Майдангерлер жадымыздан өшпейді

1449

0

Соғыс оты сөнгелі қаншама жыл өтіп, заман өзгеріп, ұрпақ алмасқанымен, сол сұрапыл кезең аға буынның жадында жатталып, тарих бетіне қатталған. Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы біздің әулеттен Палымбет бабамның інісі Ілияс, балалары Мүсілім, Серікбай майданға аттаныпты. Ауылда 10 жасар Әуезхан мен Сағида кәрі әке-шешенің қолында қалып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен буыны қатпаса да, бел жазбай еңбек еткен.

Палымбет соғыс басталғанда жасы үлкейіп қалғанына қарамай, пошта қызметкері болып, майданнан келген хаттарды таратыпты. Үлкен кісілерге үшбұрыш хаттарды оқып, жауабын жазып береді екен. Әжеміз Айым балаларының тілеуін тілеп, колхоз жұмысына араласқан.

Соғыс әр шаңырақты шайқалтып кеткені белгілі. Ілияс атамыз сол бойы оралмады. Мүсілім  атамыз ауыр жараланып келіп, үйленіп, ұрпақ сүйгенімен, жарақаты асқынып, жастан асқан баласы Орынбектің қызығын да көре алмай өмірден өткен.

Серікбай атамыз 1944 жылдың сәуір айында үйленгеніне тоғыз күн өткенде 18 жасқа толып, Отан қорғауға аттанады. Варшаваны азат етуден бастап, Берлинде Жеңіс күнін қарсы алады. Бірақ Нюрнберг процесін күзетуге алып қалады да, елге 1947 жылы ғана оралады.

Соғыстан қайтқан сарбаздың еңбек жолы Қызылорда жиһаз фабрикасында балташылықтан басталып, жиһаз шебері, цех бастығы, партия ұйымының басшысы, Қызылорда қалалық кеңесінің бірнеше рет депутаты болып сайланды. Еңбегі еленіп, марапаттарға ие болған. Серікбай атамыздан тараған ұрпақ әр салада қызмет етуде. Ағаш ұсталығы балаларына берілді, олар да – ағаштан түйін түйетін шебер.

Ал менің атам Әуезхан ұстаздық жолды таңдады. Ол кісінің ізімен әулетте бірнеше ұрпақ мәртебелі мамандық иесі атандық. Атам – Сырдария ауданында КСРО-ның еңбек сіңірген мұғалімі атағын алған бірден-бір адам.  Өзі ақын, шежіреші, ауыл тарихын алғаш қағаз бетіне түсірген тарихшы еді. Біз ұрпақтары аталарымызды мақтан етіп,  жадымызда сақтаймыз.

Баубек ӘУЕЗХАН,

№129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей мұғалімі.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<