ.Бағаев сынды басшы журналистермен қызметтес болды. Су төгілмес шебер журналист еді. Обкомнан келген қаулы-хабарлар ол кезде орыс тілінде жолданады.
Ал осы дүниелерді аудармашы Қалыбай Бөршеев деген ағамыз екеуі қас-қағым сәтте шемішкедей шағып, аударып тастайтын. Біз аң-таң қалатынбыз.
Майдангер Құрманғали ағамен жиырма жылдай бірге қызметтес болдық. Дос-жарандары көп болатын. Орман, Нұрділдә, Нұғыман, Ернияздармен жиі сырласатын. Құрекең кейде өткен өмірінен жиі әңгіме айтып отыратын. Майдан даласында бір бозбиеге оқ тиіп, шырқыраған құлыны туралы әңгіме айтқанда төбе шашымыз тікірейіп, қоса күйзелетінбіз. Қайран аға сол бозбие туралы бірер естелігін газетке жариялағанын оқып, риза болғанымыз бар.
– Мен соғыстан 1946 жылы оралдым. Бірер жыл Тереңөзектің «Еңбек туында» еңбек еттім. Ақын Асқардың, інісі Әлішердің тәрбиесін көрдім. Қазіргі Асқар ауылында жастық шақ өтті. Бір жамбастың қуық тұсынан тесіп өткен оқтың зардабын әлі тартумен келемін. Кеш үйлендік. Балаларды оқыту керек болды. Жетпістен асқанша еңбек етіп жүргеніміз содан, қарағым. Мына атаң, Бөлебайлар нағыз майданның от-жалынын көрген құрыш екенін ұмытпаңдар, – деп жиі күрсінетін.
– Бір естелік айтайын, кейін біз дүниеден өткенде жазарсыңдар.
– Айтыңыз, айтыңыз, Құреке? – дедім.
– Мен әуелде заңгер болуды армандағанмын. Содан Алматының Заң институтының екінші курсында оқып жүргенде оқудан шығып қалдым. Бір ағайын «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Сол жайында біреулердің арызы маған соққы болып тиді. Соғысқа аттанып, аман қалдым. Әйтпесе, бүгінгі жарық бұйырмаған болар еді.
Майданнан оралған кіші лейтенант Құрманғали Ажаров бесаспап журналист болды. Әсіресе, ауылшаруашылық тақырыбын терең білетін. Жақаевшылар қозғалысын, ауыспалы егіс, мал шаруашылығы, жайылым, малды асылдандыру жайында жазған талай дүниелері оқырманның ықыласын тудырды. Оқта-текте фельетон жазатыны бар-ды. Әлі есімде, Шиеліден жазған «Келтекті келін» атты фельетоны оқырмандар хаттарын тасқындатқаны сонша обкомның бюросында арнайы мәселе болып қаралғаны бар.
Қадірменді аға кезінде талай құрметке бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Омырауы орден-медальдарға толы еді. Жаны жайсаң, мейірім-шапағаты мол аға көп жыл редакцияда партия ұйымының хатшысы болды. Мариям Қарақонақова, Рысты Бекбергенова, Дархан Сапаров, Әбдіхан Айдаров, Ақберген Ержанов сынды журналистердің ақылшы-ұстазы еді.
Уақыт шіркін, қандай жүйрік?! Майдангер ағаның дүниеден өткеніне жиырма бес жылдан асты. Ұл-қыздары ер жетіп, немере-шөберелері отау құрды. Қызылорданың ортасында Құрманғали Ажаров атында үлкен көше бар. Міне, өшпеу деген осы. Майдангер, қарымды қаламгер-журналист Құрманғали Ажаров өнер елдің өсер ұрпағы тұрғанда, әрине ұмытылмайды. Биыл туғанына 100 жыл толып отырған жаны жайсаң ағаның асыл бейнесі әлі көз алдымызда тұрғандай елестейді.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ардагер, Қазақстанның құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<